Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Қаңтар, 2011

Бақытжан Майтанов, филология ғылымдарының докторы, профессор. Әдебиет жүрегінің тамыршысы

Қазақ әдеби сынының кәсіби деңгейге жетуіне зор үлес қосқан, әдеби сынды өнер, ғылым ретінде түсініп, қабылдауға айрықша еңбегі сіңген қаламгер, тұңғыш энциклопедист ғалым, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Мұхаметжан Қожасбайұлы Қаратаев екенін біреу білсе, біреу ұмытыңқырап барады. Ол өткен ғасырдың оныншы жылы дүниеге келген. Ата-бабалары Сыр өңірі мен Ұлытау, Қарсақпай даласын қатар қоныс етсе керек.Әдебиет сынына отызыншы жылдардың басында араласады. «Қызыл ат» және социалистік реализм» деген алғашқы мақалаларының біріне атақты Сәкен Сейфуллин назар аударады, белгілі бір дәрежеде құптап, қызығушылықпен қарайды. Оған дейін «Қазақ» газетін шығарушылардың бірі – тарихи тұлға, нағашы ағасы Бейімбет Майлинмен, Б. Майлин сәл ересек Бейсембай Кенжебаевпен таныстырады: «Мына бала интернатта оқиды. Өлең жазатын көрінеді. Мұстафаның жиені. Шешесінен жетім қалыпты. Өлеңдерін оқып көр. Ішіңе тарт» (1, 317). Осылайша М. Қаратаевтың өзге әріптестері сияқты поэзиямен достастықта болғаны анықталады. Қазақ медицина техникумында оқиды. Кейінде орыс тілін біршама игеруіне осы кезеңнің әсері болғанын айтады. ҚазПИ-ді бітіріп, Ленинград Тіл әдебиет және философия институтының аспирантурасында оқиды. Көрнекті жазушы Хамза Есенжанов, кейіннен филология ғылымдарының докторы, профессор болған Белгібай Шалабаевпен Ресейде бірге оқиды. Х. Есенжанов өзі де өзін сыйлата білетін жан, ал әрдайым күлкіге жем боп жүретін, шамалы өзгешелеу мінезді, мақтанды жақсы көретін Белгібай Шалабаевқа Мұқаң шаң жуытқысы келмейтін. Шын пейілімен қадірлейтін. Мүмкін, тағдырын талқылап, жаны ашып қарады ма екен. Біз М. Қаратаев басқаратын қазақ совет әдебиеті бөлімінде (М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иститутының құрамындағы) жұмыс істеп жүргенімізде академик-ғалымның профессор досын құрметтеп, қошеметтейтінін көріп, ойланатынбыз. Ешқандай мысқыл, әжуа байқалмайтын. Кісілік мәдениеттің бір белгісі сол шығар. Ленинградтағы аспирантурада оқуға Саттар Ерубаев та асығып, кешеуілдеп жеткенмен, денсаулығына байланысты елге қайтып оралады. «Саттармен ұшырасқан сәттер» атты естелігінде М. Қаратаев алып-ұшып тұрған жас таланттың адалдығы мен білімдарлығын, қызбалығы мен балаша өкпелей қалатын мінезін әдемі өрнектейді. Саттар Несіпбай Манашевпен дауласқанда айтар ойы жазушы өмірді өз басынан кешкендей бола алғанда ғана жақсы дүние бере аладыға сайса, Мұқаңа: «Достоевский романдары өмір шындығын, қоғамның ұсқынсыз қылықтарын адам арқылы, адамның ішкі дүниесін ақтарып көрсету арқылы көрсетеді. Бұл Достоевский психологизмінің даналық құдіреті» (2, 471), – деп, біраз сауаттандырады. Жас сыншы өзінің асығыс пікірін мойындай отырып, өмірге ғашық жүрекпен әсемдік жырын шырқап өткен талантты суреткердің биік эстетикалық талғамын таразылау, оны бағалау, қадірлеу жолымен өзінің де ұждандық келбетінен, нәзік талғамы қалыптаса бастағанынан хабардар етеді. Ой-санасының саралығы, әр нәрсені жан-жақты зерделей алатын диалектикалық болмысы бүршік жарып, тыныс ашады. М. Қаратаев қаламынан «Туған әдебиет туралы ойлар», «Шеберлік шыңына», «Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы», «Эпостан эпопеяға», «От домбры до книги», «Әдебиет және эстетика», «Вершины впереды» сияқты т. б. толып жатқан кітаптар шықты. Бәрі де өз дәуірінің жоғары ғылыми-көркемдік талаптарына жауап беретін құнды еңбектер саналатын. Өзі қайтыс болғаннан кейін келіні Жәмила Қаратаева дайындап шығарған мақалалар, естеліктер жинағы 1985–1995 жылдар ауқымын қамтиды. Ата сыншының Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі ой-толғамдары да тыңнан сүрлеу табуға ұмтылады. Қаламгерлер З. Шашкин, Д. Досжанов, К. Салықов, Ұ. Есдәулетов, соңынан ерген әріптестері З. Серікқалиев, С. Әшімбаев т. б. жайлы пікірлері әділеттілігімен, сезгірлігімен елеулі. Ол өмір сүрген кезеңде жарық көрген айтулы туындылардың ешқайсысы М. Қаратаев назарынан тыс қалған жоқ. Қаламгер «Даладағы дабыл» (3) атты тарихи-публицистикалық роман да жазды. Екі тілде жарық көрді. Біз сыншының бұрын сөз болмайтын осы көркем прозадағы сирек те сарабдал қадамын саралауды жөн көріп отырмыз. Шығарма ХХ ғасырдың басындағы Қазан төңкерісін ұнамды құбылыс ретінде қараса да, дәуір шындығын сөз шеберлеріне тән кестелі өрнекпен нанымды бедерлей алады. Оны негізгі баяндаушылық ойымдардан анық байқау қиын емес. «Даладағы дабылда» ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбын, дәуірдің панорамалық суретін беруде әр алуан нарратив тәсілдері белсеніп алға шықпағанымен, оқиғасы қалың, сюжеттік мерзімі ұзақ, композициялық болмысы күрделі туындыдағы адам мінез-құлықтары шешуші роль атқаратын мезеттерде автор дербес эмоционалдық аңсарын бүкпелемейді. Баяндаушы қызметін жекелеген кейіпкерлер де атқарып отырады. Мұндай эпизодтарда және орталық тұлға – Иван Васильевич Деев тұрғысынан сөз жүретін сәттерде автор мен қаһарманның сана аялары тұтастыққа жетеді әрі автор назары мен сезім әлемі персонаждар табиғатына орай психологиялық жағынан шұғыл бейімделуші қасиеті арқылы предметтік-бейнелеу жүйесіне стилистикалық толымдылық дарытады. Психологизм өрнегіне қатысты «Даладағы дабылдан» біз байқаған негізгі авторлық баяндау типтері мен формалары төмендегідей: 1) Тікелей жан дүние суреттерін бедерлейтін 1-3-жақтық (мыс., 83, 122, 130, 137, 143, 211, 212, 213-бб.) төл сөз бен төлеу сөз (мыс., 13-б.); 2) Авторлық шегіністер (25, 32, 74, 157, 175, 196-бб.); 3) Әңгімелеу (сказ) мәтіндері (8, 19, 63, 96, 275-бб.); 4) Ортақ төл сөздер (14, 77, 212, 261-бб.); 5) Публицистизм элементтері (29, 52, 60, 73, 92, 101-бб.); 6) Авторлық мінездемелер (13, 36, 44, 69, 76, 86, 99, 103, 196, 210, 300-бб.). Көрсетілген беттер қазірде, алдағы уақытта да тек басты-басты мысалдарға мегземек. Бұл аталған баяндау тәсілдеріне толық тоқталу – арнайы зерттеу ісі. Біз осы сөз ағымы телімдеріндегі кейіпкер көңіл-күйін ашуға септігі мол кейбір заматтарға ғана көз жүгіртеміз. Кейіпкер сезім ахуалын төте бейнелейтін абзацтар негізінен ықшам келсе де, діттеген мақсатына жетіп отырған. Мәселен, ағылшын инженері Харслейдің өзіне талап қоятын «жабайы» халыққа ашу-ызасы (3,83) ортақ төл сөз (қос үнді сөз) үлгісін аралас алумен кейіпкер ұғымындағы менмендікке ұласа суреттелсе, жат жұрттық «мейман» жүрегіндегі кенеттен туған қорқыныш оның «тобыр» әрекеті әкелмек қайғылы оқиғаларды еске алу ассоциациаларымен қабаттас, дәлелді көрсетіледі. «Жұрттың бәрі Махмұттан көз алмай қадалып отыр. Не деген абырой! Алаш партиясының төтенше съезіне мұны арнайы шақырған! Сақал-мұрт шықпаған жап-жас жігіт, қаршадай болып өзінен үлкен шонжар байларға, ақсақалдарға, зиялы молдаларға қандай ұлы оқиға жайын хабарлап отыр!» (3,143) – деген үзіндіде бір адам емес, бір топ адамның қылығына байланысты бір топ адамның таңырқау, сүйсіну әсері жинақталып пайымдалған. Байқазы байдың баласы Махмұттың жастығы мен ісінің «кесектігі» айналасындағы ел атқамінерлерінің әдеттегі бедел-абыройына ойша қарсы тұрып, қараңғы «ақсүйектердің» оқыған жігіт алдында ауыз аша алмай, қызғана да қызыға толғаныс кешуі автор тарапынан ирониялық әуенмен өрнектеледі. Мысқыл интонациясы жиылған қауым мұратының нәрсіздігі мен көз астынан арғыны көрмес надандыққа сәйкес өрістеген. Тек семантикалық, экспрессивтік мәніне орай қойылған оқшау леп белгілері көпшілікке тән сезім градациясын лайықты аңғартқан. Осы жерге жетекші күш қосатын – келесі абзацтағы Байқазы көзіндегі мақтаныш лебі. Әйтсе де аталмыш психологиялық құбылыс оған ғана емес, үй иесінің иықтас серіктеріне де тән екені күмән келтірмесе керек. Автор сөзі мағыналы сипатқа иеленген. Сондай-ақ эпизодтық кейіпкерлердің бірі – Ысмайылдың өлім қаупі алдындағы мазасыз шағы ешбір мысқыл ишарасын қоспай-ақ байыпты объективизммен өрнектеледі. Автор кейіпкер жан дүниесіндегі алдағы үкім жазасынан қорқу ықпалына сай өзіне де түсініксіз қарама-қайшылықты дағдарыс мезетін дәл атайды. Ысмайыл сезіміндегі үрей толқыны сана астарындағы ұшқыр интеллектуалдық үдерістер барысында тіпті асқына түседі (3, 213). Қатігез жау әдеттегі пенде ретінде қиялы арқылы болашақ әрекеттерді суреттік әрі сөздік қасиеттерімен бірдей елестету үстінде жан-дәрмен күй кешеді. Осы баяндау үлгілері персонаж сферасына бойлай еніп, оның көзқарас, түсінігіне үйлес тұрғыдан өрістейді. Бұл, анықтап қарасақ, қос үнді сөз бен автор сөзінің өте жақын араласу сәтін аңғартар, қаламгер шеберлігіне куә жолдар екені күмәнсіз. Қос үнді сөздер романда жекелеген кейіпкерлер күйініші мен қуанышын, әсіресе ызалы, шарасыз шақтарды синтетикалық психологизм үрдісінде бейнелеуге көп үлес қосады. Әңгімелеу мәтіндері дәл жоғарыдағыдай сын сағаттарға арналмағанмен, неғұрлым байсалды жағдайлардағы көңіл-күй пернелерінің сенімді үн танытуын қузаса, публицистизм элементтері көбінесе автор не қаһарманның эмоционалдық толқу заматтарын идеялық пафос, патетикалық көтеріңкі леппен ұнамды ұштастыра біледі. Әр кезде толықтырылып отыратын, субъектінің жаңа қырларын нақты іс, әрекет нәтижесінде ішкі әсер әуендерімен бірлікте қарастыратын мінездемелер ықшам да дәл. Авторлық шегіністер лирикалық «мен» және эпикалық «ол» формаларында да ұштасуымен қызықты әрі мұндай көріністер баяндау тынысына «жекелік» мотиві басым, тың ажарлы арналар қосып, сөз иесінің арман-мұрат, мінез қырларын шынайы психологиялық детальдар арқылы кестелейді. С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С. Мұқановтың «Ботагөзіндегі», 3. Шашкиннің «Тоқаш Бокині», X. Есенжановтың «Ақ Жайығы», Ә. Нұрпейісовтың «Қан мен теріндегі» сияқты М. Қаратаевтың «Даладағы дабыл» романында да табиғат суреттері көп ретте адам жан дүниесімен байланыста немесе адамның өмір, тұрмыс жағдаяттары жайлы ұғым, көзқарасымен тығыз үйлесім таба бейнеленеді. Жазушы әсіресе аспан көріністеріне, бұлт кейіпіне, қысқы дала болмысына материалды-заттық өмірден алынатын нақты, образды теңеулерді пайдаланып сөз салуға бейім. Долы боран әлемтапырық еткен Жезқазған өңіріндегі «бөрінің тұмсығынан аумайтын», «бұл тұмсықтың ақсиған аузында әлдебір сұмдық та бар сықылды» (3, 8) көрінетін бұлт шоғыры енді бірде «бейне бір төбеден» «жойдаусыз үлкен, мақталы қара-сұр көрпе сусып келе жатқандай» (3, 8-9) боп көрінеді. Метафоралық теңеу мағынасы қыр тіршілігіне тән кәсіптік, тұрмыстық детальдар нақтылығы арқылы, көзге таныс әсерлер дәлдігімен аласапыран ауыр атмосфера сипатын, ақтүтек дауылда адасқан Деев пен Жұмабай жанындағы алаңдау, қорқу сезімдерін ұтқыр кестелейді. Табиғаттың тыныштық құшағындағы сағаттарда «ұшы-қиырсыз үлкен шақпақ қант» (3, 14), «миллиондаған ақ тышқанның терісінен тігілген дәу бөстек» (3, 43) сияқтанатын қарлы өлке қақаған суық түскенде көк зеңгірін «қора-қора қой», «асау айғыр» (3, 197-198) басып, темір жол бойындағы қар басқан вагондар «меринос қой» да, «алдындағы паровоздың өзі қаңтарда көбік атып жараған қаһарлы ақ бура сықылды» (3, 240) көрінуінде жазушы қиялының ұшқырлығы, ойының терең мәнді бейнелілігі, тапқырлығы айқын аңғарылады. М. Қаратаевтың пейзаж жасаудағы бір тартымды ерекшелігі табиғат болмысы мен шығармадағы негізгі оқиғалық желіні сабақтастыратын мәнді символикалық параллелизмге ұмтылудан танылады. И.В. Деев үшін темірдей балқып қызарған батар күннің сәт сайын өріс ала түскен халық көтерілісінің туындай боп елес тастауы (3, 103) қандай сенімді көңіл-күй, шынайы ынта-аңсармен етене жақын тұрса, Байқоңырға келе жатқан жолаушылардың сол жылғы көктемнен өзгеше сыр сезуі баяндала келіп, мына төмендегідей суреттемеге ойысуы да сондай өзектес ой-сезім тізбегіне қозғау салады: «Күртік қардың астына іркілген қақ суы ертең-ақ тасып, сай-саланы сел етеді, көбігін аспанға бұрқап күшіне мінеді. Өкпек жел ертең-ақ жалау, туларды желбіретіп, қан майданды қыздыра түсетіндей. Майданнан түскен өлік-жемтіктерді аралап, қасқырдар азуын, қырандар тырнағын қайрайтын секілді» (3, 154). Бұл екі үзілімге ортақ штрих – қызыл тудың желбіреуі революциялық күрестің болашақ жеңісін тұспалдайды да, автор қалың бұқараның қасірет заманына деген ашу-ыза қуатын уақытша жасырын күйде сипаттап, алдағы шешуші айқасқа шығар қарсыластар келбетін метафоралық теңеумен бедерлеген. «Қасқырды» «қыран» аларына сенген кейіпкер (Деев) көңілі, сөз жоқ, дала суреті мен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстар тамырластығын өткір публицистикалық стильде психологиялық дәлел күшімен көркем жеткізеді. Романда аң аулауға шыққан И.В. Деевтің ой-сезім тебіренісі ретінде Ұлытау өңіріндегі «Телікөл» кескіні ерекше биік шабыт, таңырқау, табыну әсерімен суреттеледі (3, 130-131). Жазушы атап айтпаса, бұл жолдар бірінші жақтық формадағы автор толғаныстары есебінде қабылдануға лайық. Қаһарман табиғат ескерткішімен арнау үлгісінде сөйлесе тұрып, көлдің таңертеңгі, шаңқай түс, кешкі ымырт, түн жарымындағы кескін-кейпін жеке-жеке сипаттап шығады. Ол Телікөл бейнесін ұшқан аққу, шулаған нар қамыс, зар төккен құс, тереңінде шомылған жұлдыз іспетті нақты предметтік әлемнің толымды синтезін табу нәтижесінде лирикалық әуенмен өрнектейді. Көл бейнесі адамның жастық шағы, күреске толы өмірі, түрлі арман, мұраттарымен желілес көп қырлы сезім ассоциацияларын тудырады. «Тар жол, тайғақ кешудегі» «Әупілдек» көліне қатысты беттерде қасірет сарыны, саяси-әлеуметтік теңсіздік туралы символикалық параллелизм ұшырасса, бұл пейзажда неғұрлым бейбіт тіршілік сәні, алаңсыз өткен жақсы күндерге сағыныш, әсемдік көркіне шексіз сүйсіну эмоциялары ой-қиял толқынының үдей түсу екпінімен әрі асқақ рухани әсермен суреттеледі. Мұхаметжан Қаратаев романда портреттік сипаттамалардың дәлдігі мен айқындығына көңіл бөлген. Шығармада эпизодтық ыңғайда болсын, біршама арнайы түрде болсын, автор назарына түсетін В.И. Лениннен бастап, Ф.Э. Дзержинский, Я.М. Свердлов, С. Шәріпов, Ә. Жанкелдин, А. Иманов, Қ. Сәтбаев, М. Әуезов, И.В. Деев сияқты тарихи тұлғалардың ақиқат кескін-келбетін беруде нақтылық, көпке мәлім, танымал пішіндік қасиеттерді атап өту, соған ерекше мән арту байқалады. Мәселен, Ильичтің аласа бойы, ширақ қимылы, «сәл ғана тілін тістеп сөйлеуі» «үніндегі жылы мейірбандығын күшейтіп тұруы», «кішкене көздерінде адамға деген шексіз мол мейірім, терең ойлылық» көрінуі (3, 253) романдағы орталық кейіпкер И. Деев сезіміндегі отты алау, ғаламат сүйіспеншілік ықылас демімен әсерлі бейнеленеді. Белгілі өң-бітім сипаттары әрі жақыннан, әрі үлкен ыңғайда бетпе-бет кездесу үстінде суреттелуі ой-қиялдағы бейне мен шын көріністі ассоциативті түрде салыстыру, естіген деректің растығана, оған қоса аңғарған жеке психологиялық нюанстарға таңырқай қуану, осы сәттің өзі үшін тарихи мағынасына түсіне шаттану, оның өткіншілігіне кею іспетті әралуан эмоциялар мұндай уақыт жағынан шағын мезеттерге мазмұн толымдылығын дарытады. «Болаттай Феликс» атанған Ф.Э. Дзержинскийдің өзге әлпет нұсқаларынан ерекше, қырағы да сергек, терең сырлы өткір көзі оған жолығуға келген Деев қабылдау әлеміндегі толқындармен бірге автор-баяндаушы сферасының араласуы арқылы көтеріңкі интонация, риторикалық сауал рухында өрнектеледі. Жазушы көтеріліс сардарының бойындағы «спартандық қаталдық пен қарапайымдылықтың» (3, 248) тосын да жарасымды үйлесімін кейіпкер киім-киісі, қимыл-қозғалысы, айналасындағы дүние-мүлік, заттар болмысына қарай жинақтай бағалаушы көңіл, публицистік шешен тіркестер нәтижесінде жеткізе білген. Осы жақсы мағынасындағы көркем публицист элементі тағы да И. Деев ой-көңіліндегі қайран қалу сезімімен Аманкелді Иманов тұлғасын ертегілік сарынға ұластыра көмкереді. Ол сарын «айрықша бір ғажап, атты адам» (3, 93), «далада туған мына сықылды алабөтен үздік рухани жан байлығына Деев тағы да таңғажайып қалды» (3, 101), «Жеке алғанда мұның кейбір кескін сипаттары жайшылықта әркімде-ақ кездесе беретін секілді көрінеді, ал бірақ оларды бір жерге жинақтағанда, ұлы бір құдіретті де керемет образ жасап тұрғандай» (3, 94) деген тәрізді жолдардан аңғарылатын асқақ пафосты эпитет, тікелей ашық пайымдаушы сөздер табиғаты арқылы көзге ерекше шалынады. Деев Аманкелдіні терең толғаныс, батыл шешім үстіндегі Кутузов портретімен де салыстырады. Аманкелдінің нақты, статикалық пішіндемесі келтірілгенмен, ол туралы өзге субъектінің әсер, көзқарасы бойынша бедерленетін динамикалық ажар-келбеті әлдеқайда толымды, кесек. И. Деевтің сұңғыла топшылаулары халық батырының өң-қияпатын мінез-құлық, дүниетаным, әрекет, реакция барысында тұтас алып қарауға негізделуі аталмыш көркемдік телімді портрет – характер дәрежесіне көтереді. Байқоңыр ревкомының жасырын мәжілісіндегі қызу талас, әңгіме үстінде Сабыр Шәріпов пен Жүсіп Жанбосыновтың бет-жүз құбылыстары, қол, саусақ қимылдары ықшам да астарлы қамтылуы (3, 194–195) динамикалық психолизм ұстанымдарына лайық деңгейден табылған. Шығармадағы негізгі қаһармандар портретін мүсіндеу үдерісіне қатысы мол И. Деевтің өз пішіндемесі сирек ұшырасады. Оның түрме тауқыметінен кейін шарайнадан кездейсоқ өз түр-тұрпатын көріп, шошынатын сәті (3, 31) тура осыған ұқсас күйдегі Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуден» мәлім автопортретін еске салады. Көрініс сипаты, баяндауың «мен» формасы, эмоционалдық толқу мазмұны да дәуір және адам, тағдыр арасындағы терең тамырластық сырын ашудағы қаламгерлік мұрат жақындығын айғақтамақ. М. Қаратаев Ә. Жанкелдин (3, 167), С. Шәріпов (3, 242), Ахмет ишан (3, 14, 7, 289) сияқты т. б. кейіпкерлер пішіндемесін беруде олардың бет-бейнесіндегі өткен уақыт пен қазіргі мезет арасында болған өзгеріс мәнін көрсетуге ұмтылатын психологиялық салыстыру тәсілін жиі қолданады. Сонымен қатар автор мінез, іс-әрекет, түр-тұлға жағынан ұқсас адамдар арасындағы әлеуметтік, генетикалық байланыс сырынан хабар беретіндей жұп портреттер (мыс: 3.5, 210, 217, 230, 231), топтық портреттер (3. 82, 108, 179) жасауға да шебер. «Ешкі сақал» (3, 142), «дудар бас», «қаба сақалды» (3, 243), «бұйра шаш» (3, 247) тәрізді метонимиялық портрет детальдары уақыт панорамасын кең елестетумен қатар қаламгер назарының жіті аңғарғыш, даралағыш, кісі танығыш қасиеттерін паш етеді. Дарынды сыншы ғана емес, талантты жазушы М. Қаратаевтың көркемдік ойлау әлемі барынша тыңғылықты аңғарымпаздықпен, тіл өрнегімен тартымды көрінеді. Кім қай заманда өмір сүрсе де, жақсы адам жақсы, жаманы сорақы күйін танытпай қоймайды. Қаламгер қаһармандары да өз заманындағы ұждандық идеологемалар тұрғысынан бүгінгі күндегі талғам-талапқа сай қабылданады. Шынайылық жазушы бағамының дұрыстығын уақыт сынынан әрдайым қорғап қалатындай. Мұхаметжан Қаратаев ұзақ өмір сүрді, бірақ зілдей ауыр тағдыр тауқыметін арқалаумен жүрді. Өзінің 37-дегі қуғын-сүргінге ұшырағанына қарамастан, оны айыптаушылар да кездесті. Дана бітімді қаламгер замана талқысына бір кісідей шыдап бақты. Сыншының тәуелсіздік дәуірінде еркін қалам сілтеуіне жас мөлшері жібермеді. Таланты толысқан жылдары не қамауда, не ұраншыл мезгілдің ығымен жансебіл күй кешті. Марапат, атақ, дәрежелер иесін тауып жатты. Алайда ол өмірдің қайсыбір қаталдығына наразы қалпын ашық білдіре де алмай, ішінен тынды. Әділетті тарих әдебиет жүрегінің тамыршысын қатардан ығыстыруды жөн көрмейді. Өйткені ол – қайсар жанды Мұхаметжан Қаратаев. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Қаратаев М. Бетбұрыс белестері. – Алматы: Алатау, 2005. 2. Қаратаев М. Саттармен ұшырасқан сәттер // Саттар Ерубаев. Менің құрдастарым. Шығармалары. – Алматы: Жалын, 1979. 3. Қаратаев М. Даладағы дабыл. – Алматы: Жазушы, 1981. ______________________________¬¬¬¬¬________ Майтанов Бақытжан 1974 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. ҚазҰУ-да профессор, кафедра меңгерушісі болды. Қазақ энциклопедиясында бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Қазір М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

1646 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз