Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 24 Сәуір, 2019

Таңдандырған Жоңғар Алатауының «Сиверс алмасы»

Жоңғар (Жетісу) Алатауы мемлекеттік ұлттық саябағының аумағы жабайы жеміс-жидек өсімдік түрлеріне  бай аймақ. Өйткені, ұлттық табиғи саябақ 2010 жылы БҰҰ белгілеген биоалуантүрлілікті қорғаудың Халықаралық жылында елімізде ұйымдастырылған бірден-бір ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде қарастырылған.   Табиғи саябақ аумағы негізінен таулы алқаптың агробиоалуантүрлілігі шоғырланған ерекше құнды экожүйе болып есептелінеді. Мұндағы жабайы Сиверс алмасы өте бағалы әлемдік мәні зор бірден-бір генетикалық қор болып саналады. Табиғи саябақ аумағындағы жабайы Сиверс алмасы саябақтың жалпы жер көлемінің 3800 га аумағын қамтиды. Таулы аймақтары бойынша жабайы алманың кездесетін жерлері және қанша көлемде кездесетіні пайызбен көрсеткенде келесідей: Жоңғар Алатауы- 48,8%; Іле Алатауы-25,4%; Қаратау-12,1%; Талас Алатау-11,7%; Тарбағатай-2%. Қазақстаннан тыс Қытайдың батыс бөлігі мен Орта Азияның оңтүстік тауларында (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан) таралған. 1793 жылы орыс ботанигі Иоганн Сиверс Үржар өзенінің аңғарларындағы орман ішінде өскен жабайы алмаға бірінші болып сипаттама жазған. 1929 жылы орыстың ұлы ғалымы Н.И.Вавилов Орталық Азияға экспедицияға шығу барысында Қазақстанның оңтүстік шығысын жабайы алма мен өріктің орталығы деген болжам айтты. Кейін бұл болжам академик Аймақ Жанғалиевтің, сондай-ақ оның көптеген шетелдік әріптестерінің көп жылдық еңбегінің нәтижесімен Қазақстан «жабайы алмасы» (Сиверс алмасы) біздің ғаламшардағы алма өсімдігінің атасы екенін дәлелдеп растады. Сиверс алмасы әдетте ұсақ топырақты, сирек қиыршық тасты беткейлерде, шатқалдар мен өзен аңғарларында, жалпақ жапырақты, аралас, сирек қылқан жапырақты ормандарда, тау етектерінен бастап, таудың жоғары белдеулерге дейін өседі. Жекеленген ақаштардан кішірек тоғайлар немесе жекелеген массивтер түзейді. Тұқыммен және вегетативтік жолмен (түбірөркен) көбейеді. Биіктігі орташа 8 м, сирек 10м жететін, қабығы қоңыр-сұр, сүлбесі жалпақ ағаш. Шамамен 12 жылда жеміс бере бастайды, тіршілік ұзақтығы 150 жыл шамасында. Тереңге-3,5 м, жан-жағына-10-12 м тармақталып кететін тамырлары топырақты мықтап ұстап тұрады. Алма ормандарында микроклимат жақсарады, температура мен топырақтың тәуліктік өзгерісі бірқалыпты реттеледі, топырақтың ауа және су режимі жақсарады. Тұқым қуалау бірлігі сақталған генетикалық материал ретінде, әлемді мойындатқан Сиверс алмасы мәдени сұрыптарының 15000-ының арғы-тегі болып табылады. Сирек кездесетін Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген түр. Сиверс алмасының таралу аумағының сиреп, Қызыл кітапқа енуінің бірден-бір себебі: ХХ ғасырдың 30-40-ыншы жылдарынан басталған Жоңғар Алатауындағы таулы бағбандықтың ауқымды,кең масштабта қарқынды дамуы. Жабайы алма ормандарының үлкен аудандарының шабылуына Кеңес заманда тек топырақбекіткіштік қасиеті жағынан ғана қарастыруы әсер етті. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда жеміс ормандарының ашық учаскелеріне алма көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізіле бастады. Дегенмен, ғылыми жағынан білімнің және тәжірибенің жетіспеушілігінен және технология мен бақылаудың жетілдірілмегендігінен аталған жұмыстар тек мәдени және жартылай мәдени сұрып көшеттерімен жүргізілген. Қазіргі уақытта жабайы алманың орманды алқаптарында мәдени көшеттердің араласып кеткендігінен, жабайы алма түрін генетикалық материал ретінде сақтап қалуға үлкен қауіп төніп тұр. Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық саябағы биоалуантүрлілікті, соның ішінде ғаламдық маңызы бар жабайы жеміс ағаштарының генофонды және айрықша экологиялық, генетикалық, тарихи және эстетикалық құндылықтың қазынасы болатын табиғи тау ландшафтарын сақтау мақсатында құрылған. Аймақ таулы алуантүрлілікке бағытталған маңызды орталық болып табылады. Генетикалық резерват ретінде Жоңғар Алатауы тау ормандарының ең аз бүлінген табиғи учаскелері (510га) таңдап алынып генетикалық маңызды обьектілер тізіміне енгізілді. Осы обьектілерді-генетикалық резерваттарды ұстаудың негізгі шарты олардың табиғи тепе-теңдігін бұзатын барлық шаруашылық қызметтерімен айналысуға тыйым салынуы болып табылады және мұнда ғылыми жұмыстар және олардың жай-күйіне мониторинг ұйымдастырылған. Жоңғар Алатауы ұлттық табиғат паркінің флорасында Қазақстанның Қызыл кітабына жазылған сирек кездесетін және жойылу қаупі бар Сиверс алмасы, секпілгүл, Жоңғар тасшөбі сияқты өсімдіктермен қатар, әлемнің еш жерінде өспейтін өсімдіктердің 76 (эндемик) түрі осы қырқаларда өседі. Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық паркінің жабайы жемісті орман алқабы аясында  алғашқы рет  «Сиверс алмасының гүлдеуі» атты фестивальі 2018 жылдың  19 мамырында өткізілді. Осы өткізілген  іс-шарамыз Алматы қаласында 2010 жылдан бастап жылда өткізілетін «Алма күні» фестиальінің жалғасы деп түсінуге болады, осы қадамымызбен алма ең сүйікті жеміс болып табылатындығы дәлелденуде. Ағымдағы 2019 жылдың мамыр айында ұлттық парк аумағында «Сиверс алмасының гүлдеуі» атты фестивальі өткізілуі жоспарлануда, дайындық іс-шаралары қызу атқарылып жатыр. Сонымен қатар, күннен күнге күшейіп келе жатқан антропогендік әсерлер мен қоршаған ортаның ластануы, климаттың өзгеруі жағдайында бұл генетикалық қор, сондай –ақ оның негізінде алынған әлемге өте әйгілі сорттар өзінің иммунитетін жоғалтып азып барады. Жеміс индустриясы үшін, қазақстанның жабайы жеміс ағаштары табиғи қойма болып табылатын осы табиғи ресурстарды сақтау қажет. Табиғатымыз мол байлыққа ие. Жеріміз қызғалдақ және Сиверс алмасымен танымал. Сондықтан, қазақ жерін Отаным деп таныған әр азаматтың ел дамуына  өз мүмкіндігінше үлес қосуы-міндет. Осы орайда, бүгінгі өткізіп отырған іс-шарамыз маңызды деп санаймын және жабайы алма Сиверс алмасы табиғи опуляциясының жағдайын бақылауды және барлық жерде қорғалуды қажет етеді. Осылай әлем мойындап отырған ғажайып өсімдігімізді өзгелерге насихаттап, Қазақстанның бренді ретінде мақтаныш етуге біздің толық қақымыз бар. Оны тек мақтаныш етіп қана қоймай, көбейтіп өсіруді, қорғауды қолға алуымыз керек. Алманы қорғау, насихаттау жұмыстары тек сөз жүзінде емес, нақты іс, түрлі шаралар арқылы жүзеге асыруымыз қажет.

А. Жамантаева,

Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Рекреация, экологиялық ағарту және туризм  бөлімі басшысы м.а.

4644 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз