Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 27 Қазан, 2023

Мұзафар Әлімбаев пен “Балдырған” журналы ұлықталған күн

Бүгін Алматы қаласында ең кішкентай оқырмандардың ақылшы досына айналған басылым - «Балдырған» журналы мен оның ең алғашқы бас редакторы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Мұзафар Әлімбаевтың мерейтойына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болды, - деп хабарлайды kazgazeta.kz.

Ұлттық кітапханада  дүйім жұрттың басын қосқан салтанатты шара Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл  және «Балдырған» журналының жарыққа шыға бастағанына 65 жыл толуына орай «Қазақ  газеттері» серіктестігінің ұйымдастыруымен өткізілді.

Журнал турасында «қазақ балалар әдебиетінің бас кітабы» деп әділ де, нақты анықтамасын берген Мұзафар Әлімбаевтың өзі де уақыт өте келе артына қалдырған мол әдеби мұрасының арқасында  балалардың сүйікті жыршысы атанды. «Балдырған» журналын балалар жазушыларының ұстаханасына айналдырған абыз ақсақалдың шығармаларын талай жас буын балабақшадан, мектеп қабырғасында оқулықтарынан жаттап өсті. Бүгінгі игі шара баспасөз тарихына құрмет танытып, Мұзағасын сағынған халықтың рухани кездесуіне айналды.

Ғылыми-тәжірибелік конференция Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашылды. Мемлекет басшысының жылы лебізін ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.

«Баршаңызды Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толуымен және «Балдырған» журналының 65 жылдығымен құттықтаймын!

Мұзафар Әлімбаев – төл әдебиетімізді өркендетуге елеулі үлес қосқан, мәдениетіміз бен өнерімізді дәріптеуге зор еңбек сіңірген сөз зергері. Ол алпыстан астам кітап жазып, артында мол мұра қалдырды. Жазушының «Менің Қазақстаным», «Естай-Қорлан», «Ту тіккен» сияқты көркем дүниелері оқырман қауымның лайықты бағасын алды. Шығармалары шет тілдеріне аударылды. Қаламгердің сөзіне көптеген ән жазылып, халық арасына кең таралды. Оның «Отаның көркеймей, ошағың маздамайды», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Кітап кірген үйге құт кіреді» сияқты өткір де орамды ойлары қанатты сөзге айналды.

Көрнекті ақын 1958 жылы «Бaлдырған» журналының негізін қалап, бас редактор болып отыз жылға жуық табан аудармай қызмет істеді. Бұл басылым 65 жыл бойы тартымды әрі тағылымды дүниелерімен бүлдіршіндердің тілін ұстартып, оларды адалдық пен ізгілікке баулып келеді. «Балдырған» талай жеткіншектің рухани серігіне, ақылшы досына, ұлағатты ұстазына айналды.

Журнал қызметкерлері аға ұрпақ қалыптастырып кеткен ізгі дәстүрге адал болып, оқырмандарын тілі шұрайлы, көркемдік қуаты мол дүниелермен қуанта береді деп сенемін.

Басылымның ұжымына, авторларына және оқырмандарына бақ-береке, толағай табыс тілеймін», деп жазылған Мемлекет басшысының хатында.

Мәдениет және ақпарат министрі Aида Балаеваның құттықтау хатын конференцияға арнайы келген вице-министр Арман Жүдебаев оқып берді.

«Журналдың алғашқы бас редакторы, қазақ балалар әдебиетінің атасы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы басылымның мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. «Бала жанының бағбаны» атанған көрнекті қаламгер «Балдырғанды» отыз жылға жуық уақыт басқарып, балалар шығармашылығын шыңдауға зор еңбек сіңірді. Мұзафар Әлімбаевпен қатар журналда Бердібек Соқпақбаев, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова сынды қазақтың көрнекті ақын жазушыларының өшпес ізі, өзіндік қолтаңбасы қалды. Саналы отансүйгіш, ұлағатты ұрпақ қалыптастыруда «Балдырғанның» балаларға берер тағылымы мол деп білеміз. Балапандарымыздың қаламын ұштап, дарынын аша түскен басылымның қалың оқырманның ыстық ықыласына бөлене беруіне тілектеспін. Басылымның бүгінгі шығармашылық ұжымына толайым табыс, бақ пен береке тілеймін. «Балдырғанның» болашағы жарқын, келешегі кемел болсын!» - делінген министрдің құттықтауында.

Мерекелік жиынға деген ақ тілектер легі  Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтауымен жалғасты. Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Әлия Сәйдембаева мен министрлік өкілі Гүлнар Ермекбаева «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмовқа министрдің сый-сияпатын тапсырды.

Мұзафар Әлімбаевтың туған өлкесі - Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың атынан келген құттықтау хатты Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы мен Павлодар облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының атынан басқарма хатшысы, жазушы Қали Сарсенбай сөз сөйледі.

Ақынның мол әдеби мұрасы хақында филология ғылымдарының докторы, жазушы Бекен Ыбырайымов пен филология ғылымдарының докторы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Балалар әдебиеті секциясының жетекшісі Нұрдәулет Ақыш «Қазақ балалар әдебиетінің дамуындағы Мұзафар Әлімбаев пен «Балдырған» журналының орны», «Мұзафар Әлімбаевтың балаларға арналған шығармаларындағы поэтикалық шеберлік» тақырыбында баяндама жасады.

Конференция әрі қарай ақын шығармашылығы мен тұлғалық ерекшелігіне арналған жарыссөзбен жалғасты. Онда Президент сыйлығының иегері, белгілі балалар жазушысы, баспагер Бейсенбай Сүлейменов пен жазушы-публицист Талғат Айтбайұлы сөз сөйлеп, ақын мұрасы мен балалар әдебиеті жайлы тұщымды ойларымен бөлісті.

Конференцияда Алматы қаласындағы №145 әл-Фараби атындағы  орта мектептің ұстазы Күлпан Алтаеваның шәкірттері өздерінің алғырлығымен көпшілікті тәнті етті. 2 және 6 сынып оқушылары  – Адия Алматқызы, Райхан Бастаубек, Айша Бақытова, Қаламқас Ғалымжан, Арсен Ержан, Ерасыл Ержан, Айша Есілбекқызы, Раяна Жүсіпбек, Камилла Күмісбек, Бәкәли Қожамұрат, Ерасыл Нұразхан, Бекзат Рахметулла, Райхан Өмірхан, Аянат Советбай, Дария Ернар, Аңсар Аманбек, Ғабида Әлімбай, Нұрасыл Пернеқұл, Ержан Нұрасыл, Айбар Советбай, Көркем Үкиева, Жібек Бақытова Мұзафар Әлімбаевтың жырларын  мәнерлеп жатқа оқып, өлеңсүйер қауымның ерекше ықыласына бөленді.

Сондай-ақ, шара барысында көрнекті ақынның «Алақай мен балақай» кітабының тұсауы кесілді.

Ерекше айта кететін дүние, «Балдырған» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсенбек Мағлұмов конференцияда «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Алқалы жиынның соңына қарай, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлының атынан журналдың жанашырлары болған азаматтарға Алғыс хаттар табыс етілді. Олардың қатарында Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Қайырбекқызы, «Алматы-Болашақ» баспаханасының бас директоры Исағалым Үсембайұлы, Алматы медицина колледжінің директоры Тасболат Қырғызбайұлы және оқушылары өнер көрсеткен Күлпан Алтайқызы бар.

Мұзафар Әлімбаевтың немересі Әсет Әлімбаев іс-шараны ұйымдастырушыларға, атасының мұрасын дәріптеушілерге және шараға жиналған көпшілікке алғысын білдірді. Айта кетерлігі, ақынның туған-туыстарынан бөлек шараға Мұқағали Мақатаев, Қалижан Бекхожин, Тұманбай Молдағалиев, Сағат Әшімбаевтың үйлеріндегі асыл жарлары мен балалары, немерелері де қонақ болды.

Ғылыми конференцияның модераторы –  “Қазақ газеттері” серіктестігі бас директорының орынбасары – Алматы филиалының басшысы Думан Анаш болды.

Алқалы жиынның қонақтарын кітапхананың кіре берісінде «Ұлы дала қыздары» этнографиялық оркестрі қоңыр сазымен қарсы алса, белгілі әншілер Айгүл Қосанова, Талғат Әбуғазы, Шаттық Уатқан, Диас Мұрат ақын сөзіне жазылған «Маралдым», «Ақмаңдайлым» секілді танымал әндерді тамылжыта орындады.

Сондай-ақ, шарада Алматы қаласының архиві мен Ұлттық кітапхана қызметкерлері ақынның жеке мұрағатындағы Мұзағаңның құжаттары, күнделіктері, қолжазбалары, «Балдырған» журналының әр жылдары шыққан нөмірлерінен көрме ұйымдастырды.

Ғылыми конференциядан кейін жиналған қауымға ақынның ғасырлық мерейтойына арнап ас берілді.

Гауһар Түстікбаева,

«Қазақ газеттері»

Суреттерді түсірген -

Юрий Беккер

8022 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз