Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 23 Қараша, 2018

Академикке тосын сый жасады

Алматыда "Ұлттық кітапхананың" Н. Дәулетова атындағы залында еліміздегі гигиенист-нутрициолог ғалым, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Төрегелді Шармановтың өмір жолы мен еңбекте жеткен жетістіктерін бейнелейтін «Қас-қағым...» атты мақалалар мен суреттер топтамасынан тұратын кітаптың тұсаукесері өтті. Бір қызығы бұл кітап туралы академик Т. Шармановтың өзі мүлдем хабарсыз болған. Бүгін қонақ ретінде шақырылып, өзі туралы жазылған кітаптың тұсауы кесілгенде таң-тамаша болды. Шара барысында сөз алған "Атамұра" коорпорациясы ЖШС Президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед Төрегелді Шармановтың өмір жолына тоқталып,  оқырман қауымға кітапты таныстырды. Төрегелді Шарманұлы Шарманов 1930 жылы 19 қазанда Қарағанды облысының Ұлытау ауданында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген. Медицина ғылымының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының және Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті, ДДҰ тағамтану жөніндегі сарапшылар комитетінің мүшесі. Оның жетекшілігімен 56 докторлық және 170 кандидаттық диссертация қорғалды. «Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған. ДДҰ-ның Л.Бернард атындағы сыйлығын (2005) және «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» атты еңбектер топтамасы үшін Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері. Кітапта Төрегелді Шарманұлының өмірі мен қызметін көрнекі бейнелейтін фотосуреттер топтастырылған, сондай-ақ, еліміздің белгілі қоғам, өнер қайраткерлерінің академиктің өмірі мен еңбек жолына арнаған мақалалары жарық көрген. Кітаптың таралымы-2000 дана. Төрегелді ШАРМАНОВ, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі: -Халық алындағы, ұлт алындағы жауапкершілікті ұмытпау керек. Мейлі қарттық шаққа келсең де. Физикалық күшім жеткенше ұлт үшін қызмет етуден жалықпаймын. Жастар сол жауапкершілікті ұмытпауы керек. Бүгін тұсауы кесіліп отырған кітап мен үшін бір тосын сый болды. Оны жазып, маған тарту еткен Құл-Мұхаммед әулетіне алғысым шексіз. Осы кітаптың басы-қасында болған Құл-Мұхаммед Рақымғали Абрарұлы бауырымды да ерекше айтқым келеді. Өмір қас-қағымда өте шығады. Бірақ, сол сәттің ішіне адамның ғасырға толы өмірі сыйып кетеді. Осы сөзді  кітаптың негізгі атауына айалдырудың өзінде философиялық мағына жатыр. Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ (суреттерді түсірген автор)

3195 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз