Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 05 Қазан, 2017

Мемлекет басшысы Ақтөбедегі «Жұбановтар әлемі» орталығына барды

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жұбановтар әлемі» орталығына барды. Ағайынды Жұбановтардың жеке заттары, қолжабалары қойылған үйде Елбасы өңір белсенділері мен өнер адамдарымен кездесті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне  сілтеме жасап  Kazgazeta.kz.

 Ақтөбедегі «Жұбановтар әлемі» орталығын бүгін Нұрсұлтан Назарбаев аралап көрді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған орталықты «Максимум» ЖШС-і салды. Облыстың 85 жылдығына жасалған сый. Көрнекті ғылым және өнер қайраткерлері ағайынды Жұбановтардың шығармашылық мұрасын дәріптеп, дарынды жастарды өнерге баулитын үй. «Жұбановтар әлемі» орталығы 3 қабаттан тұрады. Мұнда 80 адамға шақталған көрермен залы, биік сахна, оркестр залы бар. Мемлекет басшысы облыстың өнер адамдары, ақын-жазушылар мен меценаттармен кездесті.

«Әлем көз алдымызда өзгеруде, біз сол өзгерістердің ортасындамыз. Жаңа ғылымдар пайда болып, тың көзқарас қалыптасуда. Барлық реформалар, соның ішінде қоғамдық сананы жаңғырту үдерісі замандастарымызды жарқын болашаққа дайындау үшін жасалуда. Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысының халқы екі есе өсті. Осы көрсеткішті арттыру мақсатымен мұнда тұтас шағын аудандар мен қажетті инфрақұрылым салынуда. Барлық жағдай жасалып жатыр. Тұрғын-үй, жол салынып, газ бен су құбырлары тартылуда. Сол сияқты бүкіл Қазақстан аумағы жол желісімен қамтылады. Міне, даму дегеніміз – осы. Мұны адами даму деуге де болады», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары Құдайберген, Ахмет пен Ғазизадан бөлек Жұбановтар отбасында ондаған ғалым дүниеге келген. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жұбановтардың өмірі мен шығармашылығына арналған музейді тамашалады. Оған ағайынды Жұбановтардың жеке заттары мен қолжазбалары, кітаптары қойылған. Ахмет Жұбановтың сахнаға киіп шыққан фрагы мен қалпағы да тұр.

Фото: Ақтөбе облысы баспасөз қызметінен

1269 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз