Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 09 Қараша, 2023

Alatau Creative HUB – тәулік бойы жұмыс істейтін орталық

Alatau Creative HUB - Алматыдағы креативті индустрияларды дамытудың алғашқы баспалдағы. Kazgazeta.kz тілшісі қыркүйектен бастап  24/7 жұмыс жасайтын Алатау ауданындағы орталықтың түнгі тынысымен танысып қайтты. Орталықтағы түнгі өмірді сағат 22:40-тан бастап 00:30-ға дейін бақылап, танысып, түсірілім жасалды.

Alatau Creative HUB келушілерге 24/7 жұмыс жасайтын кітапхана. Сондай-ақ, ІТ-зертхана, стартаптар мен ІТ-инкубаторлар мектебі, үйірмелер  қызмет көрсететін мәдени-технологиялық, инновациялық орта.

Биыл қыркүйек айынан бастап орталық 24/7 жұмыс режиміне ауысты. Қазір келушілердің қатары көбейген. Адам аяғы үзілмейді. Түн ішінде ноутбугімен бір нәрсе жазып немесе кітап оқып отырған жастарды көп көресің. Біз орталыққа бас сұққан сәтте де жастар легі толастамады. 

Сағат 22:40

«Мәдениет гардеробтан  басталады»

Раушан Асылбекова, гардеробшы:

- «Мәдениет гардеробтан басталады» деп жатамыз. Ол – рас. Бұл – мәдени және ІТ технологиялық заманауи орта. Сондықтан келушілер ең алдымен бізден өтеді. Бізде  үш қызметкер күн-түн кезекпен алмасып, жұмыс жасаймыз. Өзім осы Алатау ауданында тұрамын.

Гардеробта ара-тұра заттарын ұмытып кететіндер болады, біз оларды тіркеу бөліміне өткізіп қоямыз. Жаңа ғимарат, жаңа адамдар, жаңа атмосфера...

Сағат 22:54

«Түнде жұмыс жасаудың қиыншылығы жоқ»

Алтынай Төлеужанова, кітапханашы:

- Alatau Creative HUB – кітапхана және коворкинг орталығы болып саналады. 2020 жылы желтоқсан айында ашылды. Кітапхана студенттерге, жастарға арналған. Келушілердің жасына, еліне, жеріне қатысты ешқандай шектеу жоқ. Барлығы тегін.

Бұл жерде көпетеген мүмкіндіктер бар. Оқушыларға білім мен өнерге байланысты үйірмелер жұмыс істейді. Сенбі-жексенбі күндері түнгі  уақытта да адамдар көп келеді. Әсіресе, күндіз – оқушылар, түнде – студенттер келеді. Оқушылар 18 жасқа толмағандықтан оларға түнгі 21:00-ге дейін отырға рұқсат берілед. Бізге зейнеткерлер де келеді. Олар осында кітап, газет-журнал оқығанды жақсы көреді.

Біздің мекеменің 24/7 уақытына енді ғана ауысқанына байланысты, түнгі сағат 23:00-ден таңғы 5:00-ге дейін шамамен 30-40 адам келіп кетеді. Ал күндізгі келушілердің көрсеткіші 500-ден 1000 адамға дейін барады. Мұнда келушілердің 70 пайызы жеке жұмыстарын жасауға, қалғаны кітап оқуға, үйірмелерге, онлайн жұмыстарға және келіссөздер жасауға келеді.

Түнде жұмыс жасаудың қиыншылығы жоқ. Қайта бос уақытың көп болады. Оқырмандар саны да аз. Өзіңді кітаптар әлемінде жаңа кітаппен байытуына болады. Өз жұмысым, ортам ұнайды!

 

Сағат  23:16

«Alatau Creative HUB-та ҰБТ-ға дайындалып, жақсы ұпай жинадым»

Аяна Анарбекова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің 2-курс студенті:

- Alatau Creative HUB менің үйіме жақын жерде орналасқан. Менің оқуға түсуіме де осы орталықтың септігі тиді. ҰБТ-ға осында келіп дайындалғанмын. Мұнда кітапты да, ғаламторды да пайдалану тегін және тиімді. Әрі тыныш. Әркім өз шаруасымен айналысады. Сондықтан ҰБТ-ға жақсы дайындалып, жоғары ұпай алып шықтым. Армандаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің халықаралық журналистика мамандығына оқуға түстім.

Күзге дейін бұл жер 19:00-де жабылып қалатын. Қазір күндіз-түні жұмыс жасап жатқанына таң қалдым. Қатты ұнап жатыр! Себебі бұл орталық өте ыңғайлы. Әсіресе студенттер үшін қолайлы жағдай жасалған. Үй жұмыстарын жасауға немесе кітап оқуға болады.

Үйде отырсам көңілім тез бөлініп кетеді. Оқуда да сондай жағдай. Маған сабақтан бір тапсырма берілген болатын. Ол кітап та осы жерден табылып, жұмысымды сәтті аяқтап шықтым. Бұл – студент жастарға таптырмайтын замауни орта.

 

Сағат 23:18

«Үйім алыста болса да, орталыққа қызығып келдім»

Айнұр Естемесова, экономист:

- 24 сағат демалыссыз жұмыс жасайтын кітапхананың ашылғаны туралы құрбымнан естіп, алыстау орналасқан Бостандық ауданынан келіп отырмын.  Бұл біз үшін қызық болды. Бір-екі қызықты кітап таптым. Күндіз жұмыста болғандықтан, мұндай орталықтарға келіп, кітап оқуға уақыт бола бермейтін. Сондықтан, бұл орталықтың алматылықтар үшін таптырмас хабқа айналатынына сенімдімін.

 

Сағат 23:27

«Орталықта таңға дейін отырып қаламыз»

Жеңіс Әдінағи, ҚазБСҚА университетінің 4-курс студенті:

- Бізге кешкі сағат 21:00-ден бастап сабақ орындаған ыңғайлы. 4-курста сабақ өте көп. Орталық туралы естіген бойда 3-4 курстамызбен келіп, сабаққа дайындалып жүрміз. Біз түнімен отырамыз, кейде таңға дейін. Орталық тыныш, жақын. Wi-Fi, интренет қосылған компьютерлер бар. Бұдан артық жағдайды басқа жақтан таппайсыз. Жақсы ұйымдастырылған.

 

Сағат 00:05

«Alatau Creative HUB орналасқан жерде жүгері мен жоңышқа алқабы болған»

Жанар Өмірәлиева, қауіпсіздік қызметкері:

- Орталықта жағдай тыныш. Келушілер тарапынан ірілі-ұсақты тәртіп бұзушылықтар тіркелген жоқ. Жастар мәдниетті. Келіп сабақтарын оқиды, ғаламтор қолданады, оқушылар үйірмелерге қатысады. Барлығы тек тиісті шаруларын жасап қайтады. Біз қауіпсіздікке жауап беріп қана қоймай, осы жерге келген кез-келген келушіге тәртіп мәселесін еске салып, түсіндіріп отырамыз.

Дәл осы жұмыс жасап отырған Алатау ауданында 1994 жылдары «Ақсай» асыл тұқымды мал шаруашылығы болды. Алатау асыл тұқымды сиырын өсіріп, сүт өнімдерін тонналап қалаға тасымалдадық. Мен бұзаушы болдым.

Осы Alatau Creative HUB орналасқан жерде жүгері мен жоңышқа алқабы бар еді. Алқаптың ортасында шағын су тоғаны болатын. Оның суы көктем-жаз мезгілінде шаруашылыққа жұмсалатын. Жүгеріні асыл тұқымды сиырлардың жем-шөбіне әзірлейтін. Сиырларды үш фермада ұстады. Кейін шаруашылық тарап, орны бұзылып, одан кейін бұл жер қаланың аумағына енді. Біз дәл осылай өзгеріп кетеді деп ойламадық. Қазір бұл жер мүлдем басқа әлем және сол мекенде басқа қызметте жүрміз.

Түйін

Орталықты аралаған 2 сағат уақытта талай сырға қанықтық. Alatau Creative HUB-тың тыныс-тіршілігінен жаңа өмірдің лебі есіп тұр. Көңіліміз марқайып қайттық. Алатау ауданындағы Алматы арена мен Алатау театрының ортасында орналасқан орталық қысқа уақытта көпшіліктің сүйікті орнына айналып үлгергеніне куә болдық. Мәселен орталықтағы кітапхана осы күнге дейінгі аралықта 28 487 оқырманды қабылдапты.  Оның 8546 – студенттер, 7691 – оқушылар, 11 395 – жұмыс жасайтын жастар, 854 – зейнеткерлер. Ал келушілердің осы күнге дейінгі көрсеткіші – 37 402 адам.

Орталықта 25 тегін үйірме жұмыс істейді. Үйірмелерді еріктілер мен хаб қызметкерлері жүргізеді. Тіпті, мәдени демалысты ұйымдастыру, мәдениеттің әртүрлі салаларында білімді кеңейту, кітаптарды насихаттау мақсатында апта сайын үш-төрт іс-шара ұйымдастырылып отырады екен.

Alatau Creative HUB

ережелерімен таныс болыңыздар:

- Коляска, самокат, велосипедтерді кіре берісте қалдырыңыз;

- Сырт киіміңізді гардеробқа өткізіңіз. Ескерту: бағалы заттарды қалдырмаңыз;

- Жеке куәлікпен ресепшнде тіркеуден өтіңіз;

- 10 жасқа дейінгі балаларға ересектерсіз орталыққа кіруге болмайды;

- Жұмыс барысында тыныштық сақтаңыз:

•        Ұялы телефоныңызды дыбыссыз режимге қойыңыз;

•        Аудио, видео тыңдағанда құлаққап пайдаланыңыз;

•        Ақырын сөйлесіңіз;

- Орталықта тазалық сақтаңыз;

- Тек кафе аймағында тамақтаныңыз;

- Alatau Creative HUB мүлкін пайдаланғанда, жауапкершілікті ұмытпаңыз;

- Кітаптар, шкаф кілттері т.б. заттарды алып кету ұрлық болып есептеледі;

- Орталықтағы жайлы атмосфераны сақтаңыз;

- Жануарлармен кіруге болмайды;

- Жұмыс аймағын тек жұмыс істеуге және кітап оқуға пайдаланыңыз:

- Тыйым салынады:

•        Шылым шегуге;

•        Масаң күйде орталыққа кіруге;

•        Диванда жатуға;

•        Ұйықтауға;

•        Аяқ киімін шешуге.

Дайындаған-Досжан Балабекұлы

Суреттерді түсірген автор

7413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз