Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 07 Қыркүйек, 2018

3-мыңға жуық отбасы «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсына қатысты

Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшелері (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) және ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсын өткізу сұрақтарына арналған баспасөз конференциясы өтті. Бұл туралы ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия хатшылығы хабарлайды.

Іс-шараға ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат СҮЛЕЙМЕН, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек СМАҒҰЛ, Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА қатысты.

Еліміз 2013 жылдан бері жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде «Отбасы күні» мейрамын атап өтеді. Мемлекет Басшысының өкімімен жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы (бұдан әрі – Конкурс) осы атаулы күнге орай мәреге жетеді.

Конкурс осымен бесінші рет өткізілуде.

Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен атап өткендей, биыл Ұлттық конкурсқа 2952 отбасы қатысты, бұл көрсеткіш 2014 жылы өткен алғашқы байқаумен салыстырғанда 2,3 есеге көп.

Өзінің бес жылдық тарихында Конкурсқа 11 993 отбасы қатысса, оның 60 % (7172 отбасы) ауылдық жерде тұратын отбасылар. Сондай-ақ, барлық қатысушылардың 37 % (4479) көп балалы отбасылар, 18% (2128) жас отбасылар, 17% (2076) еңбек әулеттері және 7% (822) басқа ұлт өкілдері.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова брифингке қатысушыларға Конкурстың ақтық сынына шыққан 16 отбасы туралы әңгімелеп берді.

Бүгінде Ұлттық комиссия отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыру, балалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда әкенің рөлін нығайту мәселесіне қоғамның назарын арттыру, «Рухани Жаңғыру» аясында ұрпақтың білімге құштарлығын ояту сияқты жайттарға ерекше назар аударуда.

Бұл туралы Ұлттық комиссияның мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл айтып берді.

«Мерейлі отбасы» конкурсының финалдық кезеңінде жеңімпазды анықтауға СМС-хабарлар арқылы және kaztube.kz сайтында интерактивті дауыс беру арқылы еліміздің барлық азаматтары тікелей қатыса алады.

Дауыс беру қорытындысы 2018 жылғы 8 қыркүйекте «Қазақстан» ОКЗ-да өтетін салтанатты жиында жарияланады. Жеңімпазға «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының лауреат атағы беріледі.

1144 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз