Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 26 Ақпан, 2018

Qazaqstan телеарнасы "Түнгі студия" шоуының жаңа жүргізушісін таныстырды

Кешкі бағдарламаны енді актер әрі сықақшы Қайрат Әділгерей жүргізеді.

"Түнгі студия" бағдарламасының жаңа жүргізушісі белгілі болды, енді аталған шоуды актер әрі сықақшы Қайрат Әділгерей жүргізбек. Бұл туралы бүгін "Қазақстан" РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин Ұлттық арнаның көктемгі телевизиялық маусымымен таныстырылымы барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісіне сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

Ұлттық телеарнада жаңа телевизиялық маусым дәстүр бойынша, наурыз айының басынан басталмақ. "Qazaqstan" телеарнасынан бірнеше жаңа жобалар мен телехикаялар көрерменге жол тартады. Бұрыннан келе жатқан танымал жобалардың жүргізушілері ауысып, енді "Түнгі студияны" актер әрі сықақшы Қайрат Әділгерей жүргізсе, "Сенбілік шоудың" тізгінін Тұрсынбек Қабатов ұстайды.

Сондай-ақ, жаңа маусым аясында ақпан айында эфирге шыққан "Бақытты әйел" ток-шоуы әйелдер арасында үлкен сұранысқа ие. Бұл бағдарламада кейіпкерлер өзінің басынан өткен қызықты оқиғалары мен бақытты болудың қыр-сырларымен бөліседі. Алдағы уақытта еліміздің тарихынан сыр шертетін "Алаш ақиқаты" бағдарламасы мен "Бала көңілі" атты балалар тәрбиесін қозғайтын гуманитарлық-ағартушылық жоба шығатын болады.

"Көктемгі маусымның басты тұсаукесері "Жүрсіннің жүйріктері" атты ақындар сайысы болмақ. Айтыста 20 шақты ақын айтысып, өз өнерлерін ортаға салады. Бұл жоба бірнеше ай бойы жүреді, ұлттық нақышты сақтай отырып, жаңа форматта ұсынатын боламыз”, - деді Ерлан Қарин.

"Жүрсіннің жүйріктері" бағдарламасының қазылар алқасында белгілі өнер қайраткерлері: қазақ киносының майталманы, ҚР халық әртісі Асанәлі Әшімов, әнші әрі  композитор, ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, профессор, ғылым докторы Намазалы Омашев пен ҚР халық ақыны Асия Беркенова. Ал, жобаның басты қонағы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын және журналист Жүрсін Ерман сайыс арасында пікірін айтып отыратын болады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандық шоумен, режиссер, тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев "Түңгі студия" кешкі әзіл-сықақ бағдарламасын жүргізуді тоқтатып, QAZAQSTAN телеарнасынан кетті. Ол шығармашылықпен айналысуды көздеп отыр.

1022 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз