Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 21 Қазан, 2020

Американы ашқан мұсылмандар ма?

Соңғы жылдары кейбір ғалымдарымыз Америка құрлығын мекен ететін үндістерді Азия құрлығынан барған, тіпті түркі тілдес халықтармен жақындығы бар деген болжам айтып жүр.

Тілдік ұқсастықтарын да табуда. Мәселен, осы бағытта көп тер төгіп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов «Азия-Берингия-Америка немесе америкалық «үндістердің» азиялық тегі» (2003) және «Азия-Берингия-Америка или азиатское происхождение американских «индейцев» (2006) атты кітаптарында үндістердің шыққан отаны - Алтай аймағы болуы мүмкін екендігін айтады.

Алайда, біздің байқауымызша, қазіргі заманғы үндістер Америка құрлығына әр кезеңде әртүрлі жолмен келген халықтардың өкілдері, ұрпақтары болуы кәдік. Олай дейтін себебіміз, Оңтүстік және Солтүстік Американың алып даласын мекендейтін олардың өздері бірнеше типке бөлінеді. Мәселен, арктикада тұратын эскимос, алеуттер нағыз үндістерге жатпайды, бұларда монғолоидтық белгілер басым, ал Гавай аралдарында тұратындар полинезиялықтарға жақын, тіпті кейбір үндістер қазақтан аумайды. Сондықтан, Америкаға халықтар бірнеше толқынмен барған болуы керек.

Дегенмен, біз бұл болжамдарды тарихшылардың еншісіне қалдыра отырып, тікелей өзіміз қозғағалы отырған тақырыбымызға ойыссақ: Американы ашқан мұсылмандар ма?!

Бұл тұрғыда бала күнімізден бәріміздің санамызға Орхон таңбаларындай жазылып, сіңірілген бір мәлімет бар: ол - Американы ашқан Христофор Колумб. Алайда, соңғы жылдардағы зерттеу жұмыстары нәтижелері мұның теріс екендігін дүркін-дүркін дәлелдеуде. Сол пікірлердің бірі - Американы ең алғаш мұсылмандар ашты дегенге саяды. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, Колумбқа дейін-ақ мұсылман зерттеушілері Америка құрлығына табан тіреген.

Осы жерде әуелі тарихқа сәл шегініс жасап кеткен жөн.

Жалпы, христиан әлемі шармық (крест) жорықтары кезінде Ислам әлемімен етене жақын таныса бастайды. Әрине, Таяу Шығыс пен қарт құрлық арасында бұрыннан қарым-қатынас болғаны белгілі, бірақ осы уақытта үстіндегі киімін шіріп кеткенше тастамайтын «өркениетті еуропалықтар» моншаның, сабынның, жалпы тазалықтың не екенін өз көздерімен көрген еді (жылдар бойы үстіндегі киімін үгітіліп түсіп кетпейінше шешпейтіндіктен, шығатын жағымсыз иісті білдірмеу үшін олар Кельн суын, яғни «одеколонды» пайдалана бастаған ғой). Ислам елдерінде шығарылатын тауарлар мен өнімдердің сапасын білді, әрине оған деген сұраныс та артты. Ең бастысы Шын-Машын елдерінен мұсылман өңірлері арқылы келетін дәмдеуіштермен де танысты. Сол кезеңде Қытай, Үндістан немесе Африка арқылы келетін не жеткізілетін тауарлардың бәрі мұсылман саудагерлерінің қолында болатын. Еуропа елдерінің алдында осы тауарларды тікелей өздері алу міндеті туындады.

Осы арада менде Христофор Колумб флоты Британия, Франция секілді Еуропаның өзге елдері емес, неліктен Испанияда жасақталды деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауап табу үшін тағы да тарихқа шегініс жасап көрелік.

...711 жылы Тарик ибн Зияд атты әскербасы Гибралтар бұғазы арқылы Солтүстік Африкадан (Мағриб) вестготтар билеп тұрған қазіргі Испания (Андалусия) жеріне, яғни Пиреней түбегіне өтеді. Әскербасы Гибралтар бұғазына өзінің есімін (Джабал-әл-Тарик) беріп кетеді.

Содан 711 жылдан бастап 1492 жыл аралығында мұсылмандар Испанияны әлемнің ең мықты дамыған елі қатарына қосты. Мұсылман Испаниясы мен Португалиясы (айтқандай, Португалия атауы да «Порту» және «қала» деген сөздерден шыққан, яғни екінші буыны кәдімгі қазақ тіліндегі «қала» ұғымын білдіретін араб сөзі) Еуропаның ең қуатты еліне айналып қана қоймай, осы құрлықтағы алғашқы университеттерді ашты, сол дәуірде Еуропада бұрын-соңды болмаған өрлеу болды. Үйшігінде отырған еуропалықтар Испания арқылы Шығыс елдері туралы көбірек біле бастайды, олардың байлығы, өмір сүру дағдысы еуропалықтардың қызығушылықтарын арттырды.

Мұсылмандар алғаш рет Еуропаға өрік, жаңғақ, лимон, апельсин секілді жеміс түрлерін әкеліп, жерсіндірген болатын. Тұңғыш рет еуропалықтар қант пайдаланып, күрішпен танысты. Барқыт, атлас сияқты қымбат бағалы жібек маталармен, кілемдермен, зергерлік бұйымдармен етене жақын таныстық болды. Ислам елдерінен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар әкелінді және енді бұл бұйымдардың өздері сонда жасала бастады. Қағаз бұйымдары мен қағаздан жасалған заттар көптеп қолданысқа енді. Қысқаша айтқанда, жабайы Еуропа мәдениетті Шығыстан көп нәрсені үйренген еді.

Бүгінде мұсылман сәулет өнерінің жауһарлары Испания жерінде әлі де сақтаулы тұр (мысалы, Альгамбра, Гранада). Керек десеңіз, қазіргі португал тілінде араб тілінен енген мың сөз болатын болса, испан тілінде ол бес мың сөзді құрайды.

Ал Испания болса, бірнеше ғасыр өздерін билеген мұсылмандардың барлық ілім-ғылымын игеріп алып, ақыр аяғында оны олардың өздеріне қарсы пайдалануға асықты.

1453 жылы Осман түріктері Константинопольді Стамбулға айналдырғаны тарихтан мәлім. Еуропа елдерінің алдында Шығыстың көл-көсір байлығына енді Жерорта теңізі арқылы емес, мұсылман елдерінен әрі өтіп, Үндістанға, Шын-Машынға жету міндеті тұрды. Әрине, бұл жолда олар ештеңеден де аянбайтын еді. Міне, сондықтан Испания жерінде алғашқы флот жасақталды. Айта кету керек, Колумбтың өзі Шығыс (мұсылман) теңіз саяхатшыларының бар еңбектерін сарқа пайдаланды, олардың карталарын көшірді, мұсылмандардан компасты қолдануды үйренді. Қысқаша айтқанда, мұсылмандардың ғылыми жетістіктерін барынша игерді.

1492 жылы Колумб флоты алғаш рет Америка бағытына сапарға шыққаны белгілі, және дәл осы жылы Андалусиядағы мұсылмандар Пиреней түбегінен, яғни қазіргі Испания мен Португалия жерінен біржола қуылған-тын.

Міне, Колумбтың Американы ашқан ғаламат сапарының және Испания құдіретінің тарих қатпарларына жасырылған түп-тамыры осындай. Ал біз сөзіміздің басында Америка құрлығына Колумбтан бұрын мұсылман саяхатшыларының аяғы жетті деген едік қой. Енді осы деректің басын ашып көрелік.

1312 жылдар шамасында Батыс Африка мұсылмандары мұхит арқылы жүзіп келіп Солтүстік Америка құрлығына, дәлірек айтқанда, Мексика шығанағына келіп жетеді. Миссисипи өзенін бойлай жүзе отырып, құрлыққа ішкері енгені туралы мәліметтер бар.

13 ғасырда өмір сүрген Сицилия королінің кеңесшісі әл-Идрисидің қалдырған еңбектеріне қарағанда, одан бұрын да мұсылман саяхатшылары Америка жеріне келген көрінеді. Әл-Идриси Америкаға сегіз мұсылман зерттеушісінің барғанын жазып қалдырған, ал ол еңбектің көшірмесі Колумбта болған. Оның флотында да «жаңа» құрлыққа алғашқы сапары кезінде ағалы-інілі Пинзон текті екі мұсылман бар еді. Кәсіпкерлікпен айналысып, заманының дәулетті адамдарының қатарында болған олар Колумб кемелерін жасақтауға үлкен көмектерін тигізген.

Х.Колумб аталмыш саяхаты кезінде қазіргі Куба жерінен, биік таудың төбесінде тұрған ғажайып мұсылман мешітін көргенін жазады. Кейінгі ғасырларда жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде, шынымен де Куба, Мексика елдері мен Невада және Техас штаттары аумақтарынан құлаған мешіт орындары мен Құран аяттары жазылған тас қалдықтары табылды.

Барри Фелл есімді ғалым «Америка туралы шежіре» атты өзінің еңбегінде кейбір үндіс халықтарының сөз қолданысында араб тілінен енген сөздердің бар екенін айтады. Сонымен қатар, ғалым Калифорнияда бір жартаста араб тілінде «Иса бин Марьям» (Мәриямның ұлы Иса) деп қашап жазылғандығын және Невада, Колорадо және Нью-Мексико штаттарында бір кездері болған медреселердің орнын көргенін жазады.

P.S. Қытайдың түркі текті мұсылман адмиралы Чжэн Хенің де Америка құрлығына жеткені туралы соңғы кездері жиі айтылуда. Бұл әйгілі теңізшінің жалпы саяхатшылығы туралы «Қытайдың түркі текті мұсылман адмиралы Мұхаммед туралы не білеміз?» деген мақала осы газеттің бұрынғы нөмірлерінде жарияланған болатын. Ал оның Америкаға қай уақытта, қалай барғаны, Колумбтан бұрын-кейін жеткені туралы нақты деректерді табуды тағы да зерттеуші ғалымдар еншісіне қалдырып, әңгімемізді осы арадан аяқтайық.

Амандық Әмірхамзин,

этнолог

 

723 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз