Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 14 Маусым, 2010

Ұзақбай Доспанбетов Қаламдас туралы сыр

Қандай да бір жазушы, не оның шығармалары хақында сөз еткенде, ең алдымен, оның өзіндік қолтаңбасы қандай, өзге жазушылардан ерекшелігі неде, міне, сол жағын анықтап алу қажет. Себебі, өнер иесі өз туындысын қалың қауымға ұсынғанда, бұл менің жасаған дүнием ғана емес, ашқан жаңалығым да деп айта алатындай болуы шарт. Өзгеге ұқсамау, тыңға түрен салу - оқырман, көрермен назарын аударудың негізгі құралы. Бұл тұрғыдан қарағанда, Адам Мекебаев - қазақ әдебиетінен өз орнын ойып тұрып алған, қалың жұрттың сүйіспеншілігіне бөленген ғажайып суреткер жазушылардың бірі.

Адам Мекебаевтың қазақ әдебиетіндегі қолтаңбасын сыншы ағамыз Зейнолла Серікқалиев айтқандай, Кеңес одағы жылдарында деформацияға – яғни, ұлттық сананы қалыптастыратын дағдысы, дәстүрі, ділі, діні, тілі, салты, әдет-ғұрыпты кемсітушілікке ұшыраған қазақ халқының ішкі жан-дүниесінің күйзелісі мен сонан құтылу жолында басын тау мен тасқа соққан әрекеттерін, бұлқыныстарын тайсалмай беріле суреттеуінен іздеу абзал. Мысалы, Мекебаев кейіпкерлерінің бірі – Жадыраны алайықшы. Ол санасын қарт ата-ана төрбиесі қалыптастырған ұждандық өлшеммен өмір сүргісі келеді. Бірақ бөтен қоғамның бөгде идеологиясы бейімдеген ар-ожданға деген немқұрайлы көзқарасқа тап болған кезде, өмірдің тегеурінді түрлі қысымдарына шыдамай, көп қорлық көріп, ақыры есі ауып, қазаға ұшырайды. Тіпті, шығармадағы Жадыраның сүйген жігіті Дәуреннің майданға аттануының өзі кейіпкер басына төніп келе жатқан қасіреттің басталуына себепші көп детальдың бірі ретінде көрініс табады Өйткені, басты пәлекет кеңестік идеология әуліктірген Шәйлібай сияқты белсенділердің ар тазалығын мансұқтап, мекерлікпен жалпы адамдық қасиет атаулыны таптап, өз мақсатына жетуге өлермендік жасауынан бастау алады.Осылайша Жадыраның өліміне негізгі себептердің бірі қоғамдағы көзқарастар қайшылығында жатқандығын жазушы шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекеттері арқылы айғақтайды.

«Жаза», «Жар жағалаған қыз» повестерінің оқиғалары да әлгіндегі жазушының алғашқы прозалық туындысының жалғасы іспетті – рухани жан-дүниесін бұрынғы дағды-дәстүр жолымен арын таза ұстауға ұмтылғандар мен оны жаңа қоғамдық идеология моралі арқылы өзгертуді жақтайтындардың бітіспес айқасын көрсету мақсатында жазылған десе де боларлық. Осындай күрес негзінде жазушы рухани деформацияға ұшыраған кейіпкерлерді өмір сахнасына шығару арқылы– азғырушы қоғамдық ортаның қатыгездігін аяусыз әшкерелеп, оқырманды өмір шындығына ойлана қарауға шетемір? Бұрынғы дағды-дәстүрді тәрік етіп, қыз-келіншектердің ар-намысын алдап-арбау арқылы аяққа басуды – жазушы ұлттың болашағына жасалған қастандық екенін атап көрсетіп, өмір шындығының негізінде оны оқырман санасына сіңіре біледі.

Адекеңнің көркемдігі жоғары, көтерген мәселесі қомақты шығармаларының бірі деп «Кездік» повесін атар едім. Онда жазушы кешегі Кеңес дәуіріндегі бала тәрбиесі мен сонау соғыс жылдарындағы оқиғаларды қатар өрбіте отырып, жас ұрпақтың санасын қалыптастырудың күрделі проблемаларын көлденең тартады. Және оған жазушы құр сөз борасыны арқылы емес, көркемсөз мүмкіндігін эстетикалық заңдылықтарға сай қолдана білудің нәтижесінде қол жеткізеді.

Бір ғана А.Мекебаев творчествосындағы емес, жалпы қазақ прозасындағы жазылуы мен алған тақырыбының, көтерген мәселесінің күрделілігімен оқшауланатын дүниелердің тағы бірі «Жезтырнақ» повесі дер едім. Шытырман оқиғалы бұл туынды бастан-аяқ қазақ халқының күні бүгінге дейін есінде сақтап, күнделікті өмірде айтып жүретін мифологиялық аңыз-әңгімелер негізінде жазылған. Егер, сол діни наным-сенімді теріс ниетті жандар өзінің жеке мақсатына жету үшін үгіт құралы ретінде пайдаланған жағдайда – халық өміріне қаншалықты зияны тиетіні осы шығармадан анық көрінеді. Сонымен қатар, халықтың ғасырлар бойы санасында қалыптасқан – дию, шайтан, пері, албасты, көрбақ сияқты мифтік ұғымдарға жазушының жан бітіріп, оларды оқиғаға шеберлікпен араластыра алуы кісіні таңғалдырады.

Адамның «Аңызақ» повесі Қызылқұмның қатал `табиғаты жағдайында өмір сүрген малшылар тағдырына арналған және ондағы өмір тауқыметі мейілінше қанын шығара бейнеленген шығарма деу орынды. Біресе құмды дауыл, енді бірде аптап ыстығының лебі қақтаған кездерінде кісі басында болатын психологиялық дағдарыстар сол табиғаттың құбылуына орай өзгеріп тұратынын жазушы қалай шебер жеткізе білген десеңізші. Сұрықсыз табиғаттың арасында сұлу сезімнің бой көрсету сәтін бейнелеу арқылы автор адам баласының өмірге деген сүйіспеншілігін паш етеді. Жалпы «Аңызақ» повесі өз кезінде қазақ әдебиетіндегі экология тақырыбына арналып жазылған тұңғыш, әрі сүбелі туынды болғаны жасырын емес. Мен осы шығарманы бұдан жиырма жылдай бұрын оқып едім, бар оқиғасы әлі күнге дейін есімде. Қой бағып жүріп, құмды дауылда адасып, қиыншылыққа ұшыраған жас шопан Өмірбек тағдыры қазірдің өзінде де, тіпті болашақта да кім-кімді де толғандыратынына иманым кәміл.

А.Мекебаевтың «Періште келіншек» романы бұрынғы кездердегі дәстүр ізімен Ұлы Отан соғысының романтикалық жағын басым етіп көрсеткен шығармаларға мүлде қарама-қарсы бағытта жазылған туынды дер едім. Мұндағы кейпкерлер – Айзада, Түймебай, Ханшайым тағы басқалардың тыныс-тіршілігі, ішкі жан күйзелісі, уайым-қайғысы соғыс кезінің қиыншылығы төңірегінде ғана шектеліп қоймай, олар тоталитарлық қоғам жүйесі туындататын қаталдықтармен ұштасып жатады. Бұл тұрғыдан келгенде, жазушы соны сүрлеу таба білген. Ал, оның қалай аяқталатыны романның екінші кітабы қолға тиген кезде белгілі болмақ.

Жазушының «Дауылды жері» - кешегі өткен қызыл империяның үстемдігі жүріп тұрған кездердегі Байқоңыр айлағынан ұшырылып жататын зымырандардың адамдарды әбігерге ұшыратып, әлекке салғанын, оның ақыры адамзаттық қасіретке ұштасқанын, соның алғашқы ауыртпалығын мойнымен көтерген қазақ халқы екенін тұңғыш рет сөз ете алған туынды. Бас кейіпкер Азаматтың басынан кешкен оқиғалары отарлау саясаты идеологиясының нақтылы нәтижесі түрінде суреттеледі. Кезінде түрлі тосқауылға ұшырап, қырқылып, авторын қиналтып барып жарық көрген бұл романда көтерілген көкейкесті мәселелер Қазақстан халқы үшін қазіргі шақта да шешімі табылмаған мәселелердің бірі екені белгілі. Сондықтан да, бұл романды тарихи тұрғыдан империяға бағынышты ұлт басындағы әділетсіздіктерді көрсете білген, ал, бүгінгі күн талабы бойынша, жалпы адамзат баласына ортақ олқылықтарды қозғайтын туынды деп бағалаймын.

Алдыңғы екеуіне қарағанда, «Қазына сыры» романы -мүлде басқа тақырыпта жазылған шығарма. Яғни, бұл қазақ халқының ұзақ тарихындағы ең қасіретті, 1932-1933 жылдардағы ашаршылыққа бастан-аяқ тұтастай арналған роман. Мұнда Қабыш, Мәдина, Түктібай, Сатыпалды, Күлайым, Серғазы, Жиенқұл сияқты кейіпкерлердің өз бастарынан өткерген қиыншылықтары бірте-бірте ұлғайып, ақыр соңы тірі пенденің бұл жалғандағы ең басты міндеті – ұрпақ жалғастығын сақтай білу екендігіне қарамастан, кісі бойындағы тоқшылық кездердегі ақыл-парасат табиғаты мүлде өзгеріп, мүсәпіршілікке ұшыраған мүскіндердің көзсіз жанталасына ұласады. Алғашқы нұсқасы сонау 1973 жылы жарық көріп, кейін толықтырылып қайта басылған бұл романда қазақ ұлтының қилы кезеңінің тыныс-тіршілігі мейлінше кең көрсетілген. Оның бәрін шағын мақалада сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек өз бетімен зер сала оқығандар ғана рухани ләззатқа бөленіп, эстетикалық талғамы байи түсетінін айтқымыз келеді.

Ертеректе сыншы Төлеген Тоқбергенов ағамыз «Адам Мекебаев шығармаларын оқып пікір, айту жеткіліксіз, оны зерттеу керек» деп жазған екен. Мен де осы пікірге қосыламын. Өйткен,і жазушы көтерген күрделі мәселелер мен ол қол жеткізген көркемдіктің көкжиегін қысқа қайырып мақаламен ашып беру мүмкін емес. Себебі, А. Мекебаев сонау тоталитарлық жүйенің қатал бақылауы кезінің өзінде – қоғамдағы отаршылдық идеологияның ызғарынан сескенуден көкіректерде шемен боп қатып қалған түрлі сезімдерді – мәртебелі көркемсөз мүмкіндігін шебер қолдану нәтижесінде, тайсалмай батыл көрсете білген аса талантты жазушы.

2687 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз