Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 11 Сәуір, 2019

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор: Терминология дамымай – тіл өрістемейді

Қазір термин жасаумен негізінен қазақтілді салалық мамандар, филологтар, журналистер мен аудармашылар айналысады. Бірақ терминологиялық сөздік жасап, өз саласының термин жүйесін ұдайы жетілдірумен айналысып жүрген жекелеген мамандар болса, көпшілігі белгілі бір қажеттілік туындағанда ғана терминге балама іздеуі мүмкін. Термин жасау үшін ешкімге арнайы құқық немесе диплом берілмейді. Сондықтан соған қабілеті, көңіл қалауы болса, әркім термин жасауы мүмкін. Негізі термин жасаумен терминжасам процесінің қыр-сырын жақсы меңгерген сала мамандары, тілшілер мен терминтанушы ғалымдар, практик аудармашылар айналысқаны жөн. Бізде әр салада аз да болса ондай мамандар бар. 

– Бүгін, яғни сәуір айының 11-і күні ҚР Пар­ламенті ҚР Мәдениет және спорт ми­­нистрлігімен бірлесіп «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» деген та­қырыпта республикалық ғылыми конференция өткізуді жоспарлап отыр екен. Конференция қарсаңында терминтанушы маман ретінде өзіңізбен сұхбаттассақ деп едік. Сіз де қатысатын шығарсыз? – Жақсы, рақмет! Иә, қатысамыз. – Латын графикасына негізделген әліпбиге көшу туралы жарлық шыққалы бері терминология мәселесі де жиі көтеріле бастады. Осының негізгі себептері неде? – Оның басты себебі шет тілдерінен енген мыңдаған кірме терминдерді бұрын орыс тілінен тікелей қабылдап, дәл солардың орфографиясы бойынша таңбалап келгенбіз. Ондай терминдерді ұзақ мерзім қолдан­ғандықтан оларға көзіміз де, құлағымыз да үйреніп қалып еді. Енді солардың едәуір бөлігін бұрынғыдай айтып, жазу мүмкін болмай қалды. Себебі жаңа әліпбиден ё, ь,ъ, ц, щ, э, ю, я сияқты кірме дыбыстар алынып тасталды. Орыс тіліндегі қалпында айтып, жазып үйренген ұрпақ оларды қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп жаңаша жазуға бейімделіп, қабылдай алмай жатыр. Кезінде ХХ ғасырдың 20-30 жылдары орыс тілінен енген сөздерді қазақ қауымы орыстар сияқты акцентсіз айтып, қатесіз жазуға қалай қиналса, 70-80 жылдан астам орыс тіліндегідей айтып-жазуға әбден машықтанған бүгінгі қазақ енді оларды өз тіліне бейімдеп айтуға дәл солай қиналып жатыр. Қазір көпшілік пен мамандар арасында түрлі пікірлердің айтылып, жаңа әліпби мен емле ережелерін жатырқап жатуының бір қыры осымен тікелей байланысты. Таңбаның, әліпбидің ұлт санасына, оның жазу-сызуына қалай әсер ететінін осыдан анық көруге болады. Сол себепті тәуелсіз ел ретінде мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің терминологиялық қорын дамытудың бағыт-бағдарын дұрыс белгілеп, тілдің әр дыбысының сақталуына, ұлт тілінде жасалған немесе шет тілінен енген әр терминнің жазылуына мұқият болуға тиіспіз. Әйтпесе, кезінде саяси сыңаржақтық салдарынан бұрмаланған тіл заңдылықтарын түзетуге беріліп отырған қазіргі тарихи мүмкіндікті ұтымды пайдалана алмағандығымыздың салдарынан, біздің бүгінгі жіберген қателерімізді келер ұрпақ түзетіп әуре болады. – Елімізде латын әліпбиіне көшу шарасы қызу жүріп жатыр. Тіл мамандары, ғалымдар тиімді жақтарын айтып жүр. Қарсы шығып жатқандар да жоқ емес. Сіздің айтар ойыңыз қандай? – Мен де көптеген әріптестерім