Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 25 Сәуір, 2024

Грузия университетінде қазақ мәдениетіне арналған кабинет ашылады

Григола Робакидзе атындағы университеттегі қазақ мәдениетіне арналған кабинетке кітаптар табысталды, - деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығын кеңейту мәселелері талқыланған кездесуге осы жоғарғы оқу орынының басшылығы, оның академиялық құрамы және Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігі қатысты.

Грузин тарапы Қазақстанның жоғары оқу орындарының жұмыс тәжірибесіне қызығушылық танытып, екі елдің профессор-оқытушылар құрамы арасындағы жеке байланыстарды нығайтуға үміт білдірді.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мәлік Мырзалин біздің мемлекетіміздің Грузиямен кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты дамытуға бейілдігін растады. Бұл ретте ол халықтардың тығыз тарихи байланысын және екі мемлекеттің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының елеулі әлеуетіне назар аударды.

Кездесу барысында Елші М. Мырзалин мемлекеттіліктің қалыптасуы, қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен бетбұрыс кезеңдері, сондай-ақ Алаш қозғалысы туралы кітаптарды сыйға тартты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша соңғы жылдары «төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін» ашу, тарихи әділдікті қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Осыған байланысты Грузияның еңбек сіңірген журналисі, профессор Бадри Начкебия Алаштың кейбір қайраткерлері мен грузин жазушысы, қоғам қайраткері Григол Робакидзенің тағдырларының ұқсастығын тілге тиек етіп, Қазақстанның мемлекет басшысының соңғы Құрылтайда айтқан: «озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек» – деген сөзі үлкен әсер қалдырғанын, ал мәдени-гуманитарлық және идеологиялық саладағы жаңа бағдарлар грузин қоғамы үшін де маңызды екенін жеткізді.

Г. Робакидзе атындағы университетінің ректоры Мамука Тавхелидзенің пікірінше, грузин студенттерін қазақ халқының тарихы мен әдебиетімен таныстыру Қазақстан мен Грузия халықтарының жақындасуына, достық байланыстарды қалыптастыруға, жастардың мәдениет пен мұраны қабылдауына ықпал етеді.

Қазақстан Елшілігі Грузияның мәдениет және білім орталықтарына кітап тапсыру акциясын жалғастыратын болады. Осындай игі іс-шаралар қазақ мемлекеттілігінің тарихи оқиғасы – Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толуына, сондай-ақ көрнекті қазақ қайраткерлерінің мерейтойларына: геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, халық батырлары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналатын болады.

Қазіргі таңда қазақ мәдениеті мен әдебиеті бұрыштары: Грузия Парламентінің ұлттық кітапханасында, Сухуми мемлекеттік университетінде және Тбилиси мемлекеттік университетінде бар.

924 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз