Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 22 Қазан, 2010

Тарихтан тәбәрік Саятшы Дүйсен

Кезінде аудандық деңгейде басшы партия, кеңес қызметкері болған, ғұмырының біраз жылын журналистикаға берген ардагер ағамыз Жанайдар Рамазанов осыдан бес-алты жыл бұрын Қарауыл Арғынның шежіресін түзіп, Көкшетауда оны жеке кітап етіп шығарып, игілікті бір іс тындырған еді. Сол кітапты оқи отырып елең еткізер бір дерекке тап болғаным бар. Жаулыбай Қарауылдың бір тармағы Дүйсен атаның айтулы аңшы, саңлақ саятшы, керемет құсбегі болғаны бұрыннан белгілі. Ал сегіз қырлы бір сырлы сері мінез саятшының сазгер де болғанын бірінші естіп отырмыз. Кітапта оны атақты «Көкжендет» әнінің алғашқы авторы еді дей келіп:

Көкжендет, тұғырың алтын, маржан баулы,

Тұрушы ең ағаш үйде асыраулы.

Алпыс қаз, тоқсан үйрек бір күнде алған

Құс қайда дәл өзіңдей алғыр шәулі, – деген бір ауыз өлең мысал етіп алыныпты.

Біздің білуімізше, бұл Ақан серінің әні болса керек еді. Оның да алғашқы шумағы осылай басталып:

Көкжендет, ұшушы едің тоғайды өрлеп,

Шабытқа таңертеңгі қоя бер деп.

Ертеден қара кешке салғанымда,

Көкбесті жүре алмайтын көзі терлеп.

Көкжендет, шалғың ұзын, мойның қысқа,

Қайырып салушы едің талай құсқа.

Айырылып қапияда қалғаннан соң,

Осы әнге шырқап салдым мына тұста, – деп аңырай жөнелетін. Алғырлығына сүйсініп, Көкжендет атаған атышулы қаршығасы қастандықтың құрбаны боп кеткенде, жігері құм боп, жүрегі қан жылаған ақынның өзегін өртеген зары еді бұл.

Жалпы, Ақан ағаңның томағасын сыпырса-ақ көл бетін шулатып, көзіне түскен құсты болат топшысымен бір-ақ қағып түсіре беретін көк қаршығасын балықтарды үркітіп ауға ештеңе іліктірмейді деп, келімсек қара шекпенділер қастық жасап, қасақана өлтірген деседі. Шамасы, судың ортасына басы үшкірленген қазық қағып, оған қаздың тұлыбын іліп, олжасына оқтай ұшып, екпінмен шүйліген ұшқыр қыран үшкір ағашқа шаншылып опат болған сияқты. Орыс ұлықтарының қанаты астында кердең қаққан келімсектерге еш қайран жасай алмаған ақын шер-мұңын тайпалас атасының таныс әуенімен шығаруы әбден мүмкін ғой.

Бәлкім, Дүйсен бабаны да алғыр қыранынан қара шекпенділер болмағанмен, басқа қара ниеттілердің қысастығы осылай көз жаздырған шығар. Әйтеуір, қайырымынан гөрі қысастығы көп, татулығы мен тұтастығы жоқ зар заманда қырдың еркін ұланы – сал-серілердің де, саяткерлердің де тағдыры мен ән-жыры ұқсас болғаны анық. Халық әндері кім-көрінгенге телініп, бытысып кеткен қазіргі таңда әйгілі әннің нақты авторы кім екенін айқындаймыз деп бас қатырудың қажеті болмас. Бүгінгі әңгіме әмбебап дарын иесі Дүйсен баба өнерінің басқа қыры туралы. Негізінен оның атақ-даңқы «Алабас» атты ақиық қыранымен шыққан.

Дүйсен Жаулыбай Қарауылдың Есенберді деген ұлынан туады, жаугершілік заманда қалмақтармен жер үшін қырқысып жүрген бір жорықта әкесі қыршын кетіп, ол ағасы Майлының қамқор қанатының астында өседі. Сондықтан ел-жұрты оларды бір-бірінен бөле-жармай Майлы-Дүйсен атап кетеді. Аға бауырында бетінен ешкім қақпай, қанша жерден еркін, ерке, бұла боп өскенімен, жиеніне өзгермелі заманына орай өрелі тәрбие керек деп шешкен Қаз дауысты Қазыбек би Қарауылдың ел ағаларымен келісіп, Дүйсенді анасымен бірге өз қасына көшіріп алады.

Алғыр да ақылды, зерек те зейінді Дүйсен қазақ елін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған әйгілі үш бидің бірі, нағашысы Қазыбекке бірден ұнайды. Әйдемде қадимше хат танып үлгерген ұғымтал жиенін би де жанынан тастамай, ел ішіндегі қилы-қилы қиын мәселелерді шешкенде бірге алып отырады. Ол тұста жер дауы, жесір дауынан өзге әлдінің әлсізге озбырлығы, ұрлық-қарлық, барымта-сырымта сияқты талас-тартысқа толы мәселелер шаш-етектен болатын. Нағашы атасының солардың бәрін таразыға тең тартып, қара қылды қақ жарып қалай әділ төрелік беретініне тікелей куә болып, қанатты сөздерін, орамды ойларын жиен бала жадына жастай тоқыды.

Ұлы бидің ауылына онда дау қуып, арыз айтушылар ғана емес, ел тізгінін ұстаған би-төрелер, батыр-бағыландар мен жұртқа өнершашқан сал-серілер, әнші-күйшілер де жиі келетін. Солардан онсыз да қара жаяу емес, қабілетті бала домбырамен күй шертіп, әуелете ән шырқап, жанынан өлең шығарып айтуды да үйренеді. Ұзамай бидің жиені өнерімен ел аузына ілігіп, өнегесімен айналасына жағады. Оның жазда құс салып, айдын-көлді дабылдатып, қансонарда бүркіт алып аңға шығатын саяткерлік өнерінің де тырнақалды қадамы осы нағашы ауылында басталады.

Ерте есейген, әр тараптан хабары бар, талабы зор жиенін сал-серілерге еріп көп жүріп қалмасын деп қамқор нағашы ертерек үйлендіріп, өз алдына отау тігіп береді. Келешекті алдын-ала болжап, біліп отыратын көреген бидің ондағы ойы аумалы-төкпелі заманда әлде біреулерге еріп әуейленіп кетпей, аяқ-қолы маталып, ертерек ақыл тоқтатсын, ел ісіне аралассын деген ақ ниет еді. Онысына орай Дүйсен де бірден байсал тартып, нағашы шаруасының бір жағына шығысып, кішігірім дау-дамайды өзі шешіп, қарт атаның қолын біраз босатып тастады.

Әйткенмен, бидің жолын қуып, сөз ұстайтын басқа да балалары баршылық еді. Олардың алдын орай берген келіспейтінін, өзінше өріс ашып, есі барда елін тапқан жөн екенін сезген Дүйсен бір күні осы ойын нағашы атасына білдіреді. Осы сөзді өзі де күтіп жүрген сұңғыла қарт бірден келісіп, жиен ауылын жасандырып, жол-жобасымен, ел жақсыларын басшы, жастарын қосшы ғып Есілді ен бойлап, кең жайлап, Сандықтау мен Сырымбеттің арасын алып жатқан Жаулыбай Қарауылдың ортасына көшіріп салады. Оның үстіне Абылайдың өзін хан көтерген Қанай биге сәлем айтып, жайлы қоныс тауып беріп, жиенін қанатының астына алуды өтінеді.

Бұл кезде Малай, Қасқа, Қаратал сияқты үш ұлы ақар-шақар үш ауыл болып, малдары мыңғырып, Сарымсақты мен Сарыөзектің ортасындағы қалың шұбар орманды алқапқа сыймай жатқан Майлы ағасы қуаныышы қойнына сыймай, ұлан асыр той жасап, Дүйсен ауылын соңғы жылдары иен тұрған Қошқарбай тауының баурайына әкеп қондырады.

Қошқарбай тауы әзірше иен жатқанымен, иесіз жер емес-ті. Қыпшақтың айдынды да айбынды батыры Қошқарбай қалмақтарды бір түріп тастап, жеңіспен оралған жолы қалың қарауыл мекендеп отырған орман нулы, өзен сулы, тау-тасты өңірдің ортасынан ойып алып, түстігінде айнадай жарқырап Зеренді көлі жатқан, батысынан жұлығын сыйпап, Шағалалы өзені аққан, алдында айдарлы адырлар тізілген осы тауды таңдап, оны өз атымен атап, біраз жыл қоныс қылған-ды. Жасы ұлғайып, ұғырдан түсер кезде Ертіс бойындағы қыпшақтарына көшіп кетіп, сол жақта дүние салғанымен, батырдың артында ата-мекенін іздейтін ұрпақтары баршылық болатын. Демек, бұл жерді түбегейлі меншіктеп, түпкілікті мекендеп қалу үшін, тікелей ел иесі Абылай ханның өз шешімі қажет.

Ақыл-айладан кенде емес Дүйсен жатпай-тұрмай соның қамына кірісіп, түбі бір қажет болар деп таудың ұрымтал тұстарына ата-бабадан белгіге қалған бедерлі заттарды жасырып, із басылғасын-ақ ханға кісі салып бұл таудың түп иесі – Жаулыбай-ата баласы Есенбердіге енші етіп, аманат қалдырған, бертін иесі опат болған соң, қыпшақтар баса-көктеп келіп басып қалған деп арыз айтады. Олай болса ол тауда бабаларынан қалған қандай белгі бар екен деп сұрағанда: ұшар басында тастан қашап жасалған қазан-ошақ бар; бір жартастың астына бабамыздың ер-тұрманы жасырылған, бір үңгірде Есенкелдінің өзі ұстаған садағы мен найзасы болуы керек деуші еді көнекөз қариялар, – дейді. Арнайы адам жіберіп тексерткенде Дүйсеннің айтқаны айна қатесіз анықталып, оған қоса Қазыбек пен Қанай билердің де ықпалы болып, Қошқарбай тауы қайтадан Майлы-Дүйсеннің иелігіне көшеді.

Дүйсеннің осы тапқырлығы мен табандылығы ел ішіне лезде тарап, аңызға айналып, Атығай-Қарауыл оны басына көтеріп, қадір тұтады. Оның жақсы аты іргелес жатқан Қанжығалы, Қақсал еліне ғана емес, шалғайдағы Ақсары, Күрсары Керейлерге де тегіс танылады. Бір жағынан дау-дамайға билік айтып, ел ісіне араласа жүріп, ол айт пен тойдың гүлі болған серілігін де тастамайды. Дегенмен, оның атақ-даңқын асапандатып, ту алысқа жайып, күллі қазақ қырына мәшһүр қылған оның бапкер бүркітшілігі мен Алабас атты алғыр қыраны еді.

Асылы, Алабас Көкше өңіріндегі бүркіттерге ұқсамайтын, бітімі мүлдем бөлек қыран болған деседі. Саңқылдаған даусының өзі түптен тартқан керней үніндей болса керек. Маңдайында аппақ гүл сияқты бір шоқ кекілі бар көрінеді. Көзі тіке қарағанда кез-келген жанның жанарын тайдырып жіберердей өткір де уытты екен. Қанатын жайып жібергенде төрт қанат үйді керіп, киізін тесіп жібере жаздайды. Топшысы темірдей, балағы балғадай жатқан бір күрең алып. Ұзын құлаққа қарағанда, Орал тау жағынан ауып келген ақиық тәрізді.

Оның шалт қимыл, шабытты самғасы Дүйсенді тұңғыш көргеннен-ақ таң қалдырады. Күндегі дағдысымен Құбақан бестісін ерттеп, құмай тазысын ертіп, еңістегі тоғай жақты шолып қайтқалы шығып аспанға көз тастағанда, қалықтап жүрген үлкен екі құсты жанары шалады. Алдағы адырдан асып, ар жағындағы шілікті тоғайға құлай бергенде, таудан төмен жылыстап жортып бара жатқан қаншық қасқырға көзі түседі де, бестісін тебініп тұра ұмтылғанда әккі бөрі қалың шіліке кіріп кетеді.

Сол сәт аспандағы әлгі екі құстың біреуі сорғалап келіп, көзді ашып-жұмғанша оны іліп алып, қайқаң етіп қайта көтерілді. Біраз шырқап барды да, ол шеңгелдідегі жемтігін тастап кеп жіберді. Төрт сирағы сереңдеп жерге түсіп быт-шыт болды-ау деп тұрғанда екінші алып құс оны қағып-ап аспанға бір-ақ шықты. Олар қасқырды осылый қақпақылдап ойыншық құрлы көрмей, Қошқарбай тауының шыңына қарай тартты. Құс салып, аң аулай жүріп, мұндай ғаламатты бұрын-соңды көрмеген Дүйсен аң-таң болып аңтарылып, тас бап тұрды да қалды, деп бейнелеген еді сол сәтті жергілікті журналист Жанатай Бекенов ілгеріде бір басылған аңыз-эссесінде. Аздап артық-ауыс әсірелеуі болғанмен, бітімі бөлек қырандардың қарекетіне сыйып-ақ тұр бұл сурет.

Сол күннен бастап саятшыдан маза кетеді. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей әлгі қырандардың тым болмаса біреуін қолға түсірудің жолын іздеп дал болады. Қас қылғандай олар бір апта бойы көзге түспей, көк жүзінен көрінбей қояды. Содан оншақты күннен кейін қырандар қайта көрінгенде қуаныштан Дүйсеннің жүрегі аттай тулап, алқымына тығылады. Әдеттегідей алып құстар қалықтап, ерсілі-қарсылы самғап жүреді де күн бата тау шыңын бетке алып, көз ұшына сіңіп көрінбей кетеді. Қырандардың мекені Қошқарбай тауы екеніне кәміл көзі жеткен аңшы күнде осы араға келіп, қос бүркітті күтетін болды. Не керек, ақыры тірідей ұстап алған түлкіні тордың түбіне байлап, шырғағып шәуілдетіп, сонымен алдаусыратып, біреуін тұзаққа түсіреді. Екіншісі торды тартып жатқан кісіні байқап, қайқаң етіп биікке бір-ақ көтеріліп, көзден ғайып болады.

Қолға түскен қыран әнеу күні қасқырды іліп әкеткен төбесінде ақ қалы бар бүркіттің өзі болып шықты. Дүйсен оны ойланбастан «Алабас» деп атап, құлағына айқайлап азан шақырғандай үш қайтара қайталады. Содан долы тентек түз тағысын қолға үйретіп баулудың азапты апталары мен айлары басталды. Ақыры, адуын құстың ашуын адамның аялы алақаны қайтарып, «Алабас!» дегенде бір саңқ етіп, бүркіт иесінің иығына кеп қонатын болды. Қарашаның алғашқы көбік қарында аңға алғаш алып шыққан күні-ақ ол бір ор қоян мен алтайы түлкі алды. Сол сол-ақ екен, аңға шыққан сайын Дүйсен қанжығасы қанданып, ылғи олжамен оралатын болды. Бір ғажабы, Алабас қоян, түлкіні былай қойып, қасқырға өш болды. Бір күні тіпті бірінен соң біріне түсіп, үш қасқырдың омыртқасын үзіп, көзін шұқыды. Енді жылқысына қасқыр тиген жердің бәрі Дүйсенге хабар беріп, қолқа салатын болды.

Алабасқа әбден бауыр басып алған Дүйсен жазда да оны жанынан қалдырмай, балдаққа қондырып алып жүреді екен. Бірде ол осылай Жамантұз көлін жағалап келе жатса, бүркіті қайта-қайта талпынып, қанатын қомдай береді. Тақа болмаған соң томағасын сыпырып, қоя берсе, қыран бір-ақ ыршып, биікке көтеріледі де, кенет оқтай зулап төмен құлдилайды. Саятшы да қыраны шүйілген жақты бетке алып, қырқаға шығып қараса, төменде бір шаң бұрқ-бұрқ етеді. Атын тебініп шауып келсе, бүркіті бір дәу оқ жыланға түсіпті. Жан-дәрмен жылан да қыранды орап-ап құйрығымен жер сабап жатыр, бұрқылдаған шаң соныкі. Дүйсен қарғып түсіп, жыланды айбалтамен үшке бөліп, Алабасты айырып алады. Бірақ бүркіт бойына жылан уы тарап кеткен екен, ертеңіне жүні сылырылып түсіп әлсірей бастайды. Саятшы табанда бір ту биені сойып, қыранды соның қазысына орап тастап, удың бетін әрең қайтарады.

Қысқа қарай Алабас әбден сауығып, бабына келген соң Дүйсен Көкше өңірін шыйырлай бермей, қыранын нағашы жұртына көрсетіп, бір мейірленіп қайтайын деп соңына саятшы-серілерін ертіп, Қарқаралы жаққа аттанады. Жолай Ерейменге таяй бергенде, тау ішінен бір үйір киікті қақпалай қуып, бір ұя қасқыр шыға келеді. Жаны қысылған киіктер құтқарушысын көргендей адамдарға қарай ойысады да, қасқырлар кері қашады. Серілердің көктен тілегені жерден табылып, бөрілерді тұра қуады. Екі-үш бөлтірік қасқырды соғып алып, қалғандарын қалыңға кіргізбей қайырамыз деп жүргенде, аяқ астынан күн бұзылып, қарлы боран ұйытқи жөнеледі. Бүркіт те бөрілер де, олардың ізіне түскен иттер де көрінбей кетеді. Әлден уақытта тұмсықтары қанға боялып, үсті-басына қар қатқан иттер қайтып оралды. Бірақ Алабас ізім-қайым. Қанша айғайлап шақырғанмен, қыраннан жылт жоқ.

Бүркітінің оралмағаны Дүйсенді қатты қайғыртты. Оның боранда адасып кеткені аян болды. Сөйіп, салы суға кетіп ертеңіне серілер ауылға қайтты. Жан-жолдасындай алғыр қыранынан қапияда көз жазуы Дүйсеннің өзегін өртеп, көкірегін қарс айырды. Қолындағы құсына ие бола алмаған бұл ертең ел билеп, не барқадар таптырады дейді-ау жұрт деп намыстан өртенеді. Сол қыс ол ауылдан аттап шықпай жатып алды. Алайда, Алабастан күдерін үзбей, жер-жерге сұрау салып жатты. Ел құлағы елу емес пе, жаз шығып жер аяғы кеңіген кезде Сілетті өзенінің жоғары жағын мекендеген дадан тобықтыларда бір аңшының қолында жаңадан ұсталған айырықша алғыр бүркіт бар екен деген хабар жетті. Өзі тор құрып, бүркіт ұстаудың шебері екен, десті. Амал не, сол құсбегіні іздеп жолға шығуға тура келді.

Барса, ол бүркітті көрсетпей, өзі балапан күнінде Шыңғыстаудағы ұясынан алып өсірген қыраным деп, қолды-аяққа отырғызбайды. Болмаған соң нағашыларына хабар беріп, билер шешіміне жүгінуге мәжбүр болады. Билердің біреуі: бүркітті шығарып ұшырсын да, екі аңшы құсқа өзі қойған аттарын атап шақырсын, ол қайсының қолына келіп қонса, иесі сол болады деп ұсыныс айтады. Осыған тоқтап, тартыстың ақырын күткелі жұрт сыртқа шығады. Құс күтуші екі жігіт бүркіттің томағасын сыпырып, аспанға самғатып қоя береді. Шыңғыстаудағы ұясынан алғанмын деген бүркітші өзі қойған атын атап, қанша айғайласа да, қыран міз бақпай, төбеде қалықтап тұрып алады. Ал Дүйсен: «Алабас, Алабас!» деп айқай салғанда ол сорғалап келіп оның білегіне қонып, кеудесіне басын төсейді...

Дүйсеннің атағын алты алашқа жайып, күні осы уақытқа дейін атын аңызға айналдырып келген алғыр қыран Алабастың хикаясы осындай.

Азулылармен айқасып ақ бата алған аңшы атамыздан өрбіген Ақшабай, Бабас, Бекше, Дүңкелді, Қойайдар, Сексенбай, Тоқсанбай деген жеті ұлдан тараған үрім-бұтағы бүгін де Көкше өңіріндегі Айдарлы, Кеңөткел, Қарлыкөл, Қошқарбай, Өндіріс, Дөңгілағаш, Жылымды сияқты жеті ауылда өркен жайып отыр. Олардың арасынан түлеп ұшып, ғылым шыңына құлаш ұрған ғалымдар, туған әдебиетіміздің туын көтерген қаламгерлер, әсем сазымен елін сусындатып жүрген әншілер, қоғам қайраткерлері аз емес. Қойайдардан тарайтын Нұрмағамбет әулетінен ғана Қуанышбай, Аманжол, Амантай, Ләйлә, Гүлнәр тәрізді бес ғылым докторы, бар. Көкшетаудың көрнекті азаматы, ғылым докторы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы университеттің профессоры Қасымхан Құсайыновтың ізін қуған ғылым кандидаттары қаншама. Кезінде айтулы шешен, атақты би болған, Уәли ханның тұсында оның елшісі боп Орынбор мен Омбыға, тіпті Бейжіңге де талай барған Бекшенің бүгінгі ұрпағы әйгілі әнші Қапаш Құлышованы кім білмейді! Кешегі қызыл саясаттың құрбаны боп көп азап шеккен шерлі ақын, шебер аудармашы Хамза Абдуллин, аз өмір сүрсе де әдебиетке көп еңбек сіңіріп, өзіндік із қалдырған – Мәди Хасенов, ұзақ жыл газеттің басшы қызметінде болған қабырғалы қаламгер Есімбек Бәйтенов те осы Дүйсен бабаның текті тұяқтары еді. Бабасының 300 жылдық мерейтойына орай туған ауылында әсем мешіт салдырып, иманды іс атқарған Алтай Айдархановтың азаматтық еңбегі өз алдына бір төбе. Алабастай алып қыран ұя салған манар таудың төңірегінен әлі де талай түлек түлеп ұшып, ата даңқын аспандата берері хақ!

Сарбас АҚТАЕВ,

жазушы

1600 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз