Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 28 Қыркүйек, 2020

Оралхан Бөкейдің ой орамдары

Бүгін "Алтайдың кер бұғысы» атанған Оралған Бөкейдің туған күні.Қазақ әдебиетінде оқырманның көзайымына айналған жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда «...ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті, ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде...» ел есінде қалды. Біз Оралғанның орамды ойларын оқырманға ұсынып отырмыз.
-Тек қана алға, алға ғана тура тартқан, жастық пен жалтақтықтан ада асау батылдық, балталасаң да қыңқ етпес батырлық сықылды болғанымен, көсегемізді көгертпес көкбеттікке бой алдырар кісәпірліктің көрігін көбірек басып жүрген жоқпыз ба?!

-Махаббат - тәбиғат өзі берген құдіретті сезім. Ондағы ең үлкен сыйлық - айнымас сыйластық. Ол әркімге де тән қасиет, ал нағыз сыйластық кез-келгеннің қолынан келмейді...

-Бақыт дегеніміз - әр таңды тірі қарсы алып, әр күнді көзімізбен шығарып салу. Өзгенің бәрі өзіңді алдау үшін тапқан қитұрқылар...

-Біздің білетініміз: замана көші байсалданып, баянды ғұмыр кешкен сайын, өмір сүру жеңілдеп, сауық-сайран көбейген сайын, санамыз сарабдал тартып, таңғажайып оқиғаның куәсі болған сайын құлқынымызға құм түскендей қатал да, қайырымсыз, ешкімге де, ешнәрсеге де сенбейтін сезімсіз "Сергектік" жайлағандай еді...

-Дер кезінде өле білуден үлкен өнердің жоқ екені сол, ондай жаңғырып қайта туар, қайта жасар иманды талантты сізге жазбаған, сіз бар болғаны жер бетімен қи домалатқан қоңыз-пенде ғанасыз, қандай аянышты мүскіндік...

-Мықты болсаң қайталама менің өмірімді, бөрінің артынан бөлтірік ақылдылығынан еріп жүрген жоқ.

-Мәңгілікке ұласатын ұлылық - жалған дүниені майша шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, тіпті, ілініп-салынып алжығанша жасауда емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей асығыс зулап өте шығу, яғни өз өміріңді оқыс әрі әдемі аяқтау.

-Бақилық ғұмырыңа жетер қайғы мен қуаныш адам басында өлшеулі ғана болады.

-Біз қатігезденіп барамыз, біз имансызданып барамыз, біз айналайын анамыздың ақ сүтін ақтай алмай жүрміз. Біз бабамыздың батасын ұмыттық, біз тарихымызды таспен бастырып, бір күні қыз-қызды қызыққа мастанып тасыраңдадық, көзімізді шел басты, көңіліміз көр, жігеріміз құм болып құрдым дәуреннің әләулайын шырқап жүрміз... Берекесі де бекер ішім-жемнің құлы болсақ, біз үшін жалғыз жанын садақалаған ата-баба әруағынан ұят емес пе?! Иә, әруаққа адалдық, өткенге иман болмайынша тірілерге салауат жоқ. Тіпті біз күні бүгінге дейін ұлттық адамгершілік, имандық бет-бейнесі мен болмысын, келбеті лайықтылығын анықтай алмай жүрміз...

***

 Оралхан Бөкей (1943-1993)

Еңбек жолын 1965-1968 жылы Үлкен Нарын ауданында «Еңбек туы» газетінде корректор болып бастап, облыстық «Коммунизм туында» әдеби қызметкер, кейін «Лениншіл жас» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбек етті.

Қолына қалам алғаннан-ақ өзі дүниеге келген Өр Алтайдың көркемдігін сынын бермес сырлы сөзбен өрнектеді. Оның күрделі әрі мағынасы терең тіркестері әсте көп жазушыларда қайталана бермейді.

«Оралхан не жазса да, қанымен, жанымен жазушы еді. Және қай жанрда жазбасын олардың бір де бірі қаламдастар мен қалың қауым назарынан тыс қалмайтын. Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер», - дейді Оралхан жайлы жазушы Дулат Исабеков.

Оралхан Бөкей «Үркер» (1971 ж.), «Қайдасың қасқа құлыным» (1973 ж.), «Мұзтау» (1975 ж.) атты еңбектері жарық көрген. Жазушының орыс тіліне аударылған әңгіме-повестерінің жинағы: «Жасынның ізі» – «След молний» (1978 ж.), «Ән салады шағылдар» – «Поющие барханы» (1981 ж.), «Сайтан көпір» – «Крик» (1984 ж.), «Зымырайды поездар» – «Поезда проходят мимо» (1985 ж.), «Кісікиік» – «Человек – Олень» (1987 ж.).

Мұнымен қатар қаламгер туындылары неміс, славян, болгар, ағылшын, мажар, араб, қытай, жапон және ТМД елдерінің тілдеріне аударылды. Оралхан Бөкей – көркем сөз өнерінің хас шебері. Оның туындыларында форма жағынан ерекшелік басым.

1976 жылы Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н. Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты наградаларына ие болды. Оралхан Бөкей Үндістанға шығармашылық іс-сапарынан оралмады. 1993 жылы 17 мамыр күні Үндістан астанасы Делиде көз жұмды.

 (Ақпарат интернет көздері арқылы дайындалды)

 

1483 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз