Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 20 Қараша, 2020

Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды

 

Алматы облысының көркем жерлерінің бірі - Кеген ауданының "Қарқара" ауылы. Қытаймен шекараға жақын орналасқандықтан, ауылдың ер азаматтарының біразы жақын маңдағы шекара бекетінде қызмет етеді. Ерқанат көкем де сонда ат баптаушы.
 
Ағам күнделікті атын баптап, сол аумақты аралайды. Жаздың жаймашуақ, сол өңірге ғана тән аздап салқын желі бар күндерінің бірі болатын. Кенет ағам алыстан арқаларына үлкен дорбаларын асқан екі жолаушыны байқайды. Аяңдап, жақындаған екеу:
 
- "Здравствуйте, мы туристы, где можно ночлег устроить, не подскажете?" - дейді. Ағам, бар орысшасын жинап: 
 - Здрәствуйте, я не ошен понял вас" - деп тақиясын қисайта ықыластана жауап қатады.  Әлгі орыстардың бірі қайталап:
 -"Где можно палатку поставить? - дейді.
-"Е-е,  қонатын жер деймісіңдер, онда былай, зашем палатка, айда домой ко мне, дом большой, место хватит, жена ет асқанский" - дейді ағам қуана. 
 - " Ой неудобно как-то, может всё-таки место покажете?!" - деп күбірлейді орыс қыз қысылып. 
"Поехали, дай дорбу" - деген ағам әңгімені сол жерден үзіп, екеуін ертіп үйге қарай жөнеп береді. 
 
Сөйтіп, үйге келген қонақтарды мұғалім жеңгем қазақи дастарханымен  қарсы алып, мән-жай сұрасады. 
 
Сөйтсе, бұл қыз бен жігіт  әне-міне үйленгелі жүрген ресейлік ғашықтар екен. Қазақстанды саяхаттап жүрген көрінеді. 
 
Ағамның орысшасына қарамастан әңгімелері жарасып, ертесінде қимай қоштасқан құдайы қонақтар, Мәскеудегі мекен-жайларын тастап, телефон номірлерімен алмасып, кете барады.
 
Содан біраз уақыт өтеді. Бір күні ағамның ұлы автокөлік апатына ұшырап,  ауыр жарақатпен Алматыға жеткізіліп, бірнеше ота жасалынады.
 Жақсылықтың да жамандықтың да ерте ма, кеш па қайта айналып келері анық қой. Бір кезде қонақжайлық көрсетіп, екі жасқа ағалық қамқорлық жасаған ескі турист  достары Мəскеуден ағамның қиналып жатқан ұлының өміріне ауадай қажет түтікті тегін жібереді. 
Қазір құдайға шүкір, ағам мен жеңгем сол ұлдарынан бірнеше немере сүйіп,  бақытты ата-әже болып отыр.
 
Олар  менің қарапайым мотиваторларымның бірі, жақсылық жаршылары. Жақсылықтың үлкен кішісі жоқ, сондықтан титтей болса да жақсылық жасап, айналымызға шуағымызды шаша жүргенге не жетсін. 
 
Жанат Елеухан
 
 

 

1325 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз