Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 25 Ақпан, 2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті жиынға қатысушылар!

Ұлттық кеңестің қызметі әуел бастан қоғамның ерекше назарында. Оның жұмысына сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары да қызығушылық танытуда.

Ұлттық кеңес құрамы және міндеттері туралы әртүрлі ұсыныстар айтылды. Тіпті, қарама-қайшы пікірлер де болды. Дей тұрғанмен, алғашқы кезден бастап Ұлттық кеңес жұмысқа белсене кірісті.

Біз осында қабылданатын шешімдер арқылы елдегі жүйелі реформаларға тың серпін беруді көздейміз.

Шын мәнінде, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға зор үлес қосып келеді.

Сондықтан осы алқалы жиын еліміздегі ауқымды өзгерістерге жол ашып отыр деуге болады.

 Бір жарым жылдан астам уақыт ішінде нақты нәтижелерге қол жеткіздік.

Кеңес мүшелері саяси реформалардың бірінші топтамасындағы шараларды жүзеге асыруға атсалысты.

Екінші топтамада көзделген жұмыстар да аяқталуға жақын.

Сонымен қатар саяси реформалардың үшінші топтамасы бойынша жұмыс басталып кетті.

Бүгінгі таңда Ұлттық кеңестің ұсынысымен 13 заң қабылданды. Тағы 9 заң жобасы әзірленіп жатыр.

Заң шығару жауапты және күрделі жұмыс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Кеңес мүшелері ауқымды істер атқаруда.

Ұлттық кеңес алғашқы кезеңде өз қызметін консультативті-кеңесші орган ретінде бастады.

Ал, бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналды.

Кеңестің әрбір мүшесіне белсенді қоғамдық қызметі үшін ризашылығымды білдіремін. Мысалы, бүгінгі отырыста Кеңестің бірқатар мүшелері сөз сөйлеп, жақсы, тиімді ұсыныстар айтты.

Өздеріңізге мәлім, кеңес тұрақты ротация қағидатын басшылыққа алып жұмыс істейді. Осыған орай қатарымызға жаңа азаматтар келіп қосылуда. Олар кеңес жұмысын одан әрі жандандыруға үлес қосады деп сенеміз.

Жалпы, Ұлттық кеңес ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген көптеген азаматтарды ортақ іске жұмылдыруда. Бірақ, өмір болған соң түрлі жағдайлар болады.

БІРІНШІ. Тұрғын-үй және экономика саясатын жетілдіру.

Халықтың тұрмыс сапасын арттырудың басты шарттарының бірі – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету.

Біз осы маңызды мәселені шешу үшін ауқымды шаралар қабылдап жатырмыз.

Қазір азаматтарымыз өзінің зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын-үй жағдайын жақсартуға пайдалана бастады.  

Бұл – бұрын-соңды болмаған теңдессіз қадам.

Жаңа бастаманың жүзеге асқанына бір ай ғана уақыт  өтті. 

Соның өзінде мыңдаған азамат көптен күткен баспанасын алды. Ипотекасын өтеді немесе несиесін азайтты. Бұл әділетті қоғам қағидатын жүзеге асырудың нақты қадамдарының бірі деп те айтуға болады. Көпшілікті қуантқан осы шешімді Ұлттық кеңес қолдағанын атап өту қажет. Дегенмен, тұрғын-үй мәселесі азаматтарымыз үшін әлі де өзекті болып отыр. 

Былтыр тұрғын-үй құрылысының қарқыны 11,2 пайызға өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ, өңірлердің ахуалы әркелкі. Мысалы, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40 пайызы тек
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында. Оның үстіне бұл үйлердің көпшілігінің бағасы әлі де қымбат.   

Мен Үкіметтің қаңтар айындағы кеңейтілген отырысында тұрғын-үй саясатын жетілдіру үшін жаңа ұсыныстар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет айтарлықтай тиімді ұсыныстар берді. Жалпы, бұл ұсыныстарды қолдаймын.

Дегенмен, нарықтың өз ережесі бар. Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталды. Енді, мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асырған жөн. Бұл қадам аз уақыттың ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді.

Жалпы, баспана мәселесін Ұлттық кеңестің өткен отырысында Ләззат Қожахметова көтерген болатын.

Сонымен қатар ауылдық жердегі тұрғын-үй мәселесін шешу – аса өзекті міндет.

Жеке шаңыраққа ие болған жастарымыз ауылда тұрақтап қалудан қашпайтыны анық.

Жалпы, ауылдық жерде үй салу баспана мәселесін ғана шешпейді. Мұндай жұмыс экономикалық белсенділікті арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан мемлекет барынша қолдау көрсетуге тиіс.

Баспана мәселесі «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ғана шешілмейді. Бұл іске әлеуметтік жауапкершілігі бар жұмыс берушілерді жұмылдыру керек.

Кәсіпкер өз жұмысшыларына арнап ауылда үй салса, мемлекет оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қайтаратын болады. Бұл қай жағынан алып қарасақ та, бәріне пайдалы. Жұмысты дұрыс жолға қоя алсақ, осы бастама ауылды дамытуға жан-жақты септігін тигізеді.

Сондай-ақ қажетті мамандарды, ең алдымен, мұғалімдер мен дәрігерлерді, мал дәрігерлерін ауылға тартуға мүмкіндік береді. Үкімет бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуі керек. 

Келесі мәселе.

Аймақтар арасында теңгерімді даму болмаса, азаматтардың әл-ауқаты және жалпыұлттық өркендеу туралы айтудың өзі артық.

Бұған дейін ұсынылған «Қуатты өңір – Қуатты мемлекет» қағидасы – құр сөз емес. Бұл – еліміздің табысты дамуы үшін аса маңызды талап. 

Аймақтардың әлеуетін арттыру мақсатымен кезінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылды. Мұндай құрылымдар қазір барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейді. Енді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды институтқа айналдыратын кез келді.

Өңірлік корпорациялардың жұмысы қоғамның ашық әрі толық бақылауында болуға тиіс. Құзіретіне жатпайтын және маңызы төмен активтерді оның қарамағынан алып тастаған жөн.  Жалпы, осы корпорациялардың қызметін үйлестіру үшін ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте, Ұлттық экономика министрлігінің аталған мәселеге қатысты құзыретін күшейту керек.

Осылайша біз кәсіпкерлердің экономикадағы рөлін арттыруға баса мән беріп отырмыз. Яғни, жаңарған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жергілікті бизнестің бәсекелесі емес, сенімді серіктесі болуға тиіс. 

ЕКІНШІ. Білім беру мәселелері.

Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік беру – тұтас қоғам дамуының кепілі. Бұл ұстаным, әсіресе, білім саласы үшін өте маңызды.

Шын мәнінде, білім беру мәселелері әрқайсымызды толғандырады. Соңғы жылдары біз білім беру жүйесін дамытудың басты бағыттарын, жолдары мен негізгі көрсеткіштерін айқындадық.  Енді, нақты шешімдер қабылдауымыз керек.

Жалпы, білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияның рөлі айрықша. Бұл, әсіресе, індет кезінде анық байқалды.

Мобильді операторлардың «Білім» тарифі карантин уақытында қашықтан оқытуға кеңінен жол ашты.  Соның арқасында Қазақстанның
600 білім беру ресурсын шектеусіз пайдалануға мүмкіндік туды. Бұл қадам оқушылардың арасындағы цифрлық теңсіздікті азайтуға айтарлықтай ықпал етті.     

Қашықтан білім беруді дамытудың осы әдісін тоқтатпай, жалғастыра беру қажет деп санаймын.

Сондай-ақ, интернет тарифтері аясында отандық білім беру ресурстарын мектептерге тегін ұсыну керек. Үкіметке бұл шешімдерді жан-жақты пысықтауды тапсырамын.

Тағы бір маңызды міндет – педагогика және медицина кадрларын даярлау.

Қазірдің өзінде көптеген өңірлерде осы сала мамандарының тапшылығы ерекше байқалып отыр.

Бұл – өте күрделі мәселе, оны жедел шешуіміз керек. Мемлекет осы ахуалды түзету үшін нақты шараларды қолға алды.  

Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, әлеуметтік мәртебесін арттырып жатырмыз. Бұған дейін біз педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам өз жемісін берді.

Сондықтан медициналық оқу орындарындағы стипендияны көбейту қажет. 

Келесі маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау.

Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек.

Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын. Олар онсыз да белгілі нәрсені дәлелдеу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Цифрлық технологиялар мен автоматтандыру дәуірінде мұндайға жол беруге болмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін дереу өзгерту қажет. 

Бірыңғай ақпараттық қор (база) құрып, жұртқа ыңғайлы әрі жұмыс істеуге оңтайлы жүйені неге жасамасқа?

Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіру керек. Бұл жұмысты жеделдету қажет.  

Азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс. Осы жобаны биылғы 1 шілдеден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асыруды тапсырамын. 

ТӨРТІНШІ. Адам құқығын қорғау.

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды мәселенің бірі. Бұл орайда әлемдік үрдістерді басшылыққа алуымыз қажет. 

Қазір еңбек қауіпсіздігін қорғау кезінде алдын алу шараларына басымдық беріледі.  Бұл – халықаралық тәжірибе.

Әсіресе, кәсіптік қатерлерді бағалау және оларды реттеудің тиімді жүйесін құру – айрықша назарда. Еңбек қауіпсіздігін қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту барысында осы қағидаттарды негізге алу керек. 

Қауіп-қатерді анықтап, оның алдын алу тәсілдерін енгізуіміз қажет.  Бұл – жұмысшылардың денсаулығына зардабын тигізетін өндірістік түйткілдерді барынша азайту деген сөз.   

Өкінішке қарай, біз қазір мұндай мәселеге әбден кеш мән береміз.    

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі
іс-шаралар жоспарын әзірлеген жөн. Бұл құжатты Үкімет, жұмыс берушілер және кәсіподақ өкілдері бірлесе дайындағаны абзал. 

Ірі және орта кәсіпорындардың иелері мен басшылары жұмысшылардың әлеуметтік талаптарын назарда ұстауы қажет.

Компанияларда әлеуметтік үйлесім болуға тиіс.

Өскелең ұрпақтың денсаулығына «әлеуметтік кеселдер» залалын тигізеді.  

Шылым шегуге, ішімдікке және есірткіге тәуелді болу – кеңінен таралған жағымсыз әдеттер.

Бұған қоса соңғы кезде жастар арасында лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік белең алуда. Бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары мен жақындары зардап шегеді. 

Жасөспірімдеріміз заманауи технологиялардың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатын болды.

Букмекерлер мен казинолар интернетте толассыз жарнама жасап, жұртты еріксіз еліктіруде. Мемлекет бұған шектеу қою үшін бірқатар маңызды шаралар қабылдады. Бірақ, бұл шаралар, әрине, жеткіліксіз.

Жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғауымыз керек. Мәселені шешу үшін жаңа тәсілдерді қолдану қажет.

Балаларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуға тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз.

Қазір осындай заңсыз қызметі үшін жеке тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ғана айыппұл салынады.

Шетел азаматтарының ел аумағында құмар ойындарды заңсыз жүргізіп, лотерея ұйымдастыру арқылы табыс табуына тыйым салу керек.  

Лудоманияға жан-жақты тосқауыл қоюға тиіспіз. Бұл ретте, заңнамалық шара қабылдаумен шектеліп қалуға болмайды. Осындай жағдайдың алдын алу мақсатымен тиімді тәсілдер қолдану қажет.

Заңсыз ойын бизнесімен күресу үшін қоғамдық бақылауды күшейту аса маңызды. Осы міндеттерді орындауға құзырлы органдар белсенді атсалысуы керек. 

БЕСІНШІ. Саяси реформаларды жүйелі негізде жүзеге асыру.

Ұлттық кеңес бастамашы болған реформалардың екі топтамасы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін берді.

Біз қазірдің өзінде сол маңызды бастамалардың жемісін көріп отырмыз. 

Жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында мен саяси реформалардың үшінші топтамасын ұсындым.

Оған Ұлттық кеңес мүшелерінің, саяси партиялардың, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстары негіз болды.

Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі дамытып, адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру үшін тың бастамалар көтеру өте маңызды. Сондай-ақ бұл саяси бәсекені күшейтеді, азаматтардың мемлекеттік саясатқа ықпал ету мүмкіндігін арттырады.

Саяси реформалардың үшінші топтамасын жүзеге асыру үшін қолданыстағы заңнамаға түзету енгізіледі.    

Құзырлы органдарға тиісті заң жобаларын жедел әзірлеуді тапсырамын.

Ұлттық кеңеске мүше Парламент депутаттары және бүкіл депутаттық корпус бұл жұмысқа белсене кіріседі деп сенемін.

Осы саладағы жүйелі өзгерістер ел ішінде ғана емес, халықаралық байқаушылар тарапынан да кең қолдау табуда.

Менің бірқатар шетелдік әріптестерім және беделді сарапшылар елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы оң пікір айтуда.

Олар саяси жаңғырудың сан қырлы және күрделі үдеріс екенін өте жақсы түсінеді.

Ал, реформаларды сынайтындар көбінесе мәселеге үстірт қарайды немесе жағдайымыздың ерекшелігін әдейі түсінгісі келмейді.

Біз түйткілді тұстарымызды жақсы білеміз. Ұстанымымыз – айқын.

Барлық мәселелерді кең ауқымды диалог пен мәміле арқылы біртіндеп шешеміз.

Саяси жаңғыруды міндетті түрде жүзеге асырамыз.  Бұл – біздің ұзақ мерзімге арналған негізгі мақсаттарымыздың бірі. Мен осы мәселеге айрықша мән беріп отырмын.

Біз реформаларды біреуге ұнау үшін, олардың алдында жақсы көріну үшін не болмаса біреулерге есеп беру үшін жүргізіп отырғанымыз жоқ.

Реформаларды ешкімге жалтақтамай, ұдайы іске асыратын боламыз.

Басты мақсат – еліміздің күш-қуатын, әлеуетін нығайту және ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін тиімді шешімдер қабылдау. Бұған ешкімнің күмәні болмауға тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе – өзін-өзі басқару тәжірибесін дамыту және жергілікті деңгейдегі сайлау институтын нығайту.     

Ауылда, ауданда тұратын әрбір жан өзінің және отбасының болашағына өзі жауапты екенін сезінуге тиіс. Олардың пікірі барынша ескерілуі керек.    

 Мен былтырғы Жолдауымда Үкіметке Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырдым. Тиісті жұмыстар атқарылуда.

Бұл құжаттың жобасын Реформалар жөніндегі жоғары кеңес алдағы уақытта қарайтын болады.  

Ал, бірінші жартыжылдықта мәселені кейінге ысырмай, тиісті заң жобасын дайындауға кірісу керек. 

Стратегиялық маңызы бар осы құжаттарда бүгінгі ахуалдың ерекшеліктері ескерілуге тиіс.

Қазір біз кенттердің, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға дайындалып жатырмыз.

Сайлау биыл шамамен тамыз-желтоқсан айлары арасында өтеді.

Осы жылы 786 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. Яғни, 800 жуық елді-мекенді қамтитын жергілікті сайлау науқаны өтеді. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ.  

Сайлау туралы заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар пысықталуда. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасады деп айта аламыз.  Бірақ, біз мұнымен шектеліп қалмаймыз.

Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы.

Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін.

Түптеп келгенде, аудандарда сайлау өткізу халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдарға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.    

Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. 

Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. 

Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым.

Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет.

Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым.

Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға  ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын.

Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім.    

Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек. 

Екіншіден, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек.

Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын.

Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек.

Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету.

Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше  аламыз деп сенемін.  

Бұл шешімдер, ең алдымен, ел экономикасын дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған.

Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды.

Құрметті Кеңес мүшелері!

Бүгінгі отырыста ауқымды әрі маңызды мәселелерді талқыладық.

Елімізді жүйелі реформалауға қажетті нақты шараларды айқындадық, тиісті шешімдерді қабылдадық.

Биыл – мемлекетіміз үшін ерекше жыл.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесін атап өтеміз. Сондай-ақ бұл – айрықша сын-қатерлер кезеңі.

Біз кез-келген қиындыққа дайын болуымыз керек. Еліміздің болашақтағы даму жолы осы сыннан сүрінбей өтуімізге байланысты.

Біз жоспарлаған өзгерістерді ойдағыдай жүзеге асыруға күш-жігерімізді салуымыз керек.

Барлық негізгі бағыттар мен салалар бойынша алға ілгерілеуіміз қажет. Бұл мақсатқа сындарлы және өзара сенімді диалогтың арқасында қол жеткізуге болады.

Бұл ретте, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы басты рөл атқаратынын қайталап айтқым келеді. Соның арқасында әлеуметтік әріптестік пен жанашырлық дәстүрі нығая түсері сөзсіз.

Жұртшылық оң өзгерістерге өз үлесін қосып жатқанын сезінуге тиіс.

Біз жаңғырудың түпкі мақсаты әділ қоғам құру екеніне әрдайым баса назар аударуымыз қажет. Әр азаматымыз саясатта, экономикада және әлеуметтік салада тең құқықтарға ие болуы керек.

Азаматтардың өзекті мәселелерін шешу және олардың тұрмыс сапасын жақсарту – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты. Осыны ұмытпаған жөн.

Бізге нақты іс пен нақты нәтижеге жеткізетін идеология қажет. Осындай айқын ұстаным ХХІ ғасырда бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасуымызға жол ашады.

Баршаңызға рақмет!

Баршаңызға табыс тілеймін!

793 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз