Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Өзекті
  • 01 Желтоқсан, 2017

Терминологияда Алаш ұстанымдары сабақ болады

Қазіргі кезде жер бетінде жеті мыңға жуық тіл бар екен. Солай бола тұра 70 пайыздан астам халық 40 шақты дамыған тілде ғана сөйлейді. Ол дегеніңіз біраз тілдер жойылу үстінде тұр. Тілімізді сақтап қалудың бір жолы - терминдерді қалыптастыру дейді ғалымдар. Осы уақытқа дейін елімізде 18000 термин бекітіліпті. Ал, 2020 жылға дейін 27000 термин бекітілуі тиіс екен. Кезінде Алаш қайраткерлері де термин жасау мен қалыптастыру қағидаттарынан айналып өтпеген. Олар салалық терминологияның дамуына айтарлықтай үлес қосқан. Толығырақ, «Ана тілінің» «Терминологияда Алаш ұстанымдары сабақ болады» мақаласынан оқыңыз.

Терминологияда Алаш ұстанымдары сабақ болады

 Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхананың  Конституция залында   «Ұлттық  терминқорды  жүйелеудің теориялық және ғылыми-тәжірибелік  негіздері» атты республикалық ғылыми-теориялық  конференция өтті.  Алқалы жиынды Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс  комитетінің  тапсырысымен  Ш.Шаяхметов атындағы  тілдерді дамытудың республикалық  үйлестіру-әдістемелік орталығы  ұйымдастырды. Үкімет жанындағы республикалық мемлекеттік терминологиялық комиссия мүшелері, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты қызметкерлері, терминолог-ғалымдар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қыз­меткер­лері, қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысқан конфе­ренция барысында терминжасам, терминқорды жүйелеу мәселелері, Алаш зиялыларының қазақ терминжасам қағидаларын қалыптастырудағы орны, терминдерді бірізділендіру мен стандарттаудың маңызды мәселелері төңірегінде келелі ойлар ортаға салынды, келісті пікірлер айтылды. Қатысушылардың қай-қайсысы да терминология төңірегіндегі түйткілдерді тап басып, оны жолға қою, шешімін табу туралы жанашыр ықылас-пейілдерін танытты. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Шерубай Құрманбайұлы жүргізіп отырған ғылыми-теориялық конференция жұмысын Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдеш қысқаша кіріспе сөзімен ашты. – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бүгінде латын әліпбиіне көшудің алғышарттары жасалып, жұмыс топтары құрылып жатыр. Ұлттық комиссияның құрамы жасақталды. Желтоқсанның жетінші жұлдызында комиссияның екінші отырысы өтеді. Осындай жағдайда термин тақырыбы үлкен мәнге ие болып отыр. Терминжасам, терминқор мәселелерінің өзектілігі одан әрі күшейе түспек, – деді ол. Ал Шерубай Құрманбайұлының айтуы бойынша, қазіргі жаһандық терминология лингвистика шеңберінен шығып, ғылымдар жиынтығында даму үстінде. Ғылым академиялары, лингвистикалық институттар, ми­нистр­ліктер мен ведомостволар тікелей шұғылданып, еліміздің эко­но­микалық-әлеуметтік дамуының тілдік қажеттіліктері мен мұқтажын өтейтін дербес салаға айналған. Осы уақытқа дейін елімізде 18000 термин бекітіліпті. Енді мемлекеттік бағдарлама индикаторының көрсеткішіне сәйкес 2020 жылға дейін 27000 термин бекітілуі тиіс екен. Осы орайда, терминқорды қа­лыптастыруға байланысты түрлі көз­қарастар мен пікірлер бар. Терминге тек тіл мамандарының ғана емес, басқа сала мамандарының қосары көп екені айқын. Өйткені, ол адам тіршілігіне байланыс­ты салалардың бәріне қатысты. Термин – ғылым мен білімнің кілті. Егер тарихқа үңілсек, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында алгебра терминдерін жасаған Қаныш Сәтбаев­тан бастап, Елдес Омаров, Сұлтанбек Қожанов, кейін кеңестік кезеңде Өмірбек Жолдасбеков және басқа да өзге ғалым­дар салалық терминологияның дамуына айтарлықтай үлес қосқан.
Алаш оқығандары ХХ ғасырдың басында ұлттық термин­қорды жасау мен қалыптастыру қағидат­тарын тұжырымдап, оны бүкіл қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде бекітті. Екіншіден, терминология комиссиясы құрылып, терминологиялық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді қолға алды. Үшіншіден, олар өздері мақұлдаған терминқорды қалыптастыру қағидаттарын басшылыққа алып, пән сөздерін жасау­мен айналысты. Төртіншіден, қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарына арналған төл оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, өздері жасаған немесе мақұлдаған терминдерін қолданысқа енгізді. Бесіншіден, олар екі тілді аударма сөздіктер мен терминологиялық сөздіктер шығарумен айналысты.
Ондай азаматтар бүгін де бар. Солардың бірі – «ҚазМұнайГаз» Өндіру және бұрғы­лау технологиялары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директорының кеңесшісі, экономика ғылымының кандидаты Жақсыбек Құлекеев. Тілшілер мен филологтар алдымен өзге сала маманының сөзіне құлақ қоюды жөн көрді. Технология терминдеріне қатысты тамаша ой-пікірлер білдіріп, баспасөзде жариялап жүрген Ж.Құлекеев бұл жолы да терминология мәселелері бойынша сүбелі ойларын ортаға салды. – Қазіргі кезде жер бетінде қол­даныста жеті мыңға жуық тіл бола тұра, халықтардың 70 пайыздан астамы 40 шақты дамыған тілде ғана сөйлейді. Ғалымдардың болжауы бойынша, осы ғасырдың ортасына таман қолданыстағы тілдердің жартысына жуығының аясы тарылып, бірте-бірте жойылуы мүмкін. Бұл жұртты алаңдатып отырған күрделі мәселе, – деді ол. Біздің тіліміздің төңірегінде де көптеген келеңсіз жағдайлар орын алып отыр. Егемендік алған алғашқы күннен бастап, батыстың дүниежүзіне тараған дамыған тілдерінен енген сөздерді ерте заманда араб, парсы тілдерінен енген сөздермен алмастыру үрдіс алды. Оған мысал «рәміз», «сынып», «рәсім» сияқты сөздер. Парсы тіліне енген сөздердің этимологиясын түсінбеу салдарынан сөздің мағынасын өзгертіп пайдалану етек алды. Мысалы, парсы тілінде «қалампыр» – ащы қызыл бұрыш. Бүкіл түркі халықтары оны қалампыр (каламфур) деп атайды. Ал біз кейбір аудармашылардың жаңсақтығынан «гвоздика» деп аталатын гүлді қалампыр деп жүрміз. Ж.Құлекеев тілімізде ежелден айналымда жүрген сөздердің 40 пайызы парсы тілінен енгенін ( алма, анар, алша, алхоры, пияз, бадыран, баклажан және басқалар) айта келіп, қазіргі кезде ағылшын тілі әлем халықтарының ортақ коммуникация жасайтын құралына айналып отырғанын тілге тиек етті. – Ендеше, жаңа ғылыми-техникалық түсініктер мен категорияларды парсы-араб тілдерінен іздегеніміз дұрыс па, әлде өркениетті халықтар сияқты ағылшын тілінен енген категорияларды пайдаланған жөн бе? Тағы бір мәселе, ұзақ уақыт қолданыста жүрген сөздердің төркінін түсінбеу салдарынан түрік тілінен орыс тіліне енген сөздерге балама табу сәнге айналып барады. Мысалы, «баклажан», «кабачок», «курага» сөздері орыс тіліне түрік тілінен енген. Егемендік алған жылдары осы сөздерге балама іздеп, бірнеше мәрте өзгеріске ұшыратып әуре болдық. Әйтеуір, орыс сөзінен қашу керек деген ұғыммен жасанды балама іздеу әдетке айналды. Біздің ұлттық аспабымыз домбыра – бар халықтың тілінде осылай аталады. Ендеше, біз неге пианино, рояль деген атау­ларды «күйсандық» деп жүрміз? Елімізде кеңінен тараған қарсақ деген аңды барша тілде «қарсақ» дейді. Ал біз гиппопотамды – «су сиыр» деп атап алдық. Сол сияқты барша әлем халқы жираф десе, біз «керік» деп жаңалық жасадық. Витаминді де дүние жүзі халқы солай атайды, біз «дәрумен» деп аудардық. Бұл сөздің түбірі дәрі ме, әлде дәру ме? Қазір «интернет» деген сөзді «ғаламтор» деп алып жүр. Осы дұрыс па? Бұл орыстың «всемирная паутина» деген балама сөзіне еліктеуден туған болуы керек. Әйтпесе, ғалам – шексіз дүние, өйткені ол жүз миллиондаған галактикадан тұрады. Соның бірі біз өмір сүріп жатқан галактика. Оның бір шетінде Күн жүйесі орналасқан. Ондағы сегіз планетаның бірі – Жер. Интернет сол жұмыр жерді ғана торлап тұр, ол бүкіл ғаламды торлай алмайды. Ендеше, интернетті неге «ғаламтор» деп атап, барша жұртты шатастырамыз?! Шет тілдерінен енетін ғылыми категориялар мен терминдерді өзіміздің ана тілімізге бейімдеудің ғылыми негізделген тәртібін бекіту керек. Мысалы, қазір орыс тіліндегі ғылыми-техникалық категориялардың 99 пайызы ағылшын тілінен еніп жатыр. Біз осындай тәртіпті қалыптастырудың орнына жасанды балама сөз іздеп әуре боламыз. Осылайша ой өрбіткен Ж.Құлекеев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында латын қарпіне көшу міндеті тұрса да тілімізді жаңғырту туралы мәселелер аз көтеріліп жатқанын атап көрсетті. Профессор Шерубай Құрманбайұлы «Алаш және ұлттық терминқор» тақы­рыбына баяндама жасап, Алаш қай­рат­керлерінің терминология жасау­дағы ұстанымдары мен мақсаттары, ХХ ғасыр басында еңбек еткен Алаш білім­паз­дарының ұлттық терминқорды қалыптастырудағы үлесі туралы сауалдарға жауап іздеді. – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын­ұлы бастаған Алаш қайраткерлері ұлт тілінің терминологиялық қорын қалыптастыруда тіл тазалығын сақтауды, бөтен сөзді көп алмай, ұлт тілінде сөз жасап, төл сөздерімізді пайдалануды басты ұстаным етті, – деді ол. – Бұл бағытты ұстанушы Алаш зиялыларының басында қазақ тіл білімінің негізін қалаушы аса көрнекті ғалым, тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдары терминологиясының авторы Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Оның бұл мәселедегі ұстанымы мынадай болды: «Тіл тазалығы дейтініміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу керек. Қазақ әдебиеті қатып-пісіп жетпеген уақытта біз қазақ сөзін ескі, жаңа деп талғамаймыз, жергілікті сөз екен деп, ол жағынан қатал қарап қашып тұрмаймыз. Жалғыз-ақ біздің мықтап қашатынымыз жатшылдық (жат сөзшілдік). Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат жұрттардың тілінің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады». Шерубай Құрманбайұлы бұдан ары қарай Ахмет Байтұрсынұлының осы пікіріне замандастары, тіл мәселесін зерттеген әріптестері қосылып, пікірлері бір арнаға тоғысқанын, Алаш зиялыларының кірме сөздерді қабылдау, ұлт тіліне аудару жө­нінде ортақ ұстанымы болғанын ортаға сал­ды. Қошмұхамед Кемеңгерұлының, Нәзір Төреқұловтың, Жүсіпбек Аймауытов­тың, Халел Досмұхамедовтың осы ба­ғыт­тағы пікірлері мен ойлары тура­лы нақты мысалдар келтіре отырып баяндады. – Алаш зиялылары ұлттық терминдер қорын қалыптастыруда шет тілінің сөздерін өзгеріссіз алуға жол бермей, терминқорды қазақ сөзінің негізінде, тілдің ішкі мүмкіндігін барынша пайдалана отырып жасауды мақсат етті, – деді ол. Алаш зиялыларының атқарған жұмыстарын ол былайша саралап берді: Біріншіден, Алаш оқығандары ХХ ғасырдың басында ұлттық термин­қорды жасау мен қалыптастыру қағидат­тарын тұжырымдап, оны бүкіл қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде бекітті. Екіншіден, терминология комиссиясы құрылып, терминологиялық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді қолға алды. Үшіншіден, олар өздері мақұлдаған терминқорды қалыптастыру қағидаттарын басшылыққа алып, пән сөздерін жасау­мен айналысты. Төртіншіден, қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарына арналған төл оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, өздері жасаған немесе мақұлдаған терминдерін қолданысқа енгізді. Бесіншіден, олар екі тілді аударма сөздіктер мен терминологиялық сөздіктер шығарумен айналысты. –Бүгінгі терминқорымызды жетілдіру, толықтыру кезінде, термин шығармашылығы мен терминжасам саласын дамытуда қазақ терминологиясы дамуының алаштық кезеңінен сабақ алып, Алаш зиялыларының ұстанымдары мен тәжірибесін ескеру керек, – деді баяндамашы сөзін қорытып. Бұдан соң А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбектің сөзі де жиналғандардың назарын аударды. Ол «Ұлттық бірегейлік, жалпытүркілік бірізділік және әлемдік ұстаным – қазақ терминологиясының даму бағыттары» деген тақырыпты қаузады. Оның айтуынша, соңғы бірнеше жыл көлемінде терминология саласына бір тиын да бөлінбеген, сала әлі көңіл көншітерлік күйде емес. –Термин – бұл халықтың тілі емес, ма­ман­дардың тілі. Сондықтан ол маман­дарға түсінікті болуы керек. Қазақ тілінің негізінде жасалатын терминдер өте көп. Категориялық терминдердің ұлттық терминологиядағы саны аз. Ал астро­номиялық терминдер бойынша қазақ тілі ең бай тілдердің бірі. Өйткені біздің картамыз аспанда болды. Халқымыз жыл сайын кемінде 1000 шақырым ары-бері малмен бірге көшіп жүрді. – Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы шыққаннан кейін ұлттық мүддеге бетбұрыс жасалып отыр. Осы орайда латынға көшу қазақ терминологиясын қалыптастыруға игі септігін тигізуі керек, – деді институт директоры. Тағы бір салмақты ой тастаған мәселе түркі сөздеріне қатысты болды. Түркі сөздері бүкіл түркі елдерінде бірдей. Азғантай фонетикалық өзгерістері болуы мүмкін. Бүгінде бұдан жиырма жыл бұрынғыға қарағанда, түркі халықтарының саны әлдеқайда көбейген. Бір-біріне көршілес қоныстанған түркі елдерінің жерлері де түрлі қазба байлықтарына бай. Сондықтан адамзаттың ең бір сүбелі үлесі болып табылатын түркі жұртының терминологиясында бірізділіктің болуы заңды. Ерден Қажыбек жалпытүркілік терми­но­логиялық қор құру мәселесі пісіп-жетіліп тұрғанын, қазіргі кезде әлемдік инно­вациялық кеңістікке өзіміздің ресурс­та­рымызды енгізуіміз керектігін алға тартты. – Әлемде ғылым, технология, инновация сияқты көптеген бағыттарда термин сөздер қосылып көбейіп жатыр, оның бәрін сол күйінше қалдыру тілімізге үлкен қауіп. Оларды ұлттық негізде қалыптастыруымыз керек. Жалпы терминология деген сөз мемлекеттік тіл деген ұғымды білдіреді. Қазақ тілі мен мемлекеттік тілдің айырмашылығы бар. Қазақ тілі бұл – халықтың жаны. Ал мемлекеттік тіл – функционалды тіл, – деді. «Дүниенің ғылыми бейнесіндегі ұлттық-мәдени ерекшелік» деген тақырыпта баяндама жасаған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Сәбира Искакова гуманитарлық ғылымдардың (заң шығару, тарих, музыка өнері) терминдік жүйесі әрқашан ұлттық-мәдени сипатымен ерекшеленетінін айта келіп, оны қазақ халқының мысалында таратып береді. Қазақ тілінің заң лексикасының ерекшелігі сонда, ол бастауын сонау көне дәуірлерден алып, үнемі даму үстінде қалыптасып, өзгеріп, толығып отырады. – Заң терминдері – қазақ этносының сатылы дамуының, қоғамдық өзгерісінің, ру, тайпа, ұлыс, халық, ұлт болып қалып­тасу кезеңдерінің бірден-бір куәгері. Халық­тың өзімен де, тілімен де бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан көне мұрасы. Ел басқару ісіндегі атауларды талдайтын болсақ, олар өз ішінде бірнеше тарихи кезеңдерге сай ерекшеленіп отырады, – деді ақтөбелік ғалым. Мысалы, әкімшілік тұлғалар (ғұн дәуірі: аға тәңірқұт, құт, аға, білге, хан, кіші, тете, бек, бас, жасауыл, уәли, ордабек, даяшы, бақауыл, күзетбасы, даяшыбасы, бас абыз, тұтқауыл, уәзірбасы, аламанбасы, аймақбасы, шабандоз, сол қол аламанбасы, қорғаушы тұтқауылбек, сардарбасы, тілмаш, сол бас сақа, ішкі бек, басқақ, нақбек). С.Искакова көне түркі дәуірі мен жаңа түркі дәуіріндегі, қазақ хандығының отарлану дәуіріндегі әкімшілік атауларды да тәптіштеп көрсетті. Құқықтану терминдерінің мағынасында ұлттық-мәдени ерекшеліктер барын, ұлттың тарихи, қоғамдық-экономикалық дамуы мен тұрмыс-салтына байланысты ұлттық мәдени ерекшеліктердің болуы заңды құбылыс екенін алға тартты. Конференция барысында сондай-ақ Назарбаев Университетінің профессоры Сарқыт Әлісжан «Ғылым тілін қалыптастырудағы Алаш зиялыларының орны», А.Байтұрсынов атындағы Тіл бі­лімі институты Терминология бөлі­мінің меңгерушісі Сәрсенбай Құлманов «Заң саласы терминдерінің қолданы­сын­дағы кейбір сәйкессіздіктер» деген тақырыпта ойларын ортаға салды. Түстен кейін секциялық мәжілістер өтіп, терминологиялық қор, терминжасам, осы бағыттағы ұстанымдар, терминдерді біріздендіру, ғылым саласындағы айқындаушы терминдердің қолданылуы сияқты көптеген мәселелер қаралып, ортаға салынды. Атап айтқанда, «Қазақ тіл біліміндегі жаңа сөздердің зерттелуі және жүйе­ленуі» деген тақырыпта М.Өтемісов атын­­дағы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің профессоры Қ.Алдашева, «Термин­жасамдағы транслитерация мәсе­лесі» тақырыбында Қорқыт Ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік универси­те­тінің аға оқытушысы Б.Боранбай, «Меди­циналық терминдерді біріздендіру: алғы­шарттар, жанрлық-стильдік ерек­ше­ліктер, проблемалар» тақырыбында С.Ас­фендияров атындағы Қазақ ұлттық ме­ди­цина университетінің оқытушысы Н.Төлеева және басқалар баяндама жасады. Сөйтіп, терминологияның өзекті мәселелері мен ұлттық терминқорды жүйелеу турасындағы келелі жиын саланы уақыт талабына сай жаңа деңгейге көтерудің мүмкіндіктері мен жолдарын айқындаған соны қадам болды.

Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ Астана

1336 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз