Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Өзекті
  • 25 Қыркүйек, 2020

Президент Алматыға келді

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен келіп, қаладағы әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бірқатар нысандарды аралады, - деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.
 
 
Қазақстан Президентінің Алматыға жасаған жұмыс сапары И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалын аралаудан басталды.

Аурухана 500 адамға стационарлық медициналық жәрдем беруге арналған және заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерімен кездесу барысында коронавирустың ықтимал жаңа толқынына дайын болудың маңызды екенін атап өтті. 

– Қазір бүкіл әлемдегі жағдай күрделі. Еуропа мен Америкада коронавирустың екінші толқыны өтіп жатыр. Осындай жағдайда біз қырағылық танытып, дайын болуымыз қажет. Пандемияның бірінші толқынынан жақсы сабақ алдық. Бұл тәжірибенің пайдасы болады. Әрине, қиын болды, қателіктер жіберілді, соның ішінде, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да ағаттықтар кетті. Бұл қателіктерді жұмыс барысында жөндеуге тура келді. Дегенмен, кез келген тәжірибенің, тіпті ауыр болса да, пайдасы бар.  Сондықтан екінші толқынға дайын болайық. Содан кейін бүкіл дүние жүзімен, халықаралық қоғамдастықпен бірге барлық қиындықты лайықты түрде еңсеруге тиіспіз, – деді Президент.

 
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Алматыға сапары барысында қаланың Индустриялық аймағында орналасқан энергия үнемдейтін сәулеттік қасбеттер зауытының жұмысымен танысты.

Президентке кәсіпорынның өнімдері таныстырылып, құрылыс материалдары өндірісінің технологиялық процесі көрсетілді. Мұнда 250-ден астам адам жұмыс істейді. Компанияның жобаға салған жеке инвестициясы 3,8 миллиард теңге. Зауыттың қуаттылығы жылына 475 мың шаршы метр шыныпакет шығаруға жетеді.Мұнда жыл аяғына дейін құны 85 миллиард теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

 
Ел экономикасы үшін маңызы зор  жеңіл автомобильдер шығаратын қазақстандық Hyundai Trans Kazakhstan зауыты да Президенттің назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысы жаңа цехтың іске қосылуға дайындығын тексерді.

Президент автомашиналарды құрастыру процесімен танысып, 2020 жылғы 15 қазанда ашылады деп жоспарланып отырған ұсақторапты құрастыру әдісімен автомобильдер шығаруға арналған жаңа цехты аралап көрді.

Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін оның қуаты бірінші кезеңде жылына 30 мың, екінші кезеңде 45 мыңға дейін машина жасауға жетеді. Инвестицияның жалпы көлемі – 28 миллиард теңгеден астам, оның 30% – компанияның өз қаражаты. Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны сонымен бірге, 700-ге жуық жұмыс орнын ашып, сабақтас салалардың дамуына серпін береді.

Инвесторлар келешекте автобөлшектер шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Осылайша компания отандық автокөлік өнеркәсібін дамыту жөніндегі көздеген мақсаттарына қол жеткізеді. Бұл отандық өндірістің 51 % астамын қамтамасыз етеді.

– Мен өз Жолдауымда еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән бердім. Әсіресе, бизнестің, кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік органдар тарапынан келтірілетін кез келген кедергі елімізге қарсы жасалған қылмыс ретінде қаралатынына арнайы тоқталдым. Яғни, басқаша айтқанда, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. Бұл – экономикалық саясатымыздағы негізгі бағыт, – деді Президент.

 

Президент экономикалық шаралармен қатар мемлекет тарапынан Қазақстан қоғамын одан әрі демократияландыру жөнінде де шаралар қабылданатынын айтты. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті қалыптастыруға көп еңбек сіңірді. Ендігі міндет Қазақстанның дамуына тың серпін беру болып табылады.

– Партиялардың қызметіне, бейбіт жиындар мен шерулер өткізуге қатысты жаңа заңдар қабылданды. Жуырда ғана Қазақстанда өлім жазасынан бас тартуды қарастыратын екінші факультативті хаттамаға қосылу жөнінде шешім қабылданды. Кезінде Тұңғыш Президентіміз тарапынан өлім жазасына жарияланған мораторий күшінде болғандықтан, бұл шешім Конституцияға толық сай келеді және Атазаңға ешқандай өзгеріс енгізу қажет емес. Шын мәнінде, елімізде өлім жазасы жоқ. Тек Конституцияда қарастырылған екі ғана болмашы ерекшелік бар. Олар факультативті хаттаманың талабына толық сай келеді. Сондықтан екі бірдей міндет: еліміздің экономикасын жаңа жағдайда дамыту, Қазақстан үшін тиімді интеграциялық процестерді күшейту және саяси реформаларды жүзеге асыру. Бұл міндеттердің бәрі бір уақытта атқарылады және табысты болады деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бизнес өкілдері Жолдауда айтылған шараларға оң баға беріп, кәсіпкерлікке қолдау көрсеткені үшін Президентке алғыс білдірді. Сонымен қатар олар тірі малды экспортқа шығаруға жарияланған мораторийді созу жөнінде Мемлекет басшысына өтініш жасады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Республика алаңындағы қайта жөндеуден өткен «Алмалы» демалыс аумағын аралады. Жаңартылған аумақ балаларға және мәдени ойын-сауыққа арналған аймақтарға бөлінген.

Алаңға қазақ суретшілері салған мүсіндер қойылып, ауқымды көгалдандыру жұмысы жүргізілген. Ағаштар, бұталар мен гүлдер отырғызылған. Қаланың тарихы мен мәдениетін ескере отырып, қонақтар мен қала тұрғындары үшін демалатын орындар ұйымдастырылған, сондай-ақ, әртүрлі мәдени-ағарту шараларын өткізу қарастырылады.

Жер астындағы «Алмалы» сауда және ойын-сауық орталығын қайта жөндеу жұмыстары 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда. 

Мемлекет басшысы сондай-ақ, көпфункционалды «SEN» музыкалық орталығында болды.

Мемлекет басшысына оқушылардың қашықтан сапалы оқуын және кезекші сыныптарды ұйымдастыру, сондай-ақ, мұқтаж оқушыларды планшетпен, ноутбукпен және компьютермен қамтамасыз ету жөнінде берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндалды. 

Суреттер Ақорданың ресми сайтынан алынды.

 

 

453 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз