Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 18 Сәуір, 2024

Жол саласындағы кадрлар тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Соңғы жылдары Қазақстанның автожол саласындағы білікті кадрлардың тапшылығы мәселесі және оны шешу бойынша ұсынылған шаралар туралы жиі айтылып жүр. 

Көлік министрлігі мен сала ардагерлері еліміздің жоғары білім беру жүйесінде көлік немесе жол құрылысы бойынша жекелеген мамандықты қайта құру және жолшы мамандарды даярлауға мақсатты мемлекеттік тапсырысты бөлу қажеттігі туралы мәселені бірнеше рет көтерген болатын.

«Біздің мамандық ұзақ жылдар бойы «қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс» білім беру бағдарламалары тобында болды. Бір кездері «құрылыс» сөзімен байланысты барлық нәрсені бір бағытқа біріктірді: қала құрылысы, өнеркәсіптік құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру, газ-мұнай құбырларын, теміржолдарды, көпірлерді, тоннельдерді, сондай-ақ автожолдар мен әуе айлақтарын салу», – дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ құзыреттілікті дамыту орталығының директоры Гүлжамал Омарова.

Бұл тәсілмен ЖОО студенттері барлық бағыттар бойынша жеке-жеке білім алды. Өз кезегінде түлектер мамандықтардың кең тізімінен таңдау мүмкіндігіне ие болып, таңдау жасаған сәтте көбіне-көп жол құрылысы мамандығы қалыс қалып жатты.  

Құзыреттілікті дамыту орталығы талдау жүргізіп, түлектердің жартысы құрылыс саласына қатысы жоқ жұмыс орындарына орналасатынын, ал қалғандары неғұрлым беделді өнеркәсіптік және азаматтық құрылысты таңдайтынын көрсететінін анықтады. Бүгінгі таңда жол құрылысы мамандығын таңдайтын жастардың қатары қалың емес. Жолшыларды даярлауға арналған жеке гранттық квота жағдайды түзете алар еді, ол үшін тиісті мамандық білім беру бағдарламаларының жалпы тобынан шығарылуы керек деп есептейді мамандар.

Сондықтан өткен жылдың ішінде Көлік министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және ҚазжолҒЗИ «Көлік құрылысы» дербес білім беру бағдарламасын жандандыру бойынша үлкен бірлескен жұмыс жүргізді.

«Әлбетте, атқарылған жұмыстың нәтижелері бізді қуантады. Мәселен, енді жеке мамандық бар. Ендігі кезекте Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік гранттарды жеткілікті мөлшерде бөледі деп үміттенеміз. Ақпан-наурыз айларында біз кадрларға деген қажеттілікке талдау жасадық. Бүгінде жол саласына 1,5 мыңға жуық білікті маман қажет», – деді Омарова.

Жылдың басында Автомобиль жолдары комитеті Көлік министрінің тапсырмасы бойынша арнайы жұмыс тобын құрды. Оның құрамына ведомство қызметкерлері мен «ҚазЖолҒЗИ» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК және Жол активтері сапасының ұлттық орталығының өкілдері кірді. Ақпан айында делегация білім беру мекемелерімен стратегиялық ынтымақтастықты орнату және нығайту, сондай-ақ автожол саласын дамыту перспективаларын талқылау мақсатында Алматы қаласының бірқатар жоғары оқу орнына барған еді.

Сондай-ақ кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін ғылыми институт өткен жылы жол саласы мамандарының цифрлық банкін құрғанын атап өткен жөн. Жолшыларға арналған Jolshy базасында жол саласының барлық маманы туралы ақпарат қолжетімді болмақ. Атап айтқанда, базада ЖОО түлектерінен бастап автожолдарды салу және жобалау мен пайдалану саласында жұмыс істейтін ардагерлерге дейінгі санаттағы мамандар туралы ақпарат болады. Сонымен бірге мамандардың біліктілігі, олардың жұмыс тәжірибесі, біліктілікті арттыру курстарынан өткені туралы сертификаттардың болуы және басқа да мәліметтер көрсетіледі.

Қазіргі таңда базаны толтыру және басқа мемлекеттік жүйелермен интеграциялау жүргізіліп жатыр. Аталған базаны тәжірибелік пайдалануға жақын арада іске қосу жоспарланып отыр.

Фото: ашық дереккөз

337 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз