Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 10 Желтоқсан, 2019

Мемлекеттік қызметшілер санын қысқартудың міндеті қандай?

«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері  Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі  А.Ұ. Маминге мемлекеттік қызметшілердің санын 25 пайызға қысқартуға байланысты депутаттық сауал жолдады. -Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету мақсатында қайталанатын, артық қызмет түрлерін алып тастап, мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру қажеттігін атап айтты, сондай-ақ алғашқы Жолдауында келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсау және 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің және ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту жөнінде нақты міндет қойды. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасын ұтымды да тиімді орындау мақсатында мынадай мәселелерге Сіздің назарыңызды аударғымыз келеді: Біріншіден, «Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және қазақстандық патриотизмді насихаттау» 017-ші бюджеттік бағдарламасының әкімшісі болып Мәдениет және спорт министрлігі бекітілген. Осы бағдарлама аясында жыл сайын республикалық патриоттар форумы, Қазақстан саясаттанушыларының конгресі ұйымдастырылып, мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмысы жүргізіледі. Ал ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және қазақстандық патриотизмді насихаттау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басты міндеті болып табылады. Мәдениет және спорт министрлігіне оған тән емес ойын бизнесі, лоторея өткізу жөніндегі функциялар да берілген. Екіншіден, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 98 мың бірлікті құрайды, соның ішінде орталық мемлекеттік органдарға 52 мың мемлекеттік қызметші, жергілікті мемлекеттік органдарға 46 мың мемлекеттік қызметші тиесілі. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік биліктің бір тармағы, яғни біртұтас атқарушы билік болып табылатындығына қарамастан, министрліктердің көпшілігі өздерінің аумақтық құрылымдарын құрып, оларға бақылау-қадағалау функциясын берген. Мысал үшін, облыстық әкімдіктердің Ауыл шаруашылығы, Ветеринария басқармалары мен Жер инспекциялары бар болғандықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекцияларының қаншалықты қажеті бар? Облыстық әкімдіктердің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармалары мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциялары да бірін-бірі қайталайтын қызметтерді атқарады. Облыстық әкімдіктердің Білім басқармалары барда министрлері ауысқан сайын жаңа реформа жасалатын Білім және ғылым министрлігінің Білім саласындағы бақылау департаменттерінің қандай қажеттілігі бар? Облыстық әкімдіктердің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармалары аздай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің облыстық департаменттерін құру қандай қажеттіліктен туындаған? Сол сияқты облыстық Тексеру комиссиялары мен Қаржы министрлігінің облыстық iшкi мемлекеттiк аудит департаменттерiн біріктіру қажеттігі жөнінде де көптен бері айтылып келеді. Үшіншіден, мемлекеттік аппаратты оңтайландыру кезінде бірінші кезекте штат бірліктерін қысқартудың «жұмсақ тетіктерін» қолдану, яғни бос лауазымдарды қысқарту ұсынылып отыр. Қазір мұндай бос орындар саны – 8 мыңға жуық бірлікті, немесе мемлекеттік аппарат қызметшілері жалпы санының 9 пайызын құрайды. Осыған орай кейбір өңірлерде мемлекеттік қызметтің бос орындарына конкурс жариялауға мораторий жарияланған. Біздіңше, бұл мәселеде асығыстық жасауға болмайды. Өйткені, қазіргі кезде халықпен тікелей жұмыс істейтін аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтерде 600-ге жуық бас және жетекші мамандар жетіспейді. Төртіншіден, мемлекеттік қызметшілер санын кезең-кезеңмен қысқарту мәселесімен қазір Ұлттық экономика министрлігі айналысу үстінде. Бұл мемлекеттік органға Үкіметтің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі №1011 қаулысына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін дамытуды жүзеге асыру функциясы (мемлекеттік органдардың лимиттерін бекіту, штат санына функционалдық талдау жүргізу, еңбекақы жүйесін жетілдіру мәселелері және т.б.) жүктелгенімен, ол мемлекеттік қызметті жаңғыртумен айналыспайды. Бұл мәселемен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тікелей айналысады. Жоғарыда баяндалған жайттардың негізінде Сіздің қарауыңызға төмендегі ұсыныстарды енгіземіз: 1) «Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және қазақстандық патриотизмді насихаттау» 017-ші бюджеттік бағдарламасының әкімшісі етіп Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін белгілеу мәселесін қараған жөн; 2) Ойын бизнесі, лоторея өткізу жөніндегі функцияларды Ұлттық экономика министрлігіне беру мәселесін қараған жөн; 3) Министрліктердің аумақтық құрылымдары мен облыстық басқармалардың құзыреттері мен функцияларына талдау жүргізіп, қайталанушылық анықталған жағдайларда орталық атқарушы органдардың аумақтық құрылымдарын қысқарту мәселесін қарау керек; 4) Мемлекеттік қызметтің бос орындарын қысқарту барысында аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтердің штаттарын қысқартудың негізділігін мұқият зерттеп, ұтымды шешім қабылдау қажет; 5) Мемлекеттік қызметшілер санын қысқарту міндетін мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне (келісім бойынша) жүктеу мәселесін қараған жөн.  

2964 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз