Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 31 Қаңтар, 2011

Тіршілік және таралым

Куандык ТуменбайСарша тамыздың сәні кетіп, қыркүйек қылаң беріп, жапырақ біткен сарғыш түске бояла бастағанда газет-журнал редакцияларында бір әбігер басталады. Тіл ұшына таралым (тираж) деген тобықтай түйін оралып, «Былтыр қалай едік, биыл қалай болар екенбіз?» деген әңгімелер жиі айтылып қалады. Тіпті, бір партия ел билеп, нан қымбаттағалы былтырғымыздан айрылып қалмасақ екен деген күдік БАҚ басшыларының жүрегін зуылдатып, әбігерге салатын сәттері де аз емес. Сосын қазанның қара желі басталғанда өкпек желдің өтінде әркім таныс-білісін сағалап, тамырын басып, таралым жайын таразылауға шабаданын қолға ұстап жолға шығады. Мұндайда әркім «өз туған жері - Мысыр шаһарын» бетке алады. Өйткені, атамекеніңнің адамдары «бет көрсе, жүз ұялады» деп сөзіңді сыйлап, қолынан келгенше томсармай жылы қабақпен қарсы алып, шығарып салады.

Былтырғы сапар да солай болды. Әдеттегідей облыс ауқымындағы ақпарат құралдарына сөзіңді өткізесің - газетке насихаттық мақала беріп, теледидардан күлімсіреп отырып сөз сөйлейсің. Газетке көп үңілмейтін халық теледидардан жүзіңді көріп, «Мынау өзіміздің пәленше ғой, неғып біздің үйге соқпай кетті екен, а?! Е-е, шаруасы мынау екен ғой», - деп, аталмыш басылым бар екенін бір естеріне түсіргендей болар еді. Олардың газет-журналға үңілмейтіні - хат тасушы газетті топтап, 10 күнде бір әкеп тастайды. Көбіне ол мектептерге жеткізіп тастайды. Ел-жұрттағы негізгі жазылушылар - мұғалімдер үйілген ақпараттан керегін тауып алады. Неге бұлай десең, хат тасушының айлығы 2000 теңгеден аспайды, оның күнде үй аралауына тұрмайды, бұл - ол үшін қосымша жұмыс.

Кезінде, кемелденген социализм тұсында, таралымы 250 мыңға жеткен «Жұлдыздың» қамымен мен де «мысыр шаһарым» - Қызылорда облысына бардым. Жол шегіп жүріп, таралымның қазығы бір-ақ нәрсе - жанашырға кеп тірелетініне көзім жетті. Сол өткен ғасырдың 70-80 жылдары Алматының Бас пошта мекемесінде Сұлуқыз Жұмабаева деген әпкеміз қызмет істеді. Ол қазақ басылымы десе қаны шапшыған жан еді. Жұрттың әдебиетке, жалпы газет-журнал оқуға деген ықыласы да мол, теледидар төбе билік көрсетпеген кез еді ғой. Сонда да әр нәрсенің басы-қасында бір жанашыр, қазанның қақпағын ашып-жауып, сорпаны сапырып, дәмін алып тұратын бір шөмішұстар болмаса іс қараң. «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиетінің» жұлдызы жарқырап жанған тұс сол кез еді. Сұлуқыз әпкеміз бәрін де айтқызбай қыздың баласындай құнттап қоятын. Бұл ұлтжанды кісі үшін дәстүрге айналған іс еді. 8-Наурызда біз де гүліміз бен алғысымызды аямайтынбыз. Осындай түсініскен жүректердің бірге лүпілдейтін, сөйтіп, ел қамын таразыға салатын кезеңі артта қалған жоқ, әлі де алда. Тіпті, дамыған 50 елдің қатарына кіру үшін де қазақ бір-бірімен осылай түсінісіп, тіл табысып, биікке шығуы керек. Қызылордада не көп, компания мен фирма көп: Құмкөл, Қазатомпром, мұнайгаз, біз білмейтіндері қаншама. Осылар тапқан табысының теңізге тамған тамшыдайын қарапайым халықтың басылымға жазылуына деп шәниіп тұрып шырт түкіріп тастаса, едәуір сеп болар еді. Мұндай жомарттыққа сеп болатын сөз керек, біздің тасқа басылған сөзімізді тірілтетін жанашыр керек.

Шиелі кентіне келдік. Аудан әкімінің орынбасары:

- Бізге арналған хат керек, онсыз жұмыс жоқ қой, - дейді.

- «Қазақ газеттері»-нің Бас директоры қол қойған арнайы хат келеді. Ол облыстан мөрленіп, өзіңізге жетеді, - деймін. - Ал, менікі басқа басылымдардан гөрі тәй-тәй басқан сәбидей тапырақтаған «Үркерге» ерекше көзқарасыңызды салыңыз деген сөз ғой.

- Саламыз, аға, саламыз, хат келсін...

Аудандық поштаның бастығының сөзі сергек, тасқа басылған тірі сөзді теріп оқитындығы көрініп тұр.

- Ауылымыздың бір баласы сол жерде істеп жүргенде көз қырымызды неге салмаймыз. Қолдан келген көмекті аямаймыз.

Ел араладық. Ең әуелі ат басын тірейтініміз кіндік қанымыз тамған Ыбырай Жақаев ауылы. Айтса айтты деп жазғырады, жол әлі таздың басындай ойқы-шойқы. Бұл мәселені республикалық баспасөзде жазудай-ақ жазып жүрміз. Аудандық мәслихаттың хатшысы - ауылдың төл перзенті Сұлтанбек Оразымбетов соңғы сайлауда төртінші рет хатшы боп сайланды. Қуанышымыз қойнымызға сыймады. Бірақ, осы жолмен үш шақырым жердегі кеңсесіне барып-қайтқанда ол не ойлайды екен?

Халықтың әл-ауқатын бағамдау үшін базар араладық.

- Екі мың теңгеге журналға жазылғанша бала-шағама тамақ әпермеймін бе. Нан болса 40 теңгеден 55-ке бір-ақ секірді, - дейді көк пияз сатып тұрған жеңгеміз. - Тілші бала-ау, анау жердің түбіндегі «Авангард», анау «Төңкеріске» Қаратаудың етегіндегі тұщы судан құбыр тартты. Біздің ауыл, немене, тоқалдан тудық па?! Жердің асты толы уран, ішкеніміз у. Осыны жазбайсың ба.

- Журналға жазыласың ба?

- Осыны жазып, құбыр тартып берсең, жазылам. Бір күнгі табысым кетер, - деп кетік тісі ақсия күліп, бір бума көк пияз ұсынды. - Келінге апарып бер.

Қоштасып кетіп бара жатқанда: «Әй, бала, - деді тағы да. - Осы геройдың аулынан (Ыбырай Жақаевты айтып отыр) өзің шықтың, прокурор шықты, атағы дардай Перден бар, райком бала мәслихатқа төртінші рет хатшы боп сайланды, тіпті, оразаның кезінде ауылда пітір беретін жер болмағаны ұят екен. Неге бір мешіт ашпайсындар? Осыны да жаз! - деп иығымнан нұқып қойды. «Жазам. Келістік».

Уәде орындалды. Базарком Әбдіманап Ыбырай атындағы мешітті тұрғызып, өзі өмірден өтті. Иманы жолдас болсын жарықтықтың.

Тағы бір кездесуде Шиеліде құралған «Ақжелкен» балалар бишілер тобында қызы өнер көрсететін мұғалім келіншек мұң шақты.

- Шиеліге облыстан, республикадан дәулер келсе, сегіз жасар қызымды сабақтан алып кетіп, би билетеді. Биыл Алматыда өткен «Очеревилка» фестиваліне шақыру кеп, барып-келуге әкімшілік көмек көрсетпеді. «Барғысы келсе, өздері барсын» депті. Сонан өнерге жанашыр бір кісі табылып, сегіз балаға қамқор боп алып-барып қайтты. Бәрі жүлде алды. Сонда әкімшілік не үшін керек? Енді әкім Құдай келеді деп шақырса да баламызды жібермейміз, - деп мұғалім әйел шаптығып кетті.

Иә, таралым деген тауқыметтің арқасында дамыған елу елдің санатына кірмек ойы бар елдің осындай мұң-мұқтажына да ортақ боп қайттық. Олар үшін күнкөріс бірінші орында да, БАҚ құдіреті сонан кейінгі орында. Бұл - ұлы экономист Маркстің «Капиталында» дәлелденген құқай. Теледидардағы төрт арна - «Хабар», «Қазақстан», ОРТ мен облыстық телеарнаның бір сағаттық хабары - олардың бүгінгі рухани жан азығы. «Кедейлік - мақтаныш емес» дейді халық. Олар кедей болам деп ойлаған жоқ. Істің көзін таба алмай әрі тарт та бері тарт боп жанталасып жүргендерді қол ұшын беріп, оң жолға салып жіберетін ел басындағылар өзінің тойғанына мәз боп осқырынып қарайды. Құдай біледі, тұщы су аузына тисе анау адуын келіншек «Үркерге» жазылмай қалмайды. Олар уәдені Алланың атымен айтады. Олар уран араласқан улы судың зардабынан запыран құсып жүрген тәуелсіз елдің қара емендей қайыспайтын қайсар бұтағы ғой. «Мен сөз түсінетін кісіні жеңем, сөз түсінбейтін кісінің күніне жүзінен жеңілем» деген екен Сырым батыр. Біз де бүгін сол сөзді қайталаймыз.

***

Қайтар жолда, жүрдек пойыз Түркістанның тұсынан аса бергенде, бір балаң жігіт домбырасын тыңқылдатып әр купеге бас сұғып, жарапазан айтып жүрді.

- Оразаңыз отыз күн қабыл болсын-ай,

Дәстүр-салтын халқыңның жаңғыртқаның-ай...

- дейді әуенге салып.

Ұйқасы келісіп тұрмаса да кекілді жігіттің ниетіне ризамыз.

- Киімі жақсы, қолында домбыра, бұл не сұрап жүр? - дейді басқа ұлттың өкілі бизнесмен серігім.

- Ол біздің салт-дәстүрімізді жаңғыртып жүр.

- Онда жөн, - деп Франклин Рузьвелт бейнеленген жүз долларды жігіттің төс қалтасына сүңгітіп жіберді.

Жарапазаншы жігіт иіліп, тағы бір шумақ айтты. Мен де, бизнесмен де ризамыз. Жігіттің төс қалтасындағы жүз долларда кескіні бейнеленген Американын 32-ші Президентінің де өң-жүзі ризалықтан күлімсірегендей боп көрініп кетті.

Таралымға да осындай қамқор қолдар қажет.

Тауқыметтен шығар жол даңғырап жатыр...

90-да жасы бар «Ақиқат», «Мысль», «Жұлдыз» секілді ағаларының атынан «Үркер» де үмітін үзбей тәй-тәй басып тапырақтап келеді. Қара жерге табаның бір тигесін қиын екен. Биттей сығылып кеткенше жылжи бересің.

Тірі жанға қара жер қандай жұмсақ.

Тіршілікте таралым деген тауқыметтің бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Казинода коктеил сіміргендер мен Көкте еркін самғап, АҚШ-қа бір күнде барып-келетіндер осыны білсе ғой.

Көкте бар «Үркер» жерде де бар.

Ол шамшырақ боп жана береді.

«Мен жастарға сенемін» (Мағжан).

Қуандық Түменбай

938 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз