Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 04 Сәуір, 2020

ҚАШЫҚТАН ОҚУҒА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері ғана емес, мектеп оқушылары да қашықтан оқуға дайындалып жатыр. Алғашқы сынама сабақ өтіп те қойды. Оқушылардың керек-жарақпен қамтамасыз етілуі мен оны меңгеруі қай деңгейде? Қала мен ауыл оқушысының сабаққа қатысу ерекшеліктері неде? Қашықтан оқуға дайындық қалай? Бұл сұрақтарымызға еліміздің түкпір-түкпірінен оқушылар жауап берді.   Тілеу Ғалбиат, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Мақаншы ауылы, Мақаншы орта мектебінің 4-сынып оқушысы: –Қашықтан оқу туралы мұғалім түсіндіріп айтты. Сабақ кестесі бойынша Zoom мобайл қосымшасы арқылы оқитын болдық. Оны пайдалануды толық үйреніп алдық деп айта алмаймын. Уақыт өте келе үйренеміз ғой. Басында Zoom-ға кіре алмай басым қатты. Сосын үлкендер көмектесті. Мен ауылда тұрамын ғой. Бәрінде интернет бола бермейді. Мысалы, менің Әлижан деген сыныптасым бар. Ол балада интернет пен ноутбук жоқ. Содан оған мектеп әкімшілігі уақытша ноутбук берді. Үйінде ноутбук пен интернет бар балалар мұғалімге қолхат жазып бердік. Онлайн оқыған да жақсы ғой, бірақ мектепке барып, сыныптастарыңды көріп, мұғаліммен бетпе-бет отырып сабақ оқығанға не жетсін! Мерей Амангелді, Ақмола облысы, Зеренді ауданы, М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы: –Бізде сынама сабақ ретінде математика мен орыс тілі өтті. Қашықтан оқудан ешқандай қиындық көрмедім. Меніңше, ең маңыздысы – кез келген жағдайға дайын болу. Елімізде коронавирус тарап, демалысқа мерзімінен ерте шығамыз деп ойлаған жоқ едік. Сондықтан әр нәрсеге үйреніп кету керек деп ойлаймын. Zoom арқылы ұйымдастырылған сынама сабаққа сыныптастарымның бәрі қатыса алмады. Өйткені олардың кейбіреуі қосымшаны қолдана алмаса, кейбірінде Wі-Fі немесе желі ұстамай, қайта-қайта шығып кете берді. Бір кіріп, бір шығып сабаққа қатысу бір жағынан мұғалімге қиын болса, желіде отырған оқушыларға да ыңғайсыз. Дауыс қатты шығып кетеді. Артында шулап жатуы мүмкін немесе түрі көрінбейді. Қазір сабаққа дайындығым жақсы. Күнде әр пәннен өткен тақырыптарды қайталап жүрмін. Фатима Абетей, Алматы қаласы №36 гимназияның 7-сынып оқушысы: –Маған қашықтан оқу негізінен аса қатты қиындық туғызған жоқ. Бір кемшілігі – сыныптастарыммен ойнап-күліп көрісе алмаймыз. Демалыстан соң бір-бірімізді қатты сағындық. Бәрі желіде отыратындықтан, Zoom қатып қала береді. Бірақ мұғалімдер бізге барынша көмектесіп жатыр. Мысалы, кеше сынама сынып сағатын өттік. Өкінішке қарай, кейбір оқушылардың үйінде желі ұстамайтындықтан, бәрі қатыса алмады. Әрине, қазір ХХІ ғасыр болғандықтан барлық балада ұялы телефон бар. Қалада тұратын оқушыларға телефон ата-анасымен байланыс үшін керек. Енді телефонды сабақ оқу мақсатында пайдаланатын болдық. Дегенмен қашықтан оқу әдісі мұғалімдер мен оқушыларға біраз қиындық тудырары сөзсіз. Мереке Совет, Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы: –Сынама сабақ үш рет өткізілді. Бірінші сабақта Zoom бағдарламасымен таныстық, барлығы жүйеге кіре ала ма, жоқ па, соны тексерді. Екінші және үшінші сабақ тәрбие сағаты ретінде өтті, ол кезде де бағдарламаны қолдануды үйрендік. Үшінші сабақ кезінде интернет ұстамай, дұрыс кіре алмадым. Апай короновирус туралы түсіндіріп жатқан еді. Сыныпта 20 оқушымыз, 3-4 оқушы желінің нашар болуынан кіре алмайды. Кейбіреулер кіргенмен де интернет дұрыс ұстамай, толық қатыса алмаған. Көбінде жеке ұялы телефон жоқ, ата-анасының телефонымен кіреді. Қашықтан оқуға дайын сияқтымын, алайда Zoom-мен сөйлесу кезінде дауыс естілмей қалады, видео қосылмай қалады. Сондай жағдайлар болмаса, былай оқыған ұнайды. Арасында мектепті, достарымды сағынып кетемін. Арай Сисенбай, Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр ауылы, Мұқыр орта мектебінің 11-сынып оқушысы: –Мектептегі соңғы жылымыз болғандықтан, бізге қиын болды. Соңғы қоңыраудың да болар-болмасы белгісіз. Қашықтан оқып көрдік. Түсінікті, ыңғайлы. Алдымен ата-аналарға онлайн жиналыс өткізіп, бәрін түсіндірді. «Құрылғы жетіспеушілігі жоқ па?», «Бәрі ыңғайлы ма?» деп сұрап, біліп алды. Келесі күні бізге жиналыс өткізіп, елде болып жатқан жағдайды айтып, амалсыз қашықтан оқитынымызды айтты. Сабақ кестесі мен уақытын ескертті. Бізге сабақ 14:00-де басталады. DarynOnline қосымшасына тіркеліп, маңызды деген пәндерге Whats App желісінде чаттар ашылды. «Вilimland.kz сайтынан тақырыпты қарап шығып, Дарында тест орындайсыздар. Жауаптарыңызды чатқа жібересіздер», – деді. Оған қоса, кішкентайларға balapan арнасы бар. Жалпы, қашықтан оқыту қолайлы. Ал ҰБТ-ға әркім өзі дайындалып жатыр. Біршама уақыт дайындық тоқтап қалып еді, енді жалғастырдық. Мұғалімдер поштаға тапсырмалар жіберіп, соны орындап жатырмыз. Қашықтан оқуға мұғалімдер мен оқушылар барынша дайындалып жатыр. Тек ауылда, тіпті кей қалаларда да интернеттің болмауы, барлық отбасында қажетті құрылғылардың болмауы қиындық тудырып тұр. Соған қарамастан, бұл оқу жүйесін де меңгеріп кетеміз деп ойлаймыз. Назым Сапарова «Ұлан» газеті

2181 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз