Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 20 Қараша, 2020

Руслан Рүстемов: Ескерткіштер –елдіктің белгісі

-«Тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлтымыздың рухани байлығы, халқымыздың қастерлі мұрасы. Иә, Ұлы дала төсінде кездесетін балбал тастарды, тау-тастағы петроглифтерді, көне қалалар мен қоныстарды, тарихи тұлғалармен байланысты орындарды сақтап, оларды келешек ұрпаққа жеткізу аса маңызды іс.

Мұны неге айтып отырмын? Бір оқиға есіме түсіп отырғаны.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожановты, Садықбек Сапарбековты, Нәзір Төреқұловты Жаңақорған топырағымен байланыстырып жиі айтамыз. Бірақ ауданның төл тумасы Серқұл Алдабергенұлы жайлы көп айтыла бермейді.

Алаштың ардақтысы Мұстафа Шоқайдың үзеңгілесі, рухтас досы, алаш идеясына қызмет еткен Серқұл Алдабергенұлының мәселесі жөнінде осыдан екі жыл бұрын бір топ жаңақорғандық ел ағалары қабылдауыма келді. Сүйегі қай жерде жатқаны белгісіз алаш қайраткерінің қандай мәселесі болсын?! Дұрысы, оның ұрпақтары мен жерлестері Серқұл Алдабергенұлы тұрған үйдің орнына белгі орнатады. Бірақ бұл кешен "Байкен-U" ЖШС-не белгіленген жер аумағында екені белгілі болады. Содан екі жақтан келіспеушіліктер орын алады.

Сонымен облыс әкімдігінің қабырғасында екі тараптың уәжін тыңдап шешім шығару Қызылорда облысы әкімінің орынбасары ретінде маған жүктелді.

Екі тараптың да уәжі орынды. Бірақ әрине біз үшін тарихи әділеттілік құнды. Неге десеңіз, Серқұл Алдабергенов алаш қозғалысының қайраткері. Революцияға дейін Жөлектегі түземдік мектепте білім алған, 1893 жылы Ташкенттегі ер балаларға арналған сегіз жылдық гимназиясына түсіп, "Суды пайдалану және жерді игеру" мамандығын игеріп шыққан. Туған жері Төменарыққа келіп, ел ісіне араласып, арық қаздырып, халыққа егін ектіреді. 1904 – 1912 жылдары Перовскіде уезд бастығының орынбасары кызметін атқарып, Сыр бойындағы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз мүмкіндігінше үлес қосады. 1912 жылы Төменарық болысының басқарушысы болып сайланады. Ташкентте М.Шоқай арқылы саяси жұмыстарға тартылды.

С. Қожанов, С. Өтегенов, Қ.Қожықов, С.Ақаев, А.Оразаев және т.б. ұлт зиялыларымен араласты. 1917 жылы Орынборда өткен I Жалпықазақ съезіне Сырдария облысының атынан қатысқан. 1917 жылы 8-11 қазанда Түркістанда өткен Сырдария облысы мұсылмандар съезінде Құрылтай жиналысына баратын өкіл ретінде сайланған. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен II жалпықазақ съезіне Сырдария облысынан қатысып, тез арада автономия құруды жақтап, дауыс берген. 1918 жылы 5-9 қаңтарда Ташкентте өткен Сырдария облысы қазақтарының съезіне қатысып, ұлттық мемлекеттіліктің аса маңызды белгісі – территориялық тұтастыққа қол жеткізу идеясын көтерушілер арасында болды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Перовск уездік атқару комитетіне мүше болып, жер бөлімін басқарды. 30 жылдың басында ұлт зиялыларын террорлық жолмен қуғын-сүргінге ұшыратқан кезде Ташкент ерлер гимназиясында бірге оқыған Перовск уездік милиция бастығы Ж.Есеновтың көмегімен атылудан аман қалып, ағайын-туыстарымен Қызылқұмға, одан әрі Өзбекстанға көшіп кеткен.

С.Алдабергенов 1935 жылы 25 наурызда ЧЧХК-нің айырықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Одан кейінгі тағдыры белгісіз.

Осындай тарихи тұлғаның ескерткішін қоюға ұлтарақтай жерді қалайша қимаймыз?!Сондықтан уран компаниясының өкілдеріне елдің уәжін жеткізе отырып, ескерткішті қорғау тізбесіне алу жөнінде шешім шығардық. Бүгінде алаш қайраткері тұрған үйдің орнына ешкерткіш белгі қойылды. Бұл да біткен істің бірі болды.

Бұл іске белсенді қатысқан барша жерлестерге алғыс білдіремін.

Елдің көркеюіне үлес қосқан тарихи тұлғаларға құрмет көрсету біздің міндетіміз.

Бәрінен бұрын, ескерткіштер – елдіктің белгісі»,- деп жазды Руслан Рүстемов  фейсбуктегі парақшасында.

Руслан Рүстемов, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының әкімі

109 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі лаухалар тарихи орнына қойылды
Келесі мақала Созақта Тайқазанды құйған шебер жерленген

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *