Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 21 Ақпан, 2021

Өміріңді өзгертетін қарапайым 10 əдіс

Кейде таңертең көңіл-күйің болмай, шаршап, денең дел-сал болып тұратын кездер бола ма?

Себепсіз өмірден түңіліп, ешнәрсе қуантпай ұнжырғаң түссе, онда бұл өміріңе өзгеріс керек деген белгі дейді зерттеушілер.

Біз сайт оқырмандарына бүгін ұзақ өмір сүру, дұрыс тамақтану, стрестен сақтану жолдарын зерттеп жүрген мамандар тұжырымдарынан ықшамдап, пайдалы hәм керек кеңестер әзірледік.

Өміріңді өзгертетін 10 тәсіл

1. Ұйқыңды ретте

Біздің денемізге үнемі демалыс пен қамқорлық керек. Компьютерімізді жұмыстың соңында сөндіргеніміз секілді, тәніміз бен ақыл-ойымызды тынықтыру ауадай қажет. Ұйқы кезінде ағза  күні бойы жиналған токсиндерден тазарады дейді зерттеушілер.

Ұйқы қанық болса, сана тұнық!

Кешкі 22.00-де ұйқыға жатуды әдетке айналдыр.

2. Дұрыс тамақтан

Күнде айтып жүрген жаттанды кеңес көрінгенімен, денсаулық үшін ең маңыздысы ішкен-жегеніңе аса сақтықпен мән беру.

Тамақтану кезінде ұялы телефон қарау, қоңырауға жауап беруді бірінші кезекте тоқтату керек.

Жолда жүріп бара жатып асығыс тамақтану да зиян.

Бүгін осы кеңесті оқыған сәттен бастап, тағамды ойланып жеуді дағды қыл. Яғни, бұл тағамның ағзама қандай пайдасы бар деп ойлап жеу көңіл-күйге әсер етіп, сіңімді болады. Зерттеушілер тағамды тек аш болмау үшін емес, организмді пайдалы заттармен қоректендіру мақсатында тұтыну - стресті азайтып, салмақ қосудан сақтайды.

3. Қимылдауды баста да, тоқтама

Қозғалыс - көңіл-күйді көтеру, стресті төмендетуден бөлек, жадыны жақсартудың, ойды жүйелеудің таптырмас құралы.

Йогамен айналысу, коньки, ролик, велосипед тебу - стресспен күреске айтарлықтай үлес қосады.

Таңертеңгі қарапайым жаттығудың өзі сергектік сыйлап, күні-бойы маңызды жұмыстарды оңай атқаруға көмектеседі.

Уақыт жоқ, жұмысқа асығып бара жатырмын десең, ең азы 10 минут  жаттығу жаса. Жүйелі қимылдаған 10 минутың 24 сағатқа азық!

4. Ең пайдалы демалыс - тыныштық

Ешқандай қаржы шығындамай, еш жерге барып әуре болмай, күнде таңертең 5 минут өз-өзіңмен қалып, тыныш күйде денеңді босат. Ештеңе ойлама тек ғажап музыка үніне елтіп, демал. Медитация жаса. Бұл иммунитетті нығайтады. Жанды тыныштандырады.

5. Теріге күтім жасауды ұмытпа

Бет бұлшық еттеріне массаж жасап, таңертең ісініп тұрған теріге өмір сыйла. Соңынан жақсы көретін креміңді жағып, сылап-сипа. Күнде кешке, таңертең теріге күтім жасау әдет болса, көп күттірмей бет терісі жарқырап, көңіл-күйді көтеріп сала береді.

6. Жан-дүниеңді байытуға күш сал

Өзіңді өзгерт деген “мен ғана деп” өзіңді алға шығару емес, рухыңды байыту, адами болмысыңа мән беру. Жаның қалаған іспен айналысу. Атқаратын жұмыстар тізбесіндегі әрбір іс жаныңа қуаныш сыйлау керек.

7. Жаңа іспен шұғылдан

Күнделікті қайталанатын жұмыс адамды мезі етеді. Сондықтан аптасына бір рет жаңа бір істің көзін тауып, жаңа өнер үйреніп, өміріңе өзгеріс жаса. Ауқымды іс емес, қарапайым ғана өзіңді қуантатын бір іс. Мәселен, жұмысқа басқа жолмен бару, таңғы асқа ешқашан жасамаған дәмді тағам әзірлеу, жаттығудың бұрын жасамаған қимылын қосу, тоқып үйрену, жаңа өлең жаттау, бір аспапты меңгеру секілді пайдалы іс.

8. Өзіңе қолайлы орта қалыптастыр

Дамуыңа, өсуіңе, позитивті ойлауыңа әсер ететін адамдармен араласу - өмірге құштар ете түсетінін ұмытпа. Ал негативті ойға жетелеп, ұстанымдарыңа қайшы әрекеттерге итермелейтін адамдардан бойыңды аулақ ұста.

9. Жаңа білім игер

Күнделікті оқы. Өмірді ұзартатын - білім. Оқуды ұнатпасаң, аздан баста. Егер жүйелі білім алып, жаңа бір кәсіп үйренем десең, арнайы курсқа жазыл. Адам оқыған сайын сана серпіліп, ақылың кемелдене береді!

10. Күнделік жазуды әдет қыл

Шығармашылық тұрғыдан өсіп, шабыт аласың. Мақсатқа жетуге де күнделіктің пайдасы зор. Өзіңнің әрбір ісіңе ойлана қарайтын боласың. Тіпті, кейін күнделігің кітапқа айналуы да ғажап емес.

Күнделігіңде "Бүгінгі күнім табысты өтті ме?", " Не үйрендім?", "Қоршаған ортаға пайда тигізе алдым ба?" деген сұрақтарға жауап іздесең, өмірің мағыналы бола түсті деген сөз.

 

 

Дайындаған

Айнұр Әкімбайқызы

 

2893 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз