Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 05 Наурыз, 2018

Осы жұрт Жағда Бабалықовты біле ме екен?

Дәулетхан Әлімғазы,  Ш.Уәлиханов атындағы  Тарих және этнология институтының  жетекші ғылыми қызметкері,  тарих ғылымдарының кандидаты

Кеңестік тоталитарлық заманды айт­па­ғанда, Тәуелсіз Қазақстанның 25 жыл­дық тарихында «Тұлғатану» атты тарих ғылымының бір саласының дұрыс қалыптаса алмай, кімді дара тұлға – ұлттың бет-бейнесі ретінде дәріптеу керек деген мәселеде қазақбайшылықтан, рушылдық пен жершілдіктен аса алмай келе жатқанымыз бүгіннің ащы шындығы болып отыр. 2017 жылы 100 жасқа толған Жағда Бабалық туралы «Дәс­түр» журналынан басқа баспасөз бен телерадио арналардың үнсіз жатуы бізді толғандырмай жүрген жоқ. Сондықтан, басты әңгіме арқауын тарқатпас бұрын, ең қарапайым сұрақтан – Жағда Бабалық кім, Алаштың ардагер тұлғалары қатарында ас­қақтарлықтай не тындырып тастапты деген керенау сұрақтардан бастауға мәжбүрміз. Жағда Бабалықтың өз қолымен жазыл­ған соңғы өмірбаянында 1917 жылы ҚХР, СУАР-дың Тарбағатай аймағына қарасты Толы ауданындағы Құжырты тауы бөк­терінде дүниеге келіп, ХХ ғасырдың қан-қасап дүрбелеңді оқиғаларының белсенді қатысушы ретінде тар жол, тайғақ кешуі 93 жылдық ғұмырын 2010 жылы аяқтаған адам. Ол артына ұшан-теңіз мол мұра қал­дырып кеткен аса көрнекті этнограф, қоғам және мемлекет қайраткері еді. 93 жылдық мағыналы ғұмырын қазақ хал­қының тәуелсіздігі мен бостандығы жолына арнаған, қара қытай мен қызыл қытайдың түрмесінде төрт рет азап көр­ген, сөйте жүріп, халық мұрасын жинап, қағазға түсіруден бір сәт қол үзбеген жанкешті тұлға болды. 2006 жылы жазған күнделігінде: «Мен баста тарихқа көңіл аудардым. Шығыс Түр­кістандағы тарихи кезеңдерге бай­ланысты деректерді жинадым. Қа­зақ­станға келген соң, жиналған дерек­терді Әлкей Марғұлан ағамызға көр­­сетіп едім, Әлекең дереу көңіл аударып көмектесуге, мені кандидаттық қорғатуға кірісіп кетті. Барлық доку­менттерді дайындатты, көмекші адамдарды белгіледі. Осы документтер менің қолымда сақтаулы тұр. Уақыт өте келе мен, басқаша ойлай бастадым. Қанша том тарих жазсаң да, қазақты ұстап, сақтап қалуға жарамайды, шамасы келмейді деп ойладым. Енді, этнографияға көңіл аудардым. Этнология ғылымына берілдім. Бірақ, қазақты сақтап қалуға шамасы келмейтініне көзім жетті. Мен этнологияны бір қолыма ұстап, бар күшімді қазақ тіліне салдым. Бірақ, кеш қалғанымды сездім. Сонда да, тілден қол үзгім келмеді. «Ештен де кеш жақсы» деген қазақ мақалын ұстандым. Бітірген ісім аз болса да, ниетім дұрыс еді, соған шүкіршілік етем». Қазақ оқырмандары Жағда Баба­лық­ты көрнекті этнограф-ғалым ретінде тани бастағаны белгілі. Ал, «көрнекті мем­­лекет қайраткері» дегенде, Жағда Бабалықовтың «Мәдениет және тұрмыс» журналының хат тіркеу бөлімінде қара­пайым қызмет атқарғанынан басқаны білмейтін адамдарға тосын естілерін ескеріп, ол кісінің өмір жолына қысқаша шолу жасай кетуді жөн көрдік. Жоғарыда атап өткеніміздей, 1917 жылдың 21-қарашасында өмірге келген Жағда сауатын Шәуешек қала­сын­дағы діни медреседен ашып, 1937 жылы ғана Шәуешекте алғаш ашылған жәдитше оқытылатын бастауыш, толықсыз орта және гимназияны тәмәмдап, 1943 жылы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң шөянға (Шың­жаң институты) оқуға түскен. 1944 жылы «Ұлт-азаттық ұйымын» құр­ғаны үшін тұтқындалып, 1945 жылдың соңына түрмеден босатылады. Үзіліп қалған оқуын 1950-1952 жылдары сырттай оқып, жоғары білім дипломын алады. Абақтыдан босатылғанмен, Үрімжі қаласынан шы­ғармай бақылауда ұстағандықтан, амалын тауып, қашып шығып, айға жуық жаяулап туған жеріне аман-есен жетеді де, сол тұста жас та болса елге танымал болған аса білімдар Дубек Шалғынбаевтың басшылығында, өздері қатарлас Ахметжан Бітімбаев, Қалдыбай Қанапин (әзір 93 жаста Алматыда тұрады), Балқаш Бапиндер «Ұлт азаттық ұйымын» қайта құрып, партизандық топ ұйымдастыруға кі­рісіп кетеді. Олар құрған атты жасақ Шәуешек қаласын азат ету әрекетіне белсене қатысады. Содан былай қарай Жағда Бабалықтың әскери өмірі басталып, қатардағы жауынгерден Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының подполковнигі дәрежесіне дейін көте­ріледі. Қытайдың Жоңғар дала­сындағы ең мықты бекінісі саналатын Шиху, Манас, Сауан қатарлы елді-мекендерді азат етуге белсене қатысып, жалпы 23 рет қан майданда болып, үш рет жеңіл жараланған. 1945-1949 жылдар аралығында әскери қызмет баспалдақтарынан өтіп, Шығыс Түр­кістан ұлт-азаттық армиясы бас шта­­бының саяси басқармасының орын­басары дәрежесіне көтерілген. Осы ара­лықта өз ішіндегі кейбір адам­дар­дың арандатуымен (Оспан батырмен байланысы бар деп) 8 ай түр­меде отырса да, ақталып шығады да, әскери қызметін жалғастырады. 1949 жылы Шығыс Түркістан өкіметі жойылып, ұлттық армия тарқатылады. 1950-1952 жылдары Үрімжіде ашылған партия мектебінің орынбасар бастығы болып істей жүріп, әскери сот назарытында орынбасарлық қызмет атқарады. Ал, 1952-1955 жылдар аралығында Тар­бағатай аймағының уәлиі, 1956-1958 жылдың тамызына дейін Іле Қазақ автономиялы облысының (Іле-Тарбағатай-Алтай аймақтары) төрағасы болып, қазақ халқы үшін қыруар игілікті істер істеп халқының сүйіспеншілігіне бөленгенін кешіре алмаған Қытай компартиясы үш ай тергеп, итаршы шолақ белсенділердің талауына тастап беріп, 1958 жылдың 3 тамызында аса ауыр саяси әрі ұйымдық жаза қолданды. 1961 жылға дейін «Ең­бекпен тәрбиелеу» дейтін жазамен Үрім­жі қаласындағы 1-август трактор заводында бақылау астында қара жұмысқа жегіледі. 1961 жылдың қыркүйек айында мырза қамақтан босап шығысымен 1945 жылы жасырын алып қойған Кеңес Одағы азаматтығы паспорты бойынша аман-сау, бала-шағасымен Қазақстанға өтеді. 1963-1983 жылдар аралығында «Мәдениет және тұрмыс» журналында хат тіркеуші болып істеген. 1983-2010 жылдар аралығында 30 мың теңгелік зей­­нет­ақымен, өз сөзімен айтқанда, (М.Құл­мұхаметке 2010 жылы жазған өті­нішінде «дәл қазір нағыз қайыршының өзімін» деп, 93 жасында қайтыс болды. Абыз қариямыз тек қарнының аш­қанына ғана емес, өзінің аңсап келген Ота­нында қадірінің қашқанына налып, былай деп жазады: ...1961 жылдан 1991 жылға дейін 30 жыл бойы КГБ жан­сыздарының бақылауында болдым. Шекара райондарының ешбіріне бару­ға жол бермеді, үйімдегі, жұмыс телефоным ылғи аңдулы болды. Сондағы маған тағар айыбы «Қытайдың арнайы жіберген жансызы» болса керек. Құдайым-ау, сол Қытайың мені қара есекке теріс мінгізіп, жаппаған жаласы қалмай қудалағанын КГБ білмей отыр ма? Білгенде қандай, бар пәле, Кеңес өкіметімен барлау органдарының 1958 жылғы Қытай компартиясының маған жапқан ұлтшылдық айыбындағы «үш отаудың түтінін бір жерден шығармақ «Қытай, Моңғол, Қазақстандағы қа­зақ­тарды айтып отыр) болды дейтін әпсанасы екен. Дәл сол мазмұндағы сөзді Амери­кадағы Гарвард университетінің профессоры Жорж Мосулдың 1966 жылы жариялаған «Китайско-Советская куль­­турная граница. Или-Казахский автономный округ» атты кітабында жазған екен. Демек, КГБ мені Қазақ­станды Кеңес Одағынан бөліп әкетуі мүмкін аса қатерлі жау ретінде таң­балап қойғандықтан аңдымай қайтсін. Ойхой Жағда қандай қауіпті адам болғансың...» Жағда Бабалық туралы құрас­тырылып жазылар 4 томдықта Жорж Мо­сул­дың кітабынан 60 беттік үзінді алып, оқыр­ман­дар назарына ұсыны­латын­дықтан, ол кі­таптан үзінді келтір­мейміз. Бірақ, осы арада Қытай компартиясының кеңейтілген Іле облыс­тық бюросының «1958 жылғы 9 август күні қабылданды» делінген өкімінен біраз үзінді бере кетуді аса қажет деп таптық. «...Мәжіліс, бұл жолғы Іле облыстық партия комитетінің кеңейтілген жиналысы, Орталықтың нұсқауымен Автоном райондық партия комитеті ке­ңей­тілген мәжілісінің қарарына сай жер­гілікті ұлтшылдыққа қарсы күресті өрістетуді бүтіндей қажетті де дұрыс деп таниды. Бұл жолғы күрес – партияның басшылығын қорғаушылар мен пар­тияның басшылығына қарсы тұ­ру­шылар арасындағы, социа­лизм­­ді қорғаушылармен социализмге қарсы тұрушылар ара­сын­дағы Ота­ны­мыз­­дың тұтас­­тығын қор­ғаушылар мен Отанымыздың тұтас­тығын бөл­шек­теушілер арасын­дағы, ұлттар ынтымағын қорғау­шылар мен ұлттар ынтымағын бүлдірушілер арасындағы күрес болып саналады». Қазақстандықтар мұндай үрейлі ұран­дарды 1937 және 1951-1952 жылдар­дағы саяси репрессия кезінде талай естіген. Айырмасы уақыт пен кеңістікте ғана. «...Жергілікті ұлтшылдар Отаны­мыздың тұтастығына, территориялы Автономия саясатына қарсы болып келді. Олар «үш отаудың түтінін бір жерден шығару», яғни, Жұңго мен Совет Одағындағы және Моңғол Халық Республикасындағы қазақтарды бір мемлекет етіп құру, автономиялы облыс­тың әкімшілік орнын жоғары көтеру қастаңдығы мен Орталықтық және автономиялы районның (СУАР-дың) басшылығын қабылдауды қала­май, Іле қазақ автономиялы облысын «Дербес королбдыққа» айнал­дыруға ұрынып келді... олар Шыңжаңдағы негізгі қайшылық ұлттық қайшылық десті... Олар ханзулар қайдан келсе, сонда кетсін. Ханзуларды ертерек құрту қажет десті. Олар ханзуларды шалғайдағы жау, автономиялы облыстағы автономия алған ұлттан басқа Шыңжаңдағы аз ұлттарды белдеу жау, Шың Шыңса мен Мұздауонды бекітіп, басқа ұлт­тарды автономиялы облысқа кіргізбеу керек деп қарады. ...Басқа жер­лердегі өз ұлтының халықтарын авто­номиялы облысқа көшіріп келмек болды. Өз көлеміндегі басқа ұлт халықтарын басқа жерлерге көші­ріп жібермек болды. Олар ұлттар ара­сындағы қарым-қатынасқа, өз ұл­ты­­ның экономикалық, мәдениеттік өмі­ріндегі ілгерілеуді ұлтымыз жойылатын болды, деп қарады». Осы арада, оқырмандар назарында болу үшін Жағда марқұмның жоғарыдағы және төменде келтірер үзінділердің тұсына жазған анықтамалары мен тойтарыстары көп екенін, өйткені, жа­был­ған жалалардың көпшілігі ойдан шы­ға­­­рылғанын, айыпты болса, Қазақ автономиясына берілген еркіндіктер мен құ­құқтарды қорғау үшін, қытайлық заңдар аясында күрескенін ескертіп отырады. Ал, «үш отаудың түтінін бір жерден шығару» дегеннің де қаншалық шындыққа үйлеп-үйлеспейтіні туралы ойларын, сондық өзім тарапымнан жүргізген зерттеулерім негіздегі түйінді ойларымды 4 кітапта айтып беретін боламын. Үзінділерді одан әрі жалғасты­ралық. «Іле районындағы жергілікті ұлт­шылдық идеясының ауырырақ және жалпылама болуындағы себеп, басқа жерлердегі жергілікті ұлтшылдық идея­­сы мен таптық идеологиялық қай­­­­нарларының ұқсастығынан тыс, Іле районында Шыңжаң азат болудан бұрын үш аймақ революциясының болғандығында. Үш аймақ революциясы Гоминдаңның реакциялық өктемдігіне қарсы тұрды. Бұл дұрыс жағы. Бірақ үш аймақ революциясында толып жатқан адамдар Гоминдаңға қарсы – ханзуларға қарсы тұру деген сөз деп, бүкіл ханзу халқын Шыңжаңдағы барлық ұлттардың дұспаны деп қате түсінді. Бұл қателер біркелкі сақтала келіп басқаларға ықпал етті». «...Жағда ұлт үшін істеу» дейтін вывесканы көтеріп, отанның бірлігін бөлшектеу қимылын жүргізген. Ол 1951 жылғы Құлжа қаласында болған «51-дің кеңесінде» (ол туралы 4 томда арнайы тоқталамыз-Ә.Д). Іледе «Қазақ Республикасын құру» ойында болған. 1951 жылы Батыс солтүстік ұлттық істер комитетінің пікір алу орайын пайдаланып, «Республика» құру жөнінде реакцион программа жасаған. «Үш отаудың түтінін бір жерден шығару керек» деген немесімен басқа жерлердегі қазақтарды облысқа көшіріп әкелуге, дара бір ұлт­тан ғана құралған «Дербес князьдік» құруға ұрынған. ...Іле қазақ автономия­лы облысы тегі қай-қай дәрежедегі автономиялы облыс... Автономиялы облыс форма ғана», – деп өршеленген дейді. «...Ол, Ахметқали Бітімбаев пен Шай­марданмен партияға қарсы блок құрып, өзі осы блоктың басшысы бол­ған. Ол партияға қарсы блок мүше­лерінің қорғауына ие болып, басқа мүшелердің партияға қарсы сөздерін өзі барлық күш-қуатымен қолдап отырған. ...Ол дүниеде тек саяси-экономикалық екі зор право ғана бар, бұл екеуі де партияның қолында. ...Марксизм мен ленинизмде ақиқат жоқ, жан бағудың әдісі ғана» деп жала жапқан және «Дүниеде шын­дық та, адамгершілік те жойылып барады. ...Кім де кім тек өз даңқы үшін ғана істейді» деп сөйлеген.  «...Осы жолғы мәжілісте партия­ның және жолдастардың тәрбиесі мен көмегін қабылдаудан бас тартты, қа­телігін мойындамады. ...Позициясы жақ­­тан мейлінше тоңмойындық істеді». ...Жоғарыдағы реакциондық қимыл­да­рына негізделіп мәжіліс Жағданы партиядан айдап, партия іші-сыртындағы барлық міндеттерінен алып тастау жазасын беріп, автономиялы райондық партия комитетіне, автономиялы райондық саяси кеңестегі міндетін де тоқтатуды ұсыныс етеді. Ахметқали Бітімбаев пен Шаймарданды партиядан айдап, партия іші-сыртындағы барлық міндеттерінен алып тастап, екі дәреже төмен түсіруді қаулы етеді». Мен Жағда ағамен алуан тақырыпта жылдарға созылған сыр-сұхбат жасап, 4-5 дәптер көлеміндегі (48 беттік тетрадь) жазба қалдырған адаммын. Оларды ішінара толықтырып, өзара бай­ланыстыра құрастырар болсам (ден­саулық зар берсе деңіз), дап-дайын кі­тап болғалы тұр. Сол сұхбаттардағы біраз түйткілді сұрақтардың кейбірі жоғарыда келтірілген һәм жалалы, һәм шырқыраған шындыққа толы жауаптарын аңғаруға болатын сияқты. Алда жазылар кітаптарда анықтама беруге тиісті даулы әрі жалалы түйіндердің бірқаншасын атап, оған өз пікірімді білдіре кеткім келеді: 1. «Үш отаудың түйінін бір жерден шығару» дейтін идеяның авторы кім? Ол қашан, қай жерде пайда болған? Тарихи шындық қандай еді? 2. Жағда Бабалық басқарды делінген астыртын ұйым немесе «Блок» деген болып па еді? 3. Оспан батырды өлім жазасына кесу өкіміне Жағда Бабалық қол қойып, орын­датқан дейтін Жәди Шәкен сияқ­ты азаматтардың ой-жота­ларының тарихи шындыққа жанасымы қан­ша­лық? Менің қолымда Жәкеңнің Оспан батырды тергеу комиссиясы жүр­гізген сұ­рақ-жауаптардың ұйғыр ті­лін­дегі түпнұсқасы сақтаулы. Жәкең өз қолымен маған табыстаған. Жәкеңнің Оспан батырға қатысты жинақтаған түпнұсқалы құжаттары қыруар. Оспан батырдың «Кеңес ес­телігі», Кәрім Әкрамидың құпия тап­сыр­мамен Оспан батыр ауылында бірнеше ай болып, батырдың қанша рет қай жерде дәретке отырып, дәрет алғанына дейін, кімдер келіп, кімдер кеткенін, қандай мал сойылғанына дейін қаттап отырған. Батырды Го­миң­даң жағына өтуге үгіттегендері, Үрімжідегі Шыңжаң өкіметінің бас хатшысы Айса Юсуп Алып Текинмен байланысы т.б. жазбалар бар. Соларды қорыта келе, Жәкең Оспан батыр туралы соңғы сөзін әділ де айқын жазып қалдырған екен. 4. Қытайдағы қазақтарды Қытай отаршылдығынан құтқарудың жолы «үш отауда» емес, Қазақстанға қоныс аударуда деп сонау 1945 жылдың 8 авгусында пікірлес достары арасында пәтуаға келгендігін марқұм майор Абдолла Тұрлыбаев, Балқаш Бапин, полковник Рамазан, майор Патих Жабықбайлар және көзі тірі 93-жастағы генерал Қалдыбай Қанапиндердің аузынан талай естігенбіз. Жәкең қалдырған қол­жазбалардың ішінде де ол туралы жа­зылған. Сондықтан, өткен ғасыр­дың 50-60 жылдары Қазақстанға түр­лі жолдармен келген жүз мыңдаған қазақ-ұйғырдың қозғалуына Жағда Баба­лық­тың қосқан үлесі туралы өз жазбаларында нақтыланған еді. 5. Жағда Бабалықтың 1961 жылдан бергі іс-әрекеттері, желтоқсан көтерілісінің алды-артындағы ашық және жасырын күрестері, қазақ этно­графиясы мен қазақтың тәуелсіздігі жолындағы ой-толғаныстары, өлең­дері, ұсыныс-пікірлері, жеке адами қа­сиет­­терінің ерекшеліктері айтылар сөз көп-ақ. Ендеше жоғарыда айтылған өз сұ­рақ­тарыма өзімше жауап іздеп көрейін: 1. «Үш отаудың түтінін бір жерден шығару» дейтін сөздің авторы, шындап келгенде, Қытай өкіметінің, саяси басқармалардың әдейі жасап шыққан жалалы ісі (делосы) деп сеніммен айта аламын. Жағда Бабалықты айып­таушы шолақ белсенділердің аузымен ай­тылған осы жалалы айыптау заң­­дас­ты­рылып, Іле қазақ автоном облыс­тық партия ұйымының айыптау құжа­тына енгізіліп жіберілді. ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында Қы­тай коммунистері жүргізген аса қаті­­гез, жалалы саяси науқандар тұ­сында қазақ зиялыларына тағылған ең ауыр айыптың бірі – «Үш отаудың түтінін бір жерден шығармақ болды» дейтін саяси қалпақ еді. Бүгінгі қазақ оқырмандары түгіл, сол дәуірде Жағ­да Бабалықпен қатар өмір сүрген көптеген адамдарды шатастырып келген «Үш отау» Қай отау? Сонда қара шаңырақ, бас Орда қайда болған? Әу баста, Қытайдағы саяси белсенді сатқын Оқабай дегеннің аузынан шыққан (1958) «Жағда үш аймақтағы (Іле, Алтай, Тарбағатай) қазақтардың басын қосып, хандық құрып, өзі хан болмақшы» дейтін жалалы сөзді кейбір әсіре қызыл қаламгерлердің әр­леуі­мен «Үш отау» болып түрленген көрінеді. Бірақ, ол Қытай өкіметі мен барлау орындарының талабын қанағат­тан­дыра алмайтындықтан, «Үш отау­дың» географиясын Қазақстан (Кеңес­тік өкіметіне де керек), Моңғол­стан, Қы­тайдағы қазақтарды негіз еткен үш аймаққа кеңейту қажет болды. Өйткені, Қытай компартиясының Шығыс Түркістандағы үш аймақтағы халықты қалай басқарып, қалай жазалауы жөніндегі қанқұйлы сая­саттың кезекті құрбандары әлдеқа­шан анықталып, есімдері кімдер екеніне дейін белгілі болатын. Жағда Баба­лықұлы қолымен бізге жеткен мына құжатпен танысқан адам оған еш шұбә келтіріп, дәркүмән бола қоймас: Телеграмма 20378 Уаң, Жаң, Жаң! «Бүкіл мемлекет көлемінде бұзық адам, бұзық идеялар мен кескін күрес жүргізу толқыны басталып кетті. Сондықтан, сіздердің райондарыңызда бұл әрекетті бастауда абай болып, сақтық, салмақтылық көрсету керек. Алайда, алдымен кадрлар ішінде онда да ең алдымен «үш аймақ төңкерісіне» қатысқан әскери, әкімшілік кадрлары арасында жүріліп, алдағы маңызды істерді істеуге кедергі жасап тұрған еңбегін міндет қылып қыр көрсеткісі келетін, халық ішінде абыройы жоғары делінген бір топ ұлттық революция серкелерінен жоғары және орта дәре­желі басшы кадрларды нысанаға алып, әрбір науқандар тұсында соларға соққы беріп отыру керек. Жалпы жағдайға қарай отырып, солардың арасынан ти­пик­терін таңдап, ғибрат болсын үшін ең жоғары жазаға тартуға болады. Олардың тізімін алдын ала тікелей орталықтың бекітуінен өткізіп алу керек. Орталық комитет секретарияты. 1951 жыл,13 ноябрь. Ұлттық армия бас штабының офицері – капитан ...қытайшадан ұй­ғыр­шаға аудармасы бойынша қазақ­шаладым -Ә.Д. Осынау қаны сорғалаған құпия нұсқау 1951 жылдан күні бүгінге дейін басшылыққа алынып, сан мың­даған кадрлардың, ардагер, бедел­ді аза­­маттардың тағдырын шешіп кел­геніне тарих куә. Бірақ, біздің көз ал­дын­­дағыны көріп, саяси зұлым­дықтың астарына үңіле алмайтын шолақ белсенділер, әсіре отаншыл, әсіре халықшыл ұрыншақ журналистер жұрт­ты шатастыруға, жалған бедел жи­науға құмарлығын қанағаттандыра алмай жүр. Қытай коммунистік партиясы өзінен бұрынғы отаршыл, ұлы хандық шовинист билеушілерден де асқан отар­шылдық саясат ұстанғанын дә­лелдейтін құпия құжаттың тағы бірі­мен таныстыра кету қажет сияқ­ты: Ж.К.Орталық комитет. Шинжияң қызмет группасына: Аса тығыз құпия 06708. S 07 номерлі радиограмма маз­мұ­нынан басқа, төмендегі тармақтарға кепіл болу, сондай-ақ радиоларыңызда қызмет етіп жатқан ішкі өлкелерден келген жауапты жоғары дәрежелі кадрларға ескерту керек: Төмендегі пункттер ұдайы құбла­нама болып іске асуы керек. 1. Шинжияңның ежелгі тарихы, жер-су атаулары, тарихи көтерілістер тұсындағы жеке тұлғалардың аттары, олардың ерлік істері (қаһармандық, діндік-ұлттық дәстүр ерекшеліктері, мәдени, ағарту, өнер, т.б.) жөнінде кадрлар арасында сөз қозғалмауы керек. Сондай-ақ, лекция оқу, саяси сұх­бат өткізу қатарлы істерді, Шин­жияң халықтарының тарихтағы кө­­­те­рілістерді еске түсіріп, олардың ұлттық сана-сезіміне түрткі болудан сақтану керек болады. 2. Орталық комитеттің аз санды ұлттардың мәдени-ағарту істерін дамыту, әсіресе, Шинжияң районының оқу-ағарту саясатына арналған нұс­қауын абайлап біртіндеп қана жүргізу. Сауатсыздықты жоюға ба­ғыт­тап, мектептегі оқушылардың санын көбейтуді дәріптемеу керек. Оған сылтау ретінде ұлттық мұғалім, оқу материалдары т.б. жетіспеушілігі айтылуы керек. (Қазақшалаған – мен Ә.Д.) Қадірлі оқырман қауым, Шин­жияң­ды азат қылып, халқын теңдікке, бейбіт гүлденуге қамқорлық жасау үшін кел­дік деп әлемге жар салған қызыл қытайдың коммунистік партиясының шын сиқы, бет-пердесі осы болатын. Осындай сұмдық айла-шарғымен зымиян ішкі мақсат-мүддесін, нақты іс-әрекетін көріп-біліп отырған Жағда Бабалықтар не істеуі, нені істемеуі керек екенін кімнен сұрауы керек еді? Олар қытайға, қытайлар бұларға ешқашан сеніп, дос-одақтас бола алмасы анық қой. Қытай өкіметі айыптап отырған адамдар іске асуы мүлде мүмкін емес сая­си ұранмен іске кірісе қояды деу ақылға сыймайды. Өйткені, Екінші дү­­ниежүзілік соғыста жеңімпаз атанып, жарты әлемге өктемдігін жүргізіп отырған Кеңестер Одағы Қазақстандағы қазақтарды, Моңғолиядағы қазақтарды Жағда бастаған 5-6 қазақтың қолына бере қояды деп ойлау ақылға сия ма? Сол айқын шындықты, нақты жағдайды көріп-біліп отырған Жағда Бабалықтар сонша аңғал немесе саяси соқырлар емес еді. Кеше ғана жалауы жығылып, басшылары қастаңдықпен өлтірілген Шығыс Түркістан Ислам жұмһұрятының аянышты тағдырына куә болған полковник, үш аймақтың әкімі, министр болған Жағда ондай ұрыншақ, ойсыз, санасыз адам емес екені баршаға аян. Қытайға ұнамай тұрғаны «үш отау» ұраны емес, қолда бар азды-көпті билік құзіретін пайдаланып, Автоном облыстағы қазағына тиімді, үтір пайдалы іс істегісі келгенін кешіре алмауында болып отыр. Қазақ пен ұйғыр арасына әдейі от жағып өшіктіру үшін «белдеу жау» дейтін саяси қалпақты да қолдан жасаған болатын. Қытай саяси разведкасы ойлап тапқан осы «саяси қалпақтың ақ-қарасын айыра алмай немесе Жағда Бабалықовты мақтап-марапаттаудың жөні осы екен дегеніме американдық Джордж Мосли «Китайско-Советская культурная граница Или-Казахский автономный округ» деген кітабында, Қытай отына май құйып жібергенін білді ме, білмеді ме, ол былай деп жазды: «Іледегі қазақ басшылары, округтан ұйғырлар мен қытайлықтарды ығыстырып шығарып жіберу арқылы жекедара қазақ мемлекетін құрмақ болды. Іле округі халық комитетінің төрағасы, ұлты қазақ заговордың жетекшісі Жағда (Jahoda) былай деп жар салды: «қытайлар біздің шалғайдағы жауымыз, ұйғырлар – белдеу жауымыз». Ал, кеңестер одағын ешбір анықтамасыз-ақ «одақтасы ғана емес – досы ретінде бағалады» – деді (71 б.) Жағда Бабалықтың 46 папкаға жинақ­таған қолжазбаларында талай реткі әңгі­мелерімізде Жорждың бұл сөзін растайтын ешбір сөз жоқ болатын. Білместік, сырттай тон пішу немесе саяси ұрандарға үн қосу үшін ай­тылған мұндай сөздер «Жағда Бабалық кертартпа блогы» дейтін айыппен жазаланған адамдар тағдырына кері әсер етті. «Үш отаудың түтінін бір жерден шығару» дейтін саяси қалпақ туралы қосымша айтарымыз мынау: Кеңестер Одағы мен қызыл Қытай­дың саяси разведкасы ойлап тауып, миллиондаған жазықсыз түркі халықтары азаматтарын «пантүркист, панисламис­тер» деген айыппен қырғынға ұшырат­қаны аздай, енді оған «үш отаудың түтінін бір жерден шығармақ болған» ата жауларды іздеп тауып көзін жою науқаны қосылды. Жоғарыда атап өткеніміздей «үш отауды да» қолдан жасаған КГБ-ның сая­си шеберханасы екеніне айғақ болар бір тарихи дерек көзі кейінгі жылдары пайда болды. 2007 жылы «Арда» бас­пасынан шыққан «Оспан батыр» жи­нағына енгізілген моңғолиялық Соян Қажыбайұлының «Ісләмұлы Оспан батыр» атты естелігінде былай деп жазылғын: «...Мен 1935 жылы Моңғол өкіме­тінің ішкі істер органынан мынадай тапсырма алдым... Оспан қазақтың алаш партиясымен байланыс жасайды екен. Солардың тапсырмасымен моңғол, қытай, Қазақстандағы қазақтардың басын қосу немесе үш отаудан бір мемлекет құру туралы тапсырма алыпты, соны анықта». Мен Оспанның жанында екі жыл жүріп, нақты мәлімет ұстай алмасам да, Әлихан Бөкейханов: «Түбі телім болған қазақтар басын қоспай қазақ – қазақ болмайды» депті дегенін бірнеше рет естідім, Ошың (Оспан) сырын ішке сақтайтын адам еді». Осынау тамаша естеліктен «үш отау» жырының авторы Кеңестік саяси барлау органдары екеніне күмән қалмайды. Әйтсе де, 1935 жылдарда Алтайдағы ұлт-азаттық қозғалысына басшылық жасағандардың арасынан бір ғана Оспан Ісламұлын атап көрсетіп еді деудің уақыт аясына сия қоймайтыны ойландырады. Ол тұста Оспан әлі таныла қоймаған көп жас батырлардың бірі еді. Дегенмен, дәл қазір бізге керегі «үш отауды» саяси айналысқа салған ойыншының кім екенін анықтауға тигізер пайдасы орасан. Бұл жөнінде ізденген зерттеуші Мұ­хан Исахан деген азамат Соян ақса­қалдың естелігінен әсерленіп «Түр­кістан» газетінде (9 қаңтар. 2009) «үш отау» ұйымы туралы көлемді мақала жариялапты. Онда «үш отау» ұйымын құрушы (1938 жылы Алтай аймағы, Буршын ауданында туылған) Қызырбек Орал екені, 1969 жылы ұсталып, 1970 жылы Қытай өкіметі жағынан ату жазасына ұшырағаны жазылған. Осы қайғылы оқиғаны мен де жақсы білуші едім. 1966 жылы Қытайда басталған аты шулы «Мәдениет революциясы» деген екіжүзді науқан тұтастай 10 жылға созылып, диктатор Мау өлгеннен кейін әрең тоқтады. Халық басына түскен орасан зор апатты науқаннан әбден мезі болған Шинжияңдағы жергілікті халық ішінен шыққан отаншыл азаматтар 1967 жылдан бастап зұлымдыққа қарсы тұратын астыртын ұйым «ХИП» (халық ынқылави партиясы) төңірегіне топтала бастады. Бұл күндері құпиялығы қалмаған сол ұйымға мүше болғандардың әрі басшылық жұмыстарына араласқан адам ретінде айтарым: Алтайда құрылған ұйымның аты «үш отау» емес, «ХИП» партиясының «Алтай бюросы» деп аталатын. Оның тікелей басшысы 1969 жылы Моңғолияға аман-есен қашып өтіп, 1993 жылы Қазақстанға оралып, 1997 жылы Алматы түбіндегі Райымбек ауылында қайтыс болған Сейтхан Әбілқасымұлы Ақбаев болатын. Қызырбек марқұм Секеңнің орынбасары еді. Аса талантты ақын, ержүрек отаншыл азамат ретінде жастай танылған еді. Жасырын ұйымға сұғы­нып кірген сатқынның кесірінен ұсталып атылған 6 боздақтың бірі Қызырбек болатын. «ХИП-тың» бағдарламасында «үш отау» деген сөз атымен болмаған, тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін құру басты мақсат етілген. Ол ұйым – ұйғыр, қазақ, моңғол, қырғыздарды негіз еткен интернациал ұйым болған. Ал, бұл жағдайдан хабарсыз журналистер мен әуесқой із­денушілер аузымен таралған «үш отау» жырының Алтайдағы жаңғырығын қазақ­стандықтар қайталап жүр. Мені «үш отау» атауына, оның тарихи мән-маңызына қарсы адам екен» деп айыптағысы келетін «әсірешілдер» болмай қалмас, сол бір бейкүнә «үш отаудың» шаңырағы астында қырғын тапқан боз­дақтар аруағына тәу ете отырып, түрік халықтарының тарихи қас-жауы орыс пен қытай саяси жазалаушы орындарына лағнет айтып, бүгінгі замандастарымызды қырағылыққа шақырғым келеді. Түйіндей айтар болсам, қытай сонша өшіккен, аяусыз жазалап, қудалаған Жағда Бабалықовты, кезінде Кеңестер одағының досы есептеген Жәкеңді 1992 жылға дейін 40 жыл бойы КГБ неге бақылап, неліктен әр қадамын аңдыды екен деген шемен сұрақтың жауабы «үш отаудың түтінін бір жерден шығармақ болды» дейтін империялар үшін аса қорқынышты, қауіпті «қылмысынан іздегенде табыларына көзім жетті. Қанша шым-шытырық, қанша жалаулы, алаулы тарихи оқиғаларды зерттеу-зерделеуде шындықпен бетпе-бет келуге, барды бардай, жоқты жоқтай нақтылау керек болады. Жеке ындынға, әсершіл әсірешілдікке, жершілдік пен рушылдыққа бой алдырып тарих жазуға, тарихи тұлғаларға баға беруге әсте болмайды, ағайындар! Ал, жер мәселесі, тіл, дін, мәдениет, кадр мәселесі жөніндегі қытайлық айыптаулардан ілгішек табуға болады. Жағда Бабалық басқарған Іле қа­зақ автоном облысы аумағында діл сол көкейкесті мүдделер үшін жан алып, жан беріскендей айқастық болып жатқаны тарихи шындық болатын. Оған бір ғана мысал келтіре кетсем, Жағда Бабалықтың ерлікке толы тұлғасы асқақтай түсеріне кәміл сенемін. 1996 жылы 21 маусымда Дүйсенбек Әлханов деген Қытайдан келген ауылда тұратын ақын жігіттің өкпелі хатына берген жауабына назар аударып көрелік. «Дүйсенбек! 1956 жылы бізді Үрім­­­жіден арнайы шақыртып алып, бір-ақ рет қабылдадыңыз да, Ахмет­қали Бітімбаевтың қарауына қалдыр­ғаны­ңызды ұмытқанымыз жоқ», – деп өкпелі сыңай танытқаның маған ұмыт қалған, жазылмаған бір беттің сырын аштырып отыр... Сендерді арнайы шақыртып алып, мәсе­лені қысқа қайырғаным рас еді. Оның себебін елу жыл өтсе де, саған түсі­ніксіздеу болса да, қысқаша аша кеткенім жөн сияқты. 1952 жылдан бастап қытайлар «Қытайдағы қазақтар басқа ұлт, Қазақ­стандағы қазақ басқа қазақ, басқа ұлт, екеуі екі ұлт» деген теориясымақ жасады да, оны іске асыру шараларына кірісе бастаған алғашқы кезеңдер болатын (Бұл жөнінде мен анықтама беру керек екенін ескерте кеткім келді). 1956 жылы Қытай коммунистер пар­тиясының Орталық комитеті «Қытай мемлекетіндегі барлық аз санды ұлттар өздерінің бұрынғы қолданып келген әріптерін тастап, барлығы бірдей латын әрпіне көшірілсін. Латын әрпін қабылдау тәсілі қытай тілі ырғағына ықпалданып, бейімделсін. Бұл аз санды ұлттардың келешегінің жарқын бейнесі болмақ» деген нұсқау түсірген болатын. Осы нұсқауды сендердің түгел­дей оқып талқылағандарыңды мен біле­мін. Нұсқау Бейжинде өткен тіл-жазу жиналысында бір ауыздан мақұлданды да, бүкіл өлкелерге таратылды. Шыңжаң өлкесіндегі аз санды ұлт өкілдері қарсылықсыз қабылдады. Ол жиналысқа мен де қатысып келген болатынмын. Енді, Қазақ автоном облысында Орта­лықтың нұсқауын іске асыруға байланысты тіл-жазу жиналысын ашып қаулы-қарарлар шығару қазақ зиялыларының міндеті болып қалды. Орталықтың нұс­қауын бұлжытпай қабылдау – қазақ ұл­тының мың жылдан бері қолданып кел­ген араб әрпімен жазылған қазақ мәде­­ниетінің қазақ ділінің, дінінің, тілі­нің рухани қазынасының тамырына балта шабу деген сөз. Оның зардабын Қазақстандағы қазақтар аз тартыпты ма? Аз санды ұлттардың ұлттық мәдениетін, тарихын жоққа шығаруда орыс пен қытай шовинистері бірінен-бірі асып түсіп жататыны жасырын емес. Кейбір айла-тәсілдері орыс шовинистерінің қолынан келмейтін, орыстар ойлап та көрмеген сұмдықтары аз емес еді. Қытайдағы қазақтар араб әрпімен де, латын әрпімен де кейінгі жылдары кириллица әрпімен де сауаттанып, оқып-жазуға дағдыланып қалғаны белгілі. Мұның басты себебі – ондағы қазақтар қашан да Қазақстанды «Қыбланама» қылып келгендігінде. Қытайлар мұны жақсы біледі. Сондықтан, осы туыстық қатынасты мүлде үзіп тастау үшін, ақылға сыймайтын «екі қазақ – екі басқа ұлт» дейтін сандыраққа сендірмек болды. Дүниежүзіне тарыдай шашыраған қазақтардың, әсіресе, жоңғар қазақ­та­рының арқа сүйері, тыныс-тіршілі­гін­дей болған Қазақстаннан қол үзіп, көз жазып қалу қаупі төніп келе жатқанын ойлағанда, жанымыз шырқырап кеткені рас еді. ...Осындай тұйыққа тірелген кезде ақыл-кеңес, айла-амал көрсетер, ой салар дос-жар, ақылшы іздегенім де рас болатын. Ақыл-арқан, ой-өріс, адам – қазық» деген халық даналығын арқаланып, суырылып шығып, қасқая қарсы сөйлей алатын ер қазақты іздедік. Нақтылап айтқанда, осы бір сын-сынақта қалай арандаса да өкінбейтін адам іздеп шарқ ұрдым. «Ел-жұрт көнбей жатыр» деуге жа­рарлық сылтау іздедік. Сол оймен аузымен құс тістеп, қарада қасқыр соғады-ау деген дәмел жастарды жинап әкелдік. Алтай, Тарбағатай, Үрімжі, Бұратала, Іле аймақтарынан атын атап, іріктеп тіл жазу жиналысына арнайы шақыртқаным рас еді. Оларды өзім бөліп-бөліп, үзік-үзік қабылдап сыр тартып көрдім. Тіл-жазу тағдырына, елінің тағдырына байланысты ой-пікірлерін, ой-әуендерін, көзқарастарын білгім келді. «У ішсең руыңмен» дейді қазақ, біргелесіп у ішісетін азамат іздедім. Амал қанша, еңбегім, үмітім ақтал­мады. Саяси тұмылдырық кигізіл­ген жас­тардың езіліп-жаншылғаны сонша, бір жарым айға созылған ұлы жиналыста Орталықтың жолсыз нұсқауына қарсы бір де бір адам пікір айта алмады. Осы бір ауыр кезеңде тұрғанда айналайын Дүйсенбек сен де бар едің ғой. Сонда өзің не ойлап едің? Неге суырылып шықпадың? Қара жерге отырғандай мысым құрып, жалғыз қалдым. Одан не пайда? Жиналыс бірыңғай араб әрпін тастау, латын әрпін қабылдау, жасалатын жаңа әріпті қытай тілі заңдылығына бейімдеу туралы ағыл-тегіл сайрап у да шу болып жаттыңдар. Енді, менде сылтау да, сөз де, тиянақты ой да қалмады. Тек бір-ақ нәрсе «жалынғаннан жан қалмайды, жағаласқаннан жан қалады» дейтін баба қазақ сөзі ойыма орала берді. Енді бір күн болса да қолымда тұрған әкімшілік билікке арқа сүйеп, тәуекелге жалғыз баруға бекідім. Бұл ақыл тапқандыққа да, ерлікке де жатпас. Тек жан қысылғандағы соң­ғы тұяқ серпу екенін білемін. Бар тап­қаным: «...Орталықтың нұсқауын орын­­дамауға болмайды. Араб әрпін тас­­тайық, латын әрпін зерттейтін маман жоқ. Қай әріпті алу қазақ ұлтының өз еркінде болуға тиісті. Біз уақытша Қазақстанда қалыптасқан кириллица әрпін ала тұрамыз» деп, болымсыз сылтау айтып, жиналыс қаулысын шығартқаным есіңде болар. Сол кездегі Қытай саясаты жағдайында менің осындай өрескел саяси авантюрама қарсы шыққан қытай да, ұйғыр да, қазақ та болмағаны мені осы күнге дейін таңдандырады. Менің аяқ астынан өзгерісімді сезініп, естерін жиғанша жиналыс та аяқталды. Бірақ, жиналыстан кейін қытайлар алдымен шу шығарды. Ал, американдықтар болса, «Орталықтың нұсқауына мемлекет бойынша қарсы шыққан жалғыз адам – Жағда, ол қытай үшін аса қауіпті адам» деп жар салғанын кейін білдік қой. Осы арада ол туралы қосымша анық­тама бере кетуді жөн көрдім: Аме­риканың Гарвард университетінің профессоры Джордж Мосулдың «Китайско-Советская культурная граница. Или-Казахский автономный округ» (Центр по исследованию Юго-восточный АзииГарвардский университет. США. 1966 год) кітабының орысша аудармасынан Жағда Бабалықовқа қатысты 60 бетін қазақшалап, ІV-кітапқа бергелі отырмыз. Американдықтар жақтаймын деп Жәкеңнің саяси тағдырына қанша залал келтірерін ойламаған болса керек. Бірақ, тарих үшін, бүгінгі Тәуелсіз қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртуға Жағдадай алаш ардагерінің сол бір қиын кезеңде халқының тағдырына ара түсіп басын бәйгеге тіккенінен хабар таптырғаны үшін рахмет айтуға тиіспіз. Өткен ғасырдың 1937-1938 жылдар­дағы қан қасаптан есеңгіреген қазақ зиялылары Мәскеушіл шолақ белсенділердің белсенділігімен бір-ақ күнде енгізілген кирилл әрпіне қарсы дауыс көтеруге дәрменсіз болып қалғанын халық ұмыта қойған жоқ. Айналдырған 40 жылда әріпті үш рет өзгертіп, айды аспанға шығар­ғандай жалаулатқанымыз «Мәдени революция» деп дабырлатқанымыз кеше ғана. Енді, 4-реформа босағасында тұр­мыз. Жалпы, әріп реформасы деген халықты естен тандырып, ассимиляциялаудың ең оңтайлы саясаты болып келді. Жүздеген бөгде халықтардан құралған, жүздеген жылдарға созылған жат-бөгде халықтан шыққан патшалар билеген бүгінгі Қытайды жойылып кетпей, керісінше басқаларды өзіне сіңіріп, қытайландырып жіберген, 5000 жыл бойы үздіксіз қол­даныста болған қытай иероглифі-әрпі болатын. Әріппен, жазумен ойнауға, саясат үшін құбылып желпілдеуге әсте болмайтынын естен шығаруға болмайды. Біз сөзін сөйлеп отырған Жағда Бабалықтың тіл туралы, жазу туралы, оны мемлекеттің – ұлттың бар, не жоқ болу сияқты шешуші рөлге ие аса ділгір мәселесі екеніне арналған жазбалары, өкініштері, өсиеттері, ұсыныстары өте көп.

***

«Кириллицаға бұрын көшкен Қазақ­стан­дағы қазақтардың да шекесі қы­зып тұрмағанын біліп жүрдік. Алайда соны біле тұра оған жармасуымыз – Қазақстаннан қол үзіп қалмау үшін жасалған далбаса болса да, бір то­л­­қытып, халыққа-ұлтқа ой салу ниетімізді көрсетіп қалдық. Мен қашан өкімет басынан кеткенше, Іле қазақ автоном облысы аума­ғындағы мектептер кириллицамен оқыды. 1956 жылғы осы оқиғаның барлық зардабын, дертін 1958 жылғы бүкіл Қытай бойынша жүргізілген «оңшыл-ұлтшылдыққа қарсы алып барған сая­си күрес тұсында мықтап тарттым. Менің саяси тәуекелге жалғыз барғаным да дұрыс болған екен. Тіл-жазу жиналысына арнайы шақырылған жастар түгел аман қалды. Соның бірі сенсің. Дүйсенбек бауырым, содан бері 50 жыл өтсе де, ұмытылмай ойыңда қалған, өзіңше өкпе артып, дық сақтағандай болғаның мені қапа­ландырды. Халқыма жақсылық жасаймын ба деген талпынысымды жауларым қалай даттаса да хақылы, сен сияқты азаматтардан ондайды күтпеген едім. Ал, Дүйсенбек! «Аға –бауыр, іні – тас» дейді дана қазақ, мен аға күйінде қалам, інілік ерік сенде.

Құрметпен: Жағда Бабалықұлы 21.06.1996. Алматы.

***

Бұл күндері баспасөз бен интернет парақшаларында – Жағда деген кім, Оспан батырды жазалатқан құныкер деп аруақты күңірентіп жүрген бей­ауыз­дардың сандырақтарынан хабар­дармыз. Оспан батырға қатысты сөзді бастамас бұрын, жоғарыда үзінді кел­тірілген хаттан Жағда Бабалықтың алаш арыстарынша арпалысқан ерлі­гіне, аса көрнекті қоғам-мемлекет қайраткері екеніне бір дәлел боларына кәміл сенемін. *** Өткен ғасырдың алғашқы жартысында Кеңестер одағы мен Моңғолияның, гоминдандық Қытай мен кейінгі ком­мунистік Қытайдың, 1945-1949 жылдар аралығындағы Шығыс Түркістан (қытайша үш аймақ уақытша өкіметі) өкіметінің басын қатырған, оған амери­кандықтардың араласуынан хабары бар, саяси сауатты, адал ниетті қазақ азаматтары халықаралық даулы тұлғаға айналған Оспан батырдың тағдырын сол тұстағы көп мансаптылардың бірі Жағда Бабалық шеше салды дегенге сене қоймайтынын білсем де, жалалы сөздің, өтірік өсектің күні туып тұрған заман шындығын ескеріп, оған кеңірек тоқталуды қажет деп таптым. Оспан Исламұлының өмір тарихы жөнінде жазылған ресми құжаттар мен көркем шығармалардағы шындықтар тым бір жақтылы даттаулар немесе бір жақтылы асыра мақтаулар нөпірі астында қалып жатқандай. Шын мәнінде қытайлар күні бүгінге дейін ақтамай «Оспан банды» деген айып тағып келгендей қылмыскер емес, халқының – Отанының намысын қорғап, ереуіл атқа ер салған нағыз халық батыры – ХХ ғасырдағы қазақ батырлық-ерлік дастанының соңғы кейіпкері еді. Жалпы, қазақ ұлтының, қазақ ұлт-азаттық қозғалыстарының ақырғы жау­жүрек батыры екендігінде дау жоқ. Алайда, Оспан Исламұлының сол бір қан кешкен аласапыраңды заман бағдарын, геосаясаттың тактикасы мен стратегия­сын айқындауға сауатының жетпегені қытай мен орыс, америка разветкасының әзәзіл ойындарының құрбанына айнал­ғанын, сол барыста көптеген қателіктерге ұрынғанын да ескеруіміз қажет еді. Ос­паннан мінсіз көреген көсем, айлалы саясаткер, білгір дипломат жасау тым ұшқарылық болар еді. Төрт жағын бірдей аса қуатты, әрі қатігез империялар қоршап тұрғанда, азғантай Абақ, Керейге хан болып, ақ киізге отырғаннан ештеңе шықпасын біле алмауы өкінішті, һәм аянышты. Қолда бар бүкіл жазба деректерді жайып салғандай болсақ, бізді айыптауға ешкімнің де дәті бармас еді. Оспан көзсіз батыр, алған бетінен қайт­пайтын ержүрек күрескер ретін­де тарихта аты қалды. Ал, ет пен сүйектен жаралған адам ретінде қа­рас­тырғанда, айтылар сөздегі қара­ма-қайшылықтардың болуы табиғи нәрсе. Оспан батырдың қайғылы қазасы жөніндегі шындық туралы айтарымыз мынау: 1949 жылдың 20 қазанында Шығыс Түркістан жеріне бір тал оқ шығармай кірген қызыл қытай армиясы өте қысқа уақыт ішінде Жоңғар даласы мен алты Шаһардың негізгі стратегиялық орындарына ба­қылауын орнатып, тек Оспан батыр бақылауындағы Алтайдың жан-жағын торуылдап, үлкен шайқасқа дайындалып жатты. Сонымен бірге, қазақ-ұйғырдың белгілі адамдарынан топ құрап, Оспан батырды бейбіт келісімге шақырған болып алдарқату саясатын да жалғастырды. Дәл сол аралықта Американың Үрімжідегі консулы Маккернан да жанталаса әрекеттеніп, Оспанды қарулы көтерілісті жалғастыруға көндіріп, оған Американың жан-жақты көмек беретініне сендірмек болды. Батыр аңғал деген рас қой. Оспан батыр оған шынымен сеніп, Моңғол шекарасында аты шулы «Бәйтік» қанды оқиғасына арандады. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясымен де талай рет әскери қақтығыс жасады. Екі қазақтың қаны судай ақты. Қазақтың жаулары Оспан батыр мен Шығыс Түркістан ұлттық армиясының арасын ашу үшін найман-керейлер өшпенділігін қолдан жасады. Оспан батырға ерген Абақ, Керей мен Шығыс Түркістан өкіметі аумағында тұратын наймандарды қанды қақтығысқа ұрындырудың салдары аса аянышты болды. Күні бүгінге дейін Оспан батыр қазасын наймандардан – Жағда Бабалықтан көретін саяси соқырлар, рушыл көзқамандарға қару – факті ретінде қолданыстан түспей келеді. Шыңжаңға кірген Қытай қызыл армиясының бас қолбасы, аса қатігез генерал Уаң Жың «Егер Оспан батыр бейбіт келісімге келсе, оған қандай мәміле жасар едің деп сұрағандарға: «Оған екі метр жер беремін», – деп жауап берген. Демек, Оспан батырға берілер аяусыз жазаның өкімін 1950 жылдың өзінде генерал Уаң Жың шығарып қойған болмай ма? Осы арада, 1950 жылдардағы қытайдың жазалаушы заң жүйесі туралы Жағда Бабалықтың өз жазбасы бойынша анықтама бере кеткенді пайдалы көрдік. «...1950-1952 жылдардағы «халық соты» тек өкімді орындаушы орган болды. Гүң Әнтиң (КГБ) мен әскери барлау органдары тергеуден өткізген соң, сол саланың партия ячейкалары қарап шығып, қорытынды пікірлерін өзінен бір дәреже жоғары партия органдарына бекіттіреді де, өкімді орындай береді. Соттың оны бұзуға құқығы жоқ болатын. Аты шулы Оспан батыр дегені де дәл солай орындалды. «Өлкелік халық соты» дегеннің бастығы, сол кездегі өлкелік өкімет бастығы Бұрхан Шаһиди еді. Оспанның тағдырын «халықшылдық негізінде халық соты шешті» дегенді жалаулату үшін, сот барысындағы тергеусымақты қалай ұйымдастырғанына назар аударып көріңіздер: 1. Шинжия өлкелік халық соты. 2. Үрімжі аймақтық халық соты. 3. Үрімжі қалалық халық соты. 4. Қытай халық-азаттық армия­сы­ның 1-6- дала армиясы соты. 5. Бесінші корпус (қайта жасақ­талған) бұрынғы ұлт-азаттық армия­сының әскери соты. Сот залында осы бес орынның бес столы болды. Оның әрбірінде 4-5 тен адам бар. Сұрақшылар сұрағын кезек-кезек қояды. Бірінің сұрағы қойылып, оған жауап беріп жатқанда, столда отырғандар жабыла қағазға түсіріп жатады. Жоғарыда атап өткенімдей, бері­ліп жатқан сұрақтар дегеніміз – бұ­дан бұрынғы тергеу орындарынан жібе­рілген сұрақтар болатын. Сондай-ақ, залдағылар тағы қандай сұрақ қоямын десе ерікті делінді. Ондай ұсақ сұрақтар саны көп-ақ. Сол көп сұрақтардың қағазға түс­кен ұйғыр тіліндегі бір нұсқасын керек болар-ау деп амалын тауып, сыртқа алып шығып едім. Түп нұсқа құжат ретінде менің жеке қорымда сақтаулы тұр. Солардың ішінен бірнешесін алып, атап көрсеткім келеді. 1. Өкімет пен партия қайта-қайта адам жіберіп райынан қайтсын. Елді артынан ертіп тоздырмасын. Бұрынғы істері қуғындалмайды – деп уәде беріп жатқанда, неге қару тастамадыңыз? Жауап: Сенбедім. Сене алмадым. 2. 11 тармақты бітімнен кейін, тыныш жатқан үш аймақ жеріне неге шабуыл жасадыңыздар? Жауап: Бір сайтанның азғыруы болды. Оның өкініші көп болды ғой. 3. 1947 жылы 24 қыркүйекте Қапас батырдың адамдары қолға түскен «үш аймақ» әскерлерінің ішінен Керей балаларын бөліп алып, қалғанын «Найман болғаны үшін» бір орында 232 жас шеріктерді түгел қырып салғанын білесіз бе? Жауап: Білем. Сол үшін Қапасты атуым керек еді. Қисыны келмеді. Өкі­нішті... «5 корпус» сұрақшыларының бірі қайта-қайта «Батыр» деген сөз­­ді қайталай берген соң, соған ша­мырқанған Ошың – «Ей сен неге қайта-қайта «батыр» деп қолпаш­тайсың, батырлығымды көргің келсе, мені босат, астыма ат, қолыма қару бер, кәнеки? – деп күркіреді. Кейінірек, Оспан батыр атылардан бірнеше күн бұрын жеке жолығуға рұқсат алып кездескенде: Қолға түсер сәтте мылтықта оқ бар ма еді? – деп сұрадым. – Бар еді, – деді. – Неге атысып өлмедіңіз? – дедім. – Сол жері, әттең, қапы кетті, – деді күмілжіп. Мен орнымнан тұрып, теріс айналдым, тамағыма бір нәрсе тығылып қалғандай болды, көзімді сүрттім. Алып барған көйлек-дамбалды, түрме тәртібі бойынша кигізіп едім, көйлек киілмеді. Уақытым бітіп қалды, қош айттым. Кездесу барысында сұраған тағы бір сұрағым есіме түсіп отыр. Оны да айтпасам болмас: – Гоминдаң өкіметінен Шығыс Түркістан өкіметі арасындағы «11 тармақты бейбіт келісімнен» кейін, жалыны сөніп, азаттық арманы жеңіліске ұшырап, туы жығылған «үш аймақ» халқына не өкпеңіз бар еді? Жауап: Бір сайтанның азғыруы болды. Екі қазақ бірін-бірі қырды, оған сайтанның несі кетті!..

*** Батыр лағнаттап отырған Сайтанның кім екенін бұл күндері көп адам біледі. Бірақ, сол қанды қол сайтан салған лаңның зардабына Оспан Исламұлының қаншалық қатысы бар екенін айтқысы келмей, Оспаннан мінсіз, күнәсіз періште жасағысы келетін тыраштыққа түсіну қиын-ақ. Аңғал батырды, әрі жайлауын жау, қыстауын қар алғандай төрт жағы қор­шалып, амал-айласы, күш-қуаты сарқыла бастаған батырды азғырушы «Сайтан» біреу-ақ емес болатын. «Жайлауын жау, қыстауын қар алғандай» төрт жағы қоршалып, амал-айласы, күш-қуаты сарқыла бастаған батырды азғырушы «Сайтан» біреуі Американың Үрімжідегі бас консулы Пакстон 1949 жылдың сәуірінде Шонжы жерінде отырған Оспан батыр аулына барып, коммунистерге «үш аймаққа» Кеңес өкіметіне қарсылықты күштерге, керекті көмек берілетініне сендіріп қайтады. Сол жылдың қыркүйегінде Баркөл маңында Оспан батыр ауылына барған Пакстонның орынбасар консулы Маккернанның сөздері тіпті нығыз, сенімді естілетін еді. ...Коммунистер келіп қалды. Енді, бұл жерде тұруға болмайды. Сендер енді Жолбарыс, Жәнімхан, Хан сыжыңдармен бірлесіп, коммунис­тердің қызыл армиясын Шиңжаңға кіргізбеңдер. Сендерге біз самолет арқылы жәрдем береміз. Жақында 3-дүние ұрысы болады. Сол 3-дүние ұрысы басталғанша сендер берілмей шыдаңдар. Біздің самолеттер қандай жер болса да қона береді... Солай болса да, біз құрал-жарақ жәрдемімізді көбінше Тибеттің астанасы Лыхасадан береміз. Сол жерде біздің дайындаған әскери күшіміз бар. Сондықтан, алға қарай, Чин Хай, Тибетке жылжиық. Американың сондай жәрдемі тұрғанда, сіздер еш нәрседен қорықпаңыздар. Айса Бек, Мәмет Иминдер Пакистанға жетіп барды, ол сол жерде тұрып, Түр­кия, Американың әскери жәрдемін алып, Қашқар жақтан шабуылға өтеді. Америка консулы Оспан мен Жанымханды Америкаға апарып, халықаралық зор жиналыста қазақтар құқын қорғау туралы дүнижүзіне жар салғыза аламыз, – деп те желіктіреді. Бірақ, Оспан батыр желіге қоймайды. Маккернанның мақсаты, қайткенде Оспанды пайдаланып, ат-көлік, жол бас­таушы алып, шекараға жетіп алу екені айдан-анық. Батыр оған 20 ат, төрт жол бас­таушы жігіттерін беріп, шығарып салады. Осылардың бәрін Оспан батыр тергеу комиссияларына толығымен баяндап берген болатын. Аңғал батыр осы сайтандардың әп­санаға бергісіз уәделеріне сеніп, соңғы күндерге дейін қарсылығын жалғастыра берді. Қалибек әкімнің шақыруына да құлақ аспай, Чиңхай жерінде қалып, Американың қару тиеген самолеттерінің келеріне үміт арта берген сияқты. Осы арада, Оспан батырды сендірген аме­рикалық консулдардың сөздерінде тарихи шындық та болғанына дәлел ретінде әр ел зерттеушілері мен барлаушылары жариялаған мәліметтерді де келтіре кету керек екені байқалады. Мәселен: 1949 жылы жазда Мәскеуге Қытайдың құпия делегациясын бас­тап барған Лю Шаушимен кездескен Сталин былай дейді: «Шинжияңға ие болуды кешеуілдетуге болмайды. Өйткені, сәл жайбарақаттықтың өзі, ағылшындардың Шынжияң оқиға­ларына араласуына әкелуі мүмкін. Олар коммунистерге қарсы азаматтық соғысты жалғастыру жөнінде мұсыл­мандарға сондай-ақ үндіс­тандық мұ­­сыл­мандарға да дем беруі ғажап емес» дей келіп, «сіздер Ма Буфаңның (Солтүстік батыс Қытайдағы гомин­даң әскерінің қолбасы) күштерін асыра бағалайсыздар, оның қолында тек кавалерия ғана, оны артиллерия күшімен өте оп-оңай құртуға болады. Егер, қаласаңыздар, біз сіздерге бұл кавалерияны быт-шыт ететін 40 истребитель беруге әзірміз» дейді. Ол сөз арасында Шинжияңға әскер кіргізуді 15 күн кешіктірсеңдер, Шинжияң мүлде қолдан кетеді деп, қытай қызыл армия­сын Үрімжіге дейін орыс ұшақтары мен машиналарын жеткізуге бұйрық бе­реді, тіпті, Шинжияңға жеткізілген қытай армиясына қажетті автокөліктерге керекті жанар май мен азық-түлікпен де қамтамасыз етеді. Сөйтіп, Сталин айтқандай Ма Буфаңның 40 мыңдық кавалериясын талқандап, Шинжияңдағы 100 мың адамдық гоминдаң армиясын Пакстон мен Маккернан берген уәделердің быт-шытын шығарды. Оспан батыр Шиң хай даласында қорғансыз, көмексіз қалды. Батырдың соңына түскен қытай қызыл армиясы 1950 жылы қолға түсіріп, 1951 жылдың 29 сәуірінде Үрімжіде ату жазасына бұйырылып, өкім сол күні орындалады. «Тағдырдың тәлкегі дейміз бе?», әлде отаршыл империялардың шағын ұлт мемлекеттер тағдырын саяси ойынға айнал­дырған зұлымдықтарының Шығыс Түркістан жерінде тағы бір қайталануы дейміз бе, 1938-1950 жылдар аралығында Сталин мен Жаңкайшы, Маузыдұң қолымен істелген сатқындықтар мен қанды қырғындар тізбегі адамзат тари­хының қаралы беттері ретінде көз алдымызда көлбеңдейді. В.И.Сталин өз қолымен қозғап, қару­ландырған Оспан батырды да, бір жыл соңынан қалмай үгіттеп, сен­діріп Құлжадағы ұлт-азаттық көте­рілісін босатуға көндірген Әлихан Төре Сағұниды да, өздері арнайы тәрбиелеп, шекара асырған Ахметжан Қаси­ми бастаған Шығыс Түркістан уақытша өкіметі басшыларын да жер жас­тандырғаны бұл күндері құпия емес. Бақытсыз Шығыс Түркістан халқы содан бергі жарты ғасырдан аса уақыт ішінде қытай коммунистерінің үздіксіз жүргізген саяси террорының құрбаны болып, ондағы ұйғыр мен қазақ ұлт ретінде жойылып кету шегінде тұрғанын көре-біле тұра, тарихтың ащы сабағынан дұрыс қорытынды шығармай, азаттық жолында шаһит кеткен аруақтар құлағын шулатып жүрген отандастарымды аяймын, әрі намыстанамын. 93 жылдық саналы ғұмырын қа­зақтың азаттығы мен бостандығы жолындағы күреске арнаған, бейбіт уақытта ұлтының жоғалып бара жатқан этнографиялық, тілдік, салт-саналық мұраларын тірнектеп жинап, бірнеше кітап шығарған, артына том-том кітап боларлық қолжазба қалдырған аяулы Жағда Бабалық аруағымен ойнамай, 100 жылдық мерейтойын лайықты түрде атап өтуге атсалысайық, ағайын! Оспан батыр туралы әділ сөзін, адал ой-пікірін сонау 1994 жылы Жә­кең былай қағазға түсірген екен: ...Мен бұл күндері Оспанға зерт­теуші ретінде қараймын. ХХ ғасыр адамынан, әсіресе, қолына қару алған адамнан «періште де, пайғамбар да» жасағым келмейді. Шығыс Түркістан Ислам жұм­һа­риятын құрған ұлт-азаттық күрес­керлерін жамандап, Оспанды көкке көтеруге, сол сияқты шығыс түркіс­тан­шыларды аспандатып періш­телер­ге айналдыруға бола қоймас. 1940-1949 жылдар аралығындағы ұлт-азаттық қозғалысқа қазақ атаулы түгел қатынасып, зор жеңістерге қол жеткізді. Ал, 1946 жылғы 11 тармақты бі­тімнен кейін қазақ екіге жарылды. 80-85 процент қазақ «Шығыс түркіс­таншылдар» жағында қалды да, азғантай керей Оспан жағында қалды. Зерттеушілер осы тарихи шын­дықты есінен шығармауға тиіс. Кеше ғана аяспас жауы саналған Гомиңдаңдық отаршыл қытайлар жағына шығып, қазақ аралық азамат соғысы өртін тұтандыруын қалай ақтауға болады? Нақақ төгілген қазақ қанының қарызын қалай, кімнен сұрауға тиіспіз? Сондықтан, бүгінгі адамдар сыңар езуленбей, жақсылық-жамандықты да, қателік-кемшілікті де, қасірет-қайғы мен жылап-сықтауларды да бірлестіре қарастырып, қазақ біткеннің қайғысы мен қуанышы тағдыр-тәлейі бір халық екенін естен шығармағаны жөн. Оспан батыр тағдыры да осы қасі­ретті тарихтың бір жарқын тұлғасы ретінде бағалануы керек. Ұлт-азаттық қозғалыстың «Шы­ғыс Түркістан Ислам жұмһұ­рияты» әс­петтеп, ардақтаған батырлары Оспан Исламұлы, Қалибек Райысұлы, Әкбар Есбосынұлы, Дәлелхан Сүгірбаев, ұй­ғыр Ғани батыр, татар Патих Мүсі­лімдердің есімдері тарих бетінде қалды. Оларды бір-бірінен бөлектеп, бірін-біріне қарсы қойып, тарихқа қиянат жасауға болмайды. Шығыс Түркістанды тұтас қам­ты­ған 10 жылдық (1940-1949) ұлт-азат­тық күресі тарихындағы Оспан батыр қозғалысының барысын былай түйіндеуге болады: 1. 1940-1942 жылдары Ақтеке, Ырыс­­хан, Оспандардың әлсіз кезі, бірақ ха­­лықты болашақ күрестерге дайындау ке­зеңі. 2. Коминтерин мен Шойболсанның қолдауына ие болып, күшейе бастаған кезі – 1942-1946 жылдар. 3. 1946-1949 жылдары гоминдаңдық қытайдың қолдауымен қару-жарақ көмегін алғаннан кейінгі күш алып, азаматтық соғыс қозғаған ең күнәкар қаралы кезеңі. 4. 1949-1951 жылдар барлық мүмкін­діктерінен жұрдай болып, қасіретті құрбандықтармен аяқталған кезеңі. Өткен тарих үшін де, бүгінгі сол тарихты зерттеп, тарихи тұлғаларға баға бергісі келетіндерге де келешек қазақ әулетіне ащы сабақ ретінде әділ бағалануы керек деп қараймын.

27.04.1994. Қалқаман ауруханасы.

*** Зерттеуші ретінде менің бұған алып-қосарым шамалы, әйтсе де, Оспан батырды өлім жазасына өкім еткен үгіт қағазында Жағда Бабалықтың мөрі басылған. Демек, Оспан батырдың өліміне «Жағда Бабалық тікелей жауапты құныкер ретінде айыпталуы керек» дейтін жалалы сөз иелеріне айтарым – коммунистік Қытай өкіметі құрған бес бірдей тергеу комиссияларындағы 25-30 адамның ішіндегі «жалғыз қазақ аты шулы Оспан батырға өкім шығарған екен» деп ойлау, осы бір табан тіреп тұ­рарлығы жоқ көше әңгімесін баспасөзде жариялау тарих алдында да, аруақ алдында да кешірілмес күнә, әсіресе, өкініштісі, 93 жыл өмір сүріп, 2010 жылы ғана қайтыс болғаннан кейін, жерден жеті қоян тапқандай, 2011 жылдан бастап, әр жерде аруаққа шет болатын өсек-аяң таратушылар Жәкеңнің көзі тірісінде арнайы барып, өздеріне керекті түйткілдерін айтып, анықтап алуға неге уақыт таппаған? Жәкеңе сонша ауыр күнә арқалатқысы келген адамның пиғылы дұрыс еді дей алмаймын. Қытай тәрбиесін көрген сол азаматтар қытайдың «бәи шы шы, жаң даули «ақиқатын айтып, жөн-жосыққа жүгіну» дейтін аталы сөзін естерінен шығармаулары керек еді. Оспан батырды өлім жазасына кескен өкім парағына жоғарыда аталған бес тергеу комиссиясының біреуі­нің ғана аты аталған. Ол өлкелік өкі­мет бастығы һәм өлкелік халық соты­ның бастығы (ұлты татар) Бурхан Шаһиди дейтін саяси каззап болатын. Жағда Бабалық сол соттың атынан қатынасып отырған жалғыз қазақ. Қытай коммунистерінің халықты алдап, өздерінің қылмысты әрекетін бүркемелеу үшін «халық соты» соттады, өздерің соттадыңдар дегенді ишаралап отыр. Осы бір қарапайым әрі айқын қытайлық қитұрқылықты түсінбей немесе түсінгісі келмей, Алаш ардақтысы Жағда Бабалық аруағын күңіренткісі келген ағайындарға не айтарыңды білмей, дағдарады екенсің. Егер, тарихи шындық алдына жүгініп айтар болсам, Оспан батыр туралы аса құнды материалдарды жанкештілікпен жинап, бүгінге жеткізген екі адам болса – бірі, бір адам болса Жағда Бабалық болатын. Олардың ең бастылары: Оспан батырды тергеу комиссиясының түп-нұсқа материалының ұйғырша нұсқасын жасырын алып шығуы Оспан батырдың кеңсе естелігінің түп-нұсқасы мұфти Қапастың өмірбаяны, әрі оның қолымен жазылған «Дүниежүзіндегі мұсылмандар мен түрік халықтарына үндеуінің» түп-нұсқасы. Сондай-ақ, Оспан батырдың Моңғолия мен гоминдаңдық қытай өкіметінен алған қару-жарақтары мен материалдық көмек­терінің саны туралы батырдың өзі айтқан тергеу хаттамасын атауға болады. Осы және басқа да құпия материалдарды қалай сақтап, Қазақстанға алып өте алған деп күмәнданушыларға айтарымыз, алдағы күндерге сене алмағандықтан, Үрімжідегі Кеңес өкіметінің бас консулы генерал Байғаринге аманаттап, 1962 жылы өзі Қа­зақстанға келгенде өткізген тізім бойынша аман-сау тапсырып алғандығын айтудың уақыты келген сияқты. Қадірлі оқырман қауым, Жағда Баба­лықұлының Оспан батырға қатысы қан­дай болған деген даулы сұраққа тарихи шындық негізінде айтарымыз осылар.

Қазақ ұлты жөніндегі қытайлық сандырақ

Тұтастай алғанда гоминдаңдық қытай мен гұң сандық (коммунистік) қытай басшылары арасында билік үшін бітіспес жаулық болса да, ұлт мәселесіне келгенде, олар – ауыз жаласқандай бір ауызды бола қалады. Қытайды ширек ғасыр билеген генерал Лисмос Жаңкаишы 1946 жылы Ахметжан Қасими мен Айса Юсупты қабылдағанда: «Біздің қытай ұлты мұхтарият деген форманы түсінбейді. Біздің өкімет те түсінбейді, түсінуі де қиын, сондықтан, автономия жөнінде берген меморандумдарыңды қайтарып алыңдар» деді. Ахметжан «жарайды» деді. Ал, кеше ғана Қытайдағы езілген басқа халықтарды жарылқауға уәде берген Маузыдұң 1963 жылы 8 тамызда «ұлттық мәселе – сайып келгенде таптық мәселе» деп Қытайдағы шағын 60 ұлттың мүддесін табанға сала салды. Ұлт-ұлттық мәселе жөніндегі қытай компартиясының ұстанымы В.И.Ста­линнің ұлт категориясына берілген анықтамасына негіз­делген, яғни, ұлт ұлт болу үшін 4 түрлі шартқа толуы керек. Атап айтқанда: 1. Территория бірлігі. 2. Тіл бірлігі. 3. Мәдениет бірлігі. 4. Экономика бірлігі болғанда ғана бір ұлтты ұлт ретінде тануға бо­лады. Осы өлшемді абсолютті шын­дыққа айналдырғысы келген қы­тайлар қазақ ұлты жөнінде тон пішіп – Қытайдағы қазақтар бір ұлт, Кеңес одағындағы қазақтар басқа ұлт. Өйткені, ұлы көсем В.И.Сталин айтқан 4 бірліктің екеуі жоқ қазақтар қалай бір ұлт деп есептеледі? – деген сан­дыраққа жұртты сендірмек бола­ды. Осынау сандырақ алғаш рет 1952 жылы ортаға шыққанын Жағда Баба­лықұлы өз естелігінде былай деп жазған: «...1942 жылы Үрімжіде, арасында 4 қытай ғана бар 40 неше ұйғыр қазақ басшылары қатысқан құпия жиын болды. Жиынды Шыңжияң өлкелік пар­тия ұйымының екінші хатшысы Жаң-Баң иың басқарып, былай деді: Орталықтың құпия құжаты оқылады. Оны тыңдауға болады, жазып алуға, сыртқа шығарып айтуға, таратуға болмайды. Осында пікір беруге, өз ойын айтуына болады. Сондағы құпия құжаттың негізгі мазмұны – қытай қазағы мен Кеңес одағындағы қазақтардың екі ұлт, екі басқа халық екендігіне арналған екен. Құжат оқылып бітті, басқарушы үш қайтара отырғандардан пікір сұрады. Ешкім тіс жарып сөйлемеді. Жиын сонымен аяқталды. Бұл құжаттан ешкім ешнәрсе түсінбей түнерген күйі тарастық». ...Бұл тамыр басып көру ғана емес, қытайдың ұлт мәселесі жөніндегі ресми саясаты екенін, мен 1957 жылы қытай армиясының маршалы Ие Жиянның аузынан айтылғанда көзім жетті. Ол әңгіме былай болған еді. 1957 жылдың қазан айында маршал Москва сапарынан қайтар жолында Құл­жаға бір апта аялдады. Елді, жерді таныстырып, жақсылап күтті. Соңғы күні менің кабинетімде кездесіп, сұхбат өткіздік. Екеуіміз екі орындықта алға қарап қатар отырдық. Арамызда кіш­кентай журналдық стол бар, үстінде аузы ашылған атақты дашямын сигареті тұрды. Екеуіміздің екі жағымызда екі аудармашы, тік тұрып, қаламын жорға­латып, алма-кезек аударып жатты. Әңгі­ме аяқталған тұста зор денелі маршал Ие маған еңкейе бұрылып, қытайлық жымиыспен қадала қарап: – Сізден ең соңғы бір сұрағымды сұрасам бола ма, деді. – Сұраңыз, жолдас маршал, мен дайын­мын, – дедім. – Менің естуімше, Шыңжияңда жұң­гоның қазағы мен советтің қазағы екі қазақ, яғни, екі басқа ұлт деген анық­тама бар екен, сіз осыған қалай қа­рай­сыз? – деді. Мен темекіден бірді алып, тұтаттым да, зорлана жымиып: – Айтайын, қазақ деген халықтың екі елде тұратыны тарихи шындық. Қазақ үш жүзге бөлінеді. Кіші жүз батыста, орта жүз бен ұлы жүздің біразы осы біз­дің жақта тұр, жүз ғана емес, рудың, ауылдың, тіпті, отбасының өзі екі елде бөлініп, жарылып өмір сүруде. Олардың тілі, діні, салты, тұрмыс-тіршілігі жө­нінде сөз қозғаудың өзі артық. Мына мен, осы жердің өкімет басшысымын. Менің аға-інілерім Қазақстанда тұр. Бәріміз бір шаңырақтың астында өскен туыстармыз. Сонда сіз айтыңызшы, осы екі халық, екі ұлтқа жата ма, сізше қалай? – дедім. Маршал темекісін обырлап сорып-сорып жіберді де, маған бар денесімен бұрылып: – Хен дүй бұши, шау шу минзу, а – Аз санды ұлттар кешіре көріңдер бізді, – деп темекісін бұрқыратып отырып қалды. Мен өзім өз болып, қытайдың үлкені-кі­шілі басшыларының ішінен ешкімнің де ағынан ақтарыла айтқан мойындау сөзін естімеген екенмін».

***

Амал қанша, маршал Иенің анық, ай­қын шындық алдында бас игендей болған сол «кешірім» қытайдың пар­тия, өкімет адамдары бас қосқан жиналыс­тарда айтылып, талқыланды ма, жоқ па, одан хабарымыз жоқ, бірақ бізге белгілісі – бір қазақтан екі ұлт, екі қазақ жасаудың нақты көрінісі 1962 жылдан басталғандығы еді. 1962 жылы тарихта «29 май қанды оқиғасы» немесе «Іле-Шәуешек оқи­ғасы» деген атпен белгілі болған оқиға барысында Қазақстанға жаппай қаша көшкен жүз мыңдаған халықтың босқын­шылығы болатын. Халықтың жаппай Қазақстан шека­расынан өтіп кетуін Қытайдың ресми насихаты «Совет ревизионистерінің іш­кі ісімізге араласып, халықты ал­дап-арбап әкетуінен болды» деп алғаш рет Совет Одағын «Социал им­пе­риалист, коммунистік партия­сын ревизионистер» деп ресми басы­лым­дарда жариялап жатты. Оған дейінгі қытай баспасөзінде Кеңес одағы жөнін­дегі сөз «Кеңес Одағы бастаған социа­листік лагерь, ұлы Ленин пар­тиясы» дегенмен басталушы еді. Дүние бір-ақ күнде осылайша астан-кестен боларын күтпеген халық дағдарды да қалды. 1961-1962 жылы Шиңжияң универси­тетінің қытай тіл-әдебиеті факультетінің бір жылдық дайындық бөлімін тәмамдап, кәсіби пәндер басталар 1962-1963 оқу жылында университеттің барлық факуль­теттеріндегі қытайша айтқанда «аз санды ұлт» студенттеріне аты да, заты да бейтаныс «ұлттық мәселе – мнизу венти» дейтін жаңа пән оқытыла бастады. Қытай студенттері мұндай сабақ барын білмейді де екен. «Ұлттық мәселе» пәнінің негізгі мазмұны мынадай болып келеді: В.И.Сталиннің «ұлт» жөніндегі төрт түрлі анықтамасы бойынша Қытай­дағы қазақтар мен Кеңес одағында тұратын қазақтар екі басқа ұлт, өйт­кені, «территориялық бірлік пен экономикалық бірлік жоқ». Біздің әлі де асау, бостан көңіл-күйіміз лекция оқып тұрған мұға­лімнің айтқандарына иланар емес, тұс-тұстан сұрақ жауады: Әпенде, сонда қалай болғаны, Тайуандағы қы­тай­лар мен еліміздегі қытайларды, тіпті үш-төрт ғасыр бұрын Индонезия мен Австралия асқан қытайларды «Хуа шияу – Жұңго азаматтары» деп «рынмен рыбау – халық газеті» күнде шулатып жататыны қалай? Өзі де өз сөзіне онша мойынсал емес мұғалім әбден тығырыққа тірелгенде, Османжан деген ұйғыр студентке қолын шошайтып «ей, ғырт қысып отырың, жұмып» деп ашуланған түрі көз алдымда тұрады. «Ұлттық мәселенің» екінші айтары – «үш бір мәселесін айқындау, яғни, бір Отан, бір партия, бір көсем» мәселесін біржақтылы ету дегенге арналған. Бір Отан – Жұңго – Жұңхуа халық республикасы, бір партия қытай ком­партиясы. Бір көсем – Мау жуши – төраға Мау. «Ұлттық мәселеге ар­нал­ған оқулық жоқ болғандықтан, мұ­ға­лімнің қолындағы машинкаға басылған бір тезистерге қарап сөйлеуші еді. Жаңа пәнсымақты оқытудағы мақсат – студенттерге білім беру емес, олардың жоғарыдағы мазмұндар бойынша алған әсерін ортаға салып, өздерінің ол жөніндегі қате және түсініксіз ой-пікірін қалай айқындап алғанын сөйлетуді мақсат етті. Сол бейкүнә, аңқау сұрақтар мен «ағынан жарылулар» одан кейінгі тоқтаусыз жүрілген репрессиялық нау­қандар тұсында алдынан шығып, сая­си қалпаққа айналарын бозбала сту­денттер қайдан білсін? Сонау, 1949 жылдың күзінде, қытай қызыл армиясы Шыңжаңға кіргеннен кейін қандай жазалау, тазалау шараларымен қоса, қандай саясат қолданып, билеп-төстеудің амал-айласы жан-жақтылы белгіленіп қойылған бола­тын. Соның бірі – «үш аймақта» шоғырлана отырған Шы­ғыс Түркістан республикасының шаңырағын көтеріскен қазақтарды қалай басқару дегенге ойлап тапқандары «екі халық – екі ұлт» атты ғылымға да халықаралық қатынастар нормасына да жат сандырақ, қытайша зорлық-зомбылықтың өзі еді. Бір қазақтан «екі ұлт – екі қазақ» жасау арқылы Шығыс Түркістан шекарасын біржола жауып, орыстан келер болашақ қауіп-қатердің алдын алу стратегиясынан басқа еш нәрсе емес болатын. Қолдан жасалып, жарты ғасыр бойы көршілес үш мемлекеттегі қа­зақтарды тұншықтырған «үш отау­­дың түтіні» Оспан батыр, Жағ­да Бабалықұлдарынан кейінгі екі ұр­пақты күні бүгінге дейін тұн­шықтырып келеді. Оның қат-қабат қырлары мен сыр-сыйпаты жөніндегі арнайы зерттеуіміз алдағы уақытта оқырмандармен жүздесіп қалар. Біз өз тарапымыздан өзімізге қойған сұрақтың бірі – Қазақстанда бар бол­ғаны 20-25 жыл бойы «Мәдениет жә­не тұрмыс» журналының хат тіркеушісі болып істеген Жағда Бабалықұлын «көрнекті қоғам-мемлекет қайраткері» деп дабырайтқандай болған сөзімізге аздап болса да жауап бердік-ау деп ойладым. Бұларға қоса нақтылап айтарымыз мынау: Ауыл молдасынан алғашқы сауатын 17 жасында ашқан талапкер бала, арада үзіліспен Шәуе­шектегі гимназияны бітіріп, 1943-1944 жылдары бір жарым-ақ жыл Үрім­жідегі Пединститутта оқып, түрмеге кеткенде, Жәкең 27 жас­тарда еді. Тепсе темір үзетін күш-қуаты, ақыл-ойы, өмірлік білім-білігі толысқан Жағда Бабалықұлының жаңа ғұмыр кешулері Үрімжі түрме­сінен босап, Шәуе­шек қаласына келген 1945 жылдың көк­темінен басталады. 1945 жылы мақсаттас достарымен құрған астыртын «ұлт-азаттық ұйы­мының» тапсырмасымен басталған пар­тизан­дық жорық-жортуылдар, гомин­даң, отаршыл армиясына қарсы жүргізіл­ген үлкенді-кішілі 23 әскери операциялар барысында ерен ерлігі үшін Шығыс Түркістан республикасының жоғары дәрежелі ордендерімен марапатталып, «ұлттық армияның» подполковнигі шені­не қол жеткізген. Ұлттық армия бас штабының орынбасар бастығы дәре­жесіне дейін көтерілген. Өте шебер суретшілігінің арқасында Жәкең өзі қаты­сып, басшылық жасаған шағын операциялардың картасын сызып отыр­ған. Солардың бірнешеуі әзір менің қолымда сақтаулы. 30 жасар Жағда Бабалықұлының 40 жасқа дейін атқарған мемлекеттік қызмет баспалдақтары өз алдына әңгіме. Ол әскери қызметтен кәсіп ауыстырып, 1950 жылдары өлкелік партия мектебінің орынбасары, өлкелік әскери соттың жорасы, Шәуе­шектегі аймақтық өкіметтің уәлиі, 1956-1958 жылдары Іле қазақ автоном облысының (Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтары бойынша) төрағасы қатар­лы аса жоғары мемлекеттік лауа­зым­дарда болды. Сол жылдары қазақтар арасынан шыққан ең беделді, ең ұлтшыл-халықшыл басшы ретінде мойындалған тұлға. «Түлкінің қы­зыл­дығы терісінің соры» дегендей қы­тайлар­дың нысанасына алғаш іліктірген де сол қасиеттері екені бел­гілі. Бар болғаны 40 жасында осынша­ма табыстарға жетіп, халқына адал қызмет етуге барын салған Жағда Бабалықұлын «көрнекті мем­лекет-қоғам қайраткері, алаш ордашы­лардың соңғы тұяғы еді» деп асқақ­тата дәріптегеннен қазақ ұтпаса – ұтылмасы анық. Жағда ағаның күнделіктері мен естеліктері жазылған қолжазбалардан және өз аузынан естігендерімізді шұбырт­пай-ақ, 1993 жылғы желтоқ­сан­дағы «Шалқар» мен «Ана тілі» газет­терінде жарияланған мәтіндерді жариялауды пайдалы көрдік. Шалқар. 1993 № 46 (468). «Азаттық арманымыз еді» атты редакциялық мақаладан үзінді: «көптеген тарихи оқиғалар тарихтан дер кезінде өз орнын бірден ала қоймайтыны мәлім. Сондай, төтенше әлемдік оқиғалардың қатарына 1986 жылы Алматыда болып өткен желтоқсан оқиғасы жатады. Желтоқсан қазақпын деген әр аза­маттың беліне сын болып түсті, әр адам өзінің шама-шарқына қарай, желтоқсан үстінде барикаданың не арғы жағы, не бергі жағынан орын алды. ...Желтоқсан оқиғасы мен соған бай­ланысты болып жатқан жағдай туралы дүниежүзі тек ТАСС пен КазТАГ-тың жал­ған мәліметіне ғана иланды. Ақиқат ақпарат болмады. Шетел журналистері 1987 жылдың қаңтарына дейін Алматыға жіберілмеді. Қазақтың басына құпия геноцид қаупі қайта төнді. Өтіп жатқан барлық жағдайды көзбен көріп, ой елегінен өткізіп отырған Жағда Бабалық пен Сәбетқазы Ақатай ту­ған-туыстары мен дос-жарандарынан жа­сырын жағдайда қолына қалам алып, дүниежүзілік қауымдастық ұлттар мен мемлекеттер назарына хат дайындауға кірісті. Хат фотоға түсіріліп, тырнақтай негатив пленка кадры көбейтіліп келімді-кетімділер арқылы шетелге таратылды. Тарату, әрине, оңайға түспеді. Пленка шайдың, кәмпиттің, темекінің, қолша­тырдың ішіне салынып берілді. Тіпті, балтаның темірі тілініп, арасына кадр қыстырылып, қайта пісіріліп, қайта жоңылған кездері де болды. Әйтеуір, хат шетелге, әсіресе, Біріккен Ұлттар Ұйы­мына «Интернейшил Амнисти» қоғамына жеткізілуі аманат етілді. 1987 жылдың ақпанында Польшадан келген беймәлім турист қазақ бауырларының сәлемдемесі Чехословакияның «Хар­тия-68» ұйымының қолына тигенін айт­ты, олардың орыс шовинистерінің тозақ отына шалынған қазақ жастарын қорғау үшін науқанды бастағанын растаған көл­денең хабар Будапешт университетінің профессоры, белгілі түріктанушы М.Қо­ңыр­дан да түсті. Қ.Рысқұлбеков пен оның достары ату жазасына кесілгеннен кейін «Азаттық» радиосынан 78 адам қол қойған поляк жазушылары, ғалымдар мен санаткерлерінің М.С.Горбачевке жолдаған хаты жария етілді. Ішінде сол кездегі «Солидарность» төрағасы, қазірде Польшаның президенті Лех Валенсаның да қолы болды. Қазақстан Жазушылар одағында май айында болған жиында Г.Колбин Рысқұлбеков пен Әбдіқұловтың ату жазасы 20 жылмен алмастырылғанын хабарлады. Бірақ, ол мұны әлемдік қауым­дастықтың жеңісі демей, КПСС-тің «аталық қамқорлығы» деп дәріптеді. Сөйтіп, КПСС-тің «жәрдемінің» арқа­сында желтоқсаншылар аман қалды. Бірақ, репрессия жалғаса түсті. Орыс тілдес газет­тер қазақ ұлтшылдығына қарсы нау­қан ашты. «Ленинская смена» газеті мем­лекеттік қауіпсіздік комитетінің «Тот» (Ржавщина) мақаласын баспаға әзірлеп жатты. Шовинистер қазақ нигилистеріне арқа сүйеді. Олар қазақтың ізіне түсуде барлығын басып озып, шен алды. Тіпті, қазақты жамандап, баспана мәселесін түзеп алғандар да болды. Осындайда ел азаматын іздеді. «Қаптаған қара бұлттай торлап, түрлі пәле халық басына орнап не қыларын біле алмай, ақылынан адасып, жұрт алақтап, аза­матын іздеген шақта бар шырағын жақ­пай, бар қайратын сарп қылмай, өз басының амандығымен болып, ұранға шаппаған азамат – ол халық арасында жоқ азамат, не ол жаны бар болғанымен, жануарлықтан шықпаған азамат», –дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Алмағайып оқиғаға орай азаматтарымыз да белгі берді. Жұбан Молдағалиев пен Салық Зимановтың Колбин мен Соломенцевке қарсы шыққан ашық тұңғыш дауысы қа­зақ басын торлаған қалың тұманды сейілткендей болды. Хатты жазу барысында оның авторлары мен олардың төңірегіндегі адамдар сан дүркін МХК-нің (КГБ) тергеуінде жүрді. Хат фотоға түсірілумен ғана шектелген жоқ, магнитофон таспасына да жазылып, демократиялық көзқарасы айқын небір қазақ зиялыларына тыңдатылды. Осындай таспа С.Қашағанов пен А.Сейдімбековке жасырын тыңдауға беріліп, олардың пікір­лері хаттың соңғы редакциясында ескерілді. Хат Швейцарияда, онан соң Эстонияда баспа көргенін кейін білдік. Хаттың аяғында «Қайрат» қоғамы деген қол қойылды. Өйткені, хаттың авторлары барлық әрекетін Қайрат пен Қайрат секілді миллиондаған уыздай қазақ жастарының амандығына пида еткен еді. «Желтоқсан» оқиғасына жеті жыл толуына орай, бұл құжатты көп назарына ұсынуды жөн таптық. Қанды Желтоқсан қазақ баласын көп нәрсеге үйретіп кетті, тағылыми ұлт кәдесіне жарағай.

«Қайрат» қоғамының Дүниежүзі ұлттар қауымдастығына жолдаған жасырын хаты

Оқушы назарына: бұл хатта күллі бір ұлттың ауыр тағдыры мен үміті жатыр. Мұқият оқы. Әлем халықтары мен үкіметтеріне, азаматтық мекемелеріне! Прогресс мұ­рат­тарын мойындайтын барлық адам баласына! 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында Алматыда зұлымдығы жағынан бұ­рын-соңды адам құлағы естіп, көзі көрмеген айуандық уақиға болды. Оны ТАСС дүниежүзіне «маскүнемдер мен нашақорлардың ұйымдастыруымен болған бұқара тәртіпсіздігі» деп дау­рықтырды. Шынында халықтың бей­біт наразылығын тез арада басып, жаншып тастап, түк білмегендей отыра қалу мақсатымен бұл оқиғаны өкіметтің өзі ұйымдастырған еді. Кө­терілісті жаншу үстінде коман­дирлер мен олардың бұйрығын орын­даушылардың қимыл-әрекетінің қабыса қалуы кімді болса да таң қалдырмай қоймайды. Оқиғаның сырттай ілігі Колбиннің Қазақстан басшылығына келуі еді. 17 желтоқсан күні Брежнев атындағы алаңға наразылық білдірген 30 мың адам жиналып, өздерінің пленум шешімдерімен келіспейтінін бейбіт түрде танытты. Жиналғандардың жар­тысынан астамы жас жұмыс­шылар да, қалғандары орта және жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары еді. Алаңда тұрған жұртшылықтың наразылығын демократиялық жол­мен қанағаттандыруға болар да еді. Амал не, оқиға үкімет басының толық қабілетсіздігін жария етті. Қазақстанды билеп-төстеуші топқа өздерінің большевиктік әдеттерін доғарғанның орнына халықты қырып тастау жеңілірек көрінді. Ал, ұлттың қағаз жүзіндегі болсын, егемендігі мен намысы туралы түсінік есепке алынбады. Ереуілге шыққан жастардың қо­лын­да: «Өзімізді өзіміз билеуді та­лап етеміз!», «Әр халыққа өз кө­семі!», «1937 жыл қайталанбауы керек!», «Ұлы державалық ессіздік дереу тоқ­татылсын!» деген ұрандар, тран­спо­ранттар болды. Кейін ереуілшілерді жазалау ісі заңды болуын ойлаған үкімет адамдары демонстранттар арасына бүлік тү­сіріп, оларды біріне-бірін айдап салуды жоспарлады. Алаңды қоршаған ми­лиция мен КГБ шептерін құпия ниетпен «бұзып», машиналар кіріп, арақ пен есірткі қосылған мәнті және темекі таратылды. Жастар үкімет тарапынан жоспарланған арамдықты білмеді. Алдын-ала күтілгендей көп­шілік арасындағы жастардың кей­бі­реу­лерінің аяқ алысы өзгеріп, бір-біріне қоқан-лоққы көрсете бастады. Ереуіл­шілер қатарынан оқтын-оқтын бұза­қылық шығып жатты. Міне, осы кезде жазалаушы жен­деттер ереуілшілерді окоп қазатын күректермен, резинка сойылдармен ұра бастады. Парткомдардың бұйрығымен арнайы келісіп дайындалған темір трос­тар, арматура таяқтар іске қо­сылды. Әскерлер қазақ жастарын басы­нан ұрып, жерге жығып алып, тепкіге салды. Ереуілшілердің арасында майып болғандардың санының көп болуы да сондықтан. Көбінің бас сүйегі опырылып, қыздардың жатырлары за­қым­данып, жыныс бездері жан­шылды, ішінде мылтық оғынан жара­лан­ғандар да бар. Өлгендер, өмір бойына майып болып қалғандар бар. Өрт сөндіргіш машиналар аязға қарамай, халыққа суық су шашты. Алаң мұз айдынына айналды. Адамдар жығылып жатты. Жендеттермен әр қақ­­тығыстан кейінгі шегіністен соң, шайқас алаңында есеңгірегендер мен ауыр жарақаттанғандар топ-топ болып қалып жатты. Олардың дене­лерін «жедел жәрдем» әкетті, далаға апарып лақтырды. Біразын жерлеп те тастады. Шалажансарлары мен есінен адасқандар дәрігерлердің инесінен жан тапсырды, қыздарға қарсы қасқыр иттер салды. Жаралан­ғандардың жан дауысы иттердің абалағаны коман­дирлердің бұйрық берген айғайына ұласып жатты. 18 желтоқсан күні құрбан әсіресе мол болды. Ол күні алаңға ешкім жібе­рілмейтін болып жоспарлан­ғаны­на қарамай, көшеге 30 мыңдай адам шы­ғып, кешегі түнгі болған оқиғаға лағнет айтты. Қазақтың дос мінезі әлемге аян. Ресей үшін де, Совет үкіметі үшін де қазақ жан-тәнімен қызмет етті. Тағ­дырының аянышты сипатына қара­май, исі қазақ, орыс халқына да, кейінгі өзгерістерге де сеніммен қарады. Қазақ жастарының кәдуілгі тала­бына Мәскеу мұндай зұлымдықпен жауап берерін ешкім ойламаған да екен. Ереуілшілер бұл күні кеше кешке өлгендердің мәйі­­тін сұрады. Жендеттер жауап орны­на ешбір ескертусіз шайқас аш­ты. Тағы да кескілесу басталды. Еске осы бір беймаза ауыр күндердің елесі түскенде, санамызды сары уайым ба­сады. Мұндайды ұмытуға да, кешіруге де болмайды. Оқиғадан соң, іле-шала алаңдағы қан күні бойы жуылды. Қазақ қыздарының алтын мен күміс әшекейге құштарлығы өздерін құрбан етті. Алтын жүзігі бар саусақты жендеттер шауып, алтын сырғаны құлақтан жырып алды. Орыс біткен жендеттер жағында болды демейміз. Демократиялық ба­ғыт­та­ғылары қорғансыздар жағында жүрді. Командирлері мен партком­дардың бұйрықтарын орындаудан бас тартты. Жендеттерді балағаттап, безбүйрек басшылардың қылықтарын бетіне басты. Бір орыс әйелі ғана 24 қазақ жасын өлімнен аман алып қалды. Бірақ, жалаушылардың дені, олардың дем берушілері негізінен орыстар болды. Бұл қазақ жастарының орыс ұлтына деген наразылығын қоздыра түсті. Міне, бейбіт наразылық үкімет та­ра­пынан осылайша қанмен тәмам­далды. Жендеттердің жаза­лаушы әре­­­кеттерін тікелей басқарғандар – Кол­бин, Мирошкин, Мищериаков, Кня­зев, Шулико. Ал, қазақ жағынан Ка­­малиденов, Мұқашев, Елемесевтер бар. Мәскеудегі билеп-төстеуші топ жендеттері мен олардың демеушілерін жауапқа тартқанның орнына табан астына түскен сорлы қазақ пен оның патриотшыл жастарын кінәләйді. Ал, өз қылмысы туралы, ұлы державалық шовинизм туралы жұмған аузын аш­пайды. Өз еркінен айрылған халық ауыр тағдырын көтере береді, ал, үс­темдігін жүргізуші қазақ сатқындары кінәсін біледі, бірақ үндемейді. Қорқады. Көтерілістің шынайы себептері: Қа­зақ­стандағы барлық билікті уысынан жібермей ұстаған шовинистік жүйе, күшпен орыстандыру саясаты, интер­националистік у-шу тасасында ұлт­тық тіл мен мәдениетті жою әре­кеті, ауру мен балалар өлімінің көбеюі, теңсіздік, саяси бостандықпен санаспау, ұлттық намыс пен ар-ұжданды табан асты ету, жергілікті халықтың қайыршы жағдайда өмір сүруі. Қазақтың патриотшыл өкілдері дүнижүзіндегі орыстар мен орыс емес­­­терге, коммунистер мен ком­му­нист еместерге, діншілдер мен діншіл емес­терге, әлемнің барлық халық­тарына мынадай Үн­деу тас­тайды: «Адамдар! Біздің әді­летті күре­сімізді қол­да­саңыздар екен!» Шай­қастан же­ңіл­ген біздерді соттай­тындар, Ісіміздің ақ пен қарасын шешетіндер өзіміз, оларға жанталаса қарсы шыққан, біздің үстімізден 300 жылдық отаршылдық билік жүріз­гендер болып отыр. Біздің барлық ұлттық қайғы-қасіретіміз осы езгіден бастау алады. Қазақты қыру саясаты енді көшелер мен алаңдардан баскесер мерездердің тыныш каби­неттеріне ауысты. Бірақ олар біздің рухымызды сындыра алмайды. Оқиға ұлт тәуелсіздігі мәселесін былай қойғанның өзінде, олардың кә­дуілгі өмір сүруіне де кепілдік бере ал­­майтынын дәлелдеп отыр. Әлем ха­лық­­тары, жендеттердің үстінен ашық сот жүргізуді талап етіңіздер. Сонда ғана кіммен келіссөз жүргізіп отыр­ғандарыңызды, серіктесіңіздің кім еке­нін түсінесіздер. Ал, бізде ешбір құ­құқ жоқ екенін білулеріңіз керек. Әлем халықтары! Қызыл фашизмнің аяғын алшаң басуына қарсы жаппай күрес ашыңыздар! Алматыда болған оқиғаға халықаралық тергеу жүргізуді талап етіңіздер. Өлгендер қайтып келмейді. Осы оқиғаның сабақтарын тек біз емес, орыс халқы, оның прогресшіл бөлігі білуі тиіс. Біз бұл халыққа көмегі үшін разымыз. Өз еркіндігін сыйлаған ұлт басқаның да азаттығын мойындайды деп есептейміз. Бірікен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы! Біздің қайғы-қасіретімізге халық­аралық қауымдастықтың наза­рын аударыңыз, қайраткерлерімізге БҰҰ-дан орын беру жағын ойлас­ты­рыңыз. Оқушы! Бізге, жазықсыз жапа шек­кен­дерге көмек көрсет, жәрдем бер! Өз тіліңе аудар, көбейт, тарат, халық­аралық ұйымдарға жеткіз! Саған біздің күрескерлеріміздің жоқтаусыз кеткен аруағы қорған болсын! Әлі де тұтқындау жүріп жатыр. Қамауға алынғандарды зорлап, қыздарды қорлап өлтіріп жатыр. Жәбір-жапа көргендердің көпшілігі еңбек пен оқу озаттары, комсомол белсенділері, Ау­ғаннан келген солдаттар. Демонс­тра­циялар Қазақстанның бар­лық өлке­лерінде, әскери бөлімдерінде болып өт­ті. Көптеген қазақ жауынгерлері на­разылық көрсету мақсатында өзде­ріне өздері қол салуда. 1993 жыл. 16 желтоқсан. «Ана тілі» №50. (195). Қадірлі отандас бауырлар, ел басы­на күн туған осындай сын са­ғаттарда ұлттың-мемлекеттің, күл­лі Алаштың жоғын жоқтап, сөзін сөйлеуге батыл­дары жетіп, тәуекел тұлпарына қам­шы басқан Жағда мен Сәбетқазы марқұмдарды мемлекет-қоғам қайрат­кері демегенде кімдер дейміз? Мұндай көзсіз ерлікке, ұлт мүддесі үшін құр­бандыққа баруға тәуекел еткен Қа­зақстанда қанша азамат бар еді? Әрине, тілеулестер, көмекшілер де аз болмаған шығар, бірақ қолымен от көсеген тек осы екі азамат екені тарихи шындық қой. Жағда Бабалықұлы мен Сәбетқазы Ақатайлардың қол ұстасып, тізе қоса отырып атқарған игілікті істері өз алдына бір төбе. Шола айтқанда, 1987 жылдан бастап, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресті стратегиялық мақсат еткен «Азат» азаматтық қоз­ғалысын ұйымдастырған екі адам Сәбетқазы мен Жағда марқұмдар еді. «Азат» азаматтық қозғалысы негі­зінде құрылған ең алғашқы ұлт­тық демократиялық партия «Қазақстан рес­публикалық партиясы ҚРП» да осы екі ардагер алаш азаматы бола­тын. Бұл партия алғашында «Астыртын ұйым» ретінде әрекет ете келе, 1990 жылы ашыққа шықты. 1991 жылы 1-шілдеде «Азат» азаматтық қоз­ға­лысы да, ҚРП-да» Қазақстанның тәуелсіздігін жақтап мәлімдеме жа­сады. Осының бәріне де өмірлік бай тәжі­рибесі бар Жағда Бабалықұлы ақылшы, ұйымдастырушы ретінде де белсене атсалысты. Ол туралы Сәбетқазы марқұмның естеліктерінде, әсіресе, Жәкеңнің том-том боларлық күнделіктерінде жазылған. Бүкіл саналы ғұмырын қазағының тәуелсіздігі мен бостандығына қол жеткізуге, тіпті, ол болмағанда, әр елде телім болып тентіреп жүрген қазақты Атамекен Қазақстанға көшіріп, ұлтты сақтап қалуға арнаған Жағда Баба­лық­ұлының 1993 жылы жазған мына бір жанайқайы кімді де болса ойландырар деп осы жазбаға қоса кетуді қажет деп ұйғардым. Азаматтар!!! «ХХІ ғасыр – қытай ғасыры. Биоло­гиялық апаттың алдын-алу қиынның-қиыны. Алдағы ғасыр ішінде ТМД түріктерінің, әсіресе, әлденеше елде бөлініп-жарылып отырған қазақтың ұлт болып қалуы мен қалмауы, қы­тай мен орыстың адамгершілігіне бай­ланыс­ты емес, олардың тарихи және табиғи «теке тіресіне» байланысты. Жалпы, түрік азаматтары «бола­шақ апатты» болдырмау немесе ХХІІ ғасырға қарай кешіктірудің шарасын осы бастан іздегені жөн». Мені операция жасаймыз деп дәрі­герлер тепсініп тұрғанда аузыма түскен сөздер осы ғана болды. 1993 жыл 7 наурыз. Ал, 9 наурызда операциядан аман-сау шыққанда, тағы да қысқа ғана: «Дүниеде арманы жоқ адам болмайды. Жарық дүниенің қас-қағым сәті де арман. Тәуелсіз қазақ мемлекетін, оның қасиетті көк туын өз көзіммен көрдім. Асыл арманға қол жетті. Тәуелсіздікке мәңгілік тілеймін. Жағда Бабалықұлы Елемес. Қалқаман больницасы. Абыз қария одан кейін де 17 жыл өмір сүрді. Ел азаматтарына арнаған үндеуіне адал болып, қолынан келгенінше еңбек етті. Көзі нашарлағанда, пламастермен таяқтай етіп жүздеген беттік өсиеттері мен ұсыныстарын, этнографиялық еңбектерін аманаттап кетті. Жағда Бабалықұлы тындырған игі­лікті істер мен бастамалар қазақ халқының ұлттық санасын жаңғыртып, дәстүрлі этнографиялық өмір салтын түлетуге айтарлықтай қозғау салғаны, 1986-1995 жылдардағы қазақ руханияты тарихынан айқын көрінді. Жәкеңнің ұйымдастыруымен құрыл­ған «Жер ұйық» этнографиялық қоғамы қолға алған Наурыз мерекесінің тұтас бағдарламалық іс-шаралары, қыз сыны, жігіт сыны қатарлы айтулы мәдени шараларға ұласты. «Жалайыр-шора» қырандар мектебін ұйымдастыру, бүркіт­шілер байқауын өткізу қатарлы қоғамдық жұмыстардан басқа «желтоқ­саншыларды» түрмеден босату, ақтау талабымен өкімет үйі алдында аштық жариялау, үнсіз отырып, қарсыласу әрекеттеріне белсене ара­ласқанына куәміз. «Қазақ тілі қоғамы» жұмысына да белсене атсалысуға, қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуды қолға алған бастамашы топпен тізе қоса әрекет етуге де уақыт табушы еді. Мен өз өмірімде қазақ пен ұйғырдың талай жақсы жайсаңдарымен, ұлтшыл азаматтарымен аралас-құралас болған екенмін. Солардың ішінде 24 сағаттан тұратын 360 күнін тек қана ұлт мүддесі үшін, ұлттың бүгіні мен болашағы үшін арнаған, оған ешкімнен, ешбір өкіметтен сый-сияпат талап етіп, тұрмыстық талап-тілектерін, пәндәуй ындынын қана­ғаттандыруды ойлап көрмеген бір ғана Жағда Бабалықұлынан басқа ешкімді де атай алмаймын десем, замандастарым ренжімес. Ренжісе қайтейін, өз сөзім – өзімдікі ғой!

Жағда Бабалық аса көрнекті этнограф-ғалым

Мен осыған дейінгі сөзімді негізінен Жағда Бабалықұлын не үшін мемлекет-қоғам қайраткері, алаш ардагері деп атау керек деген сұраққа жауап ретінде арнадым. «Күпілдек мақтан табытын қаққандарша емес, нақты өмірлік фактілер мен тарихи жазба деректерге негізделген құжаттық мемуар талабына негізделдім. Ендігі біраз сөз Жағда Бабалық­ұлының этнографиялық-этнолинг­­вис­тикалық мұраларына арналмақ. 2010 жылы ақын Қасымхан Бегма­новтың «Халқы мықтының – салты мықты (этнографиялық сыр-сұхбат) ат­ты кітабы оқырмандар қолына тигенге дейін республикалық «Ана тілі» газеті мен «Дәстүр» журналында 93 жасар абыз қарияның этнографиялық еңбектері айлар бойы жарияланып, жұртшылық назарына іліге бастады. Ал, Қасымханның аталмыш кітабы баспадан шыққаннан былай қарай Жағда Бабалықұлын не үшін көрнекті этнограф-ғалым деп құр­мет тұтатынымызға толымды жауап тап­қандай болды. Алайда, қазақы бейғамдығымыз бен кеудемсоқтығымыздың салдары болар, оған дейін де республикалық ағымдағы баспасөзбен «Қайнар», «Жазушы» баспасы арқылы жарық көрген жүздеген этнографиялық-этно­лингвистикалық мақалалары мен моно­графиялық еңбектерінде көте­рілген өзекті тақырыптарға мамандар баға беріп, назар аудармағанға Жәкең кінәлі емес еді. Басқасын былай қойғанда, Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткізу ұранымен желігіп жүрген өкімет те, мал мамандары да сонау 1989 жылы «Қайнар» баспа­сынан шыққан «Мал аурулары және оны емдеу...» кітабының қадіріне жетпеді. Қадіріне жету былай тұрсын, сол бір құнды еңбектің басылып шығуына алғашында барынша қарсы болып, соңынан «Баспа-полиграфия» жөніндегі комитеттегілер кейбір жолбикелер қосалқы автор тықпалап, егер, оған келісім бермесе, кітап шық­пайды дегенге дейін барғаны жөнін­дегі жазба құжаттар қолымызда. То­лық­тырылып қайта басылғалы дайындалған соңғы нұсқада ол туралы қосымша анықтама бергелі отырмыз. «Ештен де кеш жақсы» дегенді жиі айтатын Жағда Бабалықұлының қазақ мал дәрігерлігі ғылымына қосар бағалы еңбегінің қадір-қасиетін бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің азаматтары, ма­ман дәрігерлері бағалар деп сенеміз. Өткен ғасырдың сексенінші жыл­дары «Кемелденген социализм құру мен Ресейге отар болғанымыздың 250 жылдық дыр-думанымен еліріп жүрген «Бір тұтас совет хал­қының басшы-қосшылары Жағда Бабалықтың қай­дағы бір «күні өткен «жабайы мал дәрігерлігі» жөніндегі кеңесіне назар аударуға құлқы да, мұршасы да жоқ болғанын өкінішпен еске аламыз. Марқұм Абдолла Тұрлыбаев екеуінің атынан жария болған «Қырандар» (1983 ж) мен 1989 жылы жарық көрген «Саят» кітабы сол тұста ұмыт бола бастаған қазақтың қастерлі ата кәсібі, серілік өнері жөнінде жинақтаған бай этнографиялық, тілдік, кәсіптік атаулардың басын қосқан әрі оған анықтама-түсініктеме берген ғылыми-танымдық құнды еңбек болды. Қазақ елінің тәуелсіздігін тойлап, өткен-кеткенді еске түсіріп, дәстүрге орала бастаған тоқсаныншы жылдары «Жалайыр-Шора» атындағы саятшылар қоғамы, олар өткізген түрлі шаралардың басы-қасында жүріп, тәлімгерлік еткенін құсбегілер қамқоршысы Бағдат Мүпте­бекқызы сияқты көргенділердің ұмыта қоймағаны сүйіндіреді. Жәкең өзінің күнделік дәптерінде әр жылдары әрқалай жағдайларға байланысты қашаннан бері, неліктен тарихпен айналысуды қоя тұрып, этнографияға, одан тіл қорын жинауға біржола берілгені туралы толғаныстары аса бір ширыққан көңіл күймен жазылған екен. Жәкең қазақтың тағдыры бір өзіне байланып тұрғандай-ақ: «...қанша том тарих жазсам да, қазақты ұстап сақтап қалуға жарамайды, шамасы келмейді деп ойладым. Енді этнографияға көңіл аудардым» дей келіп, қазақты сақтап қалуға оның да қауқарсыз екенін ойлап, соңғы шешімі «қазақ тіл қорын жинау арқылы ғана қазақты сақтап қалуға болады» дегенге саяды. Жоғарыда атап өткенімдей, шамамен 46 папкалық қолжазбаны мазмұны бойынша сараптағанда, Жәкең бар күшін тіл қорын жинауға этнолингвистикаға, оның этимологиясына арнағаны анық көрінеді. Бірақ аталмыш саламен айналысу барысында қаласа да, қаламаса да, қазақ тарихы мен этнографиясына, ұлттық салт-сана дәстүріне, мәдениеті мен дініне, шаруашылығына, сондай-ақ қоғамдық өмір кешулеріне соқпай өте алмасына көзі жете түседі. Қасымхан Бегманов құрастырған «Халқы мықтының – салты мықты» атты сыр-сұхбат кітабын зер сала оқыған адам Жағда Бабалықұлының бұл саланың нағыз білгірі екеніне, тілінің қаншалық бай әрі көркем-шешен екеніне көзі жете түсеріне кәміл сенеміз.Әдебиетшілер мен ақын-жазушыларға, журналистерге, тілшілерге берер тағы­лымдық, ғылыми әрі жасампаздық өне­гесі өз алдына бір төбе. Жәкең тын­дырған қыруар істерді саналамай-ақ, бір ғана 6000 жылдық тарихы бар қазақ домбырасын қалай тауып, мәдени мұра қатарына қосқанының өзі не тұрады? Баспасөзде және ақын Қасымханның «сыр-сұхбатында шола айтылса да, бүгінгі тарихпен, мәдени мұра тағылымымен тәрбиеленіп жатқан жастардың қаперінде болсын деп өз білетіндерімді қоса айтқым келді. Жәкең өзі айтқандай, ізденбей, табиғат аясында жүріп, дәрілік шөптер мен жер бедерлеріне, жартас суреттеріне назар аудармай жүре алмайтын адам. 1986 жылы тамыз айында Майтөбе жайлауының Қызыл кезең деген жерінен тапқан жартастағы домбыра суретінің қазақ мәдениет тарихын, музыка өнері тарихын алты мың жылға апарып тастарын біле қоймаса да, оның тегін нәрсе емес екенін сезінгені анық. Дос інісі Сәбетқазы Ақатайдың қолдауы арқасында Ықылас Дүкен атындағы ұлт аспаптар мұрағатына жеткізілуі аса көрнекі мәдени оқиға болды. Жартастағы суретті тұтастай көтеріп әкету мүлде мүмкін емесі белгілі, сондықтан арнайы құрал-саймандар көмегімен суретті тасты қиып алғанда, ұзындығы жүз отыз, ені сексен, қалыңдығы алпыс сантиметрлік ауыр зат болады. Сәбетқазы марқұм екеуінің табанды күш-жігері зая кетпеді. Көрнекті археолог-ғалым Кемел Ақышев бастаған сарапшылардың тексеріп-зерттеу қоры­тын­дысы бойынша, тастағы домбыра суретін «Біздің жыл санауымызға дейінгі төрт мың жыл бұрын сызылған» дегенге тоқтайды. Мен қазақпын деп кеудесін ұратын азаматтар осыдан алты мың жыл бұрын үкілі домбырамен күмбірлете күй тарт­қанымен қоймай, бір сызықтың бойы­мен би билеп тұрғанын, домбыраның бүгінгі қазақы домбыраға сонша ұқсас болғанына мақтанбай қайда мақтануы керек! Бір өкініштісі, осыншама тарихи, мә­дени мән-маңызға ие тас домбыра мұра­жайдағы орнынан табылмай, із-тоз­сыз жоғалып кеткенін білген Жағда мен Сә­бетқазы марқұмдар баспасөзде үлкен дау қозғады. Әрі өздері мұражайдың ұңғыл-шұңғылын түрткілеп жүріп, бетон тақ­та қалдықтарының астында қалған қастерлі мұраны тауып өмірге қайта әкелгенінің барысынан хабарымыз бар бо­латын. Халық қазынасын өз мүлкінен де жоғары қоятын азаматтық жауапкершілік дегенің осы емес пе?! Қазақ халқының мәдениет тарихын, оның музыкалық аспаптары мен би өнерінің тарихын 6000 жылға жеткізуге тікелей себепші болған Жағда Бабалықұлы мен Сәбетқазы Ақатаевтардың осы еңбегін қазақ мәдениет қайраткерлері мен музыка аспаптанушылары бағалап, қадіріне жете алмағаны ұлтымыздың өркениеттік деңгейінің шама-шарқын көрсетіп қойғанына ұяламыз. Этнограф Жағда Бабалықтың бұл салада ізденбеген, жинап термеген, қалам тартпағаны жоқ дерлік екен. Оларды шола атап өтер болсақ, бұл жазбамыздың көлемі екі есеге ұлғайып кетер еді. Сондықтан, ең басты-басты тақырыптарды атап өтумен шек­телеміз. 1. Қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі наным-сенімдеріне негіз­­делген салт-санасы мен ырым-жырым­дары, ғұрыптық рәсімдеріне қатысты материалдар. 2. Күн-көріс, шаруашылық жағ­дайына қарай, төрт түлік малды ба­ғып-қағудан бастап, халықтық-дәс­түрлі ем-домы, емдік өсімдіктер мен минералдардың қасиеттері, қолда­нылуы, қай өңірден табуға болатыны, т.б. өз тәжірибесі негізінде сала-салаға жік­теліп-қатталып-шотталып қой­ған. Оның біразы кезінде газет-жур­налдар мен кітаптарда жарық көрген болатын. 3. Қазақтың дәстүрлі талғам­дары мен киім-кешегі, әшекей бұйым­дары, ат-көлік әбзелдері, қару-жарақтары мен құрал-саймандары, оларды жасауға пайдаланатын табиғи өнімдері мен мате­риалдардың аттары, қайдан қалай табылатыны өңірлер-аймақтар бойын­ша топтастырылған. 4. Саятшылық пен құсбегілікке қа­тысты жиған-тергендері негізінде кі­тап болып шыққан материалдарының көлемі де, мазмұны да тым шектеулі. 1989 жылдан бергі қолжазбалары қам­тыған тақырыптар мен нақты мате­риалдар бойынша құрастырып, қайта кітап етіп шығаруға менің мүмкіндігім жоқ, денсаулық жар бермейді. Талап­керлер табылса қанеки. 5. Жәкең өзі ара-кәдік қалжың ретінде елеусіз ғана айтып қоятын өнеріне байланысты материалдардың өзі бір төбе. Жәкең шебер суретші, ою-өрнекші, білгір картограф, өзі қатысқан әскери операциялардың картасын өзі жасап, кәдеге жаратқан сызбалары сақтаулы. Өзі жиған-терген алуан көрі­ністі суреттері негізінде балаларға арналған суретті оқулық жасамақ болған. Бірақ, еш жерден қолдау тап­паса да папкалап-қаттап-шоттап бізге ама­наттап кетіп еді. 6. Жәкең білгір халық емшісі еді, халықтық ем-домға қажетті жаз­балар мен суреттер топтамасы, өзі тау-тас аралап жүріп жиған дәрілік өсімдіктер, жемістер, шөптер мен тамырлар қорын үйінде сақтап өзін-өзі, бала-шаға, дос-жарандарын емдеп сауықтырып жібергенін көзімізбен көріп, шарапатына бөленгенбіз. Жәкең жиған халықтық ем-домға қатысты материалдардың көмегі мен мазмұны адам қызығарлықтай мол әрі өте құнды. Үлкен бір кітапқа сұранып-ақ тұр. 7. Жәкең шебер тігінші, қайысшы, өрнекші, бүгінгі тілмен айтқанда, шебер дизайнер, құрылысшы ғана емес, сахна өнерінің де қыр-сырына жетік маман бола жаздағанын айтып, бір желпініп қалушы еді. Сахна ойындары жөнінде мүлде білмейтін жап-жас Жағда 1945 жылы Үрімжі түрмесінен құр сүлдері шыққан «Күнәкар» Жағда «Ер Тарғын» операсын сахналастыруды тап­­­сырған ағаларының өтініші бойын­­­­ша іске кірісіп, әртістердің киім үлгісі, батырлардың сауыт-сай­маны, сахналық көріністеріне дейін өзі жасап, өзі қосыла рөлдерде ойнап, аймақ бойынша бас жүлдеге ие болғаны өз алдына бір әңгіме. Ал, 1954 жылы Тар­бағатай аймағының уәлиі болып тұрғанда, «Ер Тарғын» операсын қайта сахналастырып, «Іле Қазақ автоном облысының құрылу құрметіне өткізілген тойда, Алтай, Тарбағатай, Бортала, Іле облыстары арасындағы жарыста бас жүлдені тағы олжалағанын Жәкең ерекше бір сүйінішпен еске алып әңгі­мелеп беруші еді. Бас жүлде алуда мен өзім режиссерлік етіп, ойдағыны іске асыруға мүмкіндігім (уәлилігі) бол­ғаны анық. Сахнаға Ер Тарғынды бес қаруын асындырып, кәдімгі тірі атпен шығаруымыздың әсері ерекше болғаны күні-бүгінге дейін көз алдымда тұр» – деп тебірене әңгімелеп отыратын. 8. Жәкең халық композиторының мұраларын жинап, ноталастыру ісін ертерек қолға алған, ауыз әде­биетінің шығыс түркістандық нұсқаларын жинауға тікелей бас­шылық жасаудың сыртында ұйғыр халқының әйгілі «12 мұхамын» білетін мұхамшыларды жи­нап, нотаға ал­ғызып, Қазақстанға аман-есен алып келгенін, Ғылым Ака­демиясының Шығыстану инсти­тутында істейтін Батыр Рашит қояр­да қой­май көріп шығайын деп алып, қол­жаз­баны қайтармай, ақырында ұят-аятты қайырып қойып, өз атынан кітап етіп шығарғанын, сонша еңбек­тенген Жәкеңнің атын бір рет те атап қоймағанын өкінішпен, әрі жиір­кеніш­пен еске алатын. Ғылымда, өнерде осындай қараниеттілік болып тұра­тыны да өкінішті. Жағда Бабалық музыкалық сауаты болмаған, әскери-әкімшілік саласының партиялық номенклатуралық қатаң режи­­мінің кадры бола тұра, қалт еткен сәтті пайдаланып, ылғи да ел ішінен ауыз әдебиеті үлгілерін, музыкалық аспаптардың (домбыра, қобыз, сыбызғы т.б) түр-түрін іздеп, өзінше зерттеу жүргізіп, қағазға түсіріп отыруды дағдыға айналдырған. 1956 жылы Іле Қазақ автоном облысының төрағасы болып Құлжаға келгенде, бүкіл өлке аумағындағы мәдениет басқармалары арқылы сыбызғышылар мен домбы­рашыларды анықтап, аспаптарды жасаған мате­риалдардың құрамы жөніндегі мәлі­меттер жинатқаны, ол мәліметтердің бәрі Құлжадағы мәдениет басқармасы ар­хивіне өткізілгенін айтады. Сол бір дү­бірлі мәдени шараға қатысқан Баркөл ау­да­нының тұрғыны Қостанайұлы тарт­қан 68 күйді таспаға алған. Жағда аға өзінің «Күлдібадам» деп атаған қалың көк дәптеріне былай деп жазыпты: «Атақты күйшілер көп болған. Өзім білетін адамдардан сыбызғышы Ақымжан Болдырғанұлы жүзден артық күй тартқан. 1943-1944 жылдар қайтыс болған. Әшім Дүңшіұлы (1887-1959) жүзден артық күй тартқан. Ал, атақты күйші руы уақ-Бәзқалам (кейде Қалалжан делінеді) 1910 жылдар найман-керейдің ұлы тойында «Ақсақ аю» күйін үлкен бақайымен тартып, жүлде алғаны белгілі. Әділжан Құрманғалиев күйші, ком­позитор ғана емес, домбыра жа­саудың да айтулы шебері болған адам еді. Мен жақсы аралас болдым. 1962 жылы Алматыда қайтыс болды. Мен көрген күйші-композиторларда оған жететін сауатты өнерпаз жоқ еді». Нарынқолда туып, қытай зынданында таскөмірдің шоғымен қинап өлтірілген Қажекенің Іле қазақтарына белгілі 16 күйі болғандығын жазады Жағда аға. Шығыс Түркістандағы қазақтарға кең таралған 60 күйдің атын атап, ав­торлары кімдер болғанын, автор­сыздары қанша екенін шамалап жазады. Жәкеңнің 1992 жылғы 21 қыркүйекте жазған естелігінде Үржардың Текебұлақ деген ауылында тұратын 82 жасар Тәңір­берген қарттың айтуы бойынша жа­зып алған «Келі қобыз» туралы егжей-текжейлі жазылған. Аспаптанушылар мен музыката­ну­шылар назар аударса, қазақ музыкалық ас­пап­тарына тағы бір аспап қосылып, ор­кестр құрамын толықтыруы да мүмкін-ау. Жәкеңнің өнерге соншама жақын, жанашыр болуы, оның жаратылысының, тума қасиетінен, әсіресе, айтулы ән­шілігінен бе екен деп те ойлаймын. Жәкең әншілік өнерді қуса, Нариман Қа­ра­жановтан аспаса, кем түспейтіні атақты сопрона әншісі болатыны сөзсіз еді. Жәкең өзі көңілденген отырыстарда орнынан сілкіне тұрып, «Ағажай – Ал­тайдай жер қайда», одан Құрманбай Толыбай ақын сөзін жазған «Сайрам» әніне, «Әпиток» пен «Алқоңырға» басушы еді. Өзімді қыстыра кеткім келгендіктен емес, бізді білетін жора-жолдастардың бәріне белгілі сөзін Айтан Нүсіпхан, әнін мен шығарған «Сайрам көлім» мен «Достық жырын» айтпай тоқтамаушы еді және айтқанда, шырқау шыңына жеткізе, беріле, тебірене айтушы еді. Сол күндерді, сол сәттерді бұл күндері сағына еске аламын. *** Сонымен, «Бір қолына этнографияны ұстай отырып, бар күшін қазақ тіл қорын жинауға арнаған» Жағда Бабалықұлының тындырған қыруар істерінің біразына шолу жасаудың реті келгендей. Жеке бір адам соншама ауқымды ауыр жұмыстың үдесінен қалай шығамын деп ойлады екен? Әрине, бәрін де ойластырып көрді. Пікірлес жолдастарын көмекке шақырды. Ғылым Академиясындағы тіл мамандарына өз ой-жоспары жөнінде ауызша да, жазбаша да өтініш айтты. Партия, өкімет орындарына да хат жол­дап, қолдау сұрады. Жәкеңнен қалған 46 папкалық қолжазбалардың бірі сондай хаттар мен өтініштерге арналды. Бірақ, бір өкініштісі, ешбір ресми мекемелерден қолдау тапқан немесе терістеген жауап алмапты. Жәкеңнің тіл қорын жинаудың ең тиімді жолы «тілді ауыздан жинау» деген байламына негізделген. Былайша айтқанда, баспа бетін көрген тіл атаулары, тіл байлығы ретінде сақталып қалады, ал, қағаз бетін көрмеген жүзмыңдаған сөз атаулары мен сөз тіркестері оны қолданып келген қарттармен бірге о дүниеге аттанып, жоғалып барады, соны жинап алайық деген сөз ғой. Басқаларды қайдам, бұл жолға Жәкең бір өзі бар өмірін, ақыл-ойын, тамыр-таныстарын іске қоса отырып, талмай еңбектеніп, өз күнделік дәптеріне мынадай мағлұматтар жазып қалдырыпты, әрі оған нақты мысалдар, тілдік, этнологиялық, этимологиялық, этнографиялық анық­тама, түсініктемелер, батыл ғылыми жорамалдар арқылы тиянақты жауап табуға тырысқан екен. Этнограф Жағда Бабалықтың пайым­дауынша, отырықты елдердегі тіл жана­шырлары ертерек қамданып, тіл қорын жинап алғанымен, олар отырықты ел мәдениетіне қатысты тіл қорын ғана жинай алады. Қазақ сияқты көшпенді-өркениет пен отырықты қала мәдениетін қатар алып жүріп, ХХІ ғасырға кірген халықтың тілдік қорының қисапсыз мол, алуан түрлі болып қалыптасуы заңды нәрсе. Жәкең жинап, қағазға түсірген тіл қоры материалдарына назар аударып көрелік: 1. Адамның кесер басына тән 500-ден аса атау бар, қазақы қойдың бас сүйегінде 400-ден аса атау тұр, қазақы қойдың бір сирағында ғана 121 атау бар, жылқының қара тұяғында 43 атау болса, өң-түсіне қатысты түк-бояу атауы 350-ден асады екен. Ал, қазақтар баққан төрт түлік мал сүтінен 100-ден аса тамақ атаулары бар. Жәкең бұларды ерінбей-жалықпай жинап шығып, бір-бірлеп атын тіркеп отырғанына талай куә болғамыз. 2. Жер бедері мен жер атау­ларына қатысты 10000-ға тарта атау бар деп шамалайды. 3. Қазақтың өз ата жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты, төркін жұрты түгелдене тіркелсе, 350-дей ат-атаулары аталар еді. 4. Қазақтың тігінші шеберлері са­бақ­таған бір тал инемен 76 түрлі тігіс атаулары берілген тігістерді қол­данатындығын Жағда аға қалай анық­тағанын жырдай қылып айтушы еді. 5. Жәкең қазақ тілі кедей тіл, ғы­лым тілі емес, мемлекеттік тіл болу­ға жарамайтын доғал тіл деп кекіре­лейтіндерге тойтарыс беру үшін бірде тек қарға байланысты 80-нен асатын өте көркем, нақты мағыналы сөздерді тіркей келіп, маған осылардың орысша атауын тауып беруге кімнің тәуекелі жетер екен деп шамырқана мақала да жазған екен. 6. Жәкеңнің орындалмаған, орын­дай алмаған арманы өте көп. Солардың ішіндегі тілге қатыстыларын 2000 жы­лы былай тізбелеген екен: 1) Масаның ызыңынан күннің күр­­кіреуі арасындағы жанды-жансыз та­биғаттың үн-дыбыс атауларының сөзді­гін жасауға қолым жетпеді. Жиған-тер­генім үйіліп жатыр. 2) Бүкіл иіс-қоңыс атаулары сөз­ді­гін жасауды ойлаған едім. 3) Жер бедері атауларының сөзді­гін жа­сауды жоспарлап едім. 4) Өң-түс атауларының сөздігін жасауға дайындалып едім. 5) Адамның мінез-құлқы атаулары сөз­дігін жасамақ болдым. 6) Сөз қорын ауыздан жинауды мем­лекеттік деңгейге көтеруді арман­дадым, барым­ды салдым, жалғыздық... Жағда Бабалықұлы қазақ тілінің көсе­гесін қайтсек көктетіп, келер ұрпаққа ама­наттап кетуді өмір бойы армандап кетті: Тіл тағдыры – ел тағдыры, тіл тағдыры шетелдерде телім болып жүрген 4-5 мил­лион қазақты елге көшіріп әкеле алу-алмауға байланысты екеніне өкіметтің, зиялы қауымның, тіл мамандарының көзін жеткізе алмай, арманда, өкініште кет­ті бұл жалғаннан. Әйтсе де сонау өткен ғасырдың 1945 жылғы 9 тамызында мақсаттас достарымен бірге – қазақты, онда да Қытайдағы азғантай қазақты құтқарудың бір ғана жолы – Атамекен Қазақстанға көшіріп апаруда екенін (үш отаудың түтінін бір жерден шығару деген сол мағынада - Ә.Д) дер кезінде сезіп, іске кіріскеніне, осынау елдік-мем­лекеттік зор іске аз да болса үлес қосқанына шүкіршілік етуші еді. Қазақ көші тоқтамауы, көшпен бірге тіл-діл-мәдени бірлік, тұтастық тұғырына қона алатынына бұл күнде баршаның көзі жетті тек қолы жете қоймағаны өкінішті.

1866 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз