Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 13 Ақпан, 2020

АБАЙ СӘУЛЕСІ

ӨМІР – ӨНЕР ӘРІ ОЙЫН

Өнер, әрі ойын. Ләкин, ережесі бар және оны сақтау талап етілетін ойын. Ережесі бар. Алайда кешегі Кеңестер дейтін құдайсыз қоғамнан шыққан ­кей­біреулердің мұны түйсінуі қиын. Хакім Абай «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық… Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ» деп қапалы (Шығармаларының екі томдық толық жинағы, 2-том, 96-бет). Соның салдарынан «ойын» дегенге ой жүгіртпестен өмірді ойыншыққа айналдырып, қақпақылға салатындарды да көріп жүрміз. Ондай опырғандар мен соңынан опынғандар жайлы сөз өз алдына бөлек әңгіме. Ал өмір сүрудің – өнер екенін де білмеген күйі жалғаннан ұйқылы-ояу өте шығатындар ше? Сол сияқты тірліктің табиғи тәртібін қатаң сақтай отырып-ақ өмір сахнасында ойын ережесін меңгере білудің қажеттігін түйсіну де екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Көкіректе сәуле жоқ. Әркімнің өз пешенесіне бұйырған сыбағасы бар, әрине. Бірақ бес күндік дүние есігін ашқан соң, қоршаған ортамен үйлесімді де сыйласымды өмір сүру, тірлікті мәнді де сәнді өткізу, айналаңа, тіпті көлеңкеңді де түсірмеу тектілікті талап етеді. Өйткені өмір сүру өнері – бір немесе бірнеше буынның көрген-білгенінің, оқып-тоқыған тәжірибесінің жемісі емес. Өмір сүру өнері түп-тұқияннан тұтанып, ата-баба көкірегін нұрға бөлеген жарық сәуленің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тектілік жарығының шалқи таралуы. Жарық сәуле. Тегі жарық текті ұрпақ, тіпті қателессе де бұдан оның өзінен басқа ешкімге зәредей зиян тимейді. Әдемі қартайған, кеудесі де, жүзі де нұрға толы қариялар қаншама! Айналаңызға бір сәтке болса да зер салыңызшы, олардың мейірімді жүзі жаныңды шуаққа бөлейді. Мұны, бірақ кім аңғарып, кім білген? Күнделікті күйбеңмен салпақтап, айналамызды көруден, бір-бірімізді естуден қалады екенбіз. Көзіміз қарап тұрғанымен, көңіліміз – алаң, бас шұлғығанымыз болмаса, құлағымыз – керең. Олай болса, өмірді ойынға теңеу де кейбіреу үшін жауапсыздық боп көрінер еді. Сонда қалай, өмірдің сан сауалына жауап іздеп, қоғам тынысына зер салып, оның қат-қабат оқиғасына білек түре араласпай, сырттай бақылаушы ғана боламыз ба? Шындығында тірлік талабы мен тәртібіне адал бола отырып, өнер сахнасында ойнай білгенге де не жетсін! Бұл, әлбетте ақыл мен қайратты қажет етеді, «…сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды» (Абай, сонда, 2-том, 104-б.). Осы арада сәл тағат қылып, әуелгі әңгімені өмір-өнер, өмір-өзен ағысымен тербеп көрелік. Бұл жерде өмірді ойынға теңегеннен әл­деқайда түсінікті. «Өмір сүру – өнер» деген сөзбен баршамыз бірден келісіп, жапа-тармағай жіктеп ала жөнелетініміз де шындық. Алайда, жаңа айтқандай, ұйқылы-ояу күйі өмірдің өнер екенін байқамай қала­тындар да толып жатыр. Көп, тіпті. Өкінішті, ләкин шындық солай. Жаңағылар, күйбең тірліктің құйрығына маталып, етекбасты күйде бақидан озады. Осыны көре тұра іші толған у мен өрт, «сырты дүрдей» Ұлы ақын жан қапасын жайып салады: «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, Етекбасты көп көрдім елден бірақ» (сонда, 2 том, 22-б.). Шіркін, әрбір жан өзінің алашапқын қалпына бір сәтке ғана ой жіберіп, тірлік қарбаласында сәл ғана үзіліс жасай алса… ақиқатқа көкірегі аз да болса ашылады. Ол енді тірлікті қайта бастамағанымен, оны лайықты аяқтаудың мүмкін екенін де пайымдай алар еді. Амал қайсы? Бізде үнемі уақыт тапшы. Тіпті адамзаттың қазынасы – Абай мұра­сына бір мезгіл ден қоюға демдері жетпейтіндерге не дауа!? Әйтпесе, ұлы хакім «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп, Және сүй хақ жолы деп ғәділетті», «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» дей отырып та, «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деп, ең алдымен қарындастарына ауызбірлікті аманат ететінін қалайша ұмытпақпыз?! (сонда, 2-том, 57,120-беттер, 1-том, 89-бет). Адамды сүю. Бұл – іс жүзінде өмірді сүю деген сөз. Тірліктің, қанша жалған десек те, қадірін білген пендең өзінің айналасының да қадірін біледі. Ол, тіпті жандыға жаны ашыса, жансызды текке­ ­шашып, ысырап­ жасамайды. Олар үшін кейбіреулер секілді «қолынан келсе, қонышынан басу» мүлде жат. Бірақ жаңағы ­кей­бі­реулердің, әсіресе, бәрі ­сатылатын және сатып алынатын ­жабайы нарықта кекірігі азды. Бір қарасаң, жап-жақсы кісі, «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек, Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек» (сонда, 1-том, 47-бет). Жаңағыны жақын тани келгенде оның ар-ұят қиясында тұрғанын көріп, қашан құтылғанша асығасың. «Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,..Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ» (сонда, 1-том, 52-бет). Пендеміз. Алайда өзіңді-өзің басқара алмау­дың түбі аранға жығады. Осыны есі кіресілі-шығасылы сезе тұра жаңағылар арандарын бәрібір тыймайды. Бұ дүниедегі жақсының бәрі солардың меншігі болуы керек сияқты. Тіпті күні кеше өзі ғашық жүрекпен таңдап алған жарын да отбасының бақшасына күз түскенде басқа бір гүлге айырбастап жүре беретіндер де сондайлар. Олар үшін өз жаны желбіресе, жетіп жатыр. Ал жан жарының қадірін білмейтіндер үшін өзге замандастың құны бес тиын. Шындығында «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойла­ғандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» (сонда, 2-том, 102-бет). Аянбайды. Әлгілер бәрібір тоқтамайды: «өзім дегенде өгіз қара күшім бар». Өзінің, өз баласының, өз дүниесінің құлы. Өзге адамның ол үшін мүлде құны жоқ. Бірқатарымыздың, өмір-өнер туралы түсінігіміз «өнерді үйрен де жиреннен» аспайды.Тіпті өнер киесін естен шығарып, оны ойыншыққа айналдыратындар қаншама? Нарық кезінде жасы бар, шал-кемпірі бар, әншілердің көбейгенін көзіміз көріп жүр. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар/ Үннің тәтті оралған мәні оятар. Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар…/ Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен, Өмір сәуле көрсетер судай тұнық. Құр айқай бақырған/ Құлаққа ән бе екен? Өнерсіз шатылған/ Кісіге сән бе екен?..Құлағынан өтеді/ Құр айғай салған әндері … Құлағын басып жалынды,­ Қойғыза көр деп құрғырды» (сонда, 2-том, 5,6,14,37). Өнер. Біз Абайды тыңдасақ қой, ертерек: «Құлақтан кіріп, бойды алар/ Жақсы ән мен тәтті күй./ Көңілге түрлі ой ­салар,/ Әнді сүйсең, менше сүй» (сонда, 2-том, 15-бет). Әркімнің өзіндік дауысы бар. Бірақ оны да тәрбиелеу, шыңдау керектігі кәміл. Ең бастысы, талапкердің жүрегі аса сезімтал болса, құба-құп. Әйтпесе, дауысым бар деп, сахнаға таласу­ обал-ақ. Кейбіреудің, тіпті өз жандарына жап-жақсы әншіні қосақтап алып, өнерді қор қылатынын қайтерсің! Абайдың сөз өнері. Ұлы ақынды өлең-өнер өлкесіне қырыққа келгенде мойын бұрды деп кесіп айту келіспес. Бұл жөнінде Мұхтар Омарханұлының ақынның жас кезіндегі өлеңдері бізге жетпегені, сақталмағаны туралы пікіріне тоқтаған жөн. Яғни олар туралы бізге жетпеген немесе хакімнің өз көңіліне қонбаған деген ләзім. Көкбай «Жаз» өлеңі туралы: «Ауыл Бақанастың бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатыр екен… сол күні, «Жазды күні шілде болғанданы» жазған екен. Оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғаш рет аз да болса қанағат қылғанын көргенім осы» деп еске алады. Абай Құнанбайұлы алғашқы өлең­дерінен бастап, өмірдің өнер екенін жырлайды. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы.Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы». Тіпті 1855 жылы, яғни мөлшермен он ­жасын­да­ жазған «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» өлеңінде ұзатылған қызға «жауыр­ айғыр» берген бауырды сынға алады (сонда, 1-том, 34-бет). Жат жұрттық қарындас тұрмыс құрғанда оны лайықты шығарып сала білу де – көргендік пен білгендіктің белгісі, яғни өнер. Жол басы. Кез келген жастың есею, азамат­тық жолының бір баспалдағы – жар таңдау. Өмірлік серігіңді дұрыс таңдап, таба білгенге не жетсін: «Көріп алсаң көріктіні, Таңдап алсаң тектіні, Сонда көңіл толмай ма?!» (сонда, 1-том, 41-б). Сол сияқты саятшылықта – «Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет», «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» немесе әдемілікте – «Бір жаңа ұқсатамын туған айды», тіпті «Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды» (сонда, 1-том, 42,44,49-бб). Әрине, әдемілікті танып, оған қорған болудың, саятшылық құрып, өмірді қызықтай білудің және ғылымның пайдасын дер кезінде түйсінудің де өмір сүру өнерін меңгерудің баспалдақтары екені анық. Ұлы Абайдың әрбір сөзі өмір сүрудің өнегелі қағидаты «Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,/ Сапырылды байлығың, баққан жылқың», бұл аздай «Жаны аяулы жақсыға қоса­мын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», «Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда, Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда» (сонда, 1-том, 49, 50, беттер). Тіпті жайлауын, күзеуі мен қыстауын да ондайлар алтыбақан алауыздықтың салдарынан дұрыс пайдалана алмаған. Сондықтан «Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,/ Ең болмаса еңбекпен мал табалық», немесе «Керек іс бозбалаға – талаптылық,/ Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық», «Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,/ Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып./ Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс,/ Оның қадірін жетесіз адам білмес» (сонда, 1-том, 53,54,55-бб). Хакім Абай осылайша толғана келе «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде өмір сүру өнерін меңгеруді былайша түйіндейді: «Өсек, өтірік, мақтаншақ,/ Еріншек, бекер мал шашпақ – / Бес дұшпаның, білсеңіз./ Талап, еңбек, терең ой,/ Қанағат, рақым, ойлап қой – / Бес асыл іс, көнсеңіз (сонда,­ 1-том, 60-бет). Ал өнер де – ойын. Өз толқыны, тебіренісі, ережесі, талабы, әуені, бояуы, нақышы, машығы бар ойын. Ұлы ақын айтпақшы, «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел, Сендерге де келейін енді аяңдап». Абайды бір оқи бастасаң, айырылғың келмейді. Өлең сөзді қара сөзбен баяндау обал: «Білімдіден шыққан сөз/ Талаптыға болсын кез.Нұрын, сырын көруге/ Көкірегінде болсын көз» (сонда, 1-том, 73,86 беттер). Тыңдайтын құлақ болса, ұлы ақын ұлағаты мәңгілік мұра. Әрине, бұл өмірге келген соң білім мен өнерді меңгеріп, еңбектен ерінбей, «алға ұмтылу – адами қасиет, ал жанталасу – қасірет». Ұлы Абай отыз бесінші сөзінде: «Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болған, сопы болған, жомарт болған, шейіт болғандарды» және «Ахиретке­ бола, бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды» екіге бөліп, ара-жігін ажыратады. Ақын дүние үшін болғандар мен құдайдың разылығы үшін өнер қылғандардың арасы жер мен көктей екенін атап көрсетеді (сонда, 2-том, 120, 121-бб). Атақ пен құрмет. Сондықтан есеппен емес, адам­дық талабымен ештеңеден тайсалмай алға басып, «ойнай» білу керек. Біліктілікпен шаруа жасап, адам­гершілікті, ар-ұятты ұмытпау – борыш. Кейбір бастықтардың белден басып, шикі кадрларды жоғары орындарда шіренту практикасы да ойын ережесіне пысқырмаудың салдары. Жаңағы шикібастың жұр­тында қалған қоқсықты жинап, «бір қайнауы ішіндегі дүниенің» иін қандырудың өзі азап. «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – бауырың» немесе «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» (сонда, 2-том, 123, 122 беттер). Иә, кейбіреу секілді «адамның адам­шы­лығы… қалайша бітіргендігінен де білінеді» деп, фәлсафа соғу мүлде қате. Бұл жұмсақтап айтқанда, ал турасына көшсек, Абайдың «өкшесіне де жеткем жоқ» деп мойындайтын ғұлама Әуезовтің табанының ізінен садаға кеткірлердің жаңағыдай ділмарсып, Хакім Абай ұлағатын дамытпақ ­болуы еш ақтауға келмейді: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес». Ұлы ақынның игілікті істі асықпай, иін қандырып ­барып қолға алсаң табысқа жетесің деген ұлағатын «тасыр ұқпас». Өйткені «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен» (сонда, 2 том, 124-бет). Олай болса, тірлік талабын, өмір сүру өнерін меңгеру және өмір-ойынның ережесін» мүлтіксіз сақтау әрқайсымыз үшін адамдық парыз.

ҰЯТТЫҢ ЕКІНШІ БЕТІ

«… ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды» (Абай, 2/11)

Пенде болған соң, ешкім де кемші­ліктен сау емес. Дегенмен, өзгелерге қарағанда, бәрі сатылатын заманға кеңес дәуірінен топ ете түскен аға буын өкілдерінің және көзін «сату – ­сатып алумен» ашқан сексенінші жылдары туғандардың олқылығы көзге ұрып тұр. Алғашқылары «коммунизмнен өтіп кетіппіз ғой» деген сыңайда астамшылық жасаудан қысылмайды. Ал соңғылары «терін сатпай, телміріп, көзін сатып, теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларманның» жолын құшты (Абай, шығармаларының екі томдық толық жинағы, 2-том, 47-бет немесе 2/47-бұдан әрі осылай көрсетіледі). «Коммунизм құрылысшыларының» нарықтың «былғаныш» жақтарына осқырына қарауы түсінікті. Бірақ олардың талайды зарлатқан және «адам бақытты болу үшін келген өмірді» (әл-Фараби) тозаққа айналдырған Сталинді ақтамақ былай тұрсын, мақтамақ талабы қисынсыз-ақ. Ал турасына көшсек «қызыл қырғынның» бас қасапшысына табыну мүлде ұят, тіпті еш кешірілмес күнә. Рас, Иосиф жаратылысынан ­дарынды тұлға. Алайда оның мақ­сатқа жету жолындағы ештеңеден тайынбаған қанды ізі тарих жолында сайрап жатқанын ұмыту мүмкін бе!? Ешбір басшының, ешқандай «ізгі мақсатпен» ешбір адамның өмірін қию түгілі, оған қол сұғуға қақысы жоқ. Басқаны қайдам, «мұртты көсемнің» кезінде қазаққа жасалған қасақана ашаршылық пен саяси қырғын зардабы аса ауыр болды. Алты алаштың айбынды ұлдарын, елді бастар Ерлерін қырып салып, «қайран қазақтың» өзіміз күлетін кейбір сібір халықтары секілді Борис пен Николайға айналар күні таяп-ақ қалған. Сол Петр мен Павелдің бұғауының әлі де босатар түрі көрінбейді.. Ал ана сүтінен ажырамай ­жатып тоқсаныншы жылдардың ащы дәмін татқандар мен сәресін ақша деп ашқандарға келсек: «Ендігі жұрт­тың сөзі – ұрлық-қарлық, Сапалы жан көрмедім сөзді ұғарлық»(1/51), ««Пайда деп, мал деп туар ендігі жас, Еңбекпен терін сатып түзден жимас» (1/56). Осы соңғылары, өкінішке қарай, ұлттық мүдденің ең әлжуаз, дүбәрә буынына айналғандай. Жаңағы «заманы илегендер» (Абай) ­туралы алғаш осыдан он жыл бұрын қалам тартыппын: «Ұрланған ұрпақ» («Ақиқат» журналы, 2009 ж.). Олар, жанарларын кітаптан емес, ғаламтордан суарғандар «Пайда ойлама, ар ойла, ­Талап қыл артық білуге» (1/59) деген ұлы ақын өсиетін қайдан білсін. «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйтпесе… саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?» (2/110). Масқара сонда, қазір қоғамда «жең ұшынан жалғасқан жемқорлық» пен парақорлық қалыпты салтқа айналған сыңайлы. Ондай қылмыс үшін жемқорлар ұялмайтын болды: Үкімет мүшелері – министрлерді қойып, ­Премьер-Министрлер құрықталып жатса, «Алғанның несі айып», «Қолыңнан келсе, қонышыңнан бастың» айы оңынан туғандай. Тіпті «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деп, ақталмақ болатындар бар. «Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны» (2/116). Ондайлар баспана емес, сарай салып, сайрандаудан немесе небір қымбат көлік мініп, тайраңдаудан ұялмайды. Тіпті соның бәріне өздерінің «іскерлігі мен білімінің» арқасында қолдары жеткендей шалқаюдан, күпініп сайраудан еш қысылмайды: «Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп, Сыртқа пысық келеді, көзге сынық» (1/54). Сондықтан «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма» (1/62). Бұқаралық ақпарат құралдары немесе әлеуметтік желілер арқылы байлығын, тіпті табағындағы ас-дәмін көрсетіп мақтанатындар шықты. Бұл жерде, әсіресе жұлдызы сахнада жанғандар белсенділік көрсетуде. Демек, ертедегі «біздің тұқымда сал-сері болмаған» ­деген мақтан сөздердің тегін айтыл­мағаны ғой. Жақсы ән-күйдің табиғи дарыннан туатыны, онда тылсым күш бары даусыз. «Құлақтан кіріп, бойды алар/ Жақсы ән мен тәтті күй» (2/15). Сонымен қатар ән мен күйдің жанға дауа екені өз алдына, бойға желік бітіретіні де рас. Сол сияқты біреудің бейнесіне кіріп, образын сомдау да нағыз өнерпаздың ғана маңдайына жазылған. Бірақ қоғамда дағдарыс мойынға мінгенде нағыз дарындарды­ кимелеп, жалған «өнерпаздардың» алақандарын ысқылап, жарысқа түсетіні де шындық. «Әсемпаз болма әрнеге,/ Өнерпаз болсаң арқалан « (1/149). ­Ондайлар адамзат ғұламаларының «бұл өмірдің мәні ойын-күлкі емес» деген тағылымына да пысқырмайды. Таяз зерттеушілер, тұқыл қаламгерлер, тағысын тағылардан көз сүрінеді. «Құр айқай бақырған/ Құлаққа ән бе екен! Өнерсіз шатылған/ Кісіге сән бе екен?» (2/14). Ал «…надан ел қуанбас нәрсеге қуанады… һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері» (2/111). Олай болса, ұятты ұмытқан ұрпақты ұрланған демеске лажымыз жоқ. Ал надандық пен қараңғылықтың зарын хакім аямай тартты: «Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін, Көп надандар өзіне тартар бейім» (1/65), «Өзгеге, көңілім, тоярсың, / Өлеңді қайтіп қоярсың?/ Оны айтқанда толғанып, Іштегі дертті жоярсың… ­Жыласын, көзден жас ақсын, Омырауым­ боялсын. Қара басқан, қаңғыған/ Хас надан нені ұға алсын» (1/119), «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімнен» (1/135). Қазақтың дана да дара перзенті­нің поэзия көгімен емін-еркін ­ша­рық­­тауына­ қараңғылық қыспағы қанатын қақтырмады. Құнанбайдың ­Ибраһи­мінің­ надандықтан жаны аяусыз­ күйзелді, сөйтіп, ол «ер сынарлық бес күндік майданда» жауһар жырымен қараңғылық көгінен сәуле түсіріп, қайраткер-ақынға айналды. Тіпті «қаңқ етер, түкті байқамас» төңірегін билік күшімен тәрбиелеуден үмітті болды. Тарих Абайдың төрт мәрте болыс, екі мәрте би болып сайланғанына куәлік етеді. Ал қазіргі қолы аз-маз билікке жеткен миниәкімдерден бастап ­министрге шейін ел үстінен күн көруге ұялмайды. «Олардың жоқ ­ойында ­малын бақпақ, Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ» (1/52). Тіпті тексеруші ­органдарда жұмыс істей жүріп, әртүрлі шараларға демеушілік көрсетуді әдетке айналдырғандарды көргенде таңданбасқа шараң жоқ. Сол сияқты қарамағындағы жұмысшыларға қол ұшын бермек түгілі, оларды құлша жұмсап, 14-16 сағат жұмыс істейтін кейбір кәсіпкерсымақтардың өз атын шығару үшін демеушілік жасауы ­ар-ұяттан жұрдай екендерін көрсетеді. Абай «атақ үшін жомарттық жасайтындарды» ұяты жоқ имансыздар деп, пердесін сыпырады. Қазір қалталылар үшін бәрі мүмкін болып кетті: байлыққа белшесінен бата тұрып, билігін пайдаланып жер сататындар да еш қызармайды. Тіпті тарихты зерттеген боп, том-том кітап шығарады. Байлығын көрсетуден қымсынбайды, бірде әнші, енді бірде сазгер болып шыға келеді. Бұған қысылу қайда, қайта қымбат көлік пен салтанатты сарайдан, шалқыған той жасап, аста-төк ас беруден еш қысылмайды. Яғни ондайлар ұрлықпен тапқан табысына мақтанудан ұялмайды, өзіндей сұғанақтан кем қалудан ұялады. Жоқ, бұл ұлы ақын айтатын «Төркініңнің бергені жауыр айғыр, Бауырыңды ұрайын бірге туғанның» (1/34) кебі емес. Хакім қарындасты лайықты ұзатып сал десе, бұлардың тойды көкала ақша ­шашып, ысырапқа айналдыратынын көріп жүрміз. Осыған жақында Өзбекстанда заңдық тұрғы­дан тосқауыл қойылды: ақыл азған кезде «таяққа» жүгініп, тәртіпке шақыру керек-ақ. Ал құран оқуға ниет қылып, бірақ тілін кәлимаға келтіруді ойланбайтындар ше? «Алла деген сөз жеңіл,/ Аллаға ауыз қол емес. Сонда да қоймайды жазғандар «Қираәтін (құран оқу) оқытып/ Көріп едім, шатылды. Ниет қыла білмейді, Не қылады нәпілді (міндетті бес уақыт оқылатын намазға қосымша оқылатын намаз). Осы оқумен намаздың/ Қай жерінде сауап бар? Тегін ойлап байқасаң, Мұнда ми жоқ, құлақ бар (1/39). Рас, бірден нақышын тауып, сауатты оқып кету қиын. Алайда кейбіреулер сияқты алғашқы сақау қалпын қанағат қылып жүре берудің жөні қайсы? Бұған «әркімнің өз ұяты білсін» дейтіндер да табылады. Солайы солай, әркім өзі жауап береді. Алайда Алланың сөзін дұрыстап айта алмасаң, қасиетті Құранда нең бар? Шиқылдағанша ­немесе мыңқылдағанша тыныш қана тыңдасаң да қанағат емес пе?! Дегенмен, жекелеген шіңкілдек немесе тұтықпа молдаларға республи­каның Діни басқармасы тоқтау салуы қажет деп білеміз. Сол секілді қасиетті Меккеге қажылыққа барып келген соң да қанағатты білгісі келмейтіндерді көргенде бұл не үшін киелі жерге ­сапар шекті екен деп ойлайсың. Кейбір таңдайларына бұлбұл қонақтаған, конференциялар мен басқа да көпшілік шараларда өзгені ұмытып жалғыз сайрайтын шешен мен ділмардың Абайдың мына сөзін есте ұстағандары жөн: «Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ, Ондай жерде сөз айтып болма мазақ. Біреуі олай, біреуі бұлай қарап, Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ» (1/76). Осыған өз тарапымыздан «Білгеніңнің бәрін айту да білгендік емес» деп қосылар едік. Біле білгенге, ең масқара нәрсе – рушылдық пен жершілдік сырқатына шалдыққандар. «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек, Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек» (1/47). Бағзы замандарда, тұрағымыз үңгір болған кезде топталып өмір сүру жан сақтаудың амалы еді. Туған-туысыңмен, руласыңмен білектесіп, азық табасың, жабайы ­хайуандардан қорғанасың. Қазір бір уыс қазақтың «әрбір қазақ – жалғызым» (Сабыр Адай) деп, ұлт бақытын ту етудің орнына руға немесе жүзге жалтақтауы, оның баяғы сол үңгірдің аузынан ­аттап шыға алмай, төрт аяқты қалпында қалғанын көрсетеді. Қазір өз басым уақытты аяймын. Мұны өзімді аяғандық десе де болады. Қазір қарап отырсам, достықтың қадірін түсінбейтін өзімшілдермен бірге жүрген күндер босқа өткен уақыт екен. Обал-ақ: «жарым сырласуға жарамайды» деп, төрт баласымен отбасын тастаған мүнафықты да көзіміз көрді. Қимадық, сендік сөзіне. Сөйтсек, отбасын аямаған кісәпір үшін ештеңенің қадірі болмайды екен. Сол секілді жалғыз қыз ғана таптың деп, жарын қорлаған әумесерді де көзіміз көрді. Оның басқа жанға да жақсылық жасамасын сезетінбіз. Тағы да қимадық, сендік. Ақыры алданғанымызды білдік, жаңағы пендеңіз пайдамыз болмағанда айналып жүре берген. Бірақ тағы да ұятты ұмытты: алпысқа келгенінде, бізді қойшы, қырық жыл хабарласпаған студенттік жолдастарын іздеп, қайран қалдырды. Әйтеуір, оның қадірін енді біліп қалған едік. Ал жаңа «достары» өздерінің күні ертең, жо-жоқ тойдан кейін-ақ ұмытылатындарын қайдан білсін?! Тіпті жолдас-жораға айтар өтініштің де жөні барын ұқпай, үнемі алақанын жайып, көмек сұрап жүретін «Ұялмас бетке талмас жақ береді» екен(2/116), ал «бастан жыға қисайғанда» тайқып кететін «көлеңке досты» да көрдік. Бір емес, бірнеше алдаса да қимадық, сендік. «Күн жауғанда қойныңда, Күн ашықта мойныңда» (1/70) ­немесе «Басыңа жұмыс түскен күн… Ашып берер жауыңа/ Өзі көрген қоймасын» (1/68). Шіркін, өзара шынайы, «тұрғандай ­бейне қорқып, жаның ­шошып» сыйласатын достыққа не жетсін! Соған қарағанда, кейбіреуде беттің орнын жамбас майы жып-жылмағай жасырады-ау деймін. Бұл айтылғандар Абай сәулесі мегзеген, көңілде жүрген ойларымыздың бір ­саласы ғана. Өмір сүру өнерін меңгеріп, айналаңа адал болғанға не жетсін.

Болат ЖҮНІСБЕКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

780 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз