Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 04 Тамыз, 2020

Әлеумет, экономика және Қара сөздер

Ұлы ойшыл Абайдың ғаламдық әдеби ескерткіштер қатарына қосылған «Қара сөздері» көкірек көзі ашық жанды күні бүгінге дейін адамгершілік биігіне талпындырып келеді. Адал еңбек, өнер-ғылым, әділ қарекет жолымен құрылған қоғамның іргесі бекем, адамы бақуатты болмағы туралы Абай пайымының дұрыстығын уақыт пен заман дәлелдеуде. Қазақ жұртшылығын кертартпа кемшіліктерден арылту арқылы адал кәсіппен мал тауып, берекелі тірлік жолына түсуге шақыратын, күні бүгін де өзекті Абай «ғақылдарын» бірге қарастыралықшы. Екінші сөзінде Абай жеткін­шек кезін еске ала келіп: «…Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтардың бәрі антұрған, жаман келеді екен деп. …Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, бірімен-бірі шаһари жауласпайды да. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп, сол айдап кетіп тұрды ғой. …Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, ке­дейлікке де шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда», – деп бір тоқтайды. Тәуелсіздік алғалы бері кәсіп, сауда-коммерция жағын біршама дөңгелетіп тастадық десек те, әлгі аталған «ептілік, қырмызылық, сыпайылық» жағы бізде әлі жетіспейді-ау. Сол баяғысынша, ісіміз өндімей жатып лепіріп-күпініп тұрамыз. Дәл солардай өтімді саудамыз, мысалы, ауыл шаруашылығында (өзбектің өрік-мейізіндей жоғары бағамен тоқтаусыз өтіп жататын өніміміз) бар ма?.. Демек, «Төртінші сөзде» айтылған: «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» ғақлиясын күнделікті дұғамыздай жаттап, бойға сіңіруіміз керек-ақ. «…Малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екіталай. …Құдай-тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты халал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларлық білім берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? …Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алған болсаң болғаны, іздегенің – сол», – деп қынжылады «Оныншы сөзінде» Абай. Ал енді осы айтқаны бүгінгі өмірі­мізде қалай? «Құдай тағала еңбек қылып мал табарлық қуат берген, ғылымды оқыса ұғарлық ақыл берген» талайлар жеке кабинетте шіреніп отыруды аңсағандықтан, өйтіп-бүйтіп біреудің сүйеуімен жақсы орынға тұрып алады, сосын қызметтен гөрі, «біреуден қорқытып алып, біреуден алдап алып» қалтасын қалыңдатуды ойлайды. Қолға түс­кен сондайлардың ақыр-соңы не болғанын теледидардан күнде дерлік көріп, күйінесің… Ұлы ақын «Жиырма бесінші сөзінде» «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес», дейді. Менің мұнан түйгенім: пара беріп қызмет алғанша, сол ақшаңды балаңның заманауи сұранысты білім-ғылымды меңгеруіне жұмса, ертең сол ұрпақ­тың қуанышын өзің көресің, ал еліміз­дің экономикасын, әлеуметтің әл-ауқатын көтеруге тигізген пайдасын күллі халық көреді! Абайдың осы ғақлиясы оның «Отыз бірінші сөзіндегі»: «Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды», дегенімен тығыз байланысып тұр: неге десеңіз, талапты бала шұқшия білім алып, сапалы маман болып шығады. Ынтасы жоқ, санасы саяз балаңыз оқу ақысы төленгендігіне сеніп, оқуға атүсті қарайды да, ертеңгі күні шала сауатты мамандар қатарын көбейтіп, өзіне сеніп тапсырылған жұмысты да алға бастыра алмайды. Үкіметке жалған ақпар беру, қаржының иге­рілмеуі, экономиканың тұралауы дегеннің бәрі осындай оқуын «шала мейірмен» оқыған кісілердің кесірінен шығады емес пе. Ойшыл ақынның жан-айқайын­дай «Отыз үшінші сөз» – бүгінде біз болып, үкіметіміз болып, шағын кәсіпкерлікті қарқынды дамыта алмай отырғандығымыздың себебін ашып-ақ тұр. «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерші – қазақтың әулиесі сол! Бірақ Құдай тағала қолына аз-мұз өнер берген қазақтың кеселдері болады. Әуелі – «бұл ісімді ол ісімнен асырайын» деп артық ісмерлер іздеп жүріп көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талап­сыздығына тартып, жатып алады. Екінші – ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп, «маған мал жоқ па?» дегендей қылып, еріншек, салғырт, кербездікке салынады. Үшінші – «дарқансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым», немесе «ағаке, нең кетеді, осы ғанамды істеп бер!» дегенде, «маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін» деп мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді. Төртінші – тамыршылдау келеді. Бағанағы алдамшы шайтан «тамыр болалық» деп, бір болымсызын берген болып, артынан «үйтемін-бүйтемін, қарық қыламын, тамырым, досым!» десе, алданғанын білмей, …өзінен қосып, қылып бер дегеннің бәрін қылып беріп, еңбек қылар уақытынан айрылып, «жоғары шыққа» қарық болып, тамақ, киім, борыш есінен шығып кетіп, …сонымен табысы құралмай, борышы асып, дауға айналып, адамшылықтан айрылып, қор болып кетеді». Абай нұсқаған осы мінездер қолы өнерлі бола тұра, бағы жанбай, ісі алға баспай жүрген бүгінгі замандастарда жоқ па?! Небір өнертапқыштың, он саусағынан өнер тамған қолөнершінің еңбегі бағаланбай, кәсіпкерлік патентке қолы жетпей жүргені қаншама! Негізінен, қолөнерші бесаспаптығын бағаламау кеңестік дәуірден белең алды. Мәселен, кесімді жалақылы жұмысынан соң әлгі қолөнерші жеке тапсырыстарды жасырын орындады. Тіпті кейбіреулер оның еңбегіне ақша төлеудің орнына, арақ құйып «сыйлап» тәлтіректетіп қойды. Бірте-бірте алтын қолды азамат маскүнемге айналып, Абай айтқандай, «адамшылықтан айрылып, қор болып кетті». Жастарға Абайдың осындай сөздерін зерделетіп-ойланту арқылы оңтайлы бағыт беруге болады-ақ. Қазіргі неше түрлі «коворкинг-центрлердің» бағыты толық айқын да емес, алайда мақсатты қаржы бөлініп қойған соң, «жұмыстарын қызу жүргізіп-ақ» жатыр. Теледидардан «коворкинг» туралы хабарды әдейілеп тұрып неше мәрте қарадым, бірақ бір де бір жетекші не бітіріп жүргенін практикалық тұрғыда айтып, көрсеткен емес, қашандағыдай «келешекте зор істерді қолға аламыз, қатарымыз көбейіп жатыр, біз үкіметтің қамқорлығына ризамыз» деген тұрғыдағы жаттанды сөздер. Тіл байлығы көл-дария Абайдың метафора, афоризмге толы «Отыз жетінші сөзіндегі» халық мәтеліне айналып кеткен «Бақпен асқан патшадан мимен асқан қара артық, сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» сынды жолдарды жеткіншектерді сол коворкингте адал кәсіпке баулудың ұраны етсе несі айып!?. Қара сөздердің ішіндегі ең көлемдісі – отыз беттен тұратын «Отыз сегізінші сөздегі» сұңғылалығы үшін мен Абай атамызға адамзат қоғамындағы ең жоғары марапатты берген болар едім: «Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көркі болады», «…Ынсап, ұят – бұл ғадаләттән шығады», «…пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып, һу деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда, малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді?», «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің… Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады». Иә, бүгінгі істі ертеңге қалдыруға итермелейтін бұл еріншектік көбімізді иектеп барады. Ержеткен баламызды тым өбектеу, жанын қинамай табыс табуға бағыттау бала бойындағы талантты тұншықтырады. Негізінде, шынайы өнер, асқан ерлік көбінесе жан қиналғанда көрініс табады, оған мысалды әлемге танылған жандардың, өз еліміздегі ерен қажыр иелерінің, суретші, композитор, батырлардың өмірінен көптеп келтіруге болады. Мақала соңында «Қырық екінші сөзді» қарастыруға шақырамын: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының тайын мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, …пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар! …Адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? …Желөкпелеу, мақтаншақ байларды «сіз айтсаңыз, отқа түсуге бармын» деп желпіндіріп алып, шаруасын қылмай-ақ, малын бақпай-ақ содан алып киімін бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір құрметке жетіп жүре береді». Лауазымды орынтақтағы көке­сінің арқасында тәуір автомобиль, тәуір киімге қолы жетіп, жаттап алған афоризмдерімен сөз сапырып, «қатарлы бір құрметке жетіп жүре беретін» бүгінгінің пысықайларын таныдыңыз ба, оқырман?.. Назипа АСҚАР, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Tengemonitor  республикалық экономикалық апталық

811 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз