Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 23 Қазан, 2020

Ассамблея: қазақ тілінде өткен конгресс

Алматы қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгресі өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, Ассамблея мүшелері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Конгресс толығымен қазақ тілінде өтті, спикерлер ретінде мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері сөз сөйледі.

Іс-шара барысында мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері тіл үйрену тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жолдары туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.

Конгресс соңында Қазақстан халқына үндеу қабылданды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының

Қазақ тілін меңгеру жөніндегі бірінші конгресіне қатысушылардың

ҮНДЕУІ

Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақ тілін меңгеру жөніндегі бірінші конгресіне қатысушылар, Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оны этносаралық қатынас тіліне айналдыру туралы тапсырмасын толық қолдайтынымыз жөнінде және оны жүзеге асыру бойынша инклюзивті жұмыс қажеттілігі туралы мәлімдейміз.

Біз Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақ халқы мен мемлекеттік тіл – дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамды біріктіруші ядро ретінде ықпал ететін болады» деген ұстанымын негізге аламыз.

Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық өзгерістерді, қазақ халқының саны өскенін, халықты одан әрі біріктіру және шоғырландыру қажеттілігін ескере отырып, біз мемлекеттік тілдің жоғары рөлі болашақта да арта түсетінін атап өтеміз.

Біріншіден, мемлекеттік тіл қуатты топтастырушы факторға айналуы тиіс.

Мемлекеттік тіл – Отан ұғымын білдіретін Мемлекеттік ту, Елтаңба, Гимн сияқты қастерлі символ.

Ол еліміздің барша азаматтарын біріктіруге шақырады.

Екіншіден, мемлекеттік тілді меңгеру адамдардың бірін-бірі тіл білмегені үшін кемсітуіне жол бермейді.

Үшіншіден, мемлекеттік тіл – бұл әрбір азаматтың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді әрі толыққанды қатысуының кепілі, оның бәсекеге қабілеттілігінің факторы.

Төртіншіден, мемлекеттік тіл – еліміздің әрбір азаматының ішкі бірегейлігінің, қазақстандық патриотизмнің, азаматтық сананың ажырамас элементі.

Бесіншіден, мемлекеттік тіл қоғамдық сананы жаңғыртудың, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жетекші бағыттарының бірі, ал оның латын графикасына көшірілуі жалпыұлттық сананың жаңа элементі болып табылады.

Бұл қарапайым ақиқат Қазақстанның әрбір азаматының саналы азаматтық таңдауы болуы тиіс.

Мемлекеттік тілдің рөлін арттыру жөніндегі жұмыс кең ауқымды және сан қырлы сипатта болғаны жөн. Бұл мәселеде жауапкершілікті тек мемлекетке ғана жүктеуге болмайды.

Азаматтық қоғам, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым осы идеяны іс жүзінде жүзеге асыруға өздерінің қомақты үлесін қосуы керек.

Біз мемлекеттік қызметте, қоғамдық, ғылыми, саяси және мәдени іс-шаралар өткізу кезінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бойынша шаралар қабылдауға шақырамыз.

Біз қазақ тілін жетік меңгерген этностар өкілдерін қолдау мен көтермелеудің тиімді жүйесін қалыптастырып, олардың қазақ тілін этносаралық қатынас тілі деңгейіне көтеру жөніндегі миссиясына жәрдемдесуіміз қажет.

Біз қазақ тілінде сөйлеуге ұмтылатындарды қолдауда шыдамды, бірізді және табанды болуымыз керек.

Біз халықтың барлық санаттары үшін қазақ тілі әлеміне терең бойлаудың түрлі формаларын енгізуіміз керек. Бұл теледидар мен радио бағдарламаларының мазмұнына, әлеуметтік желілердің контентіне, көрнекі ақпаратқа, күнделікті қарым-қатынасқа қатысты.

Біз білім беру жүйесін оның басты миссиясына қол жеткізуде барынша қолдауымыз қажет, яғни мектеп бітірген әрбір оқушы мемлекеттік тілді функционалдық сауаттылық деңгейінде меңгеруі тиіс. Сондықтан біз Тіл саясаты комитетінің Білім және ғылым министрлігіне берілуін құптаймыз.

Біз елімізде бұл мәселені саясаттандыруға, азаматтарға заңсыз қысым көрсетуге жол бермеуге шақырамыз. Мемлекеттік тіл әрбір азаматтың саналы таңдауы болуы тиіс.

Біз қазақ зиялыларын Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді насихаттау жөніндегі қызметін ілгерілетуге, оның осы бағыттағы жобаларын – «Даналық әліппесі» және «Абай» интерактивті кешендерін енгізуге, «Қазақтану» және «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы, «Мәміле» қазақ тілі клубтары және т.б. жобаларды іске асыруға атсалысып, білімі мен жеке тәжірибесі арқылы қолдау көрсетуге шақырамыз.

Біздің елімізде мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру үшін қажеттінің бәрі бар екеніне сенімдіміз, ал ізгі ниет, табандылық, еңбек пен қажырлылық бізге Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» деген ұлағатты сөздерін іске асыруға мүмкіндік береді.

238 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Бауыржан Момышұлының шығармаларын оқуға кеңес берді
Келесі мақала Ерекше балаларға арналған арнайы кітаптарды сыйға тартты

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *