Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 28 Ақпан, 2024

Бекзат Саттарханов қуыршақ театрында

Осыдан екі апта бұрын Алматы мемлекеттік қуыршақ театры Бекзат Саттархановқа арналған қойылымға шақырды. Бұл есімді естіген кезде жүрегім елжіреп кетеді. Себебі дәл қазір Бекзаттың өмірден өткен жасындамын. Өміріміз алда болып көрінгенімен... Ол 15 жастан 20 жасқа дейінгі 5 жылда өзінің кім екенін әлемге паш етті. Спортшының өмірбаянына қысқаша тоқталайын.

Бекзат Саттарханов – Түркістанның тумасы. 1980 жылы дүниеге келген. Биыл туғанына 44 жыл. Әкесі Сейілхан мен анасы Сырлыкүлдің кенже ұлы. Кішкентай кезінде нәзік, ауру-шаң, әлжуаз болыпты. Өзін қорғап үйрену үшін күреске қатыса бастаған. Кейін боксқа бет бұрды. Спортпен қатар, заңгерлік білім алған. Оның спорттық мансабы жылдам өсті. 15 жасында  бокс қолғабын киіп, үш жылдан кейін халықаралық жарыста бірінші жеңісіне қол жеткізді. Сол күні Бекзат үйіне Жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс  медалімен оралды. Болашағы зор спортшыны Қазақстан бокс құрамасының бас жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов бірден байқады. Ал 2000 жылы Сидней олимпиадасында оның жұлдызы жарқ етіп, ойламаған жерден сөне қалды. 

Қойылымды көру үшін театрға бардым. Ішімде «Қойы-лымнан қандай әсер алар екен-мін?», «Анасының орнында болсам, мен қандай сезімде болар едім?» деген сұрақтар болды. Ә дегеннен қойылым авторымен сөйлестім. «Чемпион» қойылымының авторы – драматург, жазушы Әлібек Байбол.

«4 жыл бұрын ақын Бақыт Беделхан ағамыз Бекзат Саттарханов туралы ертегі жазу керектігін айтқан еді. Ағалық танытып, идеяны маған ұсынды. Бекзат та, сен де жассыңдар деп жол берді. Пьесаны бір жыл жаз-дым. Театрға беріп, енді қойылады деп жатқанда, пандемия басталып кетті. 2022 жылы театрдың басшылығы ауысып, тағы қалып қойды. Шыны керек, созылып кетті. Өткен жылы іссапармен Түркістанға бардым. Бекзат ағамыздың басына құран бағыштадым. Анасына арнайы барып, батасын алдым. Содан кейін жұмыс жүре бастады. Мен үшін Бекзат ертегісі өзге туындыларымнан ерекше», – дейді автор.

«Бекзат туралы қойылымды неге қуыршақ театрында қоюды таңдадыңыз?» деп сұрадық.

– Балалар әдебиеті қиын жанр. Балалар драматургиясы одан екі есе қиын. Ал қуыршақ театрына арнап жазу үш есе қиын. Жұмыс барысында қуыршақтың өз ерекшелігі бар екенін байқадым. Бекзатты аға буын, біздің қатарластарымыз жақсы білгенімен, кейінгі ұрпақ ұмытып бара жатқандай көрінеді. Бекзат – жарқ еткен тұлға. Ол тек спортшы емес, рухтың символы. Өз-өзімен арпалысқа түсіп, еңбекқорлығы арқылы жеңіске жеткен Бекзатты көрсеткіміз келді. Мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Барлығы көңілімнен шықты.

Біраз уақыттан кейін Сырлыкүл апамыз келді. Бекзаттай мықты, мақсатына тек өз күші арқылы жеткен тұлғаны өмірге әкелген жанмен әңгімелесу бақыты бұйырғанына қуандым. Одан бұрын естеліктерге шолу жасайық. Бірнеше жыл бұрын «Ақ желкен» журналында «Құшағы қатты халықтың ұлы» деген мақала шыққан еді.

«Бекзаттың өмірдегі ең жақын досы Қарасбаев Арман былай дейді: «Бекзатпен алғаш рингте таныстым. Ол кезде 8-сыныпта оқитынбыз. Жасөспірім кезде жігіттердің достығы «жабайы төбелес-терде» анықталады. Осындай сәттерде өзгелер қашып кеткенде, Бекзат қана жанымнан табылатын. Алғашқы махаббат сезімін де бастан бірге кешкенбіз. Біздің Бекзат барлық жағынан биік болатын. Олимпиада чемпионы болмай тұрып-ақ, оған ғашық қыздар көп болды. Өйткені, ол керемет әнші еді. Дауысы қазіргі «жұлдыздар-дың» көбінен артық десем қателеспеймін. Гитарамен өзінің ағалары Бағдат пен Болаттың шығарған әндерін орындағанда, қыздар маңайын үйірсектеп алатын. Бірақ Бекзат бір ғана қызға ғашық болды, қалғандарына қарындас деп қарайтын. Домбыраны да тәп-тәуір шертетін. Шынын айтсам, идеал жігіт бар болатын болса, ол – Бекзат шығар...».

Ал 2016 жылы Massaget.kz сайтында жарияланған мақаладан ананың өкінішін, сағынышын байқауға болады.

«Сырлыкүл апай: «...Мен баламның не ойлап, не жоспарлап жүргенін жақсы білем ғой. Ол 3 қаңтардан жаттығуды бастап кетуді ойлап жүрген. Сонда былай дедім және қазір де неге солай дегеніме жауап таба алмаймын. «Балам, бағың жана берсін. Мен қазір саған үйлен дегенмен, үйленейін деп жатқан жоқсың. Екі дүркін, үш дүркін олимпиада чемпионы болатыныңды айтып едің. Сен сол арманыңа жет. 2004 жылы жалауыңды желбіретіп келген соң, Құдай қаласа үйленерсің», – дедім. «Сол кезде неге үйлен, көбей деп айтпадым? Оның олимпиаданы тағы ұтқаны маған неге керек еді?» деп осы күні өзімді жеп қоямын ғой».

Осы тұсты оқып отырғанда, «Бекзат үйленіп үлгергенде артында ұрпағы қалар ма еді? Бәлкім, ұрпағы да өзі секілді қазақты әлемге танытар спортшы болар ма еді?» деген ой мазалады. Сырлыкүл апаның сабырлығын, даналығын көріп, ұлы да сондай болған шығар деген қорытындыға келдім.

«Болашақ ұрпақ өсіп келе жатыр. Біз оларға Бекзат сияқты тұлғаларды үлгі-өнеге етіп, тәлім-тәрбие алсыншы, Бекзаттай жастар
өссінші деп ниет етуіміз керек. Ол кештерге барған жоқ, қолына телефон ұстамады, интернетті де көрмеді. Қазіргі балалар секілді Тиктокта отырмады. Ондай ештеңе көрген жоқ. Тек спортпен айналысып, боксты таңдады. 5 жылда қазақ елін әлемге танытты. Бекзатты құрметтеп жатқан театр ұжымына рақ-мет!» 
– деп аяулы ана қойылым соңында жылы лебізін білдірді.

Қойылымға Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан спорт шебері, Сидней олимпиадасында Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері болған Тұрсынғали Еділов ағамыз да келді. Ол қазір өзі тәрбиелеп жүрген бір топ боксшы оқушыны ерте келіпті. «Чемпион» қойылымының режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек.

Қойылымның басты ерекше-лігі – қуыршақтар. «Ең алпауыт күш – мейірімділік. Қандай да бір қатыгездік, ұрыс-керіс, тіпті соғыс болсын мейірімділіктен аса алмайды». Театр ұжымы Бекзаттың Сиднейдегі жарысын ғана көрсетіп қоймай, келген балалардың бойына дұрыс құндылықтарды дарытуға тырысқаны қуантты. Балалар демекші, театрдан шыққан соң, бір топ бала қойылымның ұнағанын айтты. 5-сынып оқушылары екен. Топтың ішіндегі Жармұхаммед: «Маған бокс ұнайды. Сондықтан қойылым да ұнады. Болашақта Бекзат ағамыз сияқты мықты боксшы болғым келеді»,  – деді.

Бекзат ағамыздың есімі, жеңісі қазақ халқының жүре-гінде мәңгі сақталады деп сенеміз. Бекзат Саттархановтың кім екенін білгің келсе, Алматы мемлекеттік қуыршақ театрына барыңдар, достар!

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №9
27 ақпан 2024 жыл

 

509 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз