Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 11 Қыркүйек, 2020

Ләззәт Рысбекова, сенатор: Президент бизнес-климатты жақсарту керектігін айтты

Президент Жолдауына қатысты сенатор Ләззат Рысбекова өз пікірін білдірді.

-«COVID-19 пандемиясы бизнес саласын қатты тұралатып кетті. Туризм, қоғамдық тамақтану, сауда, қызмет көрсету және т.б. салалар үлкен шығындарға тап келіп отыр. Осыған орай Президент халыққа Жолдауында бизнесті аяғынан тұрғызу, бизнес-климатты жақсарту және оны реттеу мен қадағалау саясатын өзгерту мәселелерін көтерді.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес қиын кезеңде басынан өткеруде, олар пандемияның негізгі соққысын қабылдады деді. Сондықтан мемлекет өз тарапынан кәсіпкерлерді қолдау шараларын қолға алды. Нәтижесінде 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілді. Шағын және орта бизнес үшін еңбекақы қорына түсетін ауыртпалықты азайту туралы тапсырма берілді. Мұндай жеңілдік жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Президент бизнес-климатты жақсарту мәселесіне де назар аудартты. Реттеу мен бақылау саясатының базалық қағидалары өзгеру қажет және бұл азаматтардың денсаулығы мен экологияны қорғау мақсатында қолданылса ғана орынды болады дегенді айтты.

Бүгінде Ресей Федерациясы «регульяторная гильотина» деп аталатын саясатты жүргізуде. Оның мәнісі бизнестің қызметіне кедергі келтіретін заң нормаларын анықтап, азайту және сол арқылы бизнестің дамуына жол ашу болып саналады. Менің ойымша, Қазақстан да реттеу мен бақылау бағытындағы заңнамаларға талдау жасап, ескірген нормаларды жоюы қажет деп есептеймін. Міне Мемлекет басшысы да бизнеске жасалған үшжылдық мораторийді пайдалана отырып, бақылау тетіктерін жаңалауды тапсырып отыр. Бұл бизнестің екінші тынысын ашады деген сенім мол»,- дейді сенатор Ләззат Рысбекова.

 

327 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз