Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 26 Наурыз, 2024

Қазақстан Ядролық энергетика жөніндегі бірінші саммитке қатысты

Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов Бельгия Корольдігінің Үкіметі және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) бірлесіп ұйымдастырған бірінші Ядролық энергетика Саммитіне қатысты, - деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Іс-шараға Еуропалық Кеңестің Басшысы Шарль Мишель мен Еуропалық комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйен, 22 мемлекет пен үкімет басшылары, министрлер, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың 300-ден астан өкілдері, дипломатиялық миссиялардың басшылары, сондай-ақ елдердің өкілдері, сарапшылар қатысты. Шараға Бельгияның Премьер-министрі Александр де Кроо мен МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Мариано Гросси төрағалық етті. Саммиттің негізгі мақсаты климаттың өзгеруінің жаһандық проблемаларын шешудегі, энергетикалық қауіпсіздікті арттырудағы және экономикалық дамуды ынталандырудағы атом энергетикасының рөлін талқылау және көрсету болды.

Саммит 2023 жылы желтоқсанда Дубайда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясынан (COP28) кейін басқа да төмен көміртекті энергия көздерімен қатар атом энергетикасының маңыздылығының артуы аясында өткізілуде.

Іс-шараны ашқан Бельгия Премьер-министрі А. Де Кроо энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде атом энергетикасының маңыздылығын атап өтсе, МАГАТЭ Бас Директоры Рафаэль М. Гросси бұл Саммит жаһандық инвестицияны қажет ететін атом энергетикасы үшін бетбұрыс кезеңі болуы керектігін айтты.

Еуропалық Кеңестің Президенті Ш. Мишель «нағыз энергетикалық одақ» құру қажеттігін атап өтіп, бұл мәселеде ядролық энергетика шешуші рөл атқара алатынын атап өтті.

Еурокомиссия Президенті У.фон дер Ляйен атом энергетикасы ЕО-да 22 пайыздық үлеспен электр энергиясын өндірудің негізгі көзі болып қала беретінін айта келе, салаға жаңа инвестиция тартуды қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.

Саммиттің шеңберінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Президенті Мейіржан Юсуповпен бірге Қазақстан делегациясы «Энергия ресурстарын үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.

Қазақстан табиғи уран өндіруден әлемде көшбасшы (2022 ж. – 43%), уран қоры бойынша да екінші орында (2021 ж. – 13%). Бұл ретте Қазақстан еуропалық нарыққа табиғи уранның негізгі жеткізушісі болып табылады (үлесі – шамамен 27%).

562 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз