Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 29 Маусым, 2020

Сұлтан Бейбарыс қай тілде сөйлеген?

Бізде қазір қазақтың ұлттық намысына тиетін тұжырымдар жасау әдетке айналып бара жатқан сияқты. Бұрындары сондай нәрселерді Александр Солженицын мен Владимир Жириновский сияқтылар айтып шыққанда, қазақ зиялылары тұра көтеріліп, өз халқының атынан жариялы наразылық таныту шараларын ұйымдастыратын. Қазір ондай талпыныстар байқалмайды. Бұған қазақты кемсітетін сөздер­дің сырттан емес, өз ішімізден, ол аз десеңіз, еліміздің кейбір белгілі азаматтарының аузынан шығуы басты себеп болса керек. Басында абайсызда айтылып қалған нәрселер шығар деген ой болған. Сондықтан көп ұзамай жариялы түрде түзетулер жасалар, жіберілген жаңсақтықты жуып-шаяр сөздер айтылар деп күткенбіз. Бірақ олай болмады. Қайта сол қазақ­тың тарихын кеңес заманындағыдан бе­тер мағынасыздандыратын тұжы­рымдарды әрі қарай тереңдете және нақтырақ қылып дәлелдеушілер шыға бастады. Және тағы сырттан ғана емес, іштен де. Басқалар тарапынан емес, өз қандастарымыздың ішінен. Демек, бұның бәрі кездейсоқ емес құбылыс болса керек. Жалпы осы жайт әлдебір саяси технологияның туындысына ұқсайды. Неге дейсіз ғой? Өйткені нәтижесінде пайда болып отырған жағдай қазақтың ұлттық санасын идеологиялық дезэтатизация (desetatisation) немесе мемлекетсіздендіру процесіне салу түрінде көрініс тауып отыр. Қазақтың, қайталап айтамыз, елдігі мен мемлекеттігіне тарихи тұрғыдан мейлінше күмән келтіру бұрындары да көп болған. Бірақ өткендегі ондай жағдайларда қазақы сананың бұндай талпыныстарға қарсы берік иммунитеті қалыптасқан еді. Өйткені бұрын сол күмән келтіруші­лер басқа халық өкілдері болған. Сон­дықтан олардың айтқандарын қазақты жақтырмайтындардың теріс пікірі деп қана қабылдауға толық негіз бар еді. Қазір ондай сөздер өз ішімізден айтылып жатыр. Және қазақ тарихына қатысты осы теріс пікірлер сол өз ішімізде ілезде іліп әкетіліп, кеңінен таратылып жатыр. Қарсы уәж айтуға батылы баратындар көп емес. Және осы азшылықтың өзі іс жүзінде ақпараттық (информация­лық) блокада жағдайында қалғандай күн кешуге мәжбүр. Осындайда қазақтың «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген сөзі еске түседі. Дегенмен, үндемей қала беруге болмайды. Өйткені осы жағдай елдігімізге сын. Қайта айту керек. Тарихымызды, тілімізді, елдігімізді бұрынғыдан бетер насихаттауды қолға алуымыз керек. Мәселені тереңірек зерттеуге ден қоюымыз қажет. Қазақ тарихының тамыры терең­ге жайылған. Бұның айғақтары 1313 жылы Каирде жазылған Асир Ад-Дин Абу Хайян Ал-Гарнатидің (Анда­лузиялық) «Китаб әл-идрак ли-лисан әл-атрак» («Түркі тілі туралы түсіндірме кітап») деген еңбегінде кездеседі. Оның авторы өз жұмысын қалай жазғандығы туралы былай дейді: «Сөздерді мен біртіндеп тілді жақсы білетін әр адамның аузынан жазып алдым. Оларды өзімше бір тәртіпке келтірдім. Грамматика туралы жазылған қағидаларды басқа бір еңбектен емес, өз ойым, өз түсініктерімнен ғана шығарып жаздым. Онда мен абзал мақсат пен ізгі ниет қана көздедім. Сөздерді жинау үстінде мен жұпар исі аңқып тұрған сәнді бақшаның әр алуан ағаштарынан шырынды жеміс теріп жүргендей болып қатты рахаттандым, жаным жай тауып, үлкен пайда көрдім. Көп сөздің қотарылған алып теңізінен інжу-маржан тастарын талмай іздеп, тауыса тердім де, белгілі бір тілдің өзіндік табиғатын білуде бірінші орынға ие болдым. Сондықтан мен кітабымды «Китаб әл-идрак ли-лисан әл-атрак» деп атадым». Сонымен қатар әлгіндей тұжырымның дәлелдері Египетте 1245 жылы (Бейбарыс сұлтанның тұсында) құрастырылып, 1894 жылы голландиялық ғалым М. Т. Хоутсма тарапынан бастырылып, жарыққа шыққан сөздікте өріп жүр. Біздің заманымыздың оқымысты­ларына бұл еңбектер жақсы белгілі. Біз болсақ, тиісті мысалдарды қара­шай-балқар тарихшысы Н.Будаев­тың «Западные тюрки в стра­нах Востока» еңбегінің негізінде келтіреміз. Бұл жерде туындайтын сұрақ мынадай: «Орта ғасырда өмір сүрген мамлюктердің тілі қазіргі қазақ тілінде өзгермегендей күйде сақталған болса, олар шындығында да батыс түркілері болды ма, әлде кәдуілгі қазақы көшпенділер болды ма?». Бір-ақ мысал. Әлгі араб сөздік­терінде «онъ» деген мамлюк сөзінің төрт мағынасы бар екені айтылады. Бұлар: түс (бояу), оң (оң жақ), өң және ыңғайлы. Н.Будаевтың айтуына қарағанда, қазіргі қарашай-балқар тілінде бұл сөздің мағынасы тарылған. Ол енді тек «оң жақ», «оң тұс» дегенге сай түсінікті ғана береді екен. Ал қазақ тілінде «онъ» деген осы мамлюк-қыпшақ сөзінің орта ғасырдағы 4 мағынасының төртеуі де өте жақсы сақталған: «өңi кеткен» – «түсі кеткен», «оң жақ» – «оң тарап», «өңiм бе, түсiм бе?» – «шынымен солай болды ма, әлде түс пе?», «бұл бiр оң нәрсе болды» – «бұл бір ыңғайлы іс болды». Ал мына бір мысал – «қару» («білек») – қазақтың «қолдары күшті» деген мағынаны беретін «қарулы» атты сөзінің этимологиясын мейлінше нақты түсіндіреді. Асхат ҚОДЫҚОВ «Tengemonitor»  республикалық экономикалық апталығы

1606 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз