Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 04 Наурыз, 2021

Мамандық таңдауда қателеспейік!

 Жас болып, жастықтың лебімен бәріміз де кішкентай кезімізде жақсы мамандық таңдауды армандаушы едік. Алайда арманның бәрі орындала бермейтіні өкінішті. Бүгінгі күні жастарымыз өз қалауымен емес, ата – ананың немесе айналасындағы ортаның ықпалына тәуелді.

Қазір талапкерлерді сан түрлі жолдар күтіп тұр. Бәрінің арманы – жоғары оқу орнына түсіп, маман атану. Ал мамандық таңдарда талапкерлер нені ескергені жөн? Қоғамға қажетті маман иесі атану үшін ата-анаң мен жақындарыңның ақыл-кеңесіне немесе жүрегіңнің қалауына құлақ асудың маңызы қандай? 

 Өз ісінің маманы атану екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. «Өмірде жар таңдаудан және мамандық таңдаудан қателеспеу керек» деген сөз осыдан шықса керек. Кез келген нәрсеге махаббат керек. Мамандық та соны талап етеді.

Бірінші курс кезі, түсірілім сәті болатын, бәрімізді көрермен ретінде шақырды. Қуана – қуана келістік. Және сол сәтті пайдалана, телеарнада жұмыс істейтін журналистке қызығып, бір-екі сұрақ қойған болатынмын. Әңгіме арасында өзінің негізгі оқыған мамандығы бухгалтер екенін айтты. Таңырқағанымды жасыра алмай, «неге қазір диплом бойынша жұмыс істемейсіз?» деп сұрақ қойдым.  Сөйтсем, диплом шаң басқан күйі сандықта жатыр. Журналистика мамандығына балы жетпей, бухгалтер факультетіне грант ұтып алған. Міне жүрек қалауы бәрінен жоғары болатынының дәлелі.

         "Заманына қарай маманы" жаһандану дәуірінде бәрі де қалтасын қалың ететін, беделді әрі жеңіл жұмыс істегенді жаны жақсы көреді. Ата-аналарымыз да кішкентай кезімізде «балам дәрігер болады немесе заңгер» деп мақтанып жатады. Бірақ өсе келе бойымыздағы дарындылық пен қабілет сай келмей,  қоғамдағы өз орнымызды жоғалтып алып жататын жайттар жиі кездеседі.

Мен де балалық шағымнан теледидар көріп, тележүргізушілерге қатты қызықтым. Журналист атану ең үлкен арман болды. Алайда әкем бұл шешімімді құптаған  жоқ,  бас тартқанымды қалады. Білсеңіз ғой, ұйқымнан айрылдым, басқа таңдауым жоқ. Ата – анама түсіндіруге тырысып, журналист болу үшін кедергілердің бәріне шыдамдылық таныттым. Дәл сол шыдамдылықтың арқасында арманымды мақсатқа айналдырып, өзімнің қолымнан іс келетінін дәлелдедім.

         Елімізге экономикалық саяси тұрғыдан дамыған мемлекеттер қатарында болу үшін  өз кәсібінің  мамандары қажет. Істі кадр шешеді. Дәлірек айтқанда, ел болашағы ұрпақтың қолында,  ұрпақ  патриоттық тәрбиені бойына сіңіріп, халқы үшін адал қызмет етсе, келер күніміз жарқын болатыны сеніміміз кәміл.

Мунира Амирова,

 «Тұран» университетінің студенті

743 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз