Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Өзекті
  • 13 Мамыр, 2021

Абай шығармашылығындағы әдеп формуласы

Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 9-шы қаңтарындағы өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны... Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды», -деп көрсетеді. Осыдан өрбитін басты ой – ол біздің мақалаға арқау болған: «Адамның моральдық болмысы» дейтін концепт болатыны анық.

Бұл сайып келгенде қоғамдағы қатынас атаулының адамнан басталып, адаммен аяқталатынын, яғни қоғамның адами болмыстық мәнін білдірмек. Демек, қоғадық қатынас адамдар арасындағы қатынастың нәтижесі немесе қоғамдағы қатынас әлеумет қатынасының табиғатына тәуелді. Сондықтан қоғамдағы мінез әлеумет мінезіне, ал соңғысы жеке адам мінезіне тәуелді болып шығады. Демек, «дүние дидары оны жасаушы жеке адамдардың ой-өрісіне, іс-әрекетіне көп байланысты», -деген соның кепілі. Міне осының өзі қоғамдық құбылыстардың бәрінің рухани-моральдық сипат алатынын дәлелдей түседі.

Адамның мінезіне, оның әдебіне байланысты мәселе өзінің мәңгілік, шексіз проблема болатыны анық. Демек адам болатын жерде әдеп, мораль мәселесі таусылмақ емес. Неге бұлай дейтін болсақ, ол адамның өз табиғатына байланысты болып шығады. Өйткені, адам жаратылысынан «кәміл емес», осыдан мұсылман дініндегі «кәміл адам» концепциясы қалыптасқан, Абайдың да «толық адам» концепті осыған байланысты болғанын түсіну қиын емес. Олай болса, адам аяқталмаған, үнемі жетіліу, даму үстінде болатын жаратылыс. Осыдан бұл мәселе жалпы ейкумендік мәселе болып қала береді дейтін аксиома келіп шығады.

Бұдан өзге, дам болмысындағы дуализм мәңгілік қасиет деуге болады. Адам әрі тәни, әрі рухани жаратылыс. Мұны Абай өзінің жетінші қара сөзінде: «...Бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсек, жесек, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі білсем екен демеклік. ...Көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген», -деп келтіреді. Олай болса, жоғарыдағыдан туындайтын, ең бастысы ол – адам болмысынада болатын оң және теріс мінездердің табиғи егіз құбылыс болуы. Теоретик моралистердің айтуынша, адамзаты «ізгілік пен зұлымдық арасындағы алаңда» өмір сүреді екен. Адамзатының өмірі – «жақсылық пен жамандық» арасындағы күрес алаңы болатын көрінеді. Осы ретте Абайды тыңдасақ, жиырма сегізінші қара сөзінде: «...Жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, ләкин қылдырған құдай емес... деп, нанып, ұқсақ болар», -деген тұжырымды оқимыз. Бұдан түйтініміз оны жасайтын адамның өзі.  Мұндағы басты моральдық тұлға – мінез. Өйткені ол оң іске де, теріс әрекетке жетелейді.

Міне осыған сүйене отырып, Абай Құнанбайұлының қара сөздерінің арқауы – кісілік, ізгіліксияқты моральдық категориялар болғанын негіздеуге және оларды иман категориясына жүгіндіргенін айтуға болады. Мемлекет басшысының мақаласындағы: «Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па?», -деген сұрақтардың көтерілуі және «Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Мен бұл мақалада Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөліскім келеді», -деп тұжырымдауы да мәселенің мәңгі өзекті адами құбылыс болатынын дәлелдей түспек. Бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс болатыны сондықтан. Осыларды Абайдың жиырма сегізінші қара сөзіндегі «әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екен», -дегені тәуелдендірмек парыз деген абзал болар.  

Абай ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін айта отырып,  қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалағаны анық. Бірақ ол отыз екінші қара сөзінде: «Біз білім-ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – дей келіп, «пайда ойлама, ар ойла», -деген өнегелі өсиетке назар аударады. Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу болатынын, бірақ бүгінгі «пайдаға негізделген» білім, жалаң прагматизмді көздеген білімнің адамның рухани кісілігі мен ізгілігін дағдарысқа әкелгенін көріп отырмыз. Олай болса бүгінгі білім алған жастардың бәрін бірдей адамгершілік тұрғыда сауатты, білімді, арлы, ізгі мінезді деп айтудан көрі «мамандыққа ие болған функционерлер» деп айтуға тура келеді десек артық айтқандық болмас. Мәселен, Абай онсегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», -десе, ал тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», -деп есептейді. Яғни Абайдың білімділікті қайырымды, кісілікті, ізгі мінезбен байланыстыратыны анық байқалады. Осы ретте тағыда Абай отыз екінші қара сөзінде өз ойын: «...Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын», -деген пікірмен нақтылай түседі.

Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында болса керек. Осы ретте Абай, ең алдымен, білім беру саласын кісілік мінезді қалыптастыру бағытында үйлестіре дамытуымыз керектігін ескертеді. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың рухани өресін өсіруді көздеді. Адамның әр ісін адамгершілік мінезге негіздеуге, қайырымды іске бағыттауға тырысты. Абайдың рухани-этикалық мұрасы – парасатты бекзат мінезді тұлғаны тәрбиелеу мектебі, елдікті, кісілік мінезді мұрат тұту мен қадірлеудің негізі. Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ. «Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн.

Сондай-ақ, қоғамның дамуына кедергі келтіретін, береке-бірлігімізге іріткі салатын жағымсыз қасиеттерден арылу қажет. Бүгінде әлемде бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің, қала мен ауылдың арасы алшақтап кетті. Бизнес тек пайда көздесе, білімділер бөлек орта қалыптастырды, әрқайсысы өздері үшін ғана жауапкершілік арқалайтын болды. Бұл да әлеумет мінезін көрсетсе керек. Ғалымдар мұның барлығы әлеуметтік жауапкершіліктің әлсірегенінен деп есептейді. Әлеуметтік жауапкершілік қайткенде орнына келеді? Әрине, бұл – оңай шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн. Бұл – тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады.

Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады.Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы. Үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы халқымыз өзінің ұлт ретінде сақталуы үшін барын салған.

Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен күрес. Абай салғырттыққа, ойын-күлкіге салынбай сергек болуға үндейді. Қазір біз көп айтып жүрген эмоционалды интеллектіге де сол тұста назар аударды. Мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған. Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек.

Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абайдың отыз бірінші қара сөзінде айтуынша, «естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт себеп бар: әуелі – көкірегі берік болмақ керек, екінші – сол нәрсені... ынтамен ұғу керек, үшінші – сол нәрсені... көңілге бекіту керек, төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. ...Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншыл-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер». Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік рухани азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі болатыны шындық. Абай арманы – халық арманы. Өйткені ол мінезді түзеуді армандаған. «Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» дейді Ел Президенті. Осыдан келіп ел басшысының, «Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы» -деген нұсқалы ойымен келісе отырып, сөз соңында, ол мақсат пен міндетті қазақстандық әр азаматтың әлеуметтік мінез әдебіндегі жоғары жауапкершілік пен биік мәдениетке ұмтылыспен орындай аламыз демекпіз.

Дәулетбек Раев,

Философия ғылымының докторы,

әл-Фараби атындағы ҚАзҰУ философия кафедрасының профессоры

1273 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз