Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 04 Желтоқсан, 2014

Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ терминологиясы

Алматыда 27-қараша күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік кезеңдегі қазақ терминологиясы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференция аясында «Ғалымдар үйінде» тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлының 50 жасқа толуына орай ғалымның 2014 жылы жарық көрген «Қазақ терминологиясы: зерттеулер, оқулық, сөздік, библиография», «Толғаулы тіл», «Мәртебелі тіл мәселелері» кітаптарының тұсаукесері өтті. Ғалымның «Қазақ терминологиясы: зерттеулер, оқулық, сөздік, библиография» кітабына «Қазақ лексикасының терминденуі», «Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидаттары», «Алаш және терминтану» атты монографиялары мен ғасырдан астам уақыт аралығындағы қазақ терминологиясының зерттелуін көрсететін «Терминологиялық әдебиет­тердің библиографиялық көрсеткіші» атты еңбектері енген. Автордың «Толғаулы тіл» жинағына әр жылдары мерзімді және ғылыми басылымдарда жарияланған тіл білімінің өзекті мәселелеріне арналған ғылыми монографиялары мен оқу құралдарына енбеген бірқатар мақалалары топтас­тырылып берілген. «Мәртебелі тіл мәселелері» тіл саясатының, қазақ тіл ғылымының, терминтанудың, ономас­тика мен тіл мәдениетінің, сондай-ақ ұлттың және қоғам өмірінің өзекті мәселелеріне қатысты ғалымның әр жылдары баспасөз бетінде жарияланған сұхбаттары, ой-пікірлері хронологиялық ретпен берілген. Тұсаукесер шарасында кітаптардың лентасын ҰҒА-ның президенті, академик Мұрат Жұрынов және филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Өмірзақ Айтбайұлы салтанатты түрде қиды. Мұрат Жұрынұлы ғылыми-зерттеу ісі мен инновациялық қызметтегі зор табыстары үшін Ш.Құрманбайұлына ҚР ҰҒА-ның Құрмет грамотасын тапсырды. Сонымен қатар Мемлекеттік тілді дамытудағы ерен еңбегі үшін Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының Алғыс хатын Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Қуаныш Асылов жеткізді. ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, профессор Р.Алшанов ғалымды мемлекеттік тілдің және қазақ терминологиясының өркендеуіне қосқан зор үлесі және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазудағы нәтижелі еңбегі үшін А.Байтұрсынов атындағы күміс медалімен марапаттады. Қазақ баспасөзінің дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры Ж.Кенжалиннің қолы қойылған «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Арнаулы дипломын «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Самат Ибраим табыстады. Аталған іс-шарада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті, Қазақ гуманитарлық заң университеті, Батыс Қазақстан инже­нерлік-гуманитарлық университетінің ректорлары да Ш.Құрманбайұлына қазақ тіл білімінің дамуына қосқан үлесі үшін алғыстарын білдіріп, құттықтауларын жолдады. Шараға қатысқан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры У.Қалижан, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Ә.Дербісәлі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры М.Малбақов, филология ғылымдарының ­докторы, профессор Нұргелді Уәли және т.б. Ш.Құрманбайұлына ғылымдағы орасан зор еңбегі үшін алғыс білдіріп, алдағы уақыттағы шығармашылығына табыс­тар тіледі. Ғалымның туған өлкесі – қасиетті Қарасаз ауылының әкімі Б.Сыпатаев өз құттықтауын жеткізді. Тұсаукесер аясында Ш.Құрман­байұлының әр жылдарда жарық көрген еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылды.Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ терминологиясына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. *** Ғылыми-практикалық конферен­цияның пленарлық мәжілісі Ш.Құрман­байұлының «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ терминологиясы: жетістіктер мен міндеттер» тақырыбындағы баян­дамасымен ашылды. Конференция барысында ҚР Президент Әкімшілігі Жалпы бөлімінің сектор меңгерушісі Б.Сағын, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Ө.Айтбайұлы, филология ғылымдарының докторы, Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры Б.Қалиұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақ­стан инженерлік-гуманитарлық уни­верситетінің проректоры М.Сабыр, фи­лология ғылымдарының докторы, Назарбаев университетінің профессоры С.Әлісжан сынды тілші-ғалымдар баяндама жасап, қазақ терминологиясының тарихы, дамуы, бүгіні мен ертеңі туралы жан-жақты да дәйекті пікірлер айтты. Шерубай Құрманбайұлы өз баян­дамасында Мемлекеттік тіл бүкіл қоғам өмірінде, арнаулы салалардың бәрінде кеңінен қолданылып, ақпарат алмасудың, білім беру мен ғылымның тіліне айналуы үшін, ең алдымен арнаулы салалардың терминдер жүйесі жасалып, ретке келуге тиіс екендігіне тоқталды. «Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты» атты монографияда терминология дамуын төрт кезеңіне, яғни І – кезең (ХІХ ғасырдың екінші жартысынан 1910 жылдарға дейінгі мерзім), ІІ – Алаш кезеңі (1910-1930 жылдар), ІІІ кезең – кеңестік кезең (1930-1990 жылдар), IV – Тәуелсіздік кезеңінің ерекшелігі туралы тұжырым жасады. Ол соңғы жиырма жылдағы терминология мәселелерінің зерттелуі мен ғылыми кадрлар дайындау жайын қозғап, Тәуелсіздік алғаннан бері терминология мәселелерін зерттеу қарқыны кеңестік кезеңге қарағанда, әлдеқайда артқандығын атап өтті. Мәселен, кеңестік кезеңде 40-50 жыл ішінде терминология саласы бойынша бірде-бір докторлық диссертация қорғалмаған болса, Тәуелсіздіктің 18-20 жылында 9 докторлық диссертация қорғалған. «Қазақ терминологиясы дамуы­ның кеңестік кезеңінде бірша­ма кандидаттық диссертациялар қорғалған. 40-жылдардың аяғы мен 80-жылдардың соңына дейінгі 40 жыл аралығында 15 кандидаттық диссертация қорғалыпты. Кеңестік дәуірдің 60-жылдарының басынан бастап 70-жылдардың орта шеніне дейін терминология мәселелеріне арналған кандидаттық диссертациялардың бірсыдырғы үздіксіз қорғалып отырғанын байқауға болады. Ал 70-жылдардың ортасына дейінгі мерзім мен 80-жылдардың екінші жартысына дейінгі он жылдан астам уақыт аралығында үзіліс орын алған. Одан 1986-1989 жылдары бұл үдеріс қайтадан біршама жалғасып 4 ғылыми-зерттеу жұмысы жазылған. Тәуелсіздіктің бастапқы екі-үш жылы өтісімен терминология мәселелерін зерттеуге арналған кандидаттық, докторлық диссертациялар саны күрт өскен. Кеңестік кезеңнің 40 жылында 15 кандидаттық диссертация қорғалса, Тәуелсіздіктің 15-16 жылында олардың саны 38-ге жетіп, екі-үш есеге артқан» деді ол. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл бі­лімі институтының бас ғылыми қыз­меткері, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлы қазақ термин­жа­самының кейбір принциптеріне талдау жасады. – Жалпы қай ел, қай халық тарихын сүзсеңіз де бір нәрсенің басы ашық екеніне көз жетеді. Өзін құрмет тұтатын ұлт қашанда өз тілі қызметінің жан-жақты жетілуін қамдастырады, – деп сөзін бастаған Ө.Айбайұлы кезінде А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев тәрізді қазақ зиялыларының бәрі де сөзжасамның әр алуан түрлеріне мән бергенін тілге тиек етті. Реті келгенде өздері де түрлі ұғымдардың баламасын іздеп, үлгілерін ұсынып отырғанын айтты. «Мысалы, С.Сейфуллиннің «ат ойын үйі» (цирк), І.Жансүгіровтің «Думан жүрісі» (демонстрация), «табантемір» (рельс), Ғ.Мүсіреповтің «Құлақша қағазы» (этикетка), М.Мағауиннің «Оятар» (будильник), Ә.Кекілбаевтың «Қарханшайым» (снегурочка), Қ.Қараманұлының «Күнпарағы» – настольный календарь, О.Сәрсенбаевтың «тесіккөзі» – глазок (в дверях), Ә.Таразидың «күналқысы» – беседка, т.б. осының айғағы» деді. Ө.Айтбайұлы жаңа сөз ұғымына тоқ­талды. Оның айтуынша, жаңадан сөз жа­сау дегеніміз шартты ұғым. Сөздер жа­ңадан жасалмайды. Жасалса да ­сирек. Ол өзгеше өң алып, өзіне қосымша мағына жүктеп, жаңаша қолданысқа түсуі немесе өзге тілден кірме сөз ретінде енуі, қабылдануы мүмкін. Ә.Қайдаровтың айтуынша, бұлар бұрын бар сөздер негізінде жасалатын лексика-семантикалық және аналитикалық комбинациялар, «жаңа қолданыстар». Әңгіме терминжасам мәселесіне ойысқанда, ғалымдар тарапынан бірнеше өзекті мәселелер алға тартылды. Өзара туыстас отыз шақты түркі тілі бір-бірімен арақатынасын үзбей, бірінің сөздік қорына екіншісі үңіліп отырған болса, әсіресе терминологиялық жүйені түзер тұста, өзінде жоқтың көбін өзгеден тапқан болар еді деген пікір айтылды. Орыс тілінің ықпалына ұшырамаған Түркия түріктерінің сөзжасам тәжірибелерінде терминдерді жасау, қабылдауда бірен-саран Еуропа тілдерінің элементтері кездескенімен, негізінен өз тілінің байлығын қамтуға қатты көңіл бөлінетіндігі сөз болды. Бұл жөнінде Ө.Айтбайұлы түріктер аэропортты – хаваалаңы, самолетті –учақ, спонсорды – сөзжу, магнитофонды – касеталар, компьютерді – білгісалар, Президентті – жумхурбақаны, премьер-министрді – башбақаны, парламентті – мәжіліс, мороженыйды – дондурма, автомашинаны – араба, транспортты – ұластырма, студентті – өргенчі, масштабты – өлчу, т.б. деп алғандығына назар аударды. Қазақ тілінде университет, экономика, факультет, теория, спорт, кадр, музей, физика деп қабылданған интертерминдер, түрікше де ауызекі тілдің айтылу ыңғайына сақталып, ықшамдалып алынғанын айтты. Мәселен, факульте, университе, теори, економи, спор, физик, музе, кадро, т.б. Ал аударылып алынған мәдениет, дүкен деген тәрізділер, түрікше аударылмай, әлгіндегідей ықшамды түрге көшкен (култур, магаза). Ал көптеген интертерминдер екі тілде екі түрлі аударылған. «Екі ел арасындағы қарым-қатынастың жиілеуіне орай тілдік ауыс-түйіс те басталғандай түр бар. Бұл жақсылықтың нышаны. Жақсы үлгіні қабылдаудың бір мысалы ретінде «Егемен Қазақстан» мен «Ана тілі» газетінің беттері арқылы жиі көріне бастаған ұшақ (самолет – учақ) және әуеалаңы (аэропорт – хаваалаңы) термині қалыптасты. Туыс тілдер тәжірибесіне үңілу терминжасам мәселесінде нәтижелі пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Бұл принципті саналы, сауатты ұстану қажет. Өзіңде жоқты өзгеден, оның ішінде түбірі бір туыс тілдерден іздеп тауып жатсақ оның несі айып. Қайта көп жылдар бойы жабылып қалған даму заңдылықтарының көзін ашамыз» деді Ө.Айтбайұлы. Жиында Абылай хан атындағы Қа­зақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Байынқол Қалиұлы «Шерубай Құрманбайұлы және Қазақ терминология­сы» деген тақырыпта кеңінен әңгіме қозғап, ғалымның өмірі мен шығар­машылық жолына тоқталды. «Бүгінде 50 жасқа толып отырған Шерубай Құрманбайұлы ғылымға 26 жасында келді. 29 жасында кандидаттық, 34 жасында докторлық диссертация қорғады. Сөйтіп, қаламы қарымды, тілі тұшымды, ұтымды пікір айта алатын маман екендігін дәлелдеп шықты» дей келе: «1992 жылдан бергі 23 жыл ішінде ғалым 7 монография, 3 жинақ, 4 оқулық, 6 сөздік және «Терминологиялық әдебиеттердің библиографиялық көр­сеткіші» атты және т.б. ірі-ірі ғылыми еңбектер жазды. Бұлардың қатарына оның әртүрлі тақырыптарға арналған ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалаларын қосыңыз. Ол тізімде (1992-2014 жж.) 259 еңбек бар» деп атап өтті. Шерубай Құрманбайұлы қазақ терминдерінің теориялық, практикалық мәселелерін және оның ғылыми-зерттеу әдістерін жетік меңгеріп, оны өзінің зерттеу жұмыстарына пайдалана алған ғалым. Үздіксіз және қажырлы еңбегінің арқасында қазақ терминологиясына, қазақ терминдерінің жасалуы мен қалыптасуына, дамуына, жүйелеуге, біріздендіруге, сондай-ақ қазақ терминдерінің лингвистикалық табиғатын, терминдердің ғылыми заңдылықтарды, ұлттық терминдер қорын қалыптастыру жұмыстарына белсене араласып, өзінің мол үлесін қосып келеді. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының ғылыми жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Мұрат Сабыр «Терминтану ғылымының сардары» атты баяндамасында «...Болат қайнауда шынығады. Шерубай Құрманбайұлы үшін білімнің қасиетті қарашаңырағында өткен әр жыл есею, қанаттану жылдары болды. Адамның өнегелі болмағы жақсы ұстаздан дейміз. Бұл тұрғыда ол М.Томанов, Р.Әмір, Қ.Есенов, А.Аманжолов, Ә.Құрысжанов, М.Серғалиев, Т.Сайрамбаев, С.Мыр­за­беков, Б.Сағындықұлы, А.Айғабылов, Х.Кәрімов сынды белгілі тілші-ғалымдардан дәріс алды. 1991 жылы университетті тәмамдаған болашақ ғалым жолдамамен ҚазКСР Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институтының терминология және аударма теориясы бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып қабылданды. 1991 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған тұста жас маманның ғылымдағы еңбек жолы, ғылыми қызметі жаңа серпінмен, тәуелсіз Қазақстан жағдайында басталды. Қазақ тіл білімінің қарашаңырағы саналатын Тіл білімі институтын сол жылдары академик Ә.Қайдар басқарып, Р.Сыздық, Ш.Сарыбай, Ж.Манкеева және т.б. көрнекті тілші-ғалымдар институттың түрлі бөлімдерінде жұмыс істеді. Кеше ғана университет бітірген жас маманның еңбек жолын Ұлттық Ғылым академиясы секілді үлкен ғылым ордасынан, қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері шоғырланған ғылыми-зерттеу институтынан бастауы – оның білікті ғылыми қызметкер, болашақ ғалым ретінде қалыптасуына барынша қолайлы жағдай туғызып, игі ықпыл етті» деп, өткен күндердегі ұстаздар еңбегін еске алды. ҚР Президент Әкімшілігі Жалпы бөлімінің сектор меңгерушісі ­Бекзада Сағын «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ терминжасамындағы үрдістер» тақы­рыбындағы баяндамасында қазақ тілі тер­минологиясының даму мәселелері жөнінде әңгіме өрбітті. Терминжасам тәсілдеріне, жаңа сөздердің жасалуына талдау жасай отырып, аталған тақырыпты зерттеушілердің көзқарастарын атап өтті. Қазақ тіліндегі терминжасамды зерделей келе, бірқатар тұжырымдар жасалды. Ол: «...Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан кейінгі жаңа сөз қолданыстары (1990-2005 жылдардағы лексикалық жаңа бірліктер) туралы айтқанда, академик Р.Сыздықтың «Жаңа сөз деп жүргеніміздің бір алуаны – жаңа мағына үстеп, «тонын айналдырып киген» байырғы сөзде. Демек, жаңа дегеніміздің өзі бұрынғы барлардың не тұлғасы, не мағынасы құбылған «жаңғырықтары» деген пікірімен қатар келтірілген «кеден, демеуші» осы терминжасам үдерісінде сөздік қазынамыздың игілігімізге жарап, бұрын қолданып келген таза орыс сөздерін қазақшалау ұстанымы жандана, өрістей түскенін көрсетеді» деді. Б.Сағын өз баяндамасында «Елбасы», «Көшбасшы», «Ұлт көшбасшысы» ұғымдарына тоқталды. «Мемлекет басшысы ресми түрде президент деп аталса, сол президентті зор құрметпен атау үшін елбасы деген бағалауыш сыңары жасалды». Бұл ұлттық болмысты танытар ұғым ел парламенті қабылдаған заңда бекіп, халық етене қабылдаған ұғымға айналды. «Елбасы» сөзі уақыт өте келе жалпы халыққа, Қазақстан халқына түсінікті болатын, қазақ тілінің ұйыстырушы, ұйытқы рөлін көрсетіп, «бір халық – бір ұғым» аясында қазақ тілінде ғана қолданылатын ұғым болып қалыптасады деп пайымдаймыз. Осы арада айта кететін бір жай: елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірінің өзекті мәселелерін қозғай­тын мемлекеттік бағдарламалар атау­ларының «Саламатты Қазақстан», «Нұрлы көш»; жолдаулар атауларының «Мәңгілік Ел», «Нұрлы жол»; бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі «Парыз» конкурсы атауларын (ресми тілдегі баламасыз алынған) атап өту керек. Бұл – ұлттық ұғымдарды әлеуметтік өмі­рімізге орнықтыра түсудегі, сөздік қазынамызды орайымен жұмсаудағы нақты қадамдардың бірі. Жұртшылыққа кеңінен танымал ресми құжаттар атауларын ұлттық ұғымдармен бере отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс өрісін кеңейтудің оңды үлгісін жалғастыруды міндетіміз деп білеміз. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие тіліміздің өрісі кеңейген, қоғамдық-әлеуметтік рөлі күшейген, қолданыс әлеуеті нығайған сипаты айқындала түсуі терминжасамның дамуымен тікелей байланысты. Осылайша терминдік сипат алған сөздер одан әрі түзіліп, біріздену тұрпатына ие болып, оған жаңа бір леп қосылып, дамудың өзіндік арнасына түспек. Терминдердің қазақша баламасын ұсынуда олардың ұлттық ұғымға сай, тілдік нормаға лайық болу жағы, жаңа терминдер туғызуға мүмкіндігінің болуы сияқты қырлары ескерілсе оңды болар еді» деді. Қорыта айтқанда, Тәуелсіздік кезеңіндегі түркі терминологиясының даму ерекшеліктері, қазақ және түркі терминтануының тарихы мен келешегі, қазақ терминографиясының теориясы мен практикасы, терминология және тіл мәдениеті, Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ және түркі тілдері терминжасамының ерекшеліктері, терминалмасым, халықаралық терминдер және тілтанымның өзекті мәселелері арқау болған конференция алдағы атқарылар қыруар жұмыстардың, мақсат-міндеттерге жетудегі шаралардың бір парасы ғана. Өйткені қазақ терминология­сын дамыту, оның өзекті мәселелерін шешу – бүгінгі күннің басты талабы. Шараға басқа да елімізге танымал тілші-ғалымдар, ҚР терминологиялық комиссиясының мүшелері, облыстық тіл басқармаларының басшылары мен жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары қатысып, конференцияның пленарлық және секциялық мәжілістерінде қазақ терминологиясының өзекті мәселелерін кеңінен талқылады. Бағдагүл Балаубаева

1032 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала Ақ Олимпиада Алатауға жарасады
Келесі мақала «Елбасы жолы» киноэпопеясы жаңа туындымен толықты

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

dobson

08 Қазан, 2020

Z7OCnQ http://pills2sale.com/ cheap viagra