сияқты о бастан латынға негізделген әліпбиге көшу жағындамын. Алайда әліпби мен ұсынылып жатқан емле ережелерінің бірқатар тұстарын әлі де жетілдіре түсу қажет деген пікірдемін. – 10 әріптің қысқаруы терминдер емлесіне қалай әсер етеді? Қысқарып кеткен әріптер көптеген терминдерде кездеседі. Мәселен, медицинада «ц» әрпінсіз аяқ алып жүру қиын… – Осы «медицина» сөзінің өзі алғаш пайда болған латын тілінде «medicinа», ал қазіргі ең кең тараған ғылым тілі саналатын ағылшын тілінде «the medicine» деп жазылады. Ендеше, неліктен біз түпнұсқа тілден алшақтап, әрі сол өз тілімізде жоқ дыбысты өзге тілден алып, орыстар сияқты «медицина» деп жазуымыз керек? Ағылшындар сияқты «medicine» деп алсақ, дыбысталуы жағынан бізге анағұрлым жақын ғой. Ағылшын тіліндегі «Caesar» (Цезарь),«сircus» (цирк) сөздерінің жазылуы туралы да соны айтуға болады. Соңғысын жаңа емле бойынша «сіrk» түрінде жазу ұсынылып отыр. Негізі біз де кез келген өзге жұрт секілді кірме сөздерді өз тілімізге икемдеп алуға үйренуіміз керек. – Әліпбиде әріп санының 42-ден 32-ге қысқарғаны жоғарыда өзіңіз айтқандай көпшіліктің назарын аударып, түсініспеушілік тудырды. Бұның қатарында «і» және «и» әріптерінің бас әрпі бірдей таңбалануы, «ш» мен «ч» әріптерінің диг­рафты таңбалануы да бар. «Бір әріп – бір таңба» ережесі неге сақталмады? «Ә», «ғ» сияқты әріптер акутпен берілсе, «ш» мен «ч» неге қос әріпті күйінде қалған? Осы тұрғыда сіздің пікіріңізді білсек. – Қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән емес, басы артық кірме дыбыстар таңбаларының жаңа әліпбиден орын алмауы дұрыс деп ойлаймын. Ал «і» және «и» әріптерінің бас әрпі бірдей таңбалануы мен «ш», «ч» әріптерінің диграфтармен берілуі жөніндегі сұрағыңыз өте орынды. Әліпбимен танысқанда бізде де осындай сұрақ туындаған. Сондықтан бұл сұрақтың жауабын әліпбиді ұсынған мамандар беруі тиіс. – Латын әліпбиінің емле ережесі де екіжақты пікір тудырып жатыр. Ғалымдар арасында да келіспеушіліктер бар екені баспасөз беттерінен аян. Қалай ойлайсыз, ұсынылып отырған ереже латын әліпбиін оңай меңгеруге тиімді ме, әлде әлі де өзгерту керек пе? – Мұндай жағдайда әртүрлі пікірлердің айтылуы, ғылыми пікірталастың болуы заңды. Жалпы емле ережелерін жан-жақты талқылап, екшелей түскеннен ұтылмаймыз. Емле ережесінің алғашқы нұсқасы ұсынылғаннан бері талқылау барысында оған мамандар тарапынан көптеген өзгерістер енгізілді. Қазір де тіл мамандары, Б.Нұржекеұлы сынды жекелеген қаламгерлер тарапынан ескеруге тұратын құнды пікірлер айтылып жатыр. Сондай орынды айтылған, ғылыми негізі бар ұсыныстарды әлі де ескеріп, емлені тағы да жетілдіре түсу қажет деп санаймыз. Мәселен, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің» сегізінші тарауында берілген «Шетелдік сөздер» деген атаудың өзіне де, ондағы жаңа әліпбиде жоқ әріптер емлесіне қатысты пікірлерімізді де біз әріптестерге ашық айтқанбыз. Сондай-ақ 82-параграфтағы бұрын орыс тіліндегідей «бюро», «тютор» түрінде жазылып келген сөздердің енді «bú ro» (бүро), «tú tor» (түтор) деп жазылуы қазақша айтылуы тұрғысынан да, қай тілдің сөзі екенінің танылуы жағынан да қиындық туғызады. Осындай мәселелерге мән беріліп, емле ережелері жетілдіріле түсер деген ойдамыз. – Латын әліпбиі қолданысқа енгізілгенде оны балаларға қалай үйрету керек? Бұған дейін кирилл әліпбиін үйренген бастауыш сынып оқушылары екінші рет сауат ашқан кезде психологиясына зияны тиіп, мәдени шок алмауы үшін не істеу керек? – Иә, сіз өте орынды мәселені көтеріп отырсыз. Мұны Білім және ғылым министрлігі айрықша ескеруі тиіс. Осы мәселенің психологиялық, физиологиялық жақтарын да мұқият зерделеген жөн. Екі рет сауат ашу, бір әліпбиді енді меңгеріп, жазуға жаңа машықтанып, оқу жылдамдығы қалыптаса бастаған жас жеткіншектерді басқа әліпбимен қайта оқыту оларға қиындық туғызуы мүмкін. Балаларға эксперимент жасауға жол беруге болмайды. Бұл жете зерттеліп барып шешім қабылдануы тиіс мәселе. Қажет болса, олардың бастаған оқуын кирилл әліпбиімен жалғастыруына да мүмкіндік берген жөн. – Ал қарттардың жағдайы қалай болмақ? Қариялар хат танудан қалмай ма? – Мұнда да ойланып, сатылап атқаратын істер бар. Дегенмен, қарттар үшін дәл сондай қиындық туындамаса керек. Көшедегі көрнекі ақпараттар мен ресми құжаттар болмаса, өзге жазбалар мен мәтіндер көп қиындық туғызбауы тиіс. Оның үстіне біз қанша қалағанымызбен, біраз уақытқа дейін қарттарымыз хат таныған кирилл әліпбиі латынмен қатар жүреді. Кезінде араб графикасынан латынға көшкенде де, латыннан кириллге көшкен кезде де солай болған. Біз бірден бұл әліпбиден қол үзіп кетеміз дегенге сену қиын. Негізінен жаңа әліпби келешектің, сауатын осы латынмен ашқан бүгінгі жастардың әліпбиі болады. – Мемлекет басшысы терминдерді қазақ тіліне аудару мәселесін сынға алған болатын. Жалпы аудармаларды қолданысқа қалай енгізу керек? Түпнұсқада қалдыру керек пе, әлде қазақ тіліне бейімдеу керек пе? Әсіресе терминдерді аудару дұрыс па? – Терминдердің бәрі біркелкі емес. Терминдердің аударуға болатыны да, ұлт тіліне аударып алуға көне бермейтін түрлері де бар. Сондықтан бар терминге бір өлшеммен қарауға болмайды. Біз терминдерді ұлт тілінде жасап, шет тілі терминдерін мүмкіндігінше аударып алатын алаш кезеңін де, орыс халқы өздеріне бейімдеп алған терминдерді сол қалпында аудармай қабылдаған кеңестік кезеңді де бастан кештік. Тарихи тәжірибе де, осы екі кезеңде атқарылған жұмыстың нәтижесі де көз алдымызда тұр. Соған ғылыми тұрғыдан талдау жасап, сабақ алуымыз қажет. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш оқығандары аз уақыт ішінде жүздеген терминдерді өздері қазақ тілінде жасап, аударып ұлттық терминологиялық қордың негізін қалап кетті. Бүгін баршамыз қолданып жүрген бастауыш, ­баяндауыш, жалғау, жұрнақ, қосынды, қосылғыш, аналық, аталық, тұқымдық, тостағанша, қайықша  сияқты бірнеше саланың терминдері – солардың жұмысының жемісі. Біз осы терминдерді жасамай, аудармай, орыс тіліндегі қалпында қолданып жүрсек, не ұтар едік? Бұл атау­лар қазақтың ғылым тіліне ұлттық сипат беріп, қазақ тілінің сөзжасам, терминжасам мүмкіндігін, ғалымдарымыздың шығармашылық қабілетін көрсетіп тұр емес пе? Сондықтан шет тілі терминдерін аудармай, өзгеріссіз қабылдау керек деген – біржақты, ғылыми негізі жоқ пікір. Сол сияқты шет тілі сөздерінің бәрін аударып, тілді тазалап тастау керек деген ұстанымға да бой алдыруға болмайды. Кез келген тіл өзге халықтар тілдерінен сөз алмаспай тұрмайды. Тек кірме терминдерді қандай мөлшерде, өзге тілдерден қалай алу мен жазудың ғылыми негізін жасап, соған сүйену керек. Шет тілдерінен термин қабылдауға тыйым салуға да, қазақ тілінің термин шығармашылығын шектеуге де болмайды. – 2020 жылға дейін 27 000 термин бекітілуі тиіс екен. Бұл қандай терминдер? Бұл сандарды кім бекітеді? Қаншасы орындалды? – Бұл «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан» алынып отырған мәлімет. Онда 2020 жылға дейін 27 000 термин бекітілу көзделген. Ол әртүрлі ғылым саласы бойынша мамандар тарапынан бекітуге ұсынылатын терминдер. Әр сала бойынша қандай терминдерді бекіту қажеттігін сол саланың мамандары өздері ұсынады. Ондай терминдерді ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекітеді. Мәселен, терминкомның жариялаған мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылға дейін 21 000 термин бекітіліпті. 2018 жылы комиссия 3330 термин бекітіпті. Яғни бүгінге дейін 24 300 термин бекітіліпті. Осы жылы комиссия 2300 терминді бекітуге тиіс. Жалпы термин ­жасау, оларды жүйелеу, оларды әбден сараптап алғаннан кейін бекіту – үздіксіз жүргізілетін шы­ғармашылық процесс. Оны алдын ала санмен белгілеп, жоспарлап алып жұмыс істеу дұрыс деп айта алмаймыз. Мамандар сан қуып, «белгіленген терминдер санын бекітуіміз керек» деп жұмыс істесе, сапаға жете алмайды. Қанша көп термин бекіткенмен олар нақты қолданысқа енбесе, ондай тірліктен пайда шамалы. Осы жоспарды орындау үшін комиссияның жұмыс органы тарапынан мекемелерге салық салғандай «осы айда мұнша термин ұсыныңыздар» деген жағдай да болған. Бұлай жұмыс істеу шопанға биыл «жүз қойдан жүз елу қозы аласың» деген социалистік міндеттеме жүктейтін кеңестік жоспарлы экономиканы еске салады. Біздіңше, 2020 жылдан бастап мұндай жұмыс істеу тәртібіне өзгеріс енгізбесе болмайды. Термин шығармашылығын бұлай жоспарлау терминкомға да, сала мамандарына да қиындық туғызып, сан қуушылыққа, сапасыздыққа ұрындырады. Оның нәтижесін көріп те отырмыз. Мәселен, ақынға «әр айда 500 өлең жолын, бір жылда 6 000 мың өлең жолын жаз» деу қандай қисынсыз болса, терминкомға нақты мұнша терминді жасап, бекіту қажет деу де – дәл сондай әрекет. Қанша термин жасалып, шет тілдерінен еніп, мамандар қолданысына еніп, сұрыптаудан өтсе, сонша терминді бекіту керек. Сонда саны бар, сапасы жоқ терминдерді бекітуден арылып, жетілдірілген терминқор жасауға мүмкіндік туындайды. – «Абай атамыздың «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын, қазақтың ке­лістірер қай баласы?» демекші, сөзді жасап жатқан адамдардың барлығы да келістіріп жатыр деу қиын» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Осы орайда сөзжасам, аударма мәселелерімен кім айналысып жатыр? Кім айналысуы тиіс? – Иә, сөз жасау, жаңа термин тудыру – өте күрделі шаруа. Ғылыми терминге қойылатын бірнеше талап бар. Ең алдымен, жасалған сөз ғылыми ұғымның барлық негізгі белгілерін, мазмұнын қамтуы тиіс. Сондай-ақ оның мейлінше ықшам, айтуға қолайлы, дыбысталуы жағымды болғаны жөн. Сол терминжүйедегі ұғымдар атауымен үйлесіп тұруы да маңызды. Терминге одан өзге де бірнеше талап қойылады. Сондай талаптар үдесінен шығатын термин жасау қиынның қиыны. Сондықтан көбінесе, бас қатырып жаңа термин жасап әуре болғанша, өзге тілден дайын күйінде алып қолдана беру ең оңайы. Бірақ мұндай дайынға үйірсектік, ұлт тілінің сөзжасам мүмкіндігін, термин шығармашылығын шектеп, мамандардың термин жасау тәжірибесін жетілдіруіне жол ашпайды. Керісінше, шығармашылық, жасампаздық орнына дайынды тұтынушылық психологиясын орнықтырады. ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап біз мұндай дағдыны қалыптастырып алдық. Бізге донор болған орыс тілі біздің сала мамандарының ұлт тілін ғылыми шығармашылықта пайдалану, ғылыми ұғымдарға өз танымы бойынша ат қою қабілетін қатты әлсіретіп жіберді. Енді осы әдеттен арылмасақ, қазақ терминологиясының ұлттық сипатын арттырып, тіліміздің жасампаздық қабілетін арттыру, қайтадан жандандыру қиынға соғады. Қазір термин жасаумен негізінен қазақтілді салалық мамандар, филологтар, журналистер мен аудармашылар айналысады. Бірақ терминологиялық сөздік жасап, өз саласының термин жүйесін ұдайы жетілдірумен айналысып жүрген жекелеген мамандар болса, көпшілігі белгілі бір қажеттілік туындағанда ғана терминге балама іздеуі мүмкін. Термин жасау үшін ешкімге арнайы құқық немесе диплом берілмейді. Сондықтан соған қабілеті, көңіл қалауы болса, әркім термин жасауы мүмкін. Негізі термин жасаумен терминжасам процесінің қыр-сырын жақсы меңгерген сала мамандары, тілшілер мен терминтанушы ғалымдар, практик аудармашылар айналысқаны жөн. Бізде әр салада аз да болса ондай мамандар бар. – Жалпы ұлт тілінің дамуында ғылым тілінің, терминологияның маңызы мен рөлі қандай? – Қазіргі заман – ғылым мен технологияның заманы. Ғылымы мен технологиясы дамыған ел ғана өркениет көшінің алдына шыға алады. Ғылымды, озық технологияны меңгерген білікті мамандар жақсы табыс тауып, қай жерге, қай елге барса да сұранысқа ие болады. Сондықтан болашағын ойлайтын, заман талабына сай мамандық иесі болғысы келетін талапты, талантты жастар ғылымға ұмтылып, жаңа технология тілін білуге талпынуы заңды. Дәл осы кезде оларға қажетті ғылыми ақпаратты, салалық білімді игеріп, мамандануы үшін ғылым тілі қажет болады. Егер өзінің ұлт тілінде қажетті контент, оқулықтар мен ғылыми еңбектер, ғылыми орта мен ана тілінде сапалы білім беретін жоғары оқу орындары, мықты ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары, жақсы жабдықталған зертханалары болса, олар өзге тілді меңгеруге көп уақыты мен күш-жігерін, қаржысын жұмсап, шет тілдеріне тәуелді болмайды. Шетел асып, озық білім-ғылымды өзге жұрттардан іздемейді. Қажет білім мен ақпаратты өз елінде отырып, өз тілі арқылы-ақ алады. Өкінішке қарай, біз бұл тұрғыдан әлі мақтана алмаймыз. Кеңестік кезеңде жаратылыстану ғылымдары мен нақты ғылымдар саласындағы ғылымды, ғылыми мазмұнды орыс тілінен, Мәскеуден іздедік. КСРО-ның тіл саясаты мен білім саясатына сәйкес қазақ тілінің көптеген ғылым салаларындағы қызметі, қолданысы шектелді. Тіпті нақты ғылымдарды айтпағанда, қазақ тілі мен әдебиетінен диссертация қорғау үшін болашақ ғалымдар авторефераттарын орысша жазып, Мәскеуге жолдайтын тәртіп болды. Энергетиктер мен техника салаларының мамандары, микробиологтар мен ядро-физиктер орыс тілінде даярланды. Ал осындай жағдайда қазақша ғылым тілі, қазақтілді ғылыми қауым, қазақ терминологиясы қалай қалыптасып, дами алады? Ал қазір жаңа ғылыми ақпаратты ағылшын тілінен, АҚШ пен Еуропадан, Сингапур мен Жапониядан, Қытайдан іздеуге мәжбүрміз. Білім іздеген, ғылым қуған жастарымыз сыртта, шет тілдерінде білім алуға ынталы. Өйткені оларда дамыған ғылым мен ғылым тілі, озық технология, мықты университеттер бар. Егер біз еліміздің, тіліміздің болашағын шын ойлайтын болсақ, отандық ғылымды және сонымен бірге қазақтың ғылым тілін, ғылым тілінің кілті – ұлттық терминологияны дамытуға міндеттіміз. Әйтпесе, қазақ тілінің өрісі кеңеймейді, оған деген шынайы сұраныс та артпайды. Қазіргі заманда қажетті мамандықтарды, озық ғылым мен технологияны меңгеруге, кәсіби қызметінде кеңінен қолдануға жарамайтын тілді үйренуге ешкім құштар болмайды. Ғылым тілі ретінде дамыған халықтың тіліне сөзсіз сұраныс туындайды. Сондықтан ұлт тілінің мерейі үстем болуы үшін ғылым тілін дамыту, оның әлеуетін арттыру, термин жүйесін жетілдіру аса маңызды жұмыс. – Ал қазір біз физика, химия, информатика, биология сияқты маңызды пәндерді ағылшынша оқытуды қолға аламыз деп жатырмыз. Бұл қадамымыз қазақтың ғылым тілін дамытуға шектеу болмай ма? – Иә, өте дұрыс айтасыз. Бұл ұлттық ғылым тілінің өрісін тарылтуға бастайтын жол. Әр ұлттың ғылым тілінің өзіне тән оралымдары, орныққан стилі, негізгі ғылыми ұғымдарын білдіретін терминологиясы болады. Егер болашақ маман жастайынан сол сала терминдерінің мән-мағынасын біліп, арнаулы тілді меңгермесе, олар ертең өзінің кәсіби қызметінде, ғылым саласында ана тілін еркін пайдалана алмайтын болады. Бұл бізге жақсы таныс, қазір де басымыздан кешіп отырған жағдай болса да, одан сабақ алып отырған жоқпыз. Кезінде орысша білім алған біздің көптеген білікті салалық мамандарымыз, ғалымдарымыз қазақ аудиториясына барып дәріс оқып, баяндама жасап, ғылыми еңбектерін қазақша жаза алмай-ақ келеді. Яғни олар ұлт тілінде сөйлейтін мамандар даярлап, қазақтың ғылым тілін дамытуға, оның ғылым саласында қолданылуына үлес қосып отырған жоқ. Көптеген ғылым салаларында әлі де қазақтілді білікті ғалымдар мен ірі мамандар жетіспейді. Бұл үлкен мәселе. Осыны шешіп алмай тұрып, біз енді ағылшынтілді мамандар даярлауды жоспарлап жатырмыз. Тарихтан сабақ алмай, кешегі қателігімізді тағы да қайталап, бір басқан кетпеннің басын екінші рет басайық деп отырмыз. Бұның соңы бүгінгі орыстілді ғылыми кадрлардың орнын ағылшынтілді мамандармен алмастырумен аяқталады. Олар да қазақ тілін өз саласында қолданып, ғылым тілін дамытуға, қазақтілді ғылыми кеңістікті қалыптастыруға атсалыспайды деген сөз. Орыстілді ғылыми кадрлар осы уақытқа дейін бізге орыс терминологиясын орнықтыруға атсалысып келсе, енді өзіміз ағылшынша оқытқан отандық кадрларымыз бен шетелдерде білім алып келген мамандар оны ағылшын терминологиясымен алмастыруға көшеді. Мұндай үрдіс қазірдің өзінде басталып кетті деуге болады. Мысалы, бұрын орыс тіліндегі нұсқасында қолданылып келген «тенденция» орнына ағылшынның «тренд» сөзін қолдану сәнге айналса, ағылшын тілін білетін кейбір лауазым иелерінің «мотивацияны» түпнұсқадағыдай «мотивейшн», «приватизацияны» да қазақша «жекешелендіру» демей, ағыл­шыншадағыдай «приватизейшн» деп алайық деген ұсыныстар – айтуы осының көрінісі. Онсыз да кейінгі жылдары банкинг, браузер, гаджет, кастинг, клининг, контент, мониторинг, ноу-хау, паркинг, риелтор, саммит, сноуборд, тендер, холдинг, флэшмоб сияқты ондаған ағылшын сөздері термин қорымызды толықтырып жатқанда, ағылшынтілді мамандар қатары өскенде олардың қазақ сөзі негізінде термин жасамасы белгілі. Сонда қазақ тілін ғылым мен технологияға кім бейімдейді? Шынымды айтсам, мен өз басым осындай білім саясатын, ғылым саясатын, өз тілінің қоғамның ең маңызды, басты саласынан шеттетуге бағытталған тіл саясатын ұстануға бейілді басшылар мен лауазымды тұлғаларды еш түсінбеймін. Біздіңше, бұл мемлекеттік тілдің өз елімізде өркен жаюы үшін ұлттық ғылым тілін дамытудың рөлін жете түсінбеуден немесе қазақ тілінің ғылым тілі бола алатынына сенбеуден туындаған ұстаным. Әйтпесе, елдің қамын, тілдің қамын шын ойлайтын болсақ, бізге алдымен ұлт екенімізді айғақтайтын ең құнды қазынамыз, қалың қазақты біртұтас халық ретінде ұйыстыратын әрі барлық қазақстандықтардың басын біріктіретін мемлекеттілігіміздің басты белгісі қазақ тілін жетік меңгерген, сонымен қоса шет тілдерін, соның ішінде ағылшын тілін білетін мамандар даярлау керек. Егер біздің түпкі мақсатымыз қазақ тілінің іс жүзінде мемлекеттік тіл болуына қол жеткізу болса, онда бізге қазақтілді ғылыми кадрларды даярлау мен қазақтың ғылым тілін дамытуға, ұлттық термин қорды қалыптастыруға айрықша көңіл бөліп, бұл жолды тіл саясатының да, білім беру мен ғылым саясатының да басым бағыты ретінде ұстануға міндеттіміз. – Сөздіктер жаңарып жатыр. Толықтырылғаны дұрыс, өзгерістер де бар. Бұрынғы нұсқасында бөлек жазылған сөздер жаңа басылымда бірге жазылатын болып көрсетіліпті. Одан бөлек «х» мен «қ» әріптеріне байланысты өзгерістер. Қарапайым бір мысал: «Рахмет» – «рақмет» сөздері. Бұрынғы сөздіктерде «рахмет», кейінгілерде «рақмет» болып жазылған. «Таңғалу» – «таңқалу», «айқай» – «айғай», т.с.с. тізе берсек көп. Жалпы сөздіктердің әр басып шыққан сайын осылайша өзгертіліп отыруы сауатсыздыққа себеп болмай ма? – Сөздердің жазылуын жиі құбылта беру, орфографиялық сөздіктің әр басылымына елеулі өзгерістер енгізе беру жалпы көпшіліктің сауаттылығын арттырып, жазу мәдениетін көтермесі анық. Сондықтан қажет болған жағдайда ондай өзгерістер жария түрде, жұртшылыққа жан-жақты ақпарат бере отырып енгізіл­гені дұрыс. – «Ана тілі» газетінің дәстүрлі сауалы: Қазақ тілінің қоғамдағы орны туралы ойыңыз қандай? Ана тіліміз мемлекеттік мәртебесіне сай деңгейде ме? – Әзірге қазақ тілі өзінің Ата заңдағы мәртебесіне сай қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылып, іс жүзінде елдегі басты тіл дәрежесіне көтеріле қойған жоқ. Соны көру, соған жету – бәріміздің мұратымыз. Бірақ ол өздігінен бола қоятын нәрсе емес. Тіл мәртебесі үстем болуы үшін сол тілге арнайы құқық, мәртебе беріп отырған мемлекет, сол елдің тіліне құрметпен қарайтын елдің әр азаматы оған атсалысуы, мақсатты түрде жұмыс істеуі керек. Жұмыс жүргізіліп жатыр, дегенмен, бұл бағытта әлі де атқарылар істер аз емес. Ел аман болса, қазақ тілінің өз тұғырына қонып, қазақтың ғана емес, барша қазақстандықтардың басын біріктіретін ұйыстырушы тілге, ғылым мен техниканың, мемлекетті басқару мен заң тіліне айналатынына сенеміз. Соған келе жатырмыз. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен  Әсел САРҚЫТ «Ана тілі»

1933 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз