Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 10 Қыркүйек, 2019

Дала дарабоздары 125 жаста

Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және Сәкен Сейфуллиндердің 125 жылдығы. «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы жылдарында ақылдастар алқасы құрамында болған саңлақтардың қазақ әдебиетінің дамуына серпіліс әкелгені әдебиет сүйер қауымға аян. Ендеше, айтулы датада алыптарға өз дәрежесіне сай құрмет көрсету – азаматтық борышымыз екені анық.

          Бір жылда қатар туған әдебиетшілерді кең көлемде насихаттау жұмыстарын жүргізуді Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы қолға алды. «Әдебиет әлемі» жобасы бойынша іске асырылатын шаралар тізбегін аталған басқарманың тапсырысы бойыншша «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры жүзеге асырады. Осы орайда біз «алыптар қандай шығармаларымен оқырман жүрегін жаулады» деген сұраққа қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.

           Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі де суреткерлік шеберлігімен бүгінгі күнге дейін қазақ хикаятының үлгісі ретінде дәріптеліп келеді. Алғаш рет «Садақ» журналында жарияланған туындыда Есімбек байдың Шұға деген сұлуына кедейден шыққан мұғалім Әбрахман ғашық болады. Бірін бірі сүйеді. Сол уақыттағы жуандар (байлар) әдеттегідей мұны ұнатпайды. Тіпті, жігітті айдатып жіберіп, соңы Шұғаның құса болып өмірден өтуімен аяқталады. Қыз шешесінің өтінішімен қамаудан босаған Әбдрахман сүйіктісіне асығып келгенімен бұл дүниемен мәңгіге қоштасқан екен. Әбрахман жазылған бір жапырақ қағазын оқып, көз жасын көлдетеді:

«Хаты деп ақтық жазған ғашық жардың,

Есіңе ал, дұғаңа мен ынтызармын.

Қош, сау бол, ойнап-күліп жолығармыз,

Астында ақ туының пайғамбардың!..»

Автор шағын ғана шығармамен сол кездегі кездегі қазақ ауылының жай-күйінен хабардар етеді. Төрт ұлдың ортасында бұлаңдап өскен Шұғаның Әбдрахманды алғаш рет көргенінде болашақ оқиғаның барысын былайша қылаң береді:

«Мынау аттан түсіп жатқан кім? – деді Шұға.

Артыма қарасам, екі жігіт түсіп, аттарын байлап жатыр екен.  Біреуі орысшалау киінген. Тани кеттім.

  • Әбдрахман ғой, – дедім.
  • Әбдрахманың кім?
  • Қазақбайдың баласы.
  • Иә, әлгі учитель баласы ма?
  • Иә.
  • Жап-жас екен ғой, – деп бірер қарады да, Шұға отауға кіріп кетті.

Мен Әбдрахманға амандасып, үйге ертіп жүрдім. Отаудың

сықырауығынан Шұғаның бізге сығалап қарап тұрғандығы білінді.»

Шұғаның болмысы ше? Шығармада көп тіл қата қоймаса да Қасымжанның аузымен оның келбеті төменлегідей суреттейді, әрі Шұғаның болмысынан оған анық көз жеткіземіз.

«Шұға десе – Шұға, Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті-ақ еді... аққұба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілтектік дегеннің не екенін бала білмес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бүртірлі паң еді-ау, шіркін...»

         Ілияс Жансүгіровтың аты аталғанда алғашқы еске түсетіні – «Құлагер» поэмасы. Бұл поэма өзгелерден сюжеттілігімен ерекшеленеді. Астағы ат жарысы, Құлагердің өлімі, Ақанның қайғы-шерге көмілуі, балуандар белдесуі – бәрі-бәрі асқан шеберлікпен суреттелген. Мәселен, көбіне-көп айтыла бермейтін «Ат қайтқанда» тарауындағы:

«Шаңы – бұлт, екпіні – жел, аттар – қаңбақ,

Балалар ұран салып, безді зарлап.

Шапқан ат, салған ұран – күңіренді Арқа,

У да шу, ұлан-азар болды жан-жақ.

Күңірентті ойды, қырды өңшең күлік,

Арқаны дүбірлетті дүбір қылып,

Көшіріп жерді, көкті келеді аттар,

Керілген кер даланы бүліндіріп.», – деп келетін өлең жолдары ат жарысының ішінде жүргендей сезіндіреді. Сондай-ақ, поэманың өне бойы адамның көңіл-күйіне қатысты түрлі әсерлерге бөлейді...

           Дәуір ұранына сәйкес қазақ топырағында тарихи-революциялық тақырыпқа барған тұңғыш роман – «Тар жол, тайғақ кешу»

          ХХ ғасырдың басында өткен қазақ жеріндегі тарихи оқиғаның көркем шежірешісі – «Тар жол, тайғақ кешу» романы. Сәкен Сейфуллин романда айналасында болып жатқан оқиғаларды бейнелеп, бірде халық басына түскен ауыртпалыққа күңіренсе, енді бірде бұқарасының аңқаулығына, надандығына кейиді...

         Ал ақын ретіндегі артына қалдырған мол мұраларының ішінен «Көкшетау» мен «Ақсақ киікті» ерекше атап кетуге болады.

«Сексен көл Көкшетаудың саясында.

Әрқайсы алтын кесе аясында,

Ауасы дертке дауа, жұпар иісі–

Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?

                ***

Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,

Басқаға жануарды-ау теңгермедім.

Көздері мөлдір қара ақ бөкенді,

Адамның баласынан кем көрмедім.»

Қадірлі әдебиет сүйер қауым! «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры қазан айында үш алыбымызға арнап шығармашылық кеш өткізбекші. Егер сіз аталған үштіктің шығармашылығымен етене таныс болсаңыз, олардың сахна төрінде насихатталуына үлес қосамын десеңіз, сізді тыңдап, кеште өнер көрсетуіңізге мүмкіндігіңіз бар екенін хабарлаймыз.

Ж.Сарқасқа

1344 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз