Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 05 Наурыз, 2018

Көне эпостың құрылымдық ерекшеліктері

Ерболат Баят, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және  өнер институты

Эпос – көлемді пішін мен ауқымды мазмұнның жиынтығы. Бір сөзбен айтқанда, әр түрлі сюжеттердің жиын­ты­ғы, алуан оқиғалардың қоспасы. Міне осылар белгілі бір пішінді құрауы керек. Тар мағынасында пішін деп отыр­­ғанымыз – композиция. Әдебиет теориясы бойынша, пішін мазмұнды, кері­сінше мазмұн пішінді таңдайды, әрі ай­қындайды. Екеуі де шығарманың идеясына қызмет етеді. Эпикалық жыр­лар ауызша жасалып, таралғанымен, ол бәрібір де көркем әдебиеттің үлгісі ре­тінде қарастырылатыны сөзсіз. Эпос – басы бүтін бір үлкен сюжеттің тұтастығын білдіретін көлемді жанр. Ол сюжет негізінде бір ғана кейіпкердің айналасына топтастырылады және осыған қатысты басқадай оқиғаларға бөл­шектенеді. Композиция – эпикалық жырдағы оқиғалардың орна­ласу тәртібін, сол оқиғаға тікелей қа­тыс­ты кейіп­керлердің образын берудегі көркемдік тәсілдерді қадағалайды. «Сол себепті эпикалық шығарма композициясы та­қы­рыбына, идеясын, проблеманың қойылысымен, оның шеберлікпен ше­ші­луіне, образдардың орналасуымен олар арасындағы тартыстың дамуына қа­рай... зерттелінеді» [ 1, 43]. Эпикалық жыр – басы, аяғы бар бір бүтін шығарма. Жырдың басталу үлгісі эпи­калық-көркемдік заңдылыққа негізделеді. Бір сөзбен айтқанда, эпикалық жырлардың экспозициясында тұрақтанған шарттылық басым. Әлемдік эпостың көптеген үлгілері сияқты, қазақ жырларының экспозициялық дағдысы бар. Біз эпостың байырғы бастау­ларының бірі болып саналатын «көне эпос­тың» композициялық, құрылымдық ерек­шеліктерін сөз еткенде, ежелгі мифтерді, ерте­­гілерді ескермей кете алмайтынымыз секілді, одан бергі заманда қалыптасқан қаһармандық, лиро-эпостық жырларға да тән белгілерді салыстыра қарастырамыз. Өйт­кені, эпостық жырлар стадиялық даму деңгейі тұрғысынан әрқилы болғанымен де, сюжетке, образға, композицияға қатысты ұқсас сарындар басым келеді. Өзге эпостық жырлар секілді қазақтың көне эпосында да композициялық құрылым өз ретін сақтаған. Жырдың экспозициясында жырлаушы адам тарапынан «орындаушылық баяндауға» аз орын беріледі. Эпикалық жыр­лардағы көркемдік уақытқа қатысты келелі ой білдірген Б. Н. Путилов біз айтып отырған осы «орындаушылық баяндауды» «баяндау уақыты» /повествовательное время/ деп атаған [2, 33]. Жыршы жырдың негізгі оқиғасын баян­­дамастан бұрын өзі туралы ақпармен тың­дарманын құлағдар етіп кетеді.

...Кеңесін «Құламерген» өлең қылдым, Тыңдаңыз, өңкей абзал шаһзадам. Жазғушы Әбдірахман менің атым, Әр жерге мағлұм болсын жазған хатым.  (Құламерген). ...Жүсіпбек қожа сөйлейді, Жамағаттар қолдаса

(Хикаят рисала Мұңлық-Зарлық). Мұндай «орындаушылық баяндау» тә­сілі барлық жырларға тән емес. Айталық, «Дотан батыр», «Құбығұл» жырларында негізгі та­қырыпқа қатысты жырдың не жайын­да, кім турасында екендігі, қай заман­да болғандығы ха­қында бірден бастап кетеді.

...Кешегі Ормамбетхан заманында, Өтіпті Құбақанбай жапан түзде.  (Дотан батыр). Көк Еділдің бойында, Уәли деген хан болған  (Құбығұл).

Эпос қаһарманының туып өскен орта­сын, ауыл-аймағын, әлеуметтік тегін баяндау басқа да түркі тілдес халықтардың жырларына тән қасиет. Бұл – эпоста тұрақтанған форма. Ал­тайлықтардың «Маадай-Қара» жыры осылайша Алтайдағы жырғаулы өмірді, соның иесі алып батыр Маадай-Қараның тұрмыс-тіршілігі, үй-жайы, әйелі – Алтын-Тарга, осы өзен-сулы өлкедегі жеті салалы, алтын бұтақты, күміс жапырақты алып Бәйтерек, оның бұтақтарына қонған жақ­сылықты, жаманшылықты сезіп, хабар бе­ретін көкек құстары, үш әлемді бақылап отырған мыс бұтақтағы қос бүркіті, жер асты елінің билеушісі Ерлік-би мен қара ниетті аруақтардан /шулмус/ қорғап тұратын Азар, Қазар атты тайғыл төбеттері, бір шеті Айбыстанмен /Жер асты патшалығы/, енді бір шеті Қурбыстанмен /Аспан әлемі патшалығы/ шектесіп жатқан атқорасы түгелімен суреттеледі. Сол сияқты ойрад жырларының экспозициясында Алтай мен Хангайдың сұлу табиғаты айрықша жырланады. Олардың ескілікті нанымы бойынша «Алтай мен Хангайды жырға қоспаса, мадақтамаса, олардың киесі атады -мыс». Мұны «Алтай-хангайн магтаал» деп атайды. Осыған қарағанда, әр халықтың жырлау үлгісіне сай, олардың наным-сені­міне сәйкес, сол халықтың эпикалық жыр­ларының композициялық құрылымы өзінше болып келетіні дау тудырмаса керек. Жырдың негізгі оқиғасын баяндамастан бұрын, «кіріспе сөзбен толғау» алтай, тува халықтарында да бар көркемдік дәстүр. Алтын бұтақты «Бәйтерек» түркі-моң­ғол халықтарының көне эпосында жиі кездесетін символдық мәнге ие қасиетті ағаш. Ол үш әлемді жалғастырып тұр­ған «өмір ағашы» іспетті. Ежелгі миф­тік түсінік бойынша, ол – жердің кін­дігі. Якуттардың олонхосында да адамдар мекен еткен өлкеде «Аал Дууп Мас» деген алып ағаш өсетіндігі, оның тамыры «төменгі әлемге» жетсе, тіні «ортаңғы әлемді» бойлап, күміс бұтақтары «жоғарғы әлемді» көмкеріп тұра­тындығы тілге тиек болады. Сол сияқты, буряттардың «Гэсэр» эпосында да әлгіндегі әлем ағашы туралы айтылады: «Қасиетті ағаштың тоғыз бұтағы бар еді, Гэсэрдің ерлігі де тоғыз бұтақты /тармақ/ еді, сол ағаштың тіні сұрғылт болса, шырақтары сары жапырақтардай еді» [3, 21,15] Тыңдарманын жырға қайыру мақса­тында айтылатын «орындаушылық баян­дау» үлгісінде үгіт-насихат та, діни-филосо­фия­лық астарлы ой да айтыла кететін тұстары кездеседі: «Әуелі сөзді бастайын, ісімді Құ­дай оңдаса..», «Биссмилла сөздің анасы, күллі сөздің данасы», «қисық ағаш түзелер, тезге салып морласа, Ақыретте сауап жоқ, айтатұғын жауап жоқ, жетім-жесір ғаріпті, кемсініп, оны қорласа... пенденің бақыты ашылмас, маңдайы қалың сорласа... Әй­теуір ажал келеді, тағдыр жетсе бір күні», «Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда». Мұндай пәлсапалық толғаулы сөз Жүсіпбек қожаның нұсқаларында кез­деседі. Аталғандай «орындаушылық баяндаулар» жырлаушы тарапынан, дін исламның әсерімен кейіннен қосылған қоспа екен­дігі даусыз. Бұл да қазақ жырының өзіне тән композициялық ерекшеліктерінің бірі болып саналады. Көне эпостың экспозициясында негі­зінде бас қаһарманның әке-шешесі, оның қисапсыз байлығы, ауыл-аймағы, елді мекені туралы баяндалатын әдепкі құбылыс бар. Оның әкесі хан немесе бай болуы шартты. Олардың төрт түлігі есепсіз. Байлығында шек жоқ. Бірақ, ханның немесе байдың ішінде бір зарлы мұң бар. Сөйтсе, ол ұрпақсыз екен. Көп­теген жырлардың экспозициясында «баласыздықтың әшкереленуі», «қубас атануы», «баласыздықтың зары» секілді әлеуметтік мәні бар мәселелер жырдың композициялық құрылымында елеулі қызмет атқарады.

Алпыс қатын алса да, Бір перзент болмай бәрінен, Қайғылы болды Шаншар хан (Мұңлық-Зарлық) [4,10]. ...Кәрілікке маталды, «Қу бас хан» халыққа аталды... (Құбығұл) [4,187].

Жырдың басындағы негізгі сюжетке қа­тыс­сыз ситуациядағы баяндауда бас қаһарманның ата-анасы туралы хабар беру қазақтың көне эпосында да тұрақтанған бөлшек. Олардың перзентсіз болмауы да заңды емес. Тіпті ұл-қызы көп болуы да мүмкін.

Өзінің Құдай берген дәулеті көп, Қырық ұлы, қырық қызы бар, көңілі тоқ... (Дотан батыр) [4,121].

«Қисса Құламерген» жырында мұ­хит­­­тың ғазар деген аралында тұрып жат­­­қан Құламергеннің отбасы туралы баян етіледі. Оның Күнайым деген сұлу әйе­лі, Жоямерген деген ұлы мен Шәрипа атты қызының бар екендігі айтылады. Жыр­лардың экспозициясындағы бейбіт өмір, қалыпты тіршілік, қозғалыссыз уақыт алда болатын оқиғалардың негізгі алаңы іспетті. Жыршы тыңдарманға үлкен жырдың әлі баяндала қоймаған қат-қабат сюжеттік оқиғаларына қатысатын адамдар туралы мәлімет беріп кетеді. Бұл – композициялық заңдылық, әрі психологиялық мотировка. Жыршы кейіпкерлердің әлеуметтік тегін де ұмыт қалдырмайды. Олар патша, хан, немесе мерген. Көне эпостағы кейіпкердің шаруашылық негізі, әлеуметтік ортасы аңшылықпен күн көрген мерген болады. Эпос­тағы мерген бейнесі – ертегілік сарын­нан, ерте замандағы аңшылық кәсіптен қалған жұрнақ. Көне эпоста мифтік сарын, ескі өмірдің елесі басым екендігі даусыз. «Бұл шығармалардың басты қаһармандары таңғажайып оқиғаларға кездесіп, жердің асты-үстін шарлап, алдына қойған мақсат-мүддесін іске асырудың жолын іздейді, сол үшін бар күшін сарп етеді. Құламерген мен Жоямерген арамдыққа, зұлымдыққа қарсы тұрып, жарқын өмір үшін бел буып, күреске шығады» [5, 64]. Әдетте көне эпоспен салыстырғанда, қазақтың батырлық жырларының денінде эпос қаһарманының әке-шешесін, ел-жұр­тын, туып-өскен мекенін, сән-салтанатын, ағыл-тегіл байлығын, ақтылы қойын, алалы жылқысын, мыңғырып жатқан қисапсыз малын суреттеу кең көлемде жырланады. Бір сөзбен айтқанда, көне эпоста эпикалық баян­даудың шарттылығы кемшін. Ол ер­те­гілік сипатқа жақынырақ. Айталық, «Қобыландыда» (барлық нұсқалары), «Ал­памыста» (барлық нұсқалары), «Құбығұлда» (Н.Байғанин нұсқасы), «Қарабекте» (Бітім­баев нұсқасы), «Шора батырда» (Ди­баев нұсқасы), «Ер Сайында» (Радлов, Бай­тұр­сынов нұсқалары) батырдың руы, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі, туған-туыстары да тегіс ай­тылады. Жырдағы оқиғалардың орналасу тәртібі бойынша, байланыссыз ситуация өр­бімек емес. Экспозициядағы тыныштық қалып бұзылады. Қозғалысқа түседі. Алда болатын оқиғаның себебі айтылады. Жыр­дың соңында, соның салдары белгілі болады. Қазақтың көне эпосындағы оқиғаның байланысы өте тосын жағдайға байланысты болып келеді. Ешкім күт­пеген жағдайға тап болады. Айталық, «Мұ­ңлық-Зарлық» жырында баласыз өтемін бе деген Шаншар хан елге жар салып, бір ұл, бір қыз тауып беретін қа­лың­дық іздеп, соған кепіл берген Жәудір шалдың жалғыз қызы Қаншайымға үйленуімен байланысты болса, «Қисса Құламергенде» Құламергеннің әйелі Кү­найымның алтын шашының дарияға ағып, оны падишаның көруі, содан, ғашық болуы арқылы көрініс табады. Құламергеннің басынан өткен сан қырлы оқиғалардың байланысы кейінірек баян­далады. «Патшаның жүз палуаны ұйық­тап жатқан Құламергенді байлайды. Бұл – эпикалық шығарманың сюжеттік бай­ланысы. Осы сәттен бастап отбасына төнген қауіп-қатерді сезген Құламерген іс-әркетке көшіп, белсенді тұлғаға айна­лады» [4, 314]. Адамзат дамуының тым ерте кезеңінен хабар беретін қазақтың көне эпосының бірі «Қисса Дотан Құбақанбайұлы». Елсіз айдалада өмір сүріп жатқан Құбақанбайдың қырық ұлы, қырық қызы басқа елді іздеп шығып, тоғайда түнеп жатқанда, жалмауызға кездесуі, оның шартына келісуі Дотан ба­тырдың алда көретін, бастан кешетін сан түрлі қатерлі өткелдеріне себеп болады. Бір сөзбен айтқанда, Дотан батыр Күнікей сұлуды жалмауыздың тапсырмасымен оның қойған шарты бойынша іздеп шығады. Ком­позициялық мұндай байланыс қазақтың классикалық, ғашықтық дастандарында жоқ. Онда бас қаһарман өз еркімен іздеп шығады. «Құбығұл» жырында ерте есейген Құбығұл түсінде бір сұлу қыз көріп, соны іздеп аттануы осы классикалық жырлардағы оқиғалық байланысты еске түсіреді. Алайда, «түс көру» – көне мотивтің бірі. «Ал, түс көр­ген кейіпкер белсенді әрекетке, іс-қимылға көшеді, демек сәуегей түс кейіпкер әре­­кетінің себебі (мотировка) болады, көп­­­­теген оқиғалар кейіпкер түс көргеннен кейін ғана орын алады, демек бұл типтегі түс сюжеттің әрі қарай қозғалып дамуына себеп болады, яғ­ни, ди­намикалық қызмет атқарады» [6,192]. Көне эпостың композициялық құры­лымы мейілінше таңғажайып оқиғаларды жарыс­тыра беруге бейімді. Бірінен-бірі туын­дап жата­тын әртүрлі ситуацияларды тіркестіре беру­­дегі композицияның атқаратын қызметі айрықша. Бас қаһарманның айналасына топтасқан кейіпкерлердің іс-әрекетінен туын­дайтын оқиғалардың жиынтығы эпос­тың сюжеттік қабаттарын құрайды. Жыр композициясы бас қаһарманды бір оқиғадан аман сау өткізіп, келесі бір оқиғаның ортасына апарып тастайды. Батырға кейін шегінерге жол жоқ. Оның барлық іс-әркеттері негізінде өрбу, даму үстінде болады. Көне эпостың кейіп­керіне адам сенгісіз, таңғажайып оқи­ғаларды басынан өткеруге тура келеді. Сю­жеттің дамуы белгілі бір шегіне жетуі керек. «Мұңлық-Зарлық» жырында алтын ай­дарлы бір ұл мен бір қызды дүниеге әкел­ген Қаншайым қастандықтың құрбанына айналады. Мыстанның кесірінен «бала емес, иттің қос күшігін тапты» деп жала жабыл­ған Ханшайым иен аралға аластатылса, екі баласын мыстан суға лақтырады. Ғайып ерен қырық шілтеннің жебеуімен екі бала аман қалады. Ол екеуіне Мұңлық және Зарлық деген есім береді. Жырдың композициялық құрылымындағы толық бір сюжет осылай аяқталады да, одан әрі қарай алпыс қатынның айтқанына көнген мыстанның оларды өлтіру мақсатында келіп Мұңлыққа ағасы Зарлықты Күлмес ханның еліне жіберуі туралы азғы­румен уақытша түйінделеді. Осылайша дамыған оқиға ендігі жерде Зарлықтың алпыс күндік алыс сапары жайында баяндайды. Күлмес ханның қызы Құралайды қара дәуден құт­қарған Зарлық отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап үйленеді. Бұл – жырдағы оқи­­ғаның шарықтау шегі. Әдетте көптеген жыр­ларда бұл ситуация жырдың финалы бо­лып келеді. «Қисса Құламерген» жырында ертегілік сарынның мол кездесетіні белгілі. Ең әуелі әкелі-балалы екеуінің ерлігі елі-жері үшін соғыс емес, отбасын жауыз күштерден қор­­ғау, адам баласының тылсым дүниенің ие­сі жауыздарды жеңіп шығуы. Сонымен бір­ге, тақы­рыптық идеясы жұбайлық некені дәріптеу, қалыңдық үшін күрес. Осы сюжет барлық халықтардың көне эпо­сын­да сақталынған. Қазақ ауыз әде­бие­тін­де «Құламерген» атты ертегі және қара­қал­пақтарда жыр бар. Олар­дың ара­сындағы айыр­машылық туралы Р. Бер­дібаев, Б. Әзі­баева айтқан [4, 319]. Жалпы, қазақтың эпикалық жырла­ры­ның композициялық құрылымы біртектілеу бол­ғанымен, өзара байланыста. Арғы тіні бір. Т. Сыдықов былай дейді: «Қазақ­тың эпи­калық шығармаларының композициясы жайына зерттеу жасағанда, уақиғаларды баяндау, сипаттау және сөйлету тәсі­імен суреттелінетіндігін көрсетеді. Баян­дау тәсілі көбінесе шайырдың, бақсы-жыраудың өз сөздері арқылы бе­рі­леді. Сипаттау тә­сілі дастандағы кейіпкерлердің іс-әрекеттерін, түр-түсін кескіндеу арқылы беріледі. ...Батырлық жырлардың ком­позициялық құрылысы өзінің пайда болуы жағынан халық ерте­гілерінің сюжет құрылысымен бай­ланысты келетіндігін де көрдік. ...Әдетте эпикалық туындының басталуы да, аяқталуы да ақын, жыршы сөздерімен беріліп отырады» [5, 90]. Бұл арада ертегілерден беріректегі көне эпос­тың сарыны, құрылымдық негізі қаһар­мандық эпосқа арқау болды десе тіпті де жөн болар еді. Қазақ эпосының композициялық ерекше­ліктерінің бірі әрине қайталаулардың орын алуы, керек жерінде жыршының атынан айтыла кететін мақал-мәтелдер, діни-наси­хатшылдық тіркестер, афоризмдер болады. Мұндай қоспалар оқиғаны неғұрлым түсінікті етіп, оның бояуын қалыңдатып, ком­по­зициялық құрылымды ыңғайына кел­тіру үшін қажет. Қорыта айтқанда, қазақтың эпикалық өзге жанрлары сияқты көне эпосындағы барлық оқиғалар тізбегі композициялық заңдылыққа бағындырыла отырып, өзінің байырғы мифтік, ертегілік қалпын сақтаумен бірге бел­гілі мөлшерде қаһармандық сарынды да бойы­на жинақтаған деуге болады.

Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Атымов М. Идея және композиция. – Алматы: Ғылым, 1970. – 228 б. 2. Путилов Б. Н. Героический эпос и действительность. – Л, 1988. – 223 с. 3. Гэсэр. – Улаанбаатар: УХГ, 1986. – 209 х. 4. Бабалар сөзі: Жүзтомдық. Көне эпос. Т. 52. – Астана: Фолиант, 2008. – 349 б. 5. Қазақ фольклорының поэтикасы. –Алматы: 2001. – 221 б. 6. Әзібаева Б. У. Қазақ эпосының сю­жеттері. – Алматы, 2014. – 565 б.

7700 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз