Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 04 Сәуір, 2020

Тасаттық діни рәсім бе?

Аңыз бойынша Нұх пайғамбар үш баласын дүниенің үш тарабына жібереді. Үлкен баласы Самнан барша ақ нәсілділер тарайды. Ортаншысы Хамнан қара нәсілділер өрбіді. Кіші ұлы Жаппастан түркі нәсілі тарады. Оның иелігіне күншығысты берді. Нұх пайғамбар Жаппасты аттандырып тұрып: – Ұлым, мына тұмарды мойныңа тағып ал. Мұнда қасиетті дұға жазылған. Алда-жалда бір қиындыққа тап болсаң, осы дұғаны оқырсың, – деп шақпақ тасқа жіп өткізіп, ұлының мойнына тағады. Жаппас шығысқа қарай сапар шегіп, ұзақ жол жүреді. Көп жүріп, қалың қарағайлы бір тауға жетеді. Сол арада кенет аспан күркіреп, жер-дүниені қалтыратып жібереді. Әлемді қара түнек қаптайды. Әлден уақытта бір алаулы ұшқын тауға түседі. Қарағайлар лаулап жана бастайды. Жаппас әкесі жазып берген тас бойтұмардағы дұғаны оқиды. Сол сәтте көктен нөсерлетіп жаңбыр жауады. Өрт сөніп, күн ашылады. Жаппас сол сапарда қазірге Қазақ өңіріне жетеді. Қазақ жерінде тыныстап отырып, шақпақ тасты таудың баурайына қояды. Осында отау құрып, ұрпақ өсіреді. Дүниеден өтерінде балаларына: – Егер қуаңшылық  болып, көктен тамшы тамбаса, тауға барып, дұға оқыңдар. Семіз малдан құрбандық шалыңдар. Сонда жаңбыр жауып, егіндеріңнің шығымы жақсы болады, – дейді. Содан бастап құрғақшылық болған кезде адамдар сол тасқа барып, ондағы жазылған дұғаны оқиды екен. Кейін бұл дәстүр тасаттық беру салтына ұласып кетеді. Адамдар бұлақтың, өзеннің жағасына барып, құрбандық шалып, Алла тағаладан жаңбыр тілейді. «Тасаттық» сөзі қандай мағына береді? Қазақ тіліне «тасаттық» сөзі Құраннан енген, яғни تَصَدُّق, «тасаддуқ» сөзі – Алла разылығы үшін қайыр, садақа беру мағынасын білдіреді. Тасаттық ғұрпы қалай орындалады? Тасаттық әдетте ашық аспан астында, өзен, көл немесе бұлақ басында орындалған. Құрбандыққа дені сау, күйі жақсы, арнайы дайындалған мал сойылған. Тасаттық кезінде имам Құран аяттарын оқып, жамағатпен бірге дұға тілейді. Әдетте тасаттық мұсылмандар үшін қасиетті күн – жұмада орындалған. Демек, тасаттық беру Алла Тағаладан рақымшылық, медет сұрағанда жасалатын діни рәсім. Негізінде дініміз бойынша қалай жаңбыр тілеу керектігі Құран Кәрімде және Пайғамбарымыз Мұхаммедтің(с.ғ.с.) мүбәрәк хадис шәріптерінде баяндалған. Мәселен, Айша анамыз(р.а.) риуаят еткен хадисте былай дейді: «Адамдар Пайғамбарымызға(с.ғ.с.) келіп күннің қуаңшылығына, ыстығына шағымданған еді. Сонда Алла Елшісі(с.ғ.с.) оларға арнайы намаз оқитын кең жерге мінбер әкеліп қоюды бұйырды да, кейін бір күні адамдарға сол орынға шығатынын уәде етті». Айша анамыз(р.а.) сөзін жалғастырып: Сөйтіп Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) күннің жиегі көрінген кезде шығып, мінберге отырды да, Алла Тағаланы ұлықтап, мақтаулар білдіріп, былай дейді: «Расында сендер елді-мекендеріңнің құрғақшылығына әрі жауынның өз мерзімінен кешіккеніне шағымданған едіңдер. Алла тағала сендерге Өзіне ғана жалбарынуды әмір етті және дұғаларыңа жауап беретіндігіне уәде берді. Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббысы Алла тағалаға тән, Ол аса қамқор мейірімді, қиямет күнінің Иесі, Қалағанын жасаушы Алла тағаладан басқа Жаратушы жоқ. Иа Алла тағала! Өзіңнен басқа құлшылықты лайықты Тәңір жоқ, Сен ешнәрсеге мұқтаж емессің, ал біз Саған мұқтажбыз, бізге жаңбыр жаудыр әрі оны бір мезгілге дейін нөсерлі ете гөр». Содан соң қолтығының ағы көрінгенге дейін қолын көтеріп дұға қылды. Кейін мінберден түсіп, адамдарға қарай беттеді де, екі рәкәғат намаз оқыды. Сол мезетте Алла тағала аспанды бұлттандырады да күн күркіреп, найзағай жарқылдап, артынша Алла тағаланың қалауымен жаңбыр жауады. Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) мешітіне жетіп үлгіргені сол еді, жауған жаңбыр күшейіп, нөсерлей түсті. Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) адамдардың үйлеріне асыға жөнелгендерін көріп, күліп жіберді де былай деді: «Барлық нәрсеге Алла тағаланың күші толық жететіндігіне және мен Оның құлы әрі елшісі екеніме куәлік етемін» - деген. Осындай мағынадағы хадистер көп кездеседі. Аудандық мешіттің имамы мен ақсақалдар және басшылар халықпен бірге құран оқып, дұға тілеп тасаттық жасаса жастарға үлгі болады. Ауыл ақсақалдары бата беріп, жасап жатқан тасаттықтың қабыл болуын Алла тағаладан сұраса нұр үстіне нұр болар еді. Тасаттық - көктемде немесе жаз бойы аспаннан тамшы тамбай қойғанда, басқа да табиғи апаттардан қауіптенгенде, Ата-бабаларымыз Алла тағаладан жалбарынып жаңбыр тілеп, немесе апаттың алдын қайтаруды сұрап, тасаттық жасайды. Адамдар бұлақтың, өзеннің басына барып, құрбандық шалып, Алла тағаладан жаңбыр тілейді. Атам заманда Қазақ халқы өгіз туды деген сөзге сенетін адамды әулие деп атаған. Себебі, Алла тағала бұйрық етпесе жаратушылық қасиет өгізде де, сиырда да болмайтынын түсінген адамды әулие, яғни Алла тағаланың досы деп таныған. Алла тағаланың мүмкіндігінің шексіздігін түсіне алмағандықтан материалдық тұрғыдағы өз түсінігімізбен «Анау болады», «Мынау болмайды» деп айта береміз, «Қарап отырмай болжам айтамыз». Алла тағала қаласа өгіз емес, қара тас та «туатындығын» біз Құран арқылы жақсы білеміз. Білгендіктен де Ата-бабаларымыз «Алла тағала қаһарланса 18 мың әлемді бір тарының қауызына сыйғызып жібереді» деген.          Мынандай бір ақиқат әңгіме бар: ауруы асқынып, қатты ауырып жатқан баланың қайтыс болатынына көз жеткізген дәрігер соңғы сәтте оның иманмен дем шығаруын қалап, қайта-қайта өтініп, оған кәлима шаxадат айтқызады. Бала дүниеден озады, екі сағаттан кейін дәрігер оны күтіп отырған анасына «Балаңыз қайтыс болды, бірақ ол соңғы сәтте кәлима шаxадат айтып, иманды қалыпта жан тапсырды» дейді. Мұны естіген анасы қатты егіліп жылайды. Дәрігер: «Балаңыздың дүниеден озатынын өзіңіз де білдіңіз ғой. Қайта оның тілін кәлимаға келтіріп жан тапсырғанына     шүкіршілік етіңіз» дегенде, әйел «Балам сөйлей алмайтын мылқау болатын» депті. Біздер тасаттықты шынайы қазақ мұсылмандарға тән жасаумыз қажет! Шынайы қазақ мұсылмандар деген кім? Бұл сұраққа ойланбастан «бес парызы толық адам, нағыз мұсылман» деп жауап беруге болады. Яғни,  Алла тағалаға иман келтірген, бес уақыт намазын қаза қылмайтын, оразасын ұстайтын, зекетін беріп, қажылығын өтеп келген адам. Расында, шариғат бойынша бұлар шынайы мұсылмандар. Бірақ, мұның барлығы мұсылманның сыртқы сипаттары ғана. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» деді. «Жәннат ананың аяғының астында», «Алла тағаланың разылығы ата-ананың разылығында, ал қаһары ата-ананың ашуында» деді. «Кