Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 28 Ақпан, 2024

Алға жылжыған уақыт белдеуі нені өзгертеді?

Кейбір елдерде таң атқанда, кейбір елдерде күн батып жататыны өздеріңе белгілі. Жер бетіндегі осындай уақыт айырмашылығына байланысты дүниежүзілік бірыңғай уақыт белдеулері бекітілген. Әр аймақтағы сағат тілі әртүрлі уақытты көрсетеді. Бұл елдің географиялық және күнге қатысты орналасуына байланысты. Уақыт белдеулерін саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағдайларға байланысты түзетуге және қайта қарауға болады. Осы апта, 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні еліміздің де 14 облысында және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында уақыт бір сағат артқа жылжиды. Бұл мақалада уақыт белдеуін түсіндіріп, оны өзгертудің артықшылықтары мен кемшіліктеріне, уақыттың артқа жылжуынан кейін болатын өзгерістерге шолу жасадық. Уақыттың адам ағзасына әсері туралы мамандардан сұрап-білдік. 

Уақыт белдеуімен жоспар құрылады

Уақыт белдеулерін пайдалану идеясы XIX ғасырда, уақытты ұйымдастыру үшін теміржол және телеграф байланыстары дамыған шақта пайда болды. Оған дейін әлемнің әр түкпірінде жергілікті күн сағаттары қолда-нылды. Бірақ бұл адамдарды жиі шатастырған. Уақыт белдеулерін енгізу туралы алғашқы ұсынысты 1858 жылы ағылшын теміржол-шысы Уильям Фокс жасады. Алайда бұл идея қабылданбады.Бірнеше онжылдықтан кейін ғана, 1884 жылы Вашингтондағы Халықаралық конференцияда уақыт белдеулерін пайдалану стандарттары бекітілді. Ені 15 гра-дус географиялық ендік белдеуіне сәйкес, 24 сағат уақыт белдеуі белгіленді. Уақыт өте келе уақыт белдеуі жүйесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қазір уақыт белдеулері ғаламдық уақыт стандарттарының ажырамас бөлігі. Сонымен қатар, уақыт белдеулерін пайдалану әртүрлі елдер мен аймақтар арасындағы саяхат пен коммуникацияның ыңғайлы болуына ықпал етеді. Уақыт белдеулерінің арқасында адамдар уақыт айырмашылығын ескере отырып, кездесулерді, рейстерді және басқа да іс-шараларды жоспарлайды. Бір қызығы, кейбір елдер энергияны үнемдеу үшін жаз, қыс мезгілдерінен алдын уақыт белдеулеріне жаңартулар енгізеді. Мысалы, Еуропа мен Солтүстік Американың көптеген елінде жазғы уақыт көктемнен бастап енгізіледі.

Әрбір уақыт белдеуінің өзіндік стандартты атауы бар (мысалы, GMT, UTC, CET, EST және т.б.). Танымалы, еліміз орналасқан уақыт белдеуі – UTC. UTC (Үйлестірілген әмбебап уақыт) уақыт белдеуі  Гринвичтің бірыңғай уақытын белгілеу үшін  енгізілді. Гринвич – Лондондағы аудан, әйгілі нөлдік Гринвич меридиа-нының өтетін жері. Мұнда барлық уақыт белдеулері өлшенетін халықаралық префикс меридианы (нөлдік меридиан) болды. Басқа уақыт белдеулерінен айырмашылығы, UTC уақыттың маусымдық (жазғы/қысқы уақыт) өзгеруіне байланысты ауыспай, жыл бойы тұрақты болып қалады. UTC уақыт белдеуі әдетте телекоммуникация жүйелерінде, аэронавтикада, ғылыми зерттеулерде және бүкіл әлем бойынша уақытты дәл үйлестіру қажет басқа салаларда қолданылады. UTC  GMT (Greenwich Mean Time) сияқты басқа да жергілікті уақыт белдеулерінің негізі.

Қазақстанда да  уақыт белдеуінің өзгеруі бірінші рет емес

Қазақстан аумағы 1924 жылдан бастап төрт әкімшілік уақыт белдеуінде болды. Олар: 3, 4, 5 және 6. Ал 1930 жылдың 16 маусымынан бастап «декреттік уақыт» енгізіліп, еліміздің аумағында UTC+4, UTC+5, UTC+6 және UTC+7 уақыт белдеулері болды. 1956 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан аумағында төрт географиялық белдеудің орнына тек 2 әкімшілік сағаттық уақыт қалды. Батыс Қазақстанның бүкіл өңірі үшінші декреттік сағат аймағынан төр-тінші аймаққа (қазіргі UTC+5), ал Шығыс Қазақстан алтыншы декреттік аймақтан бесінші аймаққа (UTC+6) өтті. 1981 жылы 1 сәуірден Совет одағы аймағында жазғы уақытты енгізу туралы шешім қабылданды. Жазғы уақыт – жазда сағатты бір сағатқа алға жылжыту. 1991 жылы жазғы уақыт болмай, бір жылдан кейін қайта енгізілді. 1992 жылдың 19 қаңтарынан бастап Қызылорда облысы 5-ші белдеуге (қазіргі UTC+6) ауыстырылды. 1999 жылы Атырау жазғы уақыттан шығып, сағат бір сағат алға жылжыды. 2004-2005 жылдары Қазақстанның басқа облыстарында да жазғы уақыт жойылды. 2018 жылғы желтоқсанда республика аумағындағы уақыт белдеуле-рінің шекарасы қайтадан өзгерді. Қызылорда облысы 4-ші уақыт белдеуіне өтті.

Уақытпен бірге тағы не өзгереді?

2023 жылы 8 желтоқсанда бүкіл ел аумағын бір сағаттық белдеуге өткізу туралы заң жобасы ашық НҚА порталында талқылауға шықты. Ел тұрғындарының пікірі екіге бөлінді. 19 қаңтарда қаулы қабылдан-ғаннан кейін де, өзгеріске қарсы жұрттың қарасы азаймады. Оны әлеуметтік желіден әлі күнге дейін байқауға болады.  Әсіресе, Шығыс Қазақстан тұрғындары алаңдаулы. Қаңтар айында ШҚО-да уақыттың өзгеруіне байланысты жиындар өтті. Мамандар тұрғындарға уақыт айырмашылығы жарты сағаттай ғана болатынын түсіндірген. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 31 қаңтарда өткен брифингте айтты.

Достар, картаға қарасаңдар еліміздің әр аймағы әртүрлі уақыт белдеулерінде орналасқан. Бірақ осы уақытқа дейін екі уақыт белдеуі бойынша жүріп-тұрдық. Айтпақшы, жаңағы брифингте министр елімізде 15 миллион адам өз уақыт белдеуінде тұрмайтынын айтқан еді. «Сағатты бір уақытқа ауыстыру 15 миллион адамға әсер етеді. Қазақстанның 70% аумағы өз уақыт белдеуінде емес. Қазір Астана қаласының уақыты UTC 6-да. Бірақ UTC 5 уақыт бел-деуінде орналасқан», – деді ол. Шынымен де, картаға тағы бір мұқият қарасақ, UTC 6 белдеуіндегі халық саны көп қалалар географиялық орналасуы бойынша UTC 5 уақыт белдеуінде екен.

Сонымен, 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні еліміздің барлық аймағында бірдей уақыт белдеуі орнайды. Қазақстандықтардың гаджетін-дегі сағат тілі автоматты түрде ауысады. Демек параметрлерге кіріп, сағатты ауыстырудың қажеті жоқ. Өзгеріс болса, әуе рейстерінде болуы мүмкін. Ұшу және келу уақытының өзгеруі SMS хабарламалармен немесе электронды пошта арқылы хабарланады. 1 наурыздан басталатын рейстер бойынша нақты ақпаратты әуе компанияның Call орталықтарынан білу керек. Смартфондардағы сағат пен ұшудан да маңыздысы бар. Уақыттың ауысуы адам ағзасына қалай әсер етеді? Бұл көпті аз да болса ойландырған сауал болса керек. Уақыттың жылжуына байланысты, тұрғындардың ұйқы режимінде қандай да бір өзгерістер бола ма? Сомнолог, невролог маман Әділ Бейсенбаевтан сұрадық.

«Тәуліктік немесе цирка-диялық биологиялық ритм – миымыздың белсенділігі мен денеміздің тәуліктік жұмысының циклдік өзгеруі. Тәуліктік биоритм 24 сағатқа тең. Қараңғыда ұйықтауымыз денені ұйқыға дайындайтын ұйқы нейрогормоны мелатонин арқылы жүзеге асады. Мелатонин кешке, қараңғы түскенде көп мөлшерде бөлініп, таң ата тоқтайды. Адамның биологиялық ритмі жиі өзге-реді, денеміз де өзгеріске бейім. Мысалы, біздің режи-міміз өзгергенде... Демалыс күндері кеш ұйықтап, кеш тұрамыз. Жазда күн ұзарып, қыста түн ұзарғанда немесе шетелге барсақ, уақытқа тез бейімделіп кетеміз. Егер биологиялық ритмдегі өзгеріс 2 сағаттан аз болса, дене оған 1-3 күн ішінде бейімделеді. Сондықтан бір уақыт белдеуіне көшу көпшіліктің денсаулығына айтарлықтай әсер етпейді. Айтпақшы, халықтың көп бөлігі географиялық орналасу бойынша, табиғи уақыт белдеуіне көшкелі тұр. Бұл, керісінше, пайдалы. Оның үстіне сағат артқа жылжитын болса, оны қабылдау ағзаға тіптен оңай. Өйткені әдеттегі уақыттан бір сағат кеш тұруға болады. Жаңа уақыт белдеуіне тезірек бейімделгіңіз келсе, күн тәртібін сақтауды және ұйқыдан күнде бір уақытта тұруға кеңес беремін. Уақыт белдеуінің ауысуынан менде мәселе туындайды деп  уайымдауға себеп жоқ. Артық уайымның өзі-ақ ұйқыны бұзады».

Ал балалар жаңа уақытқа қалай бейімделеді? Мұны сомнолог-дәрігер Әлия Иманалиқызының жауабынан білсек: «Уақыттың бір сағат артқа жылжуы биоритмге, еңбек өнімділігіне әсер етпейді. Егер бір сағатты ұйқыға арнамаса, керісінше, еңбек өнімділігі артады. Уақыттың ауысуына балалар ересектерден де жылдам бейімделеді. Бір сағаттық өзгеріс олардың ағзасына әсер етпейді. Балалар 1-2 күн ішінде ұйқы мен оянудың жаңа графигіне үйреніп кетеді. Ата-аналар тек уақыт белдеуі өзгергенде ғана емес, үнемі белгілі бір уақытта баланың ұйқыдан оянуын, тамақтануын, серуендеуін, тапсырмаларды орындауы мен ұйқыға жатуын қадағалауы керек».

Тапсырмаларды орындау демекші, уақыттың өзгеруі мектептердегі сабақ кестесі уақытына әсер ете ме? 20 ақпанда оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осыған қатысты «Әкімдіктер сабақтың басталу уақытын қайта қарау керек. Мысалы, таңғы 8:00-де басталатын сабақты 8:30-ға жылжытуға болады», – деді. 

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №9
27 ақпан 2024 жыл

 

137 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз