Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 23 Ақпан, 2011

«Мен» – Сенім, «Мен» – Өр лепес, «Мен» – Қазақ!

Алмас Нүсіпов 1988 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің магистранты.

Жетінші сыныптың оқушысы үйдегі азғантай кітаптың жұқаларын тауысып, қалыңдарына ауыз салғам. Қолыма «Аласапыран ілігіпті. Екі күнде екі жүз бет. Екі жүзі бар болсын, азапқа түсіп әрең жеткем. Бұрынғы оқығандардың бәрінен бөлек. Түсініксіз. Тәуелсіздік алғанымызға пәлен жыл. Кенесары бастаған көтерілісші атаулыны кесір, қосылушыларды кәпір көрсетіп үйреніп қалған мектеп мұғалімдерінің ауыздары ескі әуенін қоя алмай жүрген кез. Қазақ тарихы туралы, орыстардың арқасында мәдениетке жетіп, ел болғанын, көшуден басқаны білмеген сайда саны, құмда ізі жоқ, жабайы жұрт екендігінен хабарым бар. «Тарихтың тоғыз жүз тоқсан алтыншы, тышқан жылы...» (1588) деп бастап кеттім.  Қайдағы тарих? Қазақтың мен білетін тарихы 1931-жылдан басталса керек. Тәтей айтқан. Онда адасып жүрген қайдағы 1588? Біздің кітап емес. Қазақтар туралы жазылмаған, сөзі түсініксіз, жаман кітап. Жаба салдым. Алдымда ақшыл мұқабалы, көлемді, жуан кітап. Оқып тауысу былай тұрсын, тісім батпағанына күліп тұрғандай. Қайта аштым. Бір кітапты тауыса алмай не көрініпті? Бас қойып оқыдым. Он бет, жиырма бет. Ойым адаса береді. Әупірімдеп  алпыс, жүз. Мен ұқпайтын ескі-құсқы, тозған сөздердің жиынтығы өзіне тарта қоймады. Ұқпасам да, намысқа тырысып, екі жүзінші бетке жеткем итпекпен. Ақыры жапқам. Айнып қалдым. Басқа қандай кітап бар екен? Жөні түзуі болса...

Міне, Мұхтар Мағауинмен осылай танысқам. Көрместей болғам. Бірақ, қайта жолықтым. Үйде «Бес ғасыр жырлайдының» екі томдығы тұратын. Өлең оқи қояйын деп ашып қалсам, ҚҰРАСТЫРҒАН: МҰХТАР МАҒАУИН. Ааа. Не құрастырғанын көрейін деп алға жылжығам. Тағы ескі-құсқы. Ммм. Мұхтар Мағауин деген ескінің қалдықтарын құрап, халықты улап жүрген біреу болды. «Бес ғасыр жырлайдыны» да жапқам. Сөйтіп жүргенде, «Жас алаш» газетінің бетіне әлгіні жерден алып, жерге салған мақалалар қаптады дейсің. Мұнша қуанбаспын. Сауап! Қазақтың қаласын шауып, баласын найзаның ұшына ілген қаныпезер шалды бабам деп, бас ұрып, немересіне сол шалдың немересінің атын қойып жүрген, мен-менсіген кісіге сол керек. Іштей жауығып жүр едім, сүйсініп оқып, көтеріліп қалдым... Осы түсінікпен мектеп бітірдім. Ұят-ай!

Біз тоқталмақ, «Мен» ғұмырбаяндық хамсамен студенттік өмірдің екінші жылы танысуға тура келді. Мұндай шығарма бар екенін «Жас алаштағы» даудан білем. Елден естуімше, әйелін мақтаған. Өзі де мақтанған әрине. Жазушы болам деген адамға ақыл айтқан жерлері бар көрінеді. Оның бәрі ештеңе емес, қазақ әдебиетіндегі айтуға болмайтын былық-шылықты түгел қозғапты. Осы, соңғы себеп еді, мені кітапты оқуға жетелеген.

Роман екі кітаптан тұрады екен. Бірінші кітап «ШЫТЫРМАН немесе жазушының жан азабы» аталыпты.

«Бисмилләһ ир-рахман ир-рахим! Өзіңе тура баста...»

Алланың атымен бастапты. Жұрт айтып жүргендей имансыз емес сияқты. Менің естуімдегі Мағауин мен-менсіген кекірт біреу еді, мынау ондайға келмейді. «Мен... Кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр. Анық ақиқаты: тегім - кісі, дінім - ислам, нәсілім - түрік, ұлтым - қазақ, ұраным - Алаш, есімім -Мұхтар, сойым - Мағауин, туған жылым - миләди 1940, бүгінгі жасым - елу алтының үстінде...». Екі-үш бет аспай-ақ, жұртты шулатып жүрген «Мен» мүлдем басқаша байыпта алдыма тартылды. Тереңдей түстім. Өзінің айналасынан ұзамауға тиіс жазушы ұрпақтың қамын, елдің зарын айтыпты. Өкімет басындағылардың құлқынына сарқылмас қазына болып құйылған тәуелсіздікке тоқталыпты. Қазақ деген халықтың тәуелсіздік жылдарындағы жағдайына қабырғасы қайысыпты. Бұл алғашқы он беттен алған әсер. Баяғыдан бері қор болған қайран уақыт, ертерек оқығанда ғой... Түгел емес, осы он бетпен-ақ оң жолға түсер едім.  «Мен» деген сөз де басқа тұрғыдан ашылды. Мен - сенімнің көрінісі. Тар күндерде Мағауинге күш берген сенім. «Мен жазбасам, қазақ әдебиеті тұралап қалады, мен күреспесем, ежелгі мұра біржола ұмытылады, атаның аруағын арқалап жүрген - жалғыз өзім, алаштың мұратын келер ұрпаққа жеткізетін - Мен, Мен ғана, Мен болмасам, ұлысымның ырысы ортаяды, ұрпағымның көкірек-көзі ашылмайды...». Әрбір азамат осындай жүкті сезінсе ғой. Менің оқып отырғандағы ойым осы еді. Екінші бетті түгеспей-ақ, баяғы балаңдықтың быт-шыты шықты. Менің бала күнім қандай заманға тап келгенін сонда таныдым. Ауыл ақсақалдарының: - Қайран совет үкіметі-ай - деп ауыздарының суы құрып жүргеніне қарап, Россия шындығында, қиын күнде бізді жоңғар мен қытайдан қорғап, мәдениетті үйретіп, жанашырлықпен бауырына басқан екен - деп жүруші едім. Олай болмай шықты. Шындықтың пұшпағына қолым кеш ілігіпті. Өкіндім. Дәл осы түсінікпен күн кешіп жүрген менің замандастарым, ең жаманы аға буын мен ата ұрпақтың бар екенін, көп, сұмдық көп екенін ойлап жылағым келді. Көкірегіме сәуле сеуіп, көзімді ашқан Мұхтар ағадан мың мәрте кешірім сұрап, алға, шындыққа, жарыққа қарай асыға жылжыдым.

АЛТЫН ДӘПТЕР

«Сарайым Сарай-ақ еді. Тастан қаланған емес, Сөзден қаланған. Құламайтын, тозбайтын, өшпейтін, мәңгі жасайтын құрылысқа айналуға тиіс жоба болатын.

Жобаның аты - «Алтын дәптер» еді. Яғни, жазу жазылған, жазу жазылатын дәптер».

Бұл - «Алтын дәптер» туралы жазушының өз жазғаны. Мұхтар Мағауинмен жиырма жасынан бері жасасып келе жатқан, сюжеттер, яғни, болашақ, өмірге келмек (біразы бұл күнде оқырманымен қауышқан) шығармалардың ең қысқа жобасы. Есептесек, бүгінгі жасы елудің үстінде. «Мен» романы жазылған қарсаңдағы ғұмыр-жасы - отыз бес жыл. Бұл туралы жазушы: «...Мен әдебиетке алғаш рет нық қадам басқаннан бергі отыз жеті жыл бойы жазуға жобаланған, жазылған, жазылып үлгермеген барлық шығармалардың сұлбасы осында» - деп көрсетеді.

«Алтын дәптер» туралы қысқаша түсінік - осы. Романда алар орны зор «Алтын дәптер» біздің де айтпағымызға ең басты тұздық. Оны аттап өтіп, «Мен» туралы жазу шалағайлық болар еді. Бұл жоба туралы оқи отырып, жазушылықтың қандай ұқыптылықты талап ететіндігі туралы ойланбай қалмайсыз. Қаламгерді бүгінгі күнге, биік дәрежеге жеткізген сенімге тәнті боласыз. Көл-дария білімнің адамға қаншалықты сенім ұялататынына ден қоясыз.

Алдымен айтарымыз, жазушының бұл жобаның оннан бірін де игере алмағандығы. Өз айтқаны. - Оны орындау да мүмкін емес қой - деп ойлап үлгермей: «Әуелде кемі жүз жылға есептелген құрылысты толық жүзеге асыру мүмкін де емес екен. Бірақ жиырмадан бірі емес, оннан бірі де емес, тым құрса, төрттен бірін, үштен бірін кәдеге жаратуға тиіс едім» - деген жолдарға кезіктім. Жазушы жазылмаған шығармаларын жоқтайды. Жастығын желікпен өткізіп алған кей ағаларымыздың: «Шіркін, бәрін басынан бастайтын мүмкіндік берілсе ғой, қатырар едім!» - дейтін, болмасты армандап, өзін ақтау әрекеті емес, ауыз аштырмаған заманда  өзін емес, шығармасын ақтау жолындағы тайталасқа қор болған уақыты мен жастығына - жоқтау. Қаншама жарыққа шықпақ мәнді туындыларының дау-дамайдың астында қалғанына - реніш. Бүгінге - қанағат, тәуба! Бұл турасында автор: «Ғұмырбаяндық сыпаттағы осы кітапты жазудағы негізгі мақсат та өткенді қайта тірілту емес, өзімді мақтау емес, ақталу, тәңірі берген талаптың тасқа кетілгенін айта отырып, тағдыр-талайым арқалатқан уәжіп-парыздың біразы өтелмей қалғанына себеп-сылтау табу, алла тағалам бұдан ары азды-көпті ғұмыр сыйласа, қаламымды қатқыл, санамды ашық қылсын деген тілек нәтижесі. Адам алдындағы емес, аруақ, құдай алдындағы есеп» - дейді. Бұған қоса, ұрпақ алдындағы дәлел, үлгі дер едім. «Алтын дәптермен» басталған әңгіме қай шығарманың қалай жазылғандығы туралы ақпаратқа бастайды. Қазір біз аспаннан түскендей көріп, тамсанып жүрген шығармалардың бүгінге қалай, қандай күшпен жеткенінің айғағы. Жетінші сыныптағы «Аласапыран» оқиғасынан кейін ешбір кітабын қолға алмаған маған - «Алтын дәптер» арқылы берілген тізім - айқын бағыт болды. Романның бірінші бетінен бастап, Мағауин әлеміне еніп кеткен - мен, осы бағыт бойынша бүкіл шығармасын адақтап шықкан едім.

Қош! Мұхтар аға айтпақшы бірді айтып, бірге кетіппіз. Басқалардың бәрі өтірікші деген сөз емес, бірақ, азуын айға білеп өткен көк бөрілердің отаны - айбынды Алаштың сан мың жылдық рухын сезіну үшін Мағауиннен бастап оқу керек. Мағауинді түсінуге жетінші сыныпта өрең жетпеуі мүмкін, мектеп қабырғасындағы соңғы екі жылда түсіне алатының анық, әрине сөз ұғар қазақтың баласы болсаң. Сонымен, «Алтын дәптер» тарихына ойысқан тұста, біз 1960-жылдардағы қазақ қаласындағы қоғамдық жағдайға қанық боламыз. Қазақ жеріндегі орыс өктемдігі. Шектен шыққан өктемдік. Біздің ұлттың кемшін жағдайдағы тұрмыс-тіршілігі. Сол замандағы алаштың ардақтылары негізін қалаған Ұлттық Ағартушылық деп аталатын, тіркеусіз ұйымның көңілмен ұғысқан іс-қимылы, яғни халықтың көзін ашу жолындағы еңбектері - астарында ұлттық қамшылау ұраны бар шығармалардың қалай туылғаны, атын атауға тыйым салынған бабалардың мұрасын тірілту жолындағы күрестің көрінісі, бәрі-бәрі жіпке тізіледі. Жазушылар шеккен азап, зиялы қауым (әлбетте, бәрі емес, қазақтың өткенін тірілтпек болып жанталасқан «бұзақылары» ғана) көрген теперіштің салмағын бүкіл денеңмен сезінесің. Қысқасы, жазушы өзі жүрген жол мен көзі көрген, куә болған оқиғаларға тоқтала отырып - совет идеологиясының халқымыздың басына салған зардаптарын саралайды. Рухани езгідегі қазақтың ХХ-ғасырдағы аянышты кебі - жазушының өткенімен астасып, оқырманға жол тартқан.

Жазушының шығармалары жалпы, қиындықпен шыққандығы туралы айттық. Алғашқы әңгімелері «Бір уыс бидай», «Тіленші», «Тазының өлімі» бастаған, көлемді хикаят-романдары «Көкмұнар», «Көкбалақ», «Жыланды жаз», «Аласапыран», «Шақан-шері», «Сары қазақ» сияқты шығармаларының бәрі айғай-аттан астында жарық көріпті. Олай болмас реті де жоқ. Жазушының өзі ең негізгі, ең тәуір есептеген шығармаларының бәрі отарлық жүйеге қарсы бағытта жазылған. Әр шығарма жарық көрер тұстағы айғайда кімнің даусы қатты шықты, дау-дамайда кім бұғып қалды, кім қоштады, кім мошқады - бүкпесіз жазылған. Әдебиет тарихында бұл кезеңдегі кітап шығару ісі - жеке зерттеуді талап ететін өзекті мәселе. Сол зерттеулердің бастау алар тұсы да - осы «Мен» болуға тиіс.

«Алтын дәптерге» қатысты сөзімізді түйіндер алдында, тақырыптық - Мен деген сөздің жаңа бір қырын таныдық. «Маған қарсы адам - қазақ халқының жауы». Аталмыш дәптердің алғашқы бетіндегі жазу. Ары қарай МЕН-ге анықтама бере кетейік, романдағы жұрт айтып жүрген өзімшіл адамның Мен-і: «Мен дегенім - өзім, Мұхтар Мағауин. Осылай деп сендім. Қазақ деген - мына Мен дедім. Сол сенімнің күшімен бар шырғалаңнан өтіп, бүгінгі күнге жеттім. Қазір бұл сөзді бұрынғыдан кеңірек мағынада ұғамын. Мен - ұлттық мұрат. Мен - Алаштың жолы». Осылай депті, - осыншама ұлтшылдыққа сүйсіндім. Осыны түсінбеген кейбір ағаларымыздың іс-әрекетіне таңырқадым. Мен-ге қосымша осы тұста айтқан: «Алаш жолына, ұлттық мұратқа қарсы адам, әлбетте қазақ халқының жауы болса керек. Сол жаудың беті қайтқан заман. Қиындығы көп, игілігі молырақ. Өзіміз өткен шытырманды еске алып, еркін сөйлеуіміз - сол игіліктің бір көрінісі ғана. Бізден кейінгілер бұдан батымырақ толғайтын болады. Жеріне жеткізеді» - дегеніне күмандана бастадым. Келер ұрпаққа деген сеніміне емес, жаудың беті қайтты дегеніне. Ағалардың айғайы - іштен шыққан жаудың әрекеті емес пе?! Қауіпті. Қорқынышты емес. Мейлі, айғайлай берсін, қарлыққанда қояды өздері. Мұхтар аға да осыған тоқтайды. «Бұл жазбалар да бүгінгі замандас емес, кейінгі балаларым үшін қағазға түсті». Замандастың не дегендігі емес, келер ұрпақтың көңіліне демеу, бағытына нұсқау боларлық шығарма жарыққа шығуға тиіс екендігін маңызды санаса керек.

Жазушылық - ой өнері

«...Он саусақтың есебін шығару үшін тым құрса жүзге дейін санай білу керек».

Мағауин айтқан сөз. Бұл дегеніңіз, он жол жазу үшін жүз жолдық білімің болу керек. Жалпы, жазуға келерден бұрынғы біліміңді есептемегенде. Жазылар жайға ғана қатысты жиған-тергенің, көрген-білгенің. Жарыққа жол тартпақ еңбегіңнен он есе үлкен маңдай тер. Автор болашақ жазушы болам деген жас талапкерге дұрыс бағыт болар - проза табиғаты, қаламгер болмысы жайындағы ойларын ортаға салады. Алдымен адамның маңдайын ашар, қолын ұзартар нәрсе еңбек пен ізденіс. Жазушының «Жүйрік» атты хикаятын жазу үшін қанша дерек іздегенін келтіре кетейік. Әрине, жазушының өз сөзімен:

«Мәселен, шағын ғана «Жүйрік» хикаятын жасау үшін мен бүкіл әлем әдебиетінде ат туралы жазылған үздік туындыларды түгел зерделеп оқыдым, ежелгі замандағы жылқы, оның қоғам өміріндегі қызыметі, жылқының жер бетіндегі әртүрлі тұқымдары, Еуразиядағы бұдан төрт мың жыл бұрынғы қабірлерден табылған тұлпарлардың сүйектері, бұдан екі мың жыл бұрын Алтайда иелерімен қоса көмілген, мумияланған қалпында таза сақталған, қазір Эрмитажда тұрған ежелгі ғұн-түрік сәйгүліктерінен бастап, кейінгі Алтын Орда, ноғай-қазақ жылқыларының болмысы турасында қыруар дерек қарастырылып, ауқымды, нақты, әрі шынайы түсінік қалыптасты; қазақтың ат баптау тәсілі, ұлттық ойындары, аламан бәйге турасындағы, арғы, өткен ғасырдағы орыс және батыс этнографтары мен саяхатшылары, жазушылары қалдырған еңбектер өз алдына, бұл орайдағы, ес білгеннен көкейіме қонған үлгі, өз заманында озық атбегі болған, сексеннен асқанша жүйрік ұстаған үлкен әкемнің әңгімелері өз алдына, ертегіден шыққандай Нарқызыл деген күлікті көзбен көруім, бұл жануардың өзгеше мінез, ерекше бітісі, ең ақырында қайғылы тағдыры - болашақ шығармаға арқау болды. Қазақ жылқысының төрт мың жылдық тарихын таныған соң, ат үстінде өскен бабаларымның ерлік рухын аңдаған соң ғана небәрі елу беттен тұратын шағын хикаятты өзім межелеген деңгейде өрнектеп шығу мүмкін болды».

Ұзын-сонар үзінді келтірудегі мақсат - молданың істегенін істеме, айтқанын істе - деген қағиданың бұл жерге жүрмейтіндігін дәлелдеу. Белгілі биікке жетпеген қаламгер, өзінен кейінгіге ақыл айта алмаса керек. Ал, біздің жазушы өзінің тәжірибесінен өткен, басынан кешкен жай-күй мен жасаған еңбектің нәтижесін негізге ала отырып - еңбектің нанының тәтті екендігін басты назарда ұстауды ескертеді. Сонымен қатар, әдебиетте қалыптасқан «Талант - бір пайыз дарын мен тоқсан тоғыз пайыз ізденістің нәтижесі» деген қағиданы жоққа шығарады. Бұл жайында: «Алдымен - жазушы туа бола ма, жүре бола ма деген сауал. Екеуі де. Бірінсіз бірі жоқ» - дейді. Қазақ ерекше ден қойған тек мәселесін ғылым да жоққа шығармайды. Жазушы, ақын болмаса да, сөз қадірін білер, топ алдына шығып сөйлер қауқары бар атаның ұрпағы да осы орайдан табылса керек. Атаның қанындағы қасиет ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын сүзгіден өтіп, ең жоғарғы деңгейге жеткенде сөз ұстаған ұл тууға тиіс. Дарынның күтімді, қастерлеуді қажет ететіндігі белгілі. Мұхтар Мағауин: «Егіннен бітік өнім қалай алынады - әуелі тұқым, содан соң күтім, бағым, ығытты ауа-райы. ...Өнер тағдырының да жалпы тіршілік үрдісінен бөтен заңы жоқ». Енді, қабілет пен дарынның басты шарт екендігіне былайша анықтама береді: «...бірінші шарт - дарын, - Тәңірінің сыйы, тумыс. Дарын - әуелгі шарт қана емес, басты шарт, керек десеңіз, барлық шарттардың оннан тоғыз салмағы осы, туа біткен дарынның үлесінде». Бір адамның жеке пікірі ғана емес, ақиқаты да осы болса керек. Мұқағали айтпақшы: «Маған солай, білмеймін кімге қалай?!».

Сонымен, Мағауин ары қарай не айтты, жазушы болмақ ниеттегі жас дарынға қандай кеңес берді - оған тоқталып қажеті жоқ. Ол бір ғана мақаланың емес, үлкен ғылыми жұмыстың жүгі. Керек еткендер болса, қазынаның жатқан жерін айттық, қазып алып керегіне жарату өз қолдарында. Бірақ, бізге де аттап кетуге болмайтын жазушының мына бір пікірі: «Қаламгерге тән ерекше қасиет: Жылы жүрек, табиғатқа жақындық, қиял байлығы, аңғарымпаздық және сурет зердесі». Қазып тексерген адамға бұдан да басқа қасиеттер табыла беретіндігін автор айтқан. Оны қазу жұмыстары кезінде зерделей жатарсыздар.

Ендігі айтарымыз, Мағауин айтпақшы: «Жазушысын сыйламаған жұртта болашақ жоқ». Бұл пікірді қазсақ, қазіргі әдебиеттің жағдайы жайлы зарланамыз. Оған жетпей тоқтайық, тағы бірде жазармыз, әйтпесе, басқа біреу жаза жатар. Жазылмай жүрген жайт емес. Айтпағым, әдебиеттің орнын ешнәрсе алмастыра алмайды. Ешқашан. Тағы да «Меннің» авторына жүгінейік: «Әдебиет - үлкен өнердің бір бұтағы - сөз өнері. Жазушы дегеніміз - әдебиетті жасаушы, сөз өнерінің ұстасы. Басқа өнер иелерінен, басқа мамандық, кәсіп өкілдерінен астам емес, кем де емес, өзіндік сыр-сыпат, түр-тұлғасы бар, өзгеше кейіпті жан. Артықшылық демейік, ерекшелік десек, ғылымы жоқ ел - әлсіз, экономикасы, техникасы жоқ ел - сорлы, ал әдебиеті жоқ ел - марқұм. Ғылымсыз, техникасыз ел болған, ал әдебиетсіз ел болған емес». Сол әдебиеттің ірі кезеңінің бірі ХХ-ғасырдың екінші жартысындағы әдебиетті жасаушы, қазақ прозасын жаңа биік деңгейге көтерген, бұл күнде ақсақал жасына келген буынның ең ірі өкілі Мұхтар Мағауиннің «Мен» романы - бүгінгі әдебиетке қадам басушылардың - әліппесі болуға тиіс. Сонда, әдебиеттің көркемдігі бүгінгі жеткен биігінен аласармайды. Әуезов жеткізген биікті Әуезовты оқып, тану арқылы одан ары биіктеткен Мағауин жеткен жетістік - келешек қаламгерлерді шыңға жетелейтін баспалдақ болуға тиіс.

Бірінші кітаптың соңын Мұхтар Мағауиннің өз сөзімен аяқтайық. «Мен» романын жазудағы мақсаттың не екендігін түсінбей жүргендерге ой салар:

Жаз! Жаза түс! Тәңірі алқап, асқаралы биікке көтерген пендеде реніш болар, нала болуға тиіс емес. Туған жұртыңның мүддесінен тыс тілегің жоқ.

...Ендігі тілек: Елім аман болсын! Ұрпағымның жаманшылығын көрмей өтейін! Тәңірі тағала ең соңғы сәтіме дейін ала қағаздан айырмасын!

Қия жолдар

«...менің қаламгерлік қызметімнің, бүкіл ғұмырымның ұйытқысы - «Алдаспан» болды».

Екінші кітапты «ҚИЯ ЖОЛДАР немесе ғылымдағы машақат» деген тақырыппен аштық.

Ғылымдағы машақат. Мағауиннің ғылым кандидаты екенін білмейтін жұрт - бұл не қылған машақат - деуі мүмкін. Ғылымнан кетіп, көркем шығармашылыққа ауысып кетпегенде, жазушы жүрген жол мен алған білім бірнеше профессорлыққа жетіп артылуға тиіс еді. Алмаған атағы. Қайткенде де, білігі жетпегеннен емес. Мағауин ғылымнан не үшін кетті? Бұл сұраққа жауап беру оңай шаруа емес, қиын да бола қоймас. Мағауиннің шығармашылығын бір сүзіп шыққан оқырман өзі-ақ байыптар деп, тоқталуды қажет көрмей отырмыз. Сонда да, алған атағы бар болғаны кандидаттық қана екен. Соған бола, машақат туралы кітап жазу керек пе - деген дүмше ой тумауы үшін басынан бастайық.

«Мен қолға алған жұмыстың қиындыққа түсерін әуелден білгем. Бірақ көңілдегідей жазып бітеріме күмәнім жоқ, одан тұманды серпіп, дүлейді тықсырып, жарып өтетініме нық сендім».

Қазақтың байырғы ұлттық мұралары үшін шығар жол жабық болған дәуір - кеңестік кезең. Ресейдің қол астындағы, дұрысы отарлауындағы елдердің ішіндегі ең аумақтысы ғана емес, рухы биік, елдігі бекем, халықтық мұрасы мол мемлекет - Қазақ Ордасы болған. Бергі кеңестік қана емес, патшалық Ресейдің қазақ даласын шырмауына ала бастаған, халқымыз отарлық қамытын киген алғашқы кезеңде де. Осындай мығым мемлекеттің кез-келген уақытта уыстан шығып кетуі мүмкін еді. Осыны дер кезінде байқай білген қожайын халық қарауындағы ұлттың өткенін жоқ қылуға бар күшін салды. Қазақ дегеннің бәрі - жау, өткенді қазбалағанның бәрі - дұшпан. Тарихы жоқ халық болушы ма еді? Болса, сол сорлы халық - отарлау дәуіріндегі Қазақия еді. Тарихы тым арыдан басталатын, мәдениеті күллі Еуразияға үлгі болған айбынды көк Түріктердің тікелей ұрпағы - қазақтың кейінгі ұл-қызы осыны ұмытуға тиіс еді. Ұмытпапты. Ұмыта алмапты. Кейінгілер аяғын тарта жүрсін деп алдыңғыларды тегіс жазалапты. Өлтіру ештеңе емес, бүкіл әулетінің тоз-тозын шығарыпты. Мұраларын өртепті. Қолдан келген зұлымдықтың бәрін жасапты. Бірақ, орыстың өзін уысында ұстаған, Еуропаны қалтыратқан Алтын Орданың айбарлы ұрпағы қазақтың өлгенін тірілтіп, өшкенін жағуға жол тауып кете беріпті. Алдыңғылар өлген-тірілгеніне қарамай ашық қарсылық көрсетсе, кейінгілер арба сынбас, өгіз өлмес жолды іздепті. Аттаған сайын кедергі, жүрген сайын тексеріс. Арбаның майы құрғаса да, - сүйегі бүтін, өгіздің зорықса да, - жаны кеудесінде - өткелектерден өтіп отырыпты. Бабалар рухының демеуі, Тәңірінің ісі.

Міне, осындай заманда қазақтың тарихына қатысты бір сөз жазу, жазып қана қоймай, ақиқатты көзі шелденіп бара жатқан ұлтымыздың санасына жеткізіп, рухын ояту - қаншама азап екенін түйсіну қиын емес. Ғұмырнамалақ хамсаның екінші кітабы осы мәселелерді арқау еткен. Жоғарыдағы мәселелерді ескерсек, арғы тұрмақ, бергідегілердің атын атау мүмкінсіз заманда, қазақ әдебиетін хандық дәуірден іздеу ақылға сиымсыз еді. Бұйырған кетпепті. Түгелі болмаса да, түбірі жетіпті. Екінші кітаптағы көтерілген барлық мәселе - осы орайда. Хандық дәуірдегі әдебиет. ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын-жыраулары. Негізгі тақырып осы. Көміліп жатқан ұлы мұралардың көмбесі қазақтың архив ақтарған тынымсыз бір ұлының - қазақтың әдебиетіне қатысты бар деректі сыпыра сүзуі нәтижесінде табылыпты. Сол қазақтың тынымсыз ұлы тынбай жүріп көмбені қазыпты. Жазыпты. Тынбай жүріп жарыққа жетелепті. Қарсылар тынбай кедергі бопты. Қазақтың тынымсыз ұлы талмай күресіп жүріп, жарыққа шығарыпты.

Бес-ақ жолға сыйдырдық. Қысқаша шолу. Ал, шындығында ұлан-асыр еңбек. Біздікі емес, Мағауиндікі. Мағауиннің «Көк мұнарын», «Архив хикаясын» оқығандар болса, осы жырауларды қалай тауып, қалай жазғандығы турасында аңдар еді. Арғыдағы Асан мен берідегі Бұқар басы толық ашық болмағанмен, аздап аталып жүрген, ал ХV-ХVI ғасырлардағы Қазтуған, Доспамбат, Шалкиіз;  ХVII-XVIII-дегі Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетейлер мүлдем ешкім естімеген есімдер болатын. Осы ірі тұлғаларды диссертацияға объект қылудың оңай болмайтыны бесенеден белгілі. Жазылып, дайын тұрған жұмысты кафедрадан бекіту, яғни қорғауға жіберілсін деген қаулы алу, одан ары қорғау. Белгісіз, сонымен қоса саяси қауіпті тақырып. Кез-келген тарауынан партиялық идеологияға қарсы қате табу қиын емес. Оның үстіне, ғылымда ұстаным деген болады. Мағауиндерге аға болған буынның көбі марксизмнің «сара» жолынан айнымаған жүргіншілер болатын. Бұл кісілердің қаулы кезіндегі райлары белгілі, қорғалмасын деп ашық айтпаса да, қарсылықтарын жасыра алмапты. Әйтсе де, жазушының өз айтқанындай: «Әуелгі, әділетсіз әрі ащы ғана емес, зәрлі, жалалы сөздердің бәрі бірдей нақпа-нақ есте қалмапты, бірақ сұлбасы анық, ызғары мен ызбары көңілден өшпек емес. Міне, дәл осы сәтте, тайталаста талыққан әскерге көлденеңнен құйылған тың жасақ тәрізді...» қазақ әдебиетіне шын жанашыр ағалар таразы басын біздің пайдамызға, ұрпақтың игілігі үшін төңкеріп кетіпті. Сондай жақсылардың арқасында «қорғауға жіберілсін» деп қаулы қабылданады.  Уақыт ұзақ, күш көп кеткенмен - қорғалады.

Ары қарай монографиялық еңбек. «Қобыз сарыны» деген атпен. Бұл да сәтімен шешілген іс деп бағалайды жазушы. Аздаған кедергілер болғанмен, көлденең кеселге ұрынбай қапылыста шығып кетеді. Шығармада келтірілген, Ілияс Есенберлиннің аузымен айтылған: «Көшкен жұрттың қасқыры келген жоқ, қонған жұрттың қасқыры білген жоқ» дегендей, кеңестік идеологияның тыныштығын қорғаушы, партияның адал ұлдарының пәле іздеп әдеттенген қып-қызыл көздеріне шалынбай жарық көреді. «Қобыз сарыны» туралы романда: «Таң болды, көп мақталды, әжептәуір дабыраға айналды, маған абырой, атақ әкелді, оның бәрін айтып, таратып жату қажетсіз. Дабыра басылады, мадақ ескіреді, шын тозбайтын - халықтың рухы, ұлттық мүдде ғана. Осы тұрғыдан алғанда, «Қобыз сарыны» қазақ рухын қайта көтерудің, мәңгілік ұлттық мүддені айғақтаудың тар замандағы өзгеше көрінісі болғаны Аллаға аян. Мұны ешкім де теріске шығара алмайды. Ал мен өзім қазақ руханиятындағы ұлтшылдық сарынның қайта тірілуі «Қобыз сарынынан» басталады деп білем» - деген жолдар бар. Жазушының пікірінің растығын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Шіркін, мен де осылай мақтана алар дәрежеге жетсем... Бұлай мақтанбас едім. Бұлай мақтану аз. Тамағым жыртылғанша айғайлар едім, жаһанға жар салып. Ал Мағауиннің бұл мақтанын көп көріп жүргендер мақтаннан жарылып кетер еді.

Сап-сап! Тақырыпқа оралмас бұрын, ескертіп өтейік. Бұл зерттеу еңбек емес. Емес те емес. Мақала. Зерттеу мақалаға жақын. Қалай деген күнде де, осылардың арасындағы дүние. Мен алған әсер, мен байқаған, көңілге түйген мәселелер. Қалай сілтеп, қалай бұрсақ та еркімізде. Мағауиннің романын ары қарай оқысақ, жыраулар шығармашылығы «Алдаспан» деген атпен антология болып жиналып, баспаға әзірленеді. Мағауиннің жеке басына ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетіне тікелей қатысты жинақ - күткеннен де артық дау тудырады. Терімнен өтіп, кітап болып басылып шығады. Басқа болмаса да, қазақтың көзі ашықтары қуануға тиіс жағдай. Өткенің алақаныңда. Таң қаларлығы сол, төрдегі Мәскеу емес, босағадағы Алматыда-ақ айғай-аттан басталып кеткен. Біреу өзі ашпаған жаңалықты қаршадай баланың ашқанын мойындай алмаған сол кездегі қарасақалдар, бірі революцияның арқасында теңдікке жеттік деп білетін ақсақалдар. Дауыстары қатты шыққаны сондай Мәскеудің әкімшілігіне сыбырлау да керек болмай қалады. Бірақ, тентегі бар елдің төресі де болады. Жұрттың бәрі соқыр емес, мұндай жаңалықтың ашылғанына шын қуанып, көңілмен ғана емес, ісімен де қолдаған ағайынның арқасында, бәрінен бұрын Алаштың сан ғасырлық айбынды аруағы жығылмағандығының көрінісі - еңбек жарыққа жетеді. Құрбандықсыз майдан болмайды, - бірді-екілі қазаға ұшыраған, кейінге шегерілген жауынгерін есептемегенде, қазақтың жыраулар бастаған аламаны тобы бұзылмастан межеге жеткен.

«Алдаспанның дауы» оңай болмағанға ұқсайды. Бірақ, мақсат айқын, бағыт белгілі. Алдаспанның жолы диссертациялық тақырып таңдалған кездің өзінде-ақ белгілі болған жағдай, жазушы мойымаса керек. Қазақтың төрт ғасырлық әдебиетінің тағдыры таразыда. Шегінер жол жоқ! Артта Қазақ Ордасы.

«Жанкешті еңбек нәтижесі, ұлттық рухтың өзгеше серпіні «Алдаспан» қайткенде де жарыққа жетуге тиіс еді». Иә, жарыққа шығуға тиіс болған, - шықты. Бірақ қалай? Бірінші шығарылым - қазаға ұшыраған. Яғни, ЦК-ның «қасиетті» қағидаларына сай келмейтін тұстары көп болуы себепті - орта жолдан қайтарылып, жойылған. Туралған. Жөргегінен ұзатпапты. Осымен, жау жеңіске жетуге тиіс еді, жеңе алмапты. Керісінше, тапап тастамақ болған жауын ашындырып алыпты. Әлсіз санаған дұшпан олар ойлағандай жасық болмай шықты. Қайтадан жасанып әуелгі мақсатына ұмтыла берді. Есептесуге тура келген. Нәтижесінде, алдыңғы ескертпелер ескеріліп, артық кеткен тұстары түзеліп, орынсыз тағылған міндері атап көрсетіліп, «Алдаспанның» олар ойлағандай тажал емес екендігі дәлелденіп, сәл жұмсартылған нұсқамен екінші мәрте жарыққа шығыпты. Әрине, айғай мен аттан астында. Мұнымен де тоқтамаған құрастырушы, орыс тіліндегі нұсқасы - «Поэты Казахстана» жинағын да шығарыпты. Осы кезде қандай оқиғалар болды, кім қай қырынан танылды, тағы-тағылар түгелдей роман аясында.

Енді, шығармадағы мына бір үзіндіні бере кеткен жөн, сол заманның бір қыры: «Сол кезде де ойладым, қазір тіпті айран-асырмын. Мен - жалғыз Мен ғана емес, ұлттық сана, адамдық қасиет дарыған кәдімгі Қазақ баласы партиялық номенклатура көзімен қарағанда кім болып көрінді екен. Дәл сол заманда «Алдаспанды» шығарған, одан соң, сәтімен «Поэты Казахстана» жинағын шығарған, одан соңғы кезеңде «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай» және басқа да антологиялар жолында үздіккен Мен кім болып елестедім екен? Ойлап таба алмаймын». Жақсы көрінбегені белгілі. Оны айта қоятын партияның сол кездегі адал құлдары қазір аузын аша алмас, әйтпесе білуге болар еді. Ал, сол кездегі «адалдардың» кейпін кез-келгеннен сұрап білуге болады. Солармен тартыса жүріп, бабасының киелі мұрасын қорғап қалған Мағауинге айтқызсаң: «...біздің ЦК-да отырған сабаздардың аз-маз түйсік, санасы бар, аз-маз сауаты бар, ол түйсік, сана - ұят пен парасат емес, сақтық пен бақай есеп қана, ол сауат - білім емес, қулық, сұмдық, зұлымдық қана, аз емес, асып төгіледі...». «Өткенге - салауат» дейді қазақ. Бірақ, дәл қазақтың мұрасына қарсы шыққан қазақтардың ісі салауаттауға келмес. Дегенмен өтті, кетті. Зияны тигенмен, халқымыздың өткенін біржола жоқ қылуға күштері жетпепті. Ертеңгі ұрпаққа сабақ боларлық тарих. Пайдасы болмаса да, зиян жасамау керектігін ұғындыра аларлық кезеңдік іс.

Кім - кім?

«...адам өзінің әкесіне рақмет айтпайды».

Бұл сөз Мұхтар Мағауиннің ұстазы, қазақ әдебиетінің ең ірі өкілдерінің бірі - профессор Бейсенбай Кенжебаев турасындағы сөз. Мағауиннің дарыны мен білігін байқай білген ғұлама ғалым оны өз қамқорлығына алған, жол сілтеген. Ғылыммен алаңсыз айналысуына жағдай жасаған. Хандық дәуірдегі әдебиетті зерттеуді алғаш тапсырған да осы кісі. Ұстазы туралы романда: «...мені тура тоғыз жыл бойы бағып қаққан, аспирантураға алып, бар жолыма батасын, сәулесін түсірген, соншама қамқорлық жасаған, мен үшін талай тынышынан айырылып, талай ұйқысы бөлінген, бар жақсыма өзінен артық қуанған Бейсекем...» деп еске алады. Бұл ғана емес, ғылым туралы сөз болған жердің бәрінде профессор құрметпен аталады. Оның мәнісін романды оқыған адам өзі байыптар еді. Қазақ әдебиетін, қазақ тарихын мүмкіндігінше арыдан, кеңестік кезең үшін тым алыс көрінген хандық дәуірден бастау керек екеніне ден қойған ғалым, осы тақырыпты игере алар жалғыз адам деп Мағауинді таңдапты. Қалай болған күнде де, тақырып зерттеліп, қорғалуға тиіс еді. Оны қазақпен қауыштыра аларлық қауқары бар зерттеуші қажет еді. Онсыз қазақтың тарихын жазу қиын болатын. Қазақ хандығының дүрілдеп тұрған кезеңінен қалған мұралар біздің ұлттық сыпатымызды сақтап қаларлық басты қазынамыз болатын. Қиын болмас жөні жоқ. Заманның тарлығының өлшемі белгілі, оны айттық. Айтпасақ та біледі жұрт. Қиын істің түйінін тек күштілер шешеді. Ұстаз таңдады, бағыт берді, шәкірт ұстаздың қателеспегенін дәлелдеді. Үлкен тақырып еді, үлкен үміт еді. Қорғалды. Орындалды.

Бейсенбай Кенжебаев жайлы Мағауинге қатысты айтарымыз бұл ғана емес. Мағауин жеткілікті жазған, өзі оқыған өзі көрсін. Ендігі сөз басқалар хақында. Басында айтып өткенбіз, біздің бұл романды оқуға себеп болған әлдеқайдан құлаққа шалынған, кімнің - кім екендігі туралы қызықты ақпараттар бар деген қаңқу сөз еді. Оқымай тұрып ойладым, былық-шылық пен ұсақ-түйекті жіпке тізген болар деп. Шығармашылығынан бөлек күйбің тірліктегі бет-пердесін ашқан болар деп. Не керегі бар соның деп. Сонда да қызығушылығым жеңген. Оқыдық. Жалпы, әдеби тұлғалардың қарапайым өмірдегі іс-әрекеті мен мінезі жайлы қазбалап қажеті жоқ. Оның тікелей әдебиетке қатысты тындырғаны мен қалдырғанын игеріп алсақ жетеді. Осылай ойлағанбыз. Бізге керек болмаған олардың пенделік өмірін Мағауин не қылсын? Адамның мінезі жазуынан да көрінетінін жазушының өзі айтқан. Біз ойлағандай қатын өсек пен соқыр сезім жетегінде жазылған шығарма болмай шықты.

Бір адамның бір адамды ұнатпауы табиғи нәрсе. Бірақ, бұл шығармашылық өмірге жүрмейтін дүние. Жеке өмірдегі жек көрінішті әдебиетке араластыру - апатты жағдай. «Кісіге қарап - сөз алма, сөзіне қарап - кісіні ал». Данышпан Абайдың айтқаны. Жікшілдік деген ауру тағы бар. Бұлардың бәрі әдеби қауымның бір-бірін аяқтан шалып, кекетіп-мұқату, жамандау сияқты ұсақ істерге ілінісуіне әкеп соғады. Біз үңіліп отырған роман басқа тұрғыдан жазылыпты. Әдебиет айналасындағы ағайынның іс-әрекеті. Жеке өмірі емес, әдеби ортадағы. Көрген жақсылығы мен тап болған қарсылықтары. Жыраулар бастаған ақтаңдақтарды тірілту мен ұлттық рух сарынындығы шығармаларды жарыққа шығару жолындағы. Ол тұстағы басты қарсылық - әрине, билікке жақын жүретін ағайынның тарапынан. Анау - алай, мынау - былай екен деп, әрқайсысына жеке тоқталсақ, біздің де кітап жазып шығуымызға тура келеді. Ескертпегіміз, бұл кітап - біреулер айтып жүргендей бытықи-шытықиды түгендеу емес. Оны шығарып жүргендер романда не өзінің, не жақынының аты аталып қалып, шындық шымбайына батып кеткендер болар. Аты аталмаса да, сынға алынған лас істердің ортасынан өзінің бейнесін көрген біреулердің пыш-пышы деп білем.

Тәәәк! Әдетте, қандай салада болсын белгілі бір кезеңді, процесті жасайтын жеке адам емес, - топ, қауым, халық. Қателесетіндер болады, олардың зардаптары да болады. Бірақ, олардан гөрі ақылы артық, тура жолдағы тұлғалар олардың қателіктерін түзетіп отырады. Күресуге тура келеді, бірақ жеңу үшін ғана күреседі. Жеңілуге болмайтындығын білгендіктен. Өз істерінің құндылығын, ақтығына сенгендіктен. Бұл - әдебиетке тікелей қатысты кеп. Жалғыз адам кезеңдік әдебиет жасай алмайды. Бұл туралы романнан бір мысал: «Өнер мұраты сан салалы, өнер биігі - жүз серек. Сол мұратты тауып, сол биікке жеткен болсаң, сені ешкім де аласарта алмайды, керісінше, көршілес биіктер еңсеңді көтере түседі, Хан-Тәңірінің асқақ болып тұрғаны - басқа шыңдардың арқасы, Алатаудың жоталы жүлгесі болмаса, ең зор биіктің өзі Арқада күндік жерден көрінетін, бірақ үлкен өлшем тұрғысынан алғанда мың метрдің ар жақ, бер жағындағы, басына қыста ғана қар тоқтайтын, қатардағы көп төбенің бірі болып қалар еді. Өнер де сол сияқты». Жазушы өнерге күншілдік жат екендігін айтады. Ал, күншілдер соқыр сезім жетегіндегі жандайшаптар. Өткеніңді мансұқ етіп, бүгініңді бәлеге ұрындырып, ертеңіңнің тамырына балта шабады. Олармен күресетін кемел, дара сыпатты - өнердің иелері. Мағауин осы күрескерлер тобының серек шыңдарының бірі. Қалай мақтанса да жарасар еді. Бірақ, қайталап айтамыз, мақтана алмапты. Мақтан тұтарлық соншалық еңбекке қарамастан мақтанбапты. Айқайға құмар ағалардың бірі осы еңбекті жасаса не болар еді? Елестете алмаймын...

Өткен күнге бүгіннен көз салу - естелік. Не көрмеген қара қазақ, тәуелсіздікке де жетіпті. Тарихта қанша қанды соғыстарды өткерсе де, дәл орыс отаршылдығындағыдай жойылып кету қаупі тумапты. Сол қауіпті дер кезінде сезіне білген аға-аталарымыз апатты болдырмауға барын салыпты. Қанын төгіпті, терін сығыпты. Қазақтың санасынан «Мен - Қазақпын!» деген өр лепес өшіп кетпесін деп түнде ұйықтамапты, күндіз отырмапты, ісін-күшін беріпті. Армандары орындалып - Тәуелсіздік келіпті. Сан жылдар кісендеулі болған қазақы рух үзіліп кетпесе де, кісен шешілгенімен кібіртіктеуін қоя алар емес. Жалғыз жұбаныш - жүруді ұмытпағандығы. Бұл - халықтың күрескер ұлдарының қаны мен терінің төлемі. Тәй-тәй басқан Тәуелсіздік кібіртіктеген рухпен жетіпті. Сан алапат апаттан тірі қалған ұлттық рух енді өлмейді. Ендігі ұрпақ қолдағы алтынның қадірін білмей қажытып алмаса. Жоқ! Мағауиндер тұғырдан түскен жоқ. Түспесін! Түспейді. Осыншама еңбегімен көтерілген тұғырынан қанша заман өтсін - түспейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының жемісі - «Мен» соның көрінісі. Мен - Мағауин! Мен - сенім! Мен - өр лепес! Мен - Қазақ! Мен дей алғанымыз - Қазақпыз дей алғанымыз!

«Мен» туралы сөзді автордың сөзімен түйіндейік. Сенімді болсын:

«Түрік-қазақ жұртының жиырма бес ғасырлық мұраты жалғыз-ақ арнаға тоғысқан: Елдік, Еркіндік. Қалған істің бәрі соған тірек, тиянақ қана. Себесін, жебесін. Құрал, қару ғана. «Алдаспан» - тар замандағы қазақ рухының қайтпас қайқы қылышы еді. Тәңірінің қолдауымен біздің қолға берілді. Нық ұстадым, қолайын таптым, қиялай шауып, қапысыз сілтедім. Аруақтың аманатын ақтадым деп білем».

14059 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз