Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 12 Сәуір, 2024

Балалар басылымдарының идеологиясы қандай болуы керек?

Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» тақырыбындағы өңірлік мерзімді басылымдардың 2-республикалық форумында қызу талқыланған тақырыптардың бірі – балалар контентін дамыту. 
"Басылымдардың балалар контентін қалыптастырудың идеологиялық шарттары мен тетіктері» аталған форумның 5-панельдік отырысына "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директорының орынбасары - Алматы қаласы басылымдарының басшысы Думан Анаш модератор болды. «Өздеріңіз білесіздер, Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы оқырман қалыптастыру, балалалар кітапханасын құру, балалардың кітап оқуға құштарлығын арттыру, оқитын ұлт қалыптастыру жөнінде тапсырма берді. Қазақстанда 30-ға жетер-жетпес балалар басылымы бар. Өңірлік мерімді басылымдар форумына қатысушы әріптестер балалар контентін дамытуға арналған жақсы идеяларымен бөліседі деп сенеміз», деді.
Сессияда алғашқы болып сөз алған педагогика ғылымдарының кандидаты, SDU  оқытушысы Бақытгүл Салықова «Балалар басылымдарының дамуы және олардың балалар мен жасөспірімдердің  медиа құзыреттіліктеріне әсері» деген тақырыпта баяндама жасады. «Бала кезінен оқып үйренген адам кейін де есейгенде оқу дағдысын дамыта береді. Әртүрлі ақпаратты саралап, манипуляцияға қарсы тұра алатын медиа мәдениеті қалыптасып шығады. Елімізде 4 миллионнан астам оқушы бар. Бірақ балалар басылымдарының таралымы неге 3-4 мыңнан аспайды? Балалар мектепте білім алып, ойын ашық айта алады. «Балдырған», «Ұлан», «Айгөлек», «Ақжелкен» секілді балалар басылымдарын оқып өскен бала ойын еркін жеткізер еді, осы мүмкіндікті мектеп мұғалімдері пайдаланып, мектеп кітапханалары баспасөзге жазылса, балаларға үлкен көмек болар еді», - деген ойымен бөлісті.
Мектептегі балаларға арналған мерзімді басылымдар тақырыбында сөз қозғаған ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының» директоры Әлия Сайдембаева оқуға құштар ұрпақты қалыптастыру үшін балалар кітапханасын насихаттау, журналистер мен кітапханашылардың бірлесе жұмыс істеуі маңызды екенін, бұл ретте тіпті кейбір өңірде кітапхана жоқ екенін айтып өтті. 
Бүгінгі балалардың ерекше қызығушылығын танытып отырған комикс жанры, отандық комикстер мен оның даму бағыты жайлы алқалы жиында «Еркетай» журнал-комиксының бас редакторы Оразхан Жақып сөз қозғады. Сарапшы балалар қызығатын образдар жасау, оларды экранизациялау мәселесі, тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама қаржы бөлінсе де, балаларды қызықтыратын кейіпкері бар бірде-бір мультфильм немесе кино түсірілмегенін тілге тиек етті.
Форумның ең жас спикерлерінің бірі «Ұлан» газетінің корреспонденті Нұрлыхан Жұмаханның «Қызықты контентті қалай жасауға болады?» деген тақырыптағы баяндамасы көпшіліктің қызығушылығын тудырып, «жастар кітап оқи ма?» деген сұрақ төңірегінде жиын қатысушыларының қызу пікір алмасуына себеп болды.
Сондай-ақ, «Алан&kids»  журналының бас редакторы Әсел Тыныбаева «Бүгінгі балаларға қандай ертегілер қызық?» тақырыбында ой бөлісіп, балалар басылымдарының қауымдастығын құру туралы ұсынысын айтты. Форумға алғаш рет қатысып отырған балаларға арналған ғылыми-танымдық бағыттағы «Әл Жәбірдің атасы»  журналының шығарушы редакторы Оралай Алейдарова жарық көргеніне төрт ай болған басылымның бағыт-бағдары жайлы айтып берді.
Өңірлік мерзімді басылымдар форумында Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов екі күнге созылған форум аясында басылым өкілдерінің көтерген мәселелері мен ұсыныстары бойынша хаттама толтырылып, алдағы уақытта жүзеге асырылуын министрлік тарапы бақылауға алатынын айтып өтті.

Сонымен қатар, "Медиа дамыту қоры" жақын арада БАҚ-қа арналған грант жарияланатыны жайлы хабарлады. Аталған жобаға қатысу үшін редакция құрамы он адамнан кем болмауы керек және бөлінетін қаржы сомасы 10 миллион теңгеге дейін болады. 
Форум соңында ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейрлан Раханов өңірлік мерзімді басылым қызметкерлерін «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, Алғыс хатпен марапаттады.

Гауһар Түстікбаева,

"Қазақ газеттері" ЖШС

Суреттерді түсірген -

Азамат Құсайынов

178 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз