Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 04 Сәуір, 2020

ҚАШЫҚТАН ОҚУДЫҢ ЕҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ

Қашықтан оқытуды қолға алғалы бері әркім әртүрлі пікір білдіріп жатыр. Басым көпшілігі қашықтан оқытудың машақатын айтып, біраз мінін тізді. Түркістан қаласындағы №6 Мәншүк Мәметова атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жазира Нұрмаханова «қашықтан оқыту балалар үшін жаңалық, қызықты эксперимент болды» дейді. Біз Жазира апайдың қашықтан оқытудағы тәсілін  білген едік. «Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты бізге де қашықтан сабақ өтуге тапсырма келді. Бұл әр адамның өзін және отбасын сақтау үшін қажетті қадам екенін ең әуелі ата-аналарға түсіндірдік. «Ұстаздар, шеберліктеріңізді, кәсібиліктеріңізді сынайтын кез келді. Сондықтан қалай өтесіздер, ата-ана, оқушылармен қалай тіл табысасыздар, өздеріңіз білесіздер», – деді. Сын сағатта қол қусырып қарап отыра алмайсың ғой.  Алғашқы сабақты 1 сәуірде  сынамалы сабақ ретінде WhatsApp желісі арқылы өттім. Өйткені ата-аналармен ақылдаса келе, ең ыңғайлы нұсқа сол болды. Сыныбымда 25 оқушы бар. Сабақты қалай түсіндіремін, қалай оқытамын, барлығының үй тапсырмасын қалай тексеріп үлгеремін, баяу оқушыларды қалай сабаққа қатыстырамын деген ой болды. Сонымен сабақ басталардан бес минут бұрын сабақ ережесімен таныстырдым. Сабақты аудиохабарлама арқылы жүргізуді жөн көрдім. Студент баламның zoom арқылы сабаққа қатысып отырғанын байқағанмын. Бағдарлама «қатып» қалғанда, әркімнің түрі әртүрлі кейіпте қалып қояды. Соны скрин жасап, қылжаққа айналдырып жібереді. Кейбір студент-оқушылардың видеосабақтардан үйін көрсеткісі келмейтінін алдын ала біліп, балалардың жүйкесіне салмақ салмауды да ескердім. Бұл жерде видеосабақ болмағандықтан балалардың сабаққа қалай атсалысып отырғанына сенім жоқ деп дау айтатындар бар шығар. Ең бірінші, ұстаз бен оқушы арасында сенім болуы керек. Сол секілді ата-ана да баласына сенім артуы қажет. Сол кезде ғана біз саналы ұрпақ тәрбиелейміз. Құдайға шүкір, өзімнің оқушыларым әрқашан сенімімді ақтап келеді. 1-сыныпқа келгеннен бастап өтірік айтпауды үйреткенмін. Оның үстіне берілген 30 минут ішінде бәрінің бір сәтте сабаққа қатысып отырғанын білу қиын емес. Балалар өте белсенді. Кім үндемей қалса, атын атасаң, бірден кері байланыс орнатады. Мектеп басшылығы: «Өздеріңіз өтіп кеткен кез келген сабақты қайталап өтуге болады. Себебі бұл сынамалы сабақ» деген болатын. Алайда  бұрынғы өткен сабақты қайта өткім келмеді. Төртінші тоқсанда жаратылыстану пәні бойынша бірінші сабақ –  «Жер ғаламшары қандай?» деген тақырыпта өттім. Өйткені 30 минутта сабақ өтіп үлгереміз бе, оқушылар жаңа тақырыпты меңгере ала ма, соны білгім келді. Сабақ ережесінде: «Сабақ басталғанда артық сөз жазбаймыз, айтпаймыз. Мұғалімнің түсіндірмесін мұқият тыңдаймыз.  25 оқушыдан сабақ сұрап үлгермейтіндіктен, әр күнге бес оқушыдан бес топқа бөлемін. Бірақ тапсырманы барлық бала орындайды. Алайда бір күнде бес оқушы ғана тапсырманы маған жібереді» дедім. Себебі топқа бөлмесем, жақсы оқитын, белсенді оқушылар ғана сабаққа қатысып, қалғандары қызықпай қалуы мүмкін. Оның үстіне топқа бөліп, тапсырма сұрау ата-ана жауапкершілігін де арттырады. Ата-аналарға да балалардың тапсырмасын тексеру керек екенін түсіндіріп, ортақ жұмыс істеуді ұйымдастырдым. Қашықтан оқытып та оқушылардың айту, тыңдау, оқу, жазу дағдыларын қалыптастыруға болатынына көзім жетті. Сол күні сабағыма 25 оқушының 23-і қатысты. Бір оқушының ата-анасы жұмысқа кеткендіктен сабаққа кіруге смартфоны болмаған. Ал екінші оқушының ата-анасы мегабайт болмағандықтан сабаққа қатыса алмады. Бірақ кейіннен өздері хабарласып, WhatsApp желісі сабақ оқуға тиімді екенін, чатта сақталған сабақтардың түсінікті болғанын айтты. Ата-аналармен онлайн жиналыс өткізгенімде, балалардың сабақ оқуына араласпағанын, тапсырманы өздері  түсініп орындағанын айтып қуантып қойды. Балалармен «Коронавирус деген не?» деген тақырыпта тәрбие сағатын да өткіздім. Топқа видеороликтер жібердім. Салт-дәстүріміз бойынша, жаман аурудың атын атауға болмайтынын, айта берсек көбейіп кететінін де ескерттім. Соңында дерт жайында не білетіндерін, қалай сақтану керек екенін сұрадым. Балалар видеороликтерден көргенін баяндап, жарыса жауап берді. Тіпті өздері үйде отыруды насихаттайтын видео, фотолар түсіріп жолдап жатыр. Бір қызығы, сыныбымда туған ұлым да оқиды. Үйде екеуміз екі бөлмеде отырдық. Ол да сыныптағы балалармен жарысып, тапсырманы заматта жіберіп жатты. Балаларға бұл қызық эксперимент болды. WhatsApp-тан менің дауысымды естіген балапандарым қуанып жауап береді. Бастауыш сынып болғандықтан да бізге оңай болып жатқан шығар... Жақсы оқитын балаларым математикадан күніге есеп шығарып, «апай, менің есебім дұрыс па?» деп сұрайды. Жаңашылдыққа тез бейімделген оқушыларыма да, қолдау көрсетіп жатқан ата-аталарға ризамын», – дейді Жазира апай.  Дайындаған Жадыра Аймаханқызы «Ұлан» газеті

2039 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз