Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 01 Желтоқсан, 2020

Қысқы Көлсай кереметі

Көлсай көлі-жылдың төрт мезгілінде де әдемі. Қысқы көрінісі, тіпті ертегі ме дерсіз?! Төңіректі қалың қар басып қалғанда, көлдің қысқы көрінісін көрудің, оны суретке түсіріп алудың әсері тым әсерлі. Сондықтан қар жауғаннан күннің ертесі, Көлсайға жолға шыққан едік. Ендеше, қысқы Көлсайдың әдемі көріністерін бірге тамашалаңыздар.

Көлсайға бастар жолда Көкпек шатқалы мен Аласа асуынан өтеміз.

Аласа асуынан асқанда алыстан Қулық тауы көрінді.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғимараты Саты ауылында орналасқан.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі — мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Мемлекеттік мекемесі ҚР Үкіметінің 2007 жыл 7 ақпандағы № 88 қаулысымен құрылды. Парк территориясында теңіз деңгейінен 1800-3500 метр жоғары өсетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, керемет өзендер мен көлдер, қырлы ландшафттар кездеседі. Жоғарғы Көлсай теңіз деңгейінен 3000 м-ге жуық, Орта Көлсай (Қайыңды) 2600 м және Төменгі Көлсай 2130 м. биіктікте орналасқан. Төменгі Көлсайдың су айдыны басқаларына қарағанда үлкен. Көлсай көлдерінің табиғаты әсем тау шатқалында жатыр. Әлі де болса адамдардың шаруашылық тіршілігі жүргізілмеген ерекше табиғи орта кездеседі. Тау өзендері, құздар, көлдер мен өзендер түрлі-түсті бояуларға боялған, бұталы өсімдіктер осы аумақтың тартымды және көріктілігін көрсетеді. 

Күнгей Алатауын тұман бүркеп тұр. 

 Көлсайда қонақ үйлер бой көтеріп келеді.

Қазақстанның Алматы қаласының шамамен 200 км шығысында Тянь-Шань тауының етегінде орналасқан Көлсай көлі - табиғат сүйер отандық және шетелдік туристер үшін тартымды жерлердің бірі.

«Солтүстік Тянь-Шань тауларының інжуі» деп атағы шыққан Көлсайдың табиғатына адамның көзі тоймайды, көкпеңбек суымен баршаны таңғалдырады.

Көлге мұз қата бастапты. Енді бір қар жауғанда толық мұздануы мүмкін. Төменгі Көлсайдың мұз қата бастаған сәтін бірінші рет фотоға түсірдім.

Көл бетіне қатқан мұздан түрлі геометриялық фигураларды көруге болады. Көлсайдың дәл осы сәті сонысымен де қызықты бола түседі. Ал қар басқан қалың орманның сұлулығын сөзбен айтып жеткізгісіз...

1700 метр биіктікте орналасқан бірінші көлге көлікпен келу мүмкіндігі бар. 2250 және 2650 метр биіктіктегі екінші және үшінші көлдерге жету үшін 9 және 6 км жүріп бару керек. Бұл көлдерге атқа мініп жетуге де болады

Кешкілік көл бетіндегі бу биін тамашаладық. 

Ал таудың биік белдеуінде тұман қайта қоюлана түсті. 

Суреттерді түсірген-Досжан Балабекұлы

Кеген ауданы, Алматы облысы

4455 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз