Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 18 Сәуір, 2024

Светлана Жақыпова «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ еңбек ұжымымен кездесті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қостанай облысына жұмыс сапары аясында «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Ол 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы және ұзақ уақыт зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген қазақстандықтар үшін арнаулы әлеуметтік төлем туралы айтып берді.

Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі – Eurasian Resources Group құрамына кіретін темір рудасын өндіру және байыту жөніндегі ірі қазақстандық кәсіпорын. Кәсіпорында орташа жалақысы 472 мың теңгені құрайтын 8,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында Светлана Жақыпова өткен жылдың соңында Үкіметтің қаулысымен 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілгенін хабарлады. Құжат тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды, кәсіптік тәуекелдерді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыруды, еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамытуды, еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруды көздейді.

Тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақаттану деңгейін, еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар санын азайтуға және еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыс орындарының санын азайтуға ықпал ететін болады.

«Кәсіпорындардың цифрлық картасы құрылды, ол 2024 жылғы 1 шілдеден бастап нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мониторинг үшін мәліметтерді мемлекеттік еңбек инспекторларымен қатар кәсіподақтар да енгізетін болады. Олар үшін кәсіпорындар картасында жеке жұмыс орны құрылады.

Барлық бизнес-процестер автоматтандырылады. Бұл жұмыс орнын бағалау, жеке қорғаныш құралдарын және басқа кепілдіктерді ұсыну, барлық деңгейдегі еңбекті қорғау туралы білімді тексеру. Осы шараларды қабылдау нәтижесінде өндірістік жарақаттану көрсеткіштері төмендейді деп күтілуде», – деді ЕХӘҚМ басшысы.

 

Министр сондай-ақ ұзақ уақыт бойы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда енгізілген арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау шарттары туралы егжей-тегжейлі айтты.

Арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі – БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарттар болып табылады. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.

БЖЗҚ деректері бойынша арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады, жалпы төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады.

Фото: gov.kz

210 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз