Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 21 Мамыр, 2015

«Бөкей хан таңдап қонған Нарын еді...»

Қазақтың тектілігін, өршіл де өрлігін, қызу қанды ержүректілігін, өте бай мәдениетін жоққа шығаруды мақсат тұтқан Кеңес империясы оның хандарын жексұрын етіп көрсетуге тырысты. Хан болғандарды ел қанаған жауыздар, ақылы жоқ надандар, өзінің қара басы мен қарнын  ойлаған тоғышарлар етіп көрсету сол кездегі идеяның басты өзегі болған. Оларды дәріптеу қылмыс саналды. Сондай қағажу көргендердің бірі Бөкей хан болатын.45UHDivF Нарын деп аталатын Еділ-Жайық қос өзен аралығының өткеніне көз жүгіртсек, бізге жеткен жыр мен қиссаларда алты ел ауып қазақ бір кетіп, екі келіп жетінші жұрт болып қоныстанды дейді. Бұл жөнінде Шынияз Шанайұлы (1819-1875) жырында былай делінеді: Алты жұрт Асанменен анық кетті, Жетеу деп білмегендер жалғап еді. Еділден қара табан қалмақ босып, Қозғаған ноғай артын болар еді. Нарынға Бөкей бастап өтіп еді, Қойы мыңға, жылқы жүзге жетіп еді, Бөкей хан таңдап қонған Нарын еді, Қонысқа мезгілінде жарап еді. Сол жетінші қоныстанған елді бастап келген – Бөкей сұлтан. Ол кісі қазақтың атажұрты саналатын Нарынды өз иелігіне алуда көп қиындық көрген. Бөкей сұлтанның карауындағы халқымен Нарын өңірін тұрақты қоныстануға ұмтылысына Астрахань линиялық казак полкінің командирі П.С.Поповпен арадағы көңілдері жарасқан достық қатынас себепкер болды. Қазақтарға бар ниетімен көмек жасауды қолға алған П.С.Попов өзінің ойын жүзеге асыру үшін генерал-лейтенант, Грузия және Астрахань губерниясының билікшісі, Кавказ дивизиясының командирлігіне тағайындаған Карл Фёдорович Кноррингтің қолдауын сұрап әдейі жолықты. Қазақтар Еділ-Жайық арасын толық иемденіп қоныстанған жағдайда олардың өсірген малдары Ресей халқының игілігіне жаратылатыны, қажетті ет, май, жүн, тері, басқа да мал өнімдерімен тұрақты қамтудың бір саласына айналатыны оның көңіліне қонды. Осы даламен Бұқар, Самарқан, Коқан, Персия және Орта Азия, Қытай, Индияға баратын Ресей саудагерлері керуенінің алаңсыз жүруін қамтамасыз етуге болатындығын түсінген басшы бұл іске белсене араласты. Империяға адал қызмет жасайтынына шүбә кел­тірмейтін генералдың ұсынысын қолдаған І Павел 1801 жылдың екінші наурызында Бөкей сұл­танның Еділ-Жайық арасын тұрақты қоныстануға жазбаша өтінішін қанағаттандырып, өзінің иесіндегі халқымен, еркін жайлауына ерік берген жарлығын шығарды. Бөкей сұлтанның өмірі тартыста өтіп, жарық дүниенің рақатын көре алмай кеткен тұлға. Нақтылап тоқталар болсақ, біріншіден, бұл жерге таласушылар аз болмаған. Олардың ең бастауында қалмақтар тұрады. Осы аймаққа 1628 жылы Хор – Урлюк бастап келіп иеленген жоңғарлықтардың (зюнгарлық) торғауыттары 1771 жылы 5-қаңтарда Убаши Серектің бастауымен 30909 түтінмен кері козғалғанда Еділдің оң қапталында көшке ілесе алмай қалған 13155 түтін Еділ-Жайық арасын еркін жайлауға ұмтылды. Олардың салмақты негіздері болатын. Империяның шекарасындағы тыныштық күзетіндегі Астраханның қазақ полкіндегі 1397 әскерилердің 868-і казактар болса, 529-ы қалмақтар. 1800 жылы 27-қыркүйекте әскери міндет атқаратындықтан қалмақтарға Еділ-Жайық аралығындағы 32 миллион десятина жерді еркін жайлауға патша ағзамның рұқсаты болған. Шұрайлы қонысты түбегейлі өздері иемденіп қалу үшін қалмақтар да жанталаса қимылдады. Екіншіден, Бөкей сұлтанның туыс ағайыны түрікмендердің ханы Пірәлімен тартысқа түсті. Пірәлі Нұралының 1735 жылы туған үлкен ұлы. 1772 жылы маңғыстаулық адайлар мен түрікмендер өздеріне хан сайлады. Ол 1791 жылы 31-қазанда II Екатерина Жарлығымен бекіп, ресми түрде түрікмендердің ханы атанды. Оның өзіне қарайтын халқымен Ресей империясының қол астына кіру жөнінде, 1791 жылы берген өтініші қанағаттандырылғандықтан Ресей адамдары ретінде Жайық өтіп, Нарынды еркін жайлауға рұқсат алған. Бөкейдің бұл аймақты қоныстанғанына келіспей, қалай да кек алуға тырысты. Сол Пірәлінің қарамағында болған түрікмендерден қалғандарының ұрпақтары қазірде Астрахань қаласы қасында үлкен бір селода тұрады. 1805 жылы ол қайтыс болғаннан кейін екі халықтың арасы ыдырайды. Адайлар өз орнында қалса, түрікмендер Хиуа ханының қол астына көше бастайды. 1808 жылы Бөкейдің інісі Артыққали сұлтанға ілесіп, 100 үй адай мен тәзіке аталары Еділ-Жайық арасына өтеді. Үшіншіден, Нұралының қалмақ әйелінен туған ағасы Қаратай: – Кіші жүздің халқының біраз бөлігін Еділ-Жайық аралығына көшіріп, өзің хан сайланасың, – деп Бөкейге қызғанышпен қарады. Қолдан келген қастандықты аямай жасауға тырысты. Шөбі шүйгін, тұнық су көздері мол жайылымды, яғни мал өсіруге қолайлы алқапты еркін жайлауға ұмтылған халықты бұл аймаққа жібермеуге күш салды. Жайық өтіп қоныстанғандарды барымталады, қарақшылық жасап үйлерін тонады, жалпы жайлы отыруларына мүмкіндік бермеді. Жайықтан кері өтулерін талап етті. Қорқыту-үркітудің небір түрін тапты. Бөкейдің өзіне де тыныштық бермеді. Қастандық жасап, ыңғайы келсе көзін жоюға әрекеттенді. Туған ағасының шалдуар мінезін жақсы білетін Бөкей бірер қыс Астрахань, Казак полкінің штабы орналасқан Красный-Яр селосының маңына қыстауға мәжбүр болған. 1806 жылы Жантөренің хан сайлануына қарсы рулар Қаратайды өздеріне хан көтерді. Қартайған шағында да ол биліктен қол үзбеді. 1824 жылы Орынбор губернаторы П.Г.Эссен­нің Жарлығымен Кіші жүздің батыс бөлі­гінің сұлтан правительдігіне тағайындалды. 1826 жылы 80 жасында дүние салды. Төртіншіден, Жайық өткен қазақтар құм бойын қоныстанды. Еділ бойын, Теңіз жағасын иемденуге қолдары жетпеген. Өйткені ол жерлер князь Н.Б.Юсупов пен граф А.А.Безбородконың саяжайлары тұрған, балық аулау және өңдеумен шұғылданатын кәсіпорындары орналасқан. Князь Николай Борисович Юсупов император 1 Павел мен Еуропада ұзақ жыл бірге оқыған досы болса, Александр Андреевич Безбородка Екатеринаның өзінен кейін патша тағына немересі І Александрдың отыруына жазған өсиетін Павелге тауып беріп, өртеп жіберуге көмектескен. Бұндай адамдарға ешкімнің тісі бата алмайтын. Оның дәлелі, Бөкей хан өзен мен теңіз кемерінде бір жерге тұрақтап қоныстанып отыра алмады. Ішкі Ресейден жайлы қоныс, табысты кәсіпшілік таба алмай жүргендер, арасында кісі тонаған қарақшылар да табылатын. Өзен-көл сағалап, мекендерін салып, селоға біріккен. Коңсы қонған казақ ауылдарына тыным бермей, малын бақтырмай, малдарының төліне дейін ауыл маңына жайылтпаған. Балалардың қақтығысына үлкендер араласатын сәттер туындаған дұшпандық әрекеттен қазақ ауылдары ішкі бойға тұрақтай алмай алыстап отырған. Естігендердің айтуына сенсек, олардың ағаш үйін өртеп жіберген деген сөз де бар. Атақты күйші, Бөкейдің еншісі айырылмаған інісі Шығайдың ұлы Дәулеткерейдің туған жері қазіргі Көнеудің оңтүстігіндегі Кобяково селосы екені анықталды. Осындай жайлы қоныстан өз еркімен кетпейтіні белгілі. Бастапқыда Көнеудің маңында мекендеген ауыл дамылсыз түрткілеуден батысқа ауа көшті. Жыл сайын жылжып жүріп кейінгі кезеңде, Қыста Кішкене аралда, жазда оның терістігіндегі Найза аталатын жерді жайлаған. 1801 жылдан Еділ-Жайық аралығын сұлтан дәрежесінде басқарса, 1812 жылдың 1-мамы­рын­­­дағы Император Бірінші Александрдың Жарлығымен Бөкейді Ішкі орданың ханы етіп тағайындады. Ол жөнінде Бөкей ханды 14-маусымда таныстырды. Хандық дәрежеге көтеру рәсімі Орал қаласының аймағындағы тоғайда, шілденің 7-сі күні өтті. Энциклопедиялық деректерде Бөкей ханның туған жылы белгісіз деп беріледі. Шамамен топшылап айтушылар да баршылық. Біз де ол кісінің өмір сүрген тарихи кезеңін, болған уақиғаларды сараладық. Іс барысында қарым-қатынаста болған кісілерді, жолдастары мен достарын біліп, өзіміздің жорамалымызды жасадық. Ойға алған шараларының жүзеге асуын үнемі қолдаған Астрахань линиялық полкінің командирі Павел Семëнович Поповпен арадағы достық қатынастың болуына екеуінің бір жылда туған құрдастықтары да әсер еткен. П.С.Попов 1815 жылы 15-мамырда 58 жасында дүниеден өтті. Сол жылы 58-дегі Бөкей ханымыз 1757 жылы туған болады. Бөкей ханнан халық зәбір-жапа кешкенін кездестірмейміз. Ондайы болса хандарды қаралау тұсында бояуын қалыңдатып айтылар еді. Кеңес тұсында «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп Бөкей хандыққа таласып көшті деген айтылады. Кім билікке таласпайды? Иә, хандыққа талас­ты, бірақ елін өксіткен жоқ. Үлкен аймақты қазақ халқының игілігіне айналдырып, ол жерді мәңгілік қазақ елінің құрамына қосты. Егер Бөкей кезінде сондай ерлік жасамаса бүгінгі күні тарих тегершегі қалай айналар еді. Біздің жерімізді жалпы Еділ-Жайық арасын кім иеленіп отыратынын елестету қиын. Бөкей хан саналы ғұмырында қазақ үшін аянбай еңбек етсе, бақилық болғанда да халқын жарылқап жатыр. Айықпас дертке ұшыраған Хан 1815 жылдың 21-мамырында мәңгілікке көз жұмар алдында соңғы тілегінің бірі, өзінің ұстаз-ақылшысы, емші-көріпкел Сейіт бабаның мүрдесі жатқан «Кішкене арал» қасындағы қауымға жерлеуді аманаттаған. Бақилыққа көз жұмар сәтінде мүрдесімен қатар жатуды қалаған Сейіт баба кім еді? Сейіт Мұхаммед Құлбайұлы Астрахань губерниясы, Қызылжар уезіне қарасты Қожатай ауылында шамамен 1744 жылдары дүниеге келген, 16-17 жасында қажылық сапарға барған. Исламның суфизм ағымын ұстанған. Мысыр, Бағдат, Бұхарада оқыған. Мүрид атанып Сирия, Үнді елдерінде болып, білімін одан әрі жетілдірген. Елуге иек артқан шағында кіндік кесіп, кір жуған Қожатайына қайтып оралады. Қазан төңкерісінен кейін талай жер талапайға түсті. Ол, дауыл Бөкей хан Қазақ елінің құрамдас бөлігіне айналдырған Нарынға да шүйілді. 1919 жылы 21-қарашада Қырғыз аймағын басқару ережесіне сай «Қырғыз (Қазақ) революциялық комитетінің шешімімен Киғаш, Ахтүба, Бозан аймағында Бөкей Ордасының құрамдас бір облы­сы ретінде қарамағында 10 болыстан тұратын «Еділ-Каспий қырғыздары құрылымы» құрылды. Еділдің салаларындағы сулы да нулы өлкені қазақ еліне қимаған өктемшіл саясат 1921 жылы «Еділ-Кас­пий қырғыздары» бірлестігін таратты. Құрамында Тұрар Рысқұлов, Әлімхан Ермеков, Уәлитхан Тана­шовтар бар қазақ өкілдерінің табанды тартысы арқасында, олардың В.И.Лениннің әділ шешім қабылдауға ықпал жасауынан үш болыс Бөкей Ордасының Теңіз аймағы уезіне үлкен даумен берілді. Қалғандары Ресей құрамына енгізілді. Саналы өмірін сарп етіп, Қазақ елінің жерін сақтау үшін атқарған еңбегі толық дәрежеде ойлаған межесіне жетпесе де нәтижесіз болмады. Империяның озбырлық өктемдігіне тегеуірінді тойтарыс беріп Еділ-Жайық арасындағы алқап тәуелсіз қазақ елінің құрамдас бөлігіне айналды. Бөкей хан қазіргі Орал, Атырау облысының Еділ-Жайық аралығындағы жерді алып, иелік жасаған, бірақ тұрағы Атырау облысының аймағында  бол­ған. Билік басындағы қайырымды, адал еңбегін халқының игілігіне арнап жүрген билеушілер қарамағындағылардың бәрінің көңілінен шыға бермейтіні мәлім. Заманында Бөкей ханға да, «басқалардан менің мүддемді жоғары қоймадың» деп ренжігендер болмады дей алмаймыз. «Аяғы лас төрді бүлдіреді, аузы жаман елді бүлдіреді» дегендей, ондай адамдар халық арасына іріткі салып, жаңа қоныста уыздай ұйып отырғандарды кері Жайық арқылы өтуге үгіттеп, көшірушілер де табылған. Бірақ олар өздерінің қателіктерін түсініп Бөкей Ордасына оралып отырған. Тарих деректерінде Бөкей сұлтанмен бірге Еділ-Жайық арасына бес мың түтін өткен. Жыл сайын келушілер тасқыны тоқтамай он шақты жылда олардың саны екі еседен асқан. Бөкейдің біліктілікпен басқаруы нәтижесінде елдегі саяси, әлеуметтік жағдай тұрақты, халыққа жайлы, қысымшылық пен қағажу көрмегендіктен, кең жайлауды емін-еркін иеленген қазақтардың малы бастапқысынан алты есеге өсіп, бес миллионға жеткен «қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған заман» болған. Елге бір кісідей, бір әміршідей еңбегі сіңген жанға кейінгі ұрпақтар, біздер, қандай құрмет көрсетіп жүрміз?! Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылды Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы ретінде атап өту туралы ұйғарымы әрбір қазақстандықты толғандыратын жағдай. Өткенге көз жіберіп, тарихымызды зерделеп, жоғалтқанымызды түгендеп, кім екенімізді тануға ұмтылатын үлкен оқиға. Хандарымызды тану, білу, зерттеу өзіміздің ұлттық санамызды асқақтатып, адастырмайтын жарық та сара жол. Осындай саналы ойдың жүзеге асуының бір көрінісі Бөкей ханның есімін елге оралту. Онымен күнде қауышатындай болып, Құрманғазы ауданының орталық селосы Ганюшкин ­атау­ын өзгертіп Бөкей хан селосы деп атасақ, өткен асылдардың рухына құрмет. Бүгінгі еңбегіміздің жемісі, келешегімізге өнеге. Құрылғанына екі ғасырдан асып, неше түрлі зұлматты көрсе де Бөкей ордасының атауы еш өзгеріссіз сақталып келді. Бұл Бөкейдің ерекше әулиелік қасиеті деп білеміз.

Өмірзақ Қажымғалиев, «Мақаш әкім», «Әбу Сәрсенбаев» қоғамдық қорының төрағасы

1115 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз