Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 21 Наурыз, 2024

Ұлттық киімдегі түр мен құн

Айзат ЖОЛДАСОВА, 

«Ana tili»
Жақында Қытайдың Тайань қаласында өткен таеквондодан Азия аумақтық іріктеу турнирінде ұлттық құрама киімі көпті тәнті етті. Ұлттық нақышта бедерленген, руна таңбасында кездесетін суреттер бастырылған шапан көз жауын алады. Осыдан-ақ этностильге сұраныс артып келе жатқанын байқаймыз. Оның үстіне 18 наурыз күнін Ұлттық киім күні деп бекіттік. Алайда этностильді күнделікті өмірге бейім­деуге келгенде бірнеше ньюанс бар.
 

Оюдың астарында ой бар

Алматыда жыл сайын «Ethno Pop-up Store: Nauryz» этно-фестивалі өтеді. Биыл да фес­тивальға келгендердің қатары көп. Жобада отандық және шетелдік этникалық брендтермен танысып, ұлттық шеберлік мастер-класын тамашалауға болады. «Ұлттық киімнің денін батыста тігеді» дейтін сіңіп қалған түсінікті жойып, ерекше атмосфера сыйлайтын кештің маңызы зор. Дизайнерлердің айтуынша, осымен үшінші рет өтіп жатқан фестиваль көркейіп, ауқымы кеңейіп келеді. Көпшілігінің, шама жетсе, шетелдік нарыққа шыққысы келетіні тағы бар. Әсіресе оларды жастардың этностильде киінуді трендке айналдырып жатқаны қуантады. 
Иә, қазір шапан кию, киімге қандай да бір ұлттық деталь қосу сәнде. Көпшілік жиналатын шарада да дресскодты ұлттық киіммен бекіту жиіледі. Шапан бизнесінен басқа, әлеуметтік желіде шекелік, тақия, сөмке сату қызып тұр. Бағасы да арзан емес. Тақияның орташа бағасы 5 мың теңгеден, қысқа кәжекей бағасы 6 мыңнан басталады. Ал матасы көңілге қонбаса да, түрі жақсы шапанның орташа бағасы 15 мың теңге. Яғни жөні түзі шапан кигіңіз келсе, қалтаңыз қалың болғаны жөн. Айта кетерлігі, шапандағы ою-өрнектің де маңызы бар. Өйткені Instagram-да ұлттық киімді жалға беретін парақшаларда әдемі көрінгенмен, өзбек халқына тән ою-өрнекті қазақша киімге басып қойғаны жетерлік. Осындайда ұлттық танымды, болмысты түсінетін дизайнер көбейсе дейсің. Ал оюдың мәніне, ұлттық құндылықтың тереңіне бойлай алмайтын тұтынушы тренд пен маркетингінің жолында кезекті «құрбанға» айналады. 
Мәселен, этнограф Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, түйетабан сияқты үлкен оюды киімге басу көзге оғаш көрінеді. Сондықтан күнделікті өмірге киетін киімдегі ою нәзік, түсті, жапырақты келгені жөн. Сонда тұтынушы жылы қабылдайды. Қазір жерге салған сырмақтың, қазақтың туындағы тікмүйізді алып, шапанға басатыны этнографты қынжылтады. Оның сөзінше, оюдың астарында ой жатыр. Сол үшін киімге ою саларда ойланып, қиюластырып, танымды түсінген дұрыс. 
«Киімге салған ою нәзік, гүлді-жапырақты болғаны абзал. Ер адамның киіміне басатын оюға келсек, гүлді-жапырақты емес, қайрат пен төзімді сипаттайтын тау оюы, тасбақа оюы жарасады. Мысалы, тау оюы мәңгілікті білдіреді. Әйелдің киіміне көбінесе гүлді-жапырақты, өсімдіктектес оюды көп салған. Бұған қошқармүйіз, аймүйіз, сыңармүйізді жатқызуға болады. Бағзыдан қазақ ою-өрнек саларда дүниетанымға қарай табиғатты, табиғат құбылысын, жан-жануарды зерттеген. Мәселен, бір жағы иіліп келген ою шексіздік белгісі болса, қошқармүйіз, аймүйіз – береке мен бірліктің, молшылықтың белгісі. Оюды кім басса да мән-мағынасына, тарихына сүйеніп бедерлеген», – дейді этнограф. 
Жоғарыда батыстағы жұрттың жарыса ұлттық нақыштағы киім тіктіріп киетінін нұсқадық. Расымен, олар жиын-тойға, күнделікті өмірде киетін киімін арнайы тіктіреді. Әсіресе әйелдер қауымы белгілі тігіншілердің қолынан шыққан туындының бағасын біліп, кезекке тұрады. Айта кетерлігі, аталған өңірдегі той-томалаққа арналған киім тіктіру бағасы, кем дегенде, 40 мыңнан басталады. Мұнда тек көйлек тіктіру бағасын жаздық, ал оған қосымша шапан мен кәжекей, әшекей-бұйымдарды қосқанда көлемді сома шығады. 
«Күнделікті киімді де, тойға киетін көйлекті де тіктіруге тырысамын. Батыстағы әйелдердің тренді десек те болады. Жинала қалсақ, бір-бірімізге қымбат мата сыйлауға тырысамыз. Наурызға да ерекше дайындалып, реті келсе Көрісу күніне арнайы киім тіктіртіп, жарқырап жүреміз. Қазақы қос етек көйлек пен камзолдан әдемі не бар дейсіз? Иә, бағасы арзан тұрмайды. Бірақ мұндағы жұрт оған үйренген. Тігіншілердің қолөнерін бағалаймыз, ұнағанын бір-бірімізге жарнамалаймыз. Мұнда құнын білгенге одан да бағалы дүние жатыр», – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Арайлым Төлегенқызы. 

Этностильдің құны неге қымбат?

 

Осыған қарап еліміздің батысында ғана ұлттық киім киюге ден қойылған ба деуіңіз заңды. Стилист Бұлбұл Қалқанбаеваның айтуынша, этностильді өмір образына сіңіріп, үнемі киіп жүретіндер жетерлік. Ол Алматы көшелерінен тақия мен шапанды әдемі үйлестіріп жүрген жастарды жиі байқайды екен. 
«Жалпы, ұлттық киім кию дегеніміз не? Біз ата-бабаларымыздың қос етек көйлек, шапан, бөрікпен жүрген силуэтін жаттап алғанбыз. Содан кейін «солай жүру керек» деп ойлаймыз. Негізінде, шапанды джинсымен киіп жүрген жастар қаншама? Алматыда шапан киіп, самокат теуіп жүрген жігіт пен шекелік тағып жүрген қыздар көп. Иә, олар шашын өріп, шолпысын сыңғырлатып жүрген жоқ, бірақ әшекейді күнделікті өмірге бейімдеп жүр. Оған қоса ерлер мен әйелдерге шапан тігетін брендтер көбейді. Ол нені білдіреді? Сұраныстың артқанын нұсқайды. Қазір халық тәуелсіздіктің мәнін терең түсініп келеді. Бұрын бас қайғы болса, қазір ұлт ретінде орнығып, түп-тамырға тереңдеп, ұлттық болмысты тани түстік. Ұлттық киімге ден қойдық. Ұлттық дресскод наурызда ғана емес, басқа мезгілде де сәнде. Сән әлемінде жүрген соң мұны жиі байқап жүрмін. Тек ұлттық киімнің өзін заманға бейімдеп, көштен қалмаудың қамын жасау керек. Бірқатар дизайнерлер осы жолда табанды еңбек етіп жатыр. Сән дами береді, оған ілесу керек. Көре білген адам этностиль трендте екенін байқайды», – дейді стилист. 
Осыдан соң әлеуметтік желіде ұлттық киімді заманауи форматқа бейімдеп жүрген бірнеше дизайнермен байланысқа шықтық. Наурыз тойы қарсаңында қарбалас, тапсырыс көп. Уақыт тауып, коллекциясының концепциясын түсіндіріп бергендердің бірі – «Darideya» брендінің негізін қалаушы Дәрия Қуатжан. Оның айтуынша, топтама аты – «JANGYRYQ». Негізгі мата – деним. Ұлттық өнеріміз құрақ техникасына апсайклинг жасап, яғни джинсы матасын шығармашылық түрде өңдеп, жаңа дем берген. 
«Darideya» – ұлттық киімнің заманауи интерпретациясы. Жайлылық, минимализм, өнер, тәжірибе. Дизайнер ретінде ұлттық киімді заманға сай бейімдеуге барымды салып жүрмін. Әрі осы жолда еңбек етіп жүрген біршама дизайнерді танимын. Оларға қолдау аз, бюджеті мардымсыз болған соң өнімін нарыққа шығара алмай жүр. Сондықтан оларды байқамаймыз. Десе де этностиль күн санап дамып жатыр. Жас таланттар жетерлік. Адамдар да ұлттық киімді киюге бейімделіп келе жатыр. Мереке кезінде ғана шапан кисек, қазір күнделікті, той-томалақта шапан киіп жүргендер жетерлік. Ұлттық нақышта дресскод бекітетін шара көп. Осы брендті ашқан сәттен бастап, сұраныс көп болды. Джинсы матадан ұлттық элементі бар киім тіккен соң, аудитория жылы қабылдады. Бір жыл көлемінде өнер адамдарынан бастап, қарапайым халық та тапсырыс береді. Наурыз қарсаңында тапсырыс көп. Сатып алмағанның өзінде де жып-жылы тілегін айтады. Иә, неге қымбат деп сұрақ қоятындар көп. Брендім сол бағаға сай. Бәрін қолдан тігеміз. Дизайны да жеті рет өлшеп, бір рет кесілген. Егер шетел болса, қолөнерге бұдан да жоғары баға бекір еді. Айта кетерлігі, киім тігу кезіндегі шикізат қымбат. Матаның бағасы удай. Мұны көбі түсіне бермейді. Келе-келе мұның лайықты баға екенін түсінеді деп ойлаймын. Қазір де құнын түсініп жатқандар бар», – дейді дизайнер Дәрия Қуатжан. 
Осы тұста Бұлбұл Қалқанбаева шеберге қолдау аз екенін ортаға салды. Үкімет тарапынан да, халық тарапынан да түсіну мен демеу жетпей жатқанын атап өтті. 
«Біріншіден, шикізат қымбат. Оған орын жалдау ақысын, тігіншілердің жалақысын, коллекция шығарар кездегі шығынды қосыңыз. Қолөнер болғасын дизайнер ғана таңнан қара кешке дейін өзі тігіп отырмайды. Бірнеше адам маңдай термен, көз майын таусып қолөнерді жасап шығады. Соған сай бағасы арзан болмайды. Мұнда қаншама ресурс, уақыт пен еңбек бар. Ал біз оның қасында масс-маркеттен киім алуға құмармыз. Қолөнердің құнын түсінбейміз. «Қырғызстаннан, Қытайдан келіп жатыр ғой» деп мұрын шүйіреміз. Осылайша, шебер қаржы жағынан қиналады. Халыққа қолжетімді дүние жасағысы келеді-ақ. Бірақ оған мата құрғыр да мұрша бермей тұр. Сондықтан халық түсінік тұрғысынан да, қаржылай да қол­өнермен көмкерілген шапанды ала салатындай деңгейге жетпеді», – дейді стилист. 
Иә, ұлттық стильде киінудің насихаты көп. Десе де, этностильде киінген жастарды көргенде жалт қарап, «мынау қандай дүрмек» деп таңырқай қарайтындар әлі де бар. Ұлттық кодты сезіну әлі де сана деңгейіне жетпегендей көрінетіні жасырын емес. Қоғамдық ортада көпшіліктің көзі саған түсіп, киген киіміңе тесіле қарағанда ыңғайсыз болатыны айтпаса да белгілі. Осы тұсқа келгенде қоғам түрленіп, бір мүддеде жұмыс істеу қажеті білінеді. Мысалы, қырғыздар Ақ қалпақ күнін заңдастырмай тұрып-ақ тойлауды бастаған. Әлемдік, мемлекеттік деңгейдегі шарада ақ қалпақ киіп, адуынын көрсеткен. Біз де дабыра мен даңғазаға айналатын челленжді көбейтпей, ішкі мәдениет пен сан ғасырға жеткен мұрамызды танытатындай дүниеге үлес қоссақ игі. Шапанның құны бағасында емес, қазақты танытатын бедерінде екенін ескерсек...

422 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз