Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 19 Наурыз, 2018

ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ

Темірхан МОМБЕКҰЛЫ, журналист

Темірхан Момбекұлы-Түркістан 2005 жылдың 18 тамызынан күллі Қазақстанды «Қасиетті Қазақ Жері» деген тақырып бойынша, велосипедпен аралай бастады. Ұлан-байтақ елімізді велосипедпен алғашқы аралаушы қаламгер бүгінге дейін қыруар материал жинады. Сол мол қазынаның ішінен аналар мен қыздар жайынан сыр толғайтын кейбір иірімдерді арнайы ұсынып отырмыз.

ЕСКІ САУРАН

Біраз ілгерілеген соң, Ескі Сауранға жақындағанда, тесік көпірге бұрылдым. Шамалы дем баспасам болмас. Алдыңғы крылоның бір тетігі (винті) босай береді. Көлеңкеде отырып, бұрап қойдым. Бұ­райтын құрал (отвертка) бар. Жолай темір­жолшылардың үш велосипедін көрдім. Күн көзінде қаңтарулы тұр! Обал-ай! Өздері жоқ. Тесік көпірдің көлеңкесі жақсы. Өкпек. Жан шақырасың. Жантаққа жайылып, түйелер жүр. Бұл жануарлар күннің ыстығын да, суығын да елемейді ғой. Күтімі – оңай. Тау жақтағы бетте, қол созымда – үлкен трасса, әр түрлі теміркөліктер кетіп барады. Әсіресе, автобустың сағымға оранғаны қатты білінеді екен. Өстіп отырғанда, дүрсілдетіп, жер-дүниені солқылдатып, бір пойыз өтті. Тесіккөпір толған жазу. Сағымы толқыған бұл даланы әлі талай сағынармын. Әсіресе, қытымыр қыста – Алматының еңсе басқан бұлтты күндерінде. Осы далада сүйініп, рахаттанып, отыра берсем де болар еді. Бірақ, уақыт жарықтық қысып барады. Ал, сіздер, мен келесі ауылға жеткенше, сайыпқыран анамыздың болмысы туралы кепке көз жүгірте отырыңыздар.

САЙЫПҚЫРАН АНА

19 тамыз, 2005 жыл. Бұл өңірде заманында Айымдай жайсаң өмір сүріпті-ау. Сөйткен Айым бес бала сүйеді. Бөкенбай, Бұланбай, Донбай, Арқабай, Бұқарбай. Көнекөздердің айтуынша, Бөкенбайдың үйіндегі анамыз сайыпқыран, жарамды жан екен-ау. Кәдімгі көшпелі қазақ. Жайлау, күздеу, қыстау, көктеу дегендей. Табиғаттың ыңғайына бағып, тірлік кешетін заман. Ертең қозғаламыз деген күні сайыпқыран анамыз былқылдатып тұрып, ет асады ғой. Мерзімді уағы келгенде, ел жарықтық жылжиды, діттеген жерге жеткенде, жігіт-желең, қыз-келіншектер жағы үй тігудің қызық-шыжығымен ызғып жүреді. Гулеп жатады. Бұл дүниеде қазақтың көшіндей қызық бар ма. Әбігер де сонда. Төрт түлік мал, бала-шаға, киіз үй... бәрі-бәрі тұмса табиғатқа енді келіп қонып жатыр. Қазекемнің ой-хой дәурені! Күллі ауыл, одан қала берді, әулет, үйлерін тігіп, қазан-ошағын енді-енді құрып бола бергенде, мың болғыр анамыз, қайран қазақ қызы, нанын илеп, жайып жіберіп, атасы мен енесінің, басқа да үлкендердің алдына табақ тартады ғой. Ал, басқа келіндер өйтпейді. Бәрі бірге көшкен. Бірге жүрген. Үлкен келіннің тірлігі – жаңағы. Бір емес, ылғи осылай. Айым да тегін адам емес қой. Келіннің пейілі мен әбжілдігін аңғарады. Аңғарғаны сол: – Құдай пейіліңді кеңге салған екен. Өсіп-өн. Тұқымың жайылсын. Кейін менің артымды күтетін – сен боласың-ау. Ынтымақты, берекелі бол, шырағым, – деп төгілдіріп бата беріп отырады. «Аналары Атадан бата алған әулет қой» деп, қалың Бөкенбайды ел жарықтық әлі күнге аңыз қылады. Ал, енді, сол әпсана сатылап жүріп, бүгінгі біздерге де жетті ғой. Біздің ел, сондай-ақ, сайыпқыран ананың тағы бір қылығына әлі күнге тамсанып отырады. Бір түйе қайта-қайта үйге сүйкене беріпті дейді. Түйе сүйкенген үйде жан қала ма. Киіз үй – бүгінгінің бетоннан, не кірпіштен салынған тасқамалы емес, әрине. Түйе түгілі, тана сүйкенсе де, сыр беріп қалуы мүмкін. Сонда бақанды ала салып, тартып жібергенде, үйкүшік жануар тырапай асыпты дейді.

БАЙКЕНЖЕНІҢ ЖОЛЫ

24 тамыз, 2005 жыл. Жаңақорған-Түгіскен-Байкенже жолда­рының айырығында аялдама бар. Сондағы баспананың көлеңкесіне тоқтадым. Алдыңғы дөңгелекке жел бердім. Кейбір тетіктерді (винттерді) тексеріп көрдім. Көгерішті Дала. Сыр бойы: қалың жыныс, тоғай. Кеше де бүйірден, одан қарсы алдымнан самал жел тұрып еді. Бүгін де солай. Кеше күн ыстық емес еді, ал, бүгін аздап ыстықтау секілді. Бірақ, аптап жоқ. Жаз аптабының беті қайтқан сияқты. Тамыздың 18-19-20-ларында күн жанып тұрды, әрі тәжірибе жоқ, сапардағы алғашқы күндерім еді, оңай болмады. Қазір де алдымда ұзақ жол тұр. Алла сәтін салса, жүріп өтермін. Ия, Алла, өзің жар бола көр. Жақсы жолдарыңа бастай бер! Сонымен, қозғалып кеттім. Теміркөлік көрінбейді. Бір жаяу ғана қарсы ұшырасты, амандықтан соң: – Шөлдесеңіз, шай ішіңіз. Көк шай демдейін бе. Жөнімді айттым. Ол кісі аздап қана ішті. «Ана жерде, жол жағасында пагон бар». «Вагон ба?» «Ия. Балалар бар, сонда соғып, қауын жеп шығыңыз». «Байкенже жиырма шақырымдай ма?» «Оһо, біраз жер бар. Пагоннан қауын жеп алыңыз. Ұзақ – жол». Бұл жаңарықтық Нұртай Шырман еді. Сөйтіп, «пагонның» көлеңкесіндемін. Таныстық. Үш қазақ. Ал, иттері басын кө­тер­гені демесеңіз, үруге де ерінді. Сыр елі ауылынан осылай ұзап шығып, бір мезгіл егінмен айналысып, оның кіре берісін қоршапты. Бәріміз шүйіркелесіп отырып, қауын жестік. Жалпы алғанда, нарықтың аласапыраны басталған әуелгі жылдардай емес. Ел жарықтық шамалы ес жиып, етек жауып, тірлік етіп жүр. Егінге ұмтылады. Малының да соңынан қалмайтын болған. Бұрын үш-төрт бөтелкеге бір ұсақ жандықты айырбастай салып, рәсуасы шығып еді. Ол кезең келмеске кеткендей. Бұлайша пысып, ес жинауы қуантарлық жай еді. Әлқисса, жел басылмады. Бері ұзағанда, Байкенженің жолы, тіпті, нашарлап кетті. Тастақты жол. Желді қатты қып беруге тағы болмайды, ыстық күнде ісініп, жарылып кетуі мүмкін. Жел қалыпты ғана. Артта жүк бар. Одан өз салмағым. «Тас тесіп жіберер ме екен?!» деп қорқып келемін. Жолда жатқан бір таяқты қолға ұстадым, қасқыр, шиебөріге қауқар қылмақпын. Сынған сап, не кетпендікі, не айыр, күректікі, әйтеуір мықты ағаш. Қандықұдықтың тұсына іліге бере, бір жатаған жыңғылға келіп, аял қылдым. Байкенженің талдары да көрініп тұр. Жолы бар болғыр великке өте қолайсыз: жүріс өнбей келеді. Бірінші аялдамадан, яғни, жетпестен бұрылып кетіппін. Шамалы адастым. Ауыл тоғай арасында еді. Майтопырақ, құм, кей тұсы – қатқақ. Ажымахан көкемнің үйіне жеткенімде, сағат бес жарым болыпты. Негізі, тез жетіппін. Жол­дың нашарлығын, күннің ыстықтығын еске алып қана «тез жетіппін» деп отырмын да. Байкенжеліктер мен түгіскендіктер ежелден құдандалы болып, ілік-шатыста келеді ғой. Мен сіздерге, сәті түсіп тұр­ған­да, түгіскендік Палымбет палуан мен байкенжелік Бибігүл ананың бір әңгімесін жеткізейінші.

ПАЛУАН АНА

– Үлкендерден естіген әңгімеміз ғой, – деп бастап еді Нұрбек палуан, баяғы Айымның шөпшегі Бөкенбайдың шөбересі. – Байназар бабамыз дәулетті, әсіресе, түйесі көп кісі болыпты. Ел арасында «Көптігі соншалық, Дарияның жағасындағы «Тассуаттан алды су іше бастағанда, арты Таздың құмында жатушы еді» деген сөз бар. Сондай-ақ, «Байназардың құдығы» деген құдық бар. – Палымбет деген кісіні «Өте қарулы еді» деп, көкемдер біздерге сонау Мырзаның Даласында жүргенде-ақ аузынан тастамай айтып отырушы еді. Ал, сіз – немересісіз ғой. Не айтасыз? – Палымбет атамыз өте дәу, ірі кісі болыпты. Өзі – байдың баласы. Ақ түйеге мініп жүреді дейді. Күреске, көкпарға құмар адам екен. Ақ түйесіне мініп, қайда көкпар, қайда күрес – сонда жүреді. Ақ түйеге мінгенде, атын жетектеп жүреді екен. Сөйтіп жүрген бір күндері, бір ауылға бұрылып, құдықтан түйесін, атын суарып алады. Қауға тартып тұрған жігіт: – Оу, жігіт, аялда, мал соямыз, қонақ боласың, – дейді. – Қонақ болғанда, біздің жайымыз былай ғой, мен күресетін адам іздеп жүрмін, көкпар іздеп жүрмін. Айналаңда күресетін біреу бар ма? Көкпар шауып жатқан жер бар ма? – Ай, біз ондайды білмейміз. Екі құмның арасында пәленше деген бай бар. Сол ауылдан хабар біліңіз. Сонымен, Палымбет атамыз түйені шөгеріп, түйесіне мінейін деп жатады ғой, сол кезде қауғаны басқарып тұрған жігіт бір қызға: – Мына қонақты түйесіне мінгізіп жібер, – дейді. Сөйтсе, әлгі қыз Палымбетті желкесінен ұстап, түйенің үстіне лақтырып жіберіпті. Содан атамыз ізінше қайтып келіпті ғой. Жаңағы үйді жұрттан сұрайды ғой. Ол Нұржан деген құйысқансыздың үйі екен. Соның қызы екен. «Сол қызды алам» деп, сол қызға үйленген екен. – Сол қыз – Нұртайдың шешесі ғой? – Ия, Нұртайдың шешесі. Нұртай дәу болған. Ағасы Тұрғанбайды Дәусары дейтін. Ол кісі тіпті дәу еді. Әкесі анадай, шешесі одан өткен, дәу болмай қайда барады! Әкемнің інісі Оңалбек деген болған. Ол, тіпті, бәрінен дәу екен. Соғысқа кетіп, хабарсыз кетті. Мырзаханның әкесі Тәукебай бар ғой, сол кісіден естіген бір әңгімем. Жас келінге ол кезде сарқыт береді ғой. Сарқытқа тоймайды. Жас отау ол кезде бөлек болады, сонда іргеден қозыларды тартып алып, жалма-жан сойып, құмға көмеді екен. Сөйтіп жейді. Неге десең, жас түскен келін, сарқытқа тоймайды, «қарным аш» деп айтуға ұялады. Өзі қарулы адам, былайғы келіндер жейтін анау-мынау тамақ жұқ бола ма. Тәукең тағы бір әңгімесін айтып еді. «Мен кішкентай баламын. Ауылдағылар бір жаққа кетіп қалған. Екі жарым жасар өгіз құдыққа түсіп кетіп, көлденең тұрып қалды. Мені құдыққа түсіріп, екі жерінен арқанмен жақсылап байладым, Нұржан байдың қызы ғой, жақсы самарқан етігі бар, соны киіп алып, жерді қазып, арқанмен бір өзі тартып, суырып алды ғой. Қарулылығы сонша!..»

*** «Палуан анамыздың мінезі қандай болды екен, салмақты ма, қағылез бе?» деген сауалыма орай, Нұрбектің кезінде Тәукебай ағасынан естіген бір хикаясы былай болып келеді (Тәукебай – Палымбеттің ең кіші інісі). Тәукебайдың бала күні. Бұл ауылдың адамдары құмның ішінен алдында бір ауылды шауып кеткен екен. Енді, олар тек жата ма, аңысын аңдиды, ауылда еркеккіндіктілер бір жаққа кеткен күні, он екі адам сойыл-шоқпарымен сау ете қалады ғой. Сонда, палуан анамыз бақанды ала салып ұмтылып, онын құлатыпты. Қалған екеуі қашып шығып, анадай құмның басына барып, тоқтап, «Адамдарымызды алып кетейік» деп жалынып тұр дейді.

БУРАБАЙ

Щучьені қақ жарып өтіп, шет жаға­сында келе жатырмын. Трассаның екі жағын зәулім қарағайлар алқалап, қаумалап отырады екен. Аққайың аз. Сөйтіп, әлқисса, ақыры «Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» деген жазу-көрсеткішті-картаға да жеттім-ау.

«ЖҰМБАҚТАС» ҚАНА ЕМЕС

Сағат 18-ге таман. Көлдің ортасындағы «Жұмбақтасты» көріп отырмын. «Жұмбақтас» десе жұмбақ тас екен сабаз. Адамға да келеді, тасқа да келеді. Әлдебір су жануары ма? Айдын бетіндегі ғажап мүсінді суреттерден, кинолардан көріп жүрсіз ғой. Несін қайталайын. Ал, тұңғиықтағы болмыс-бітімі қандай екен, ә? Оны білу үшін, сонау жерге дейін жүзіп барасың, сүңгі, асықпай көріп шық. Бүйтуге уақытты маған кім беріпті. Ол түгілі, мына айнала әлемге тамсанып, тамашалауға да уақыт қалмай барады. Алла жазса, қалай да Көкшетауға жетуім керек. Соның өзінде Алматыға екі-үш күн кешігіп барайын деп тұрмын. Маған бақандай он тоғыз күнге іссапарға шығуға құжаттатып мүмкіндік берді. Біреулер мұны Радио, Корпорация басшылығындағылардың жақсылығы деседі. Солай болса, солай да шығар. Алайда, он тоғыз күн төрт облыстың ұлан-ғайыр территориясымен көктей өткен күннің өзінде де, мүлдем аздық қылады. Басына тартсаң аяғына, аяғына тартсаң басына жетпейдінің нақ өзі еді! Құдайға шүкір, ұжымда тілеулестер баршылық. Алайда «тырнақ астынан кір іздеуші» ағайындар да жоқ емес. Сол мысықтілеулер екі-үш күн кешіккенімді бетіме салық қылмасын деп жанығамын. Сол бір асығыстық хал. ...Осынау ғажайып өлкені қызықтауға да мүмкіндік берер емес. Айналып келгенде, екі оттың ортасында қалғандаймын. Менің пайымдауымша, «Жұмбақтас» қана жұмбақ емес. Осы өңірдегі тас атау­лының бәрі, бірі қалмай, тегіс жұмбақ. Жұмбақ болғанда да, ғажайып жұмбақ. Ерекше жаратылыстағы айнала әлемді көріп отырып, ойға кетесің. Сондағы түйгенім мынау еді. Бұл аймақты да, тауды да аңызға айналдырып жіберген үш жағдаят екен. 1.Тастарының ерекше бітім- болмысы. 2. Қарағайлары. 3. Көл. Әсіресе, тастардың жаратылысы мен тұрыстары – таңқаларлық пішінде еді. Бір-біріне ұқсамайды. Болмыстары да, тұрыстары да. Ал, енді, осы тастарды жарып өскен қарағайлар ше! Қандайлық кемеңгер суретші болса да, дәл осындай ғажайыпты қиялдан туындата алмас еді. Тек Алланың ғұзырындағы ғажайып қой бұл. Ертеде біреу айтыпты дейді. «Көкше­таудың тауы демесең, жері – онша емес қой. Ал, Жетісудың тауы да, былайғы жері де – керемет» дегенге саятын пайымдау айтыпты-мыс. Осы пайымдауға өз басым мүлдем келіспеймін. Көкшенің тауы – ғажап! Мұны бір деңіз. Ал, жері ше? Жері – кәдімгі армандай болған Сарыарқа. Төменге ұласатын. Ертегідей жаннаты өлке. Жұмақ екенін көзіммен көріп келе жатырмын. «Жер жаннаты – Жетісудан» артық болмаса, бір де кем емес. *** Ай, айналайын қезекем-ай! Мынадай пейішті де иеленіп қала алды, ә. Жеріңнен де, өзіңнен де садаға кетсем болмай ма! Көл, жұмбақтас, қарағайлар, қызық жаратылысты, қызық-қызық тұрып қалған әртүрлі пішіндегі тастар... Таңқалдырып, есіңді алады. Бір-біріне ұқсамайды. Тамсана түсесің. Бұрынғы қимастық қимастық па, оларыңыз енді ойыншық болып қалғандай еді. Ішімнен бір дауыс ынтыға түсіп, есі шыға таңырқап: «Анаң қара! Анаң қара!» – дей бере ме, қайтеді. Уақыт шіркін қанша жерден тызықтырса да, кете алмай, қия алмай, қимай, бөгеле бердім бе. Бір сиқырлы күш мені біржола байлап-матап, тұсап тастағандай еді. Аспан бұлтты. Таңертең көрінген тауым – осы Көкшетау екен ғой. Сөйтіп, Ал­ланың жақсылығы ғой, армандай болған Көк­шетауды да көрдік. Мынадай ғажайыпты жаратқан Алланың шеберлігіне қайран қалмай көр! Сүйсінбей көр! Күн салқын еді. Сонда-дағы суға шомылушылар бар. Ал, енді, тастардың түсін дөп басып тани алмай-ақ қойғаным. Нақты қай реңге қо­сарыңды білмейсің. Сонымен, Шучье қаласынан көктей өтіп, Бурабайға кіріп келе жаттым. Санатория-курорт дегендеріңіз толып жатыр. Сол демалыс жайларының әр алуан ғимараттары. Ал, кент дейсіз бе, әлде үлкен ауыл дейсіз бе, өзіңіз білесіз, осы Бурабай елді мекені үлкен трассадан жиырма екі шақырым жерде бұрыстау жатыр еді. Өрлі, ылдилы өңірмен шерулетіп отырып, діттеген межеге де жеттім-ау. Ең әуелі мешітке келдім. Жабық. Абылай хан музейіне келсем, ол-дағы жабық. Бір орыс әйел шырақшының үлкен апа екенін айтып, «Телефон соғайын, келеді» дейді. Алайда, үйі бірталай жерде көрінеді. Ол кісі келгенше күтерлік мұршам жоқ еді. Ақыры әкімшілікке де іліндім. Мөр бастырдым. Топырақ әкеле жатқанымды, бір кісі бірге жүрсе дұрыс болар еді демеймін бе. – Қызметкерлеріміз өте аз. Сізге ертетін бір адамның да реті болмай тұр. Топырақ әкелгеніңізге сенеміз ғой, – дейді. – Бірге жүргенде, сендіру үшін емес. Бұл – қалай болғанда да, тарихи сәт қой. Жергілікті адам қатысса дегенім де. Тез қоштасып шығып кеттім. Бұл мекеме – атақты Бурабай аймағының тізгінін ұстап отырған орын. Мен сияқтының мыңы келіп, мыңы кететін шығар. Мұндай іс бұлар үшін таңсық болмауы да мүмкін. Бірақ... Мың шақырымнан астам жерден – Жетісудан – Райымбек Баба атамекенінен Абылай хан тағына великпен шерулетіп, шөлден өтіп, арып-ашып, қажып-қалтырап, шаршап-шалдығып, дәл мендей болып күнде келіп жатқан адам жоғы тағы анық. Егер, көшелі кісі болса, бір амалын табар еді. Ондай көшелілікті Құдай санасына бермесе, менің тірлігімді көп қыдырымпаз демалушының күнделікті әрекетіне ғана баласа, не дауа. Мына «Жұмбақтасты» айтамын да, қанша ғасырдан бері осылайша жұмбақ болып тұр екен, ә? *** Жұрттан Абылай хан алаңын сұрай-сұрай, кентті қақ жарып, кете бардым. Жаңбыр жауған тұста, қалың елмен бірге велик екеуміз де автобус аялдамасына қалқаладық. Сөйтіп, ақыры, Абылай хан аялдамасына да жеттік-ау. Әуелі фотографты тауып алдым. Европалық. Лыпылдап тұр. Алаңда қыдырыстап жүрген ел баршылық еді. Бір топ қазақ бала-шағасымен бірге Абылай хан тағының қасында қызықтап жүр екен. Амандаса сала: – Ең жасы – қайсы? Сол бала керек, – демеймін бе. Өркені өскір, іздегенім бірден табылды. Жәшікті шешіп жатып, ниетімді түсіндіріп үлгердім. Бір емес, екі ұлан. Құдайдың құдіретін қараңыз, біреуінің есімі тіпті Абылайхан екен! Қыз-келіншекті, жігіт-желеңді, бала-шағалы, бәрі аралас, мені қаумалап, бірден үйіріле кетті: – Телевизордан көрдік қой, – деп бір қазақ қос қолын ала жүгірді. Алқалаған әлеумет Қасиетті Қазақ Жерінің әр аймағынан келген қандастарым еді. Алланың өзі бұл ардақтыларыммен мені дәл осы арада әдейі табыстырып тұрғандай ма, қалай. Бәрі де өбектеп, тілеулес көңілмен қарайды. Содан, не керек, екі жас бала, үшеуіміз бірігіп түйіншекті шештік. Топырақты алып, тақтың алдындағы қуысқа салып жатырмыз. Анасы болса, балаларға: «Бісміллә деңдер», – деп өбектейді. Күллі Дала сол қарлығаш-көңіл ана болып еміреніп тұрғандай әсер етті. Қайран ананың – қазақ-ананың бұл киелі ұлы махаббаты... Тілмен айтып жеткізу қиын еді. Бір сүйінерлігі – өңшең қазақтар болатын. Балалар да солай. Тек екі ұлға ғана емес, өзге де ұлдар мен қыздарға да «Сендер де салыңдар» деймін. Бір жас ұлан «Ағатай, мен де салайыншы» деп қиылған. Содан, бір топ бала орамалдағы топырақтан алып салып жатты. Аманат істі тиянақтаған соң, аруақтар рухына, Райымбек, Абылай хан бастатқан жақсы мен жайсаңдар рухына деп құран оқыдым. Үш түрлі көріністе су­ретке түстік. Фотогрофқа алдын-ала түсін­діргенмін. 1. Түйіншекті шешіп жат­қанда. 2. Топырақты салып жатқанда. 3. Құран оқыған кезде. Қаумаласқан қазекемдер «Сізбен бірге суретке түсейікші» деп тағы өтінді. Бура­байлық бір қазақ телефонымды жазып алып жатты. Абылай хан тағы деп аталатын киелі тас биікте болатын. Тарихи деректердің бір баяны осынау ғажайып өлкеде ұлы хан ақ киізге салынып, хан сайланған дейді. Бұл жаннатты аймақ заманында Абылай ханның жайлауы болған көрінеді. Кейінгі ұрпақ, әсіресе, ақылды келіні Айғаным анамыз: «Атамның жайлауын жатқа бермеймін», – деп, небір ерлікке, керек десеңіз, асқан жанкештілікке де барған. Патша басқыншыларының жымысқы пиғылын сезген қайран қазақ қызы, сол бір алмағайыпты дәуірде данышпандықпен амал тауыпты дейді. Қала салуды сылтауратып, ал, шын мәнінде, басқыншы әскері үшін мықты бекініс құратын жерді көздегенде, әукесі салбырап, біреулерінің Бурабайға ындыны құрыпты. Кейінгілерге «Көл, тау осы» деп, бүгінгі Көкшетау қаласының орнын, Қопа көлін көрсетіпті дейді. Сөйтіп Бурабайды адамдардың жебірлігінен аман сақтап қалған. Мейлі, басқыншы болсын, басқыншы болмай-ақ қойсын, өзіміздің қазекем-ақ болсын, қорық, курорт болатын аймаққа күнкөріс деп, басқа деп түбінде екіаяқтылар қара шыбындай үймелейтін қала салыңызшы, ақыры не болар екен?! Қандай жаннатты жерді де екіаяқтылар құртып тынады. Бір ғана мысал. Алматыны қараңыз. Астана болатын жер емес қой. Шағын ғана курортты шаһар болу керек. Алматы мен оның айналасына небір санатория-курорттар салса ғой. Тек қана демалатын орын болу керек еді. Үлкен қала болған соң, екіаяқтылар шектен тыс құйылып келді де, бүгіндері Алматының ішін де, тысын да, ауасын да ластап тындырып, қоқысқа, күресінге айналдырып жіберді. Жаннат емес, тозаққа айналды. Әйтпесе, Алматы да, айналасы да – нағыз жұмақ қой. Қорыққа, курортқа ғана лайық өлке. Бурабайды осындай алапат масқарадан сақтап қалған анамызға рахмет! Қазаққа осыдан артық қандай жақсылық жасасын. Жаны жаннатта болсын! Ақын Баянғали Әлімжаннан да, басқа қандастарымнан да жиі естіген бір тарихтың ауаны осылай еді. Ал, Көкше-Бурабай қалай дейсіз ғой. Әдетте, біз Жетісу мен Аспантауға тамсанамыз. Таңқаламыз. Баурайында жүрген соң, ғажайыптығына көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткен де, сүйіне бермейміз-ау дейтініміз де бар. Обалы қане, Аспантау да, Жетісу да – шынында да Алланың мейірі түсіп жаратқан айрықша құбылыстар ғой. Қырық жылға жуық уақыт жүріп, қысы мен көктемін, жазы мен күзін жеріне жеткізе көріп, жанға сіңіріп, жүрекке ұялатқан айналайын Аспантау мен Жетісу бізді біржола баурап алған. Біржола! Жаңадан көрген аймақтарды әуелі атамекенмен, туған жермен, содан соң, міндетті түрде Жетісу, Аспантаумен салыстыратынымыз да, кім біледі, содан шығар. Сөйтіп, не керек, Көкше-Бурабай атырабын да сонау қымбаттыларыммен салыстырып көрдім. Ал, енді, мұндағы сұлулық пен сырлылық мүлдем басқаша еді. Ерекше жаратылыс. Ауасы – тап-таза. Жұта бергің келеді, жұта бергің келеді. Тынысың кеңігенде, енді бар ма, қандай ұлы бәйгенің де алдын бермейтін қас жүйріктейін алқымың кеңейіп сала бере ме, қалай. Оны айтасыз, Құдайым асылық көрмесін, табиғатыңдағы тектілік те мен мұндалап бас көтере бастай ма, қайтеді. Өзіңізді дегдар, асылтекті сезінгендей бір ғажайып халді бастан кешесіз. Жолыңызды да қарағайлар екі жақтан алқалап, Сізді қостап-қуаттап отырады. Әуелгіде Щучье қала­сы жақтан кірсем, ал, қайтарда Көк­шетау беттен шығып барамын. Дәл бұлайша жүру жаннаты аймақты жақсылап көруге жағдай жасады. Тағы бір қайран қалған дүнием; жарық­тық Абылай бабамыздың дәл осынау өлкеде хан сайлануы еді. Данышпандықпен ойлап тапқан тапқырлық қой! Жалғыз мұнысы ғана емес, ол кісінің тарих бізге жеткізген талай ісін таразылай келгенде, сол қазақтың шын мәнінде көреген болғанын пайымдайсың. Әр азамат сол Абылайша талаптанса, Отанымыз баяғыда-ақ дәуірлеп кетер ме еді, қайтер еді деп те ойлайсың. Кейде жазықта керіліп, ал, бірде ире­леңдей созылып, айналасы жап-жасыл әлем; велик екеуімізді үлкен трассаға қарай алып келе жатты. Курортты аймақтан үлкен трассаға қосылар жолымды дембіл-дембіл жолшыбай кездескендерден сұрап та қоямын. Осы бетпен ақыры тау ішінен де шықтым. Енді, жап-жасыл таудың бүйірімен жанамалай өте бердім. Ұзамай алыстан үлкен трасса да көрінген. Есте болатын жай. Көкшетау тауы мен Көкшетау қаласының арасы жетпіс шақырым.

Қазақ қызы

2016 жыл, жаз. 2007 жылы Жетісудан Сарыарқаға велосипедпен шерулеткен сапарымда, Астана арқылы өтіп едім ғой. Ал, енді, 2012 жылдан бері Астаналық болдық дегендей. Мүмкіндігіме қарай, қала маңын аралап жүрмін. Алдыңғы сенбіде Қорғалжын жолын біраз барлап, Үркер, Қаражарды көріп қайтқанмын. Ал, бүгін әуелі Қосшы ба­ғы­тына беталдым да, ақырында әуежайдың сыртын орай, Қарағанды беттегі Күйгенжар ауылына тарттым. Асықпай жылжыдым. Бір жақсысы, жел тұра қоймады. Егер, Арқаның арда желі алдыңнан соқса, жүріске ауырлық қылар еді. «Жүрген аяққа жөргем ілінер» деген осы-ау. Мұнда біраз кісімен шырайласудың сәті түсті-ау. Осылардың арасынан, әсіресе, Айдарқызы Гүлнардың күнделігі бірден назарымды аударды.

*** Көкшетау, Астана секілді Сары­арқаның төрінде жайғасқан қалаларда жүріп, өз бетінше талаптанып, жетілген Айдарқызы Гүлнар өскен жері – Сырдағы Келінтөбе ауылының атын электрондық поштасына қойыпты. Қалай дегенде де, қазақ қызы ғана осылай жасайды. Жерлестеріне жаны ашып, біраз мәселелерін шешіп беруге қарлығаш көңілмен араласқан жайы бар екен. Ауызсу. Елге барған сайын, ауызсудың азабын тартып отырған туыстарымның жағдайын көріп, қиналып қайтатынмын. 2008 жылы барғанда, суды цистернамен сатып алып, цементтен жасалған әуітке құйдырып, ал, оған екі-үш күнде майда, қызыл құрт түсіп, жеңгелеріміз балаларына сол суды қайнатып, тұндырып беріп отырғанын көргенде, шыдамымның жеткен жері сол болды. «Астанада күміс су ішіп, күйімді күмбірлетіп, мен жүрмін, ауылдағы бауырларым болса, шалшық су ішіп отырғаны мынау!» деп өзіме ренжіп қайтып ем. Сонан, 2009 жылдың ақпанынан бастап, Қызылорда облысының әкімдігінің сайтына ресми хат арқылы сұрақ қойдым. «Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе ауылы антисанитарлық жағдайда өмір сүріп отыр. Суды лас цистерналармен сатып алып ішіп отыр. Құрттаған су ішеді. Келінтөбе ауылына ауызсу бағдарламасы бойынша су тарту қашан қарастырылады?» деген мазмұнда жазып, ашық интернет-сайтына салып жібердім. Содан ауылға тексеріс барыпты, таңертеңмен жақын туыстарымның бірі телефонмен хабарласып, айқайлап ұрсып: «Сен әкімнің үстінен арыз түсіріпсің, не істеп, не бүлдіріп жүрсің?! Тыныш жүрмейсің бе?» – деді. Мен түк түсінбей қалдым. Ал, ауыл әкімі: «Айдарқызы Гүлнардың шағымы негізсіз, ауылымызда су мәселесінде бәрі дұрыс» деп тексерушілерді қайтарып жіберіпті. Бұл менің арыма тиіп, намысымды жани түсті. Содан, тағы да сайтқа алғашқы хатым бойынша барған тексерістің нәтижесін сұрап, әкімге тағы хат жаздым. Бұл екінші хатым еді. Егер де, мәселе ауыл әкімі айтқандай болса, онда мен ауылдың суын тексеруге тәуелсіз сараптамашы (экспертиза) апарайын. Ақпарат құралдарын, теледидар журналистерін шақырайын. Менің шағымымның қаншалықты «негізсіздігін» көрсетейін деген мазмұнда жаздым. Осы хаттың артынша электрондық поштама «Келінтөбе ауылы сумен қамту бойынша ауызсу бағдарламасына кірді, қаражат қарастырылды. Сумен толық қамтылады. 3800 метр труба тартылады» деген мазмұнда хат келді. Мен енді үшінші хатымды жолдадым: «Үш мың алты жүздей тұрғыны бар үлкен ауылға 3800 метр трубамен су тартуды қалай түсінуге болады?!» – деп. Не керек, осылайша ресми орындармен біршама ресми хат алыстық. Содан, ауылдың көшелерінің бәрін қазу жұмысы басталды. Қазылды да, алайда, ұзақ уақыт жұмыс тұрып қалды. Ал, ауыл әкімі болса, «Айдардың қызы менің үстімнен арызданып, қоймай жатыр», – деп, халыққа негізсіз, жалған ақпарат таратып жүрді. Ауылдан апалар «Мына суың бола ма, жоқ па, шұңқырларға құлап-сүрініп жатырмыз», – деп, телефонмен хабарласа бастады. Жұмыс қашан аяқталады деп төртінші рет хат жаздым. Осы жолы маған бұл жұмысқа қанша миллион қаражат бөлін­генін, аяқталу мерзімін көрсетіп, тәптіштеп жазылған хат келді. 2011 жылы елге барғанымда, көшеде бір кісілер танып, тоқтап, рахметін айтып жатты. Мектеп бітірген соң, оқу, қызмет деп Көкшетау, Астанада тұрып жатқан мені көп кісі тани бермейтін. Көпшілігі осы ауылда жиырма жылдан аса уақыт қызмет істеген, бүгінде арамызда жоқ көкемнің атымен танып жатты. Мал ауруы. Ауыл жұртының күнкөрісі: мал мен егін. Ауылымыздың негізгі кәсібі – малына бір індет келді – «Қансигек», сиырлардан қан аралас сүт ақты. Қаншама мал қырылып қалды. Малдың бас жібін ғана ұстап қалған үйлер болды. Сонда, ауылдың әкімі теледидардан тағы да жалған сөйледі. «Ауылда бар-жоғы жиырма сегіз бас қана сиыр өлді, олар өртелді, халық өзі емдеп жатыр малдарын» деді. Содан, Ауыл шаруашылығы министріне хат жаздым. Осы індетті мемлекет тарапынан емдеу қарастырылған ба деп сауал қойдым. Министрліктен індет тегін емделетін ауылдардың санатында жоқ деген хат келді. Министрлік облыстың деңгейінде ақпарат сұратып, тағы да Келінтөбе ауылынан шу шықты деп, ауылды машинамен беттеріне маска кигенсіп, дәрі шашқан болғанын көрдім. Бірақ бәрі де әйтеуір істедім болып істелгеніне көңілім толмады. Осы мәселелерден кейін ауылдың көп адамдары маған проблемаларын айтып, хабарласатын болды. Ақыл-кеңес сұрайды. Сондай қитықты жайдың бірі ауылдық аурухананың жабылуы еді. Ауылдан Дос­жан келіні Қызсұлу апамыз хабарласып, «Қызым, бірдеңе істеші, ауданға сабылып шаршадық, келіндеріміз көшеде босанып қалып, баласы шетінеп жатыр» деді. Денсаулық сақтау министріне «Қызыл­орда облысы – нағыз экологиялық зардап шеккен облыс. Қант диабеті, жүрек, бауыр, өкпе аурулары, гипертониктер көш бастап тұрған облыста ауруханаларды жабу халыққа жасалған қиянат деп білем» деген мазмұнда хат жаздым. Келінтөбе ауылының ауруханасына тек бір ауыл ғана емес, халқы көп көрші Түгіскен ауылы да қаралушы еді деп қостым. Сонымен, үлкен екі ауыл ауруханасыз қалайын деп отыр ғой. Бұл жағдай ауыл адамдарын ауданға сабылтып, әбден әбіржіткен жағдай еді. Аяғы ауыр аналар қырық бес градустық ыстықта Жаңақорғанмен екіарада сабылып, тексеріліп, босанып жүр. Бұл дегеніңіз ауылдағы ағайынға қасақана жасалынған қиянат дегенді де қостым. Бұл хатымды ауылдың Батыр аналары атынан жаздым да, Қызсұлу апаға қол жинаттырдым. Ол кісі үй-үйді аралап жүріп, қол қойғызып шықты. Ал, министрліктен сол хатымызға мынадай жауап алдым: «Мемлекеттік бюджеттен денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттарды тиімді ықшамдап, оңтайластыру мақсатында аудан орталығына шоғырландыру туралы министрдің бұйрығы шығып, ол күшіне енген» деген жауап алдым. «Ал ауылда әйелдерді босандыру бөлімін қалдырдық» деп жазыпты. Қазақ қызы осы енді. Атамекеніне, ондағы қандастарына қарлығаш көңіл­мен өбектейді. Көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан­дікіндегі жеңгесі Сәулені 8 наурыз мере­кесімен құттықтап барғанда, қаламгер ағамыз ауылға бір жолы түскенде, Гүлнардың жоғарыдағы тірліктерінің жайын Ел адамдарынан естігенін айтып, «Алыста жүріп, туған ауылыңды ойлаған жүрегіңнен айналдым», – деп, арқасынан қағыпты-ау. Содан жаңа шыққан «Іңкәр өмір» кітабына былай деп қолтаңба жазып сыйлайды: «Астанада жүріп, ауылдың, елдің қамын жеген қазағымның қажырлы, ақылды қызы – Гүлнарға – қыздар. Көктем мерекең құтты болсын деп жаңа кітабымды сый­лаймын! Дүкенбай ағаңнан. Астана. 8.03.2012 жыл».

994 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз