Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 28 Сәуір, 2011

Апта тынысы Мәдениет. 12 жасар пианист жеңімпаз атанды.

Қазақстандық 12 жасар пианист Әбдіахмет Оразбақов Парижде өткен жас музыканттардың 22-ші «Жалын» халықаралық байқауында жеңімпаз атанды.

Байқау Франция астанасында ағымдағы жылдың 11-21 сәуірі аралығында өткен болатын. Онда пианистерден бөлек, альт, скрипка, виолончель және тағы да басқа аталымдар бойынша әлемнің 30 мемлекетінен келген 6-26 жас аралығындағы үміткерлер бақ сынасты. Байқауда Әбдіахмет Григтің «Из карнавала» мен Сергей Слонимскийдің «Мультфильм с приключениями» атты шығармаларын орындады. Жас өреннің қабілетіне тәнті болған қазылар алқасы, залда отырған кәсіби музыканттар мен өзге де көрермендер орындарынан тұрып қошемет көрсетті. Ә.Оразбақов Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті мектебінің 6-сыныбында оқиды. Жас пианистің Парижге барып-қайтуына демеуші болған - ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамед пен «Қазақ әуендері» АҚ директоры Ғалым Ахмедьяров.

Әдебиет. Ғабдолла Тоқайдың туғанына 125 жыл. 26 сәуірде татар халқының ұлы ақыны – Ғабдолла Тоқайдың туғанына 125 жыл толды. Халықаралық ТҮРКІСОЙ ұйымына мүше елдердің шешімімен «2011 жыл - Ғабдолла Тоқай жылы» деп жарияланған болатын. Ғабдолла Тоқай шығармашылығы - түркі дүниесінің ортақ мұрасы. Қай жерде болмасын ұлылар ең алдымен ұлтына қызмет етеді. Ғабдолла да жан-тәнімен өз ұлты үшін, татар халқының мүддесі үшін күресті. Оның орыс поэзиясынан татар тіліне аударған алғашқы шығармаларының бірі - А.Крыловтың «Ұйықтап жатырмысың, қара шекпен?!» («Сон мужика») мысалы болған. Жастайынан жетімдік пен қиыншылықтың зардабын шеккен ақын ұлты үшін қызмет етуден аянбады. Ақын ауыр науқастан 1913 жылы қайтыс болады. Ғ.Тоқайдың 125 жылдығына орай шаралар Орал қаласында да ұйымдастырылуда. Оралда Ғ.Тоқай атындағы көше мен ақын мүсіні орналасқан. Оқиға. Ақтөбеде Чернобыль құрбандарына ескерткіш орнатылады. Ақтөбе қаласында биылғы жаз айларында Чернобыль апатының құрбандарына арналып ескерткіш орнатылады. «Алақай» театрына қарама-қарсы орын тепкен Тұрғынжай қалашығындағы шағын гүл бағында болашақ ескерткіштің алғашқы тасы қаланды. Елеулі шараға облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының басшылары, «Чернобыль құрбандары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, апаттың зардаптарын жоюға қатысқандардың жесірлері мен туыстары, саяси партиялардың, ҮЕҰ, ардагерлер мен жастар өкілдері қатысты. Одан кейін «Алақай» театрында Чернобыль апатының зардаптарын жоюға 25 жыл толуына арналған салтанатты шара болып өтті. Апатты жоюға қатысқан сегіз адам облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып, апатты жоюға қатысқандардың жесірлеріне қаржылай көмек көрсетілді. Спорт. Екібастұз футболына арналған көрме ашылды. Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Екібастұздағы қалалық өлкетану мұражайында жергілікті футбол тарихына арналған көрме ашылды. Көрменің салтанатты ашылуына осы ойынға әуес ардагерлер, спортшылар және оқушылар қатысты. Тәжірибелі футболшылар жас спортшыларға аға ұрпақ өкілдері қол жеткізген жетістіктерге ие болуына тілектестік білдірді. «Көрме - кезінде стадиондарды толтыра білген танымал футболшыларымызға көрсетіліп отырған құрмет. Екібастұздықтар турнирлер мен чемпионаттарда бірнеше дүркін тамаша жетістіктерге қол жеткізген. Бүгінде біз жастарымызға үлкен үміт артып отырмыз. Оларға арнайы секциялар, мамандандырылған футбол мектебі жұмыс істейді. Екібастұз қаласы мен оның іргесінде орналасқан ауылдарда аула футболы даму үстінде», - деді қала әкімінің орынбасары, футбол федерациясының төрағасы Николай Дычко. Мақпал Сағындыққызы

437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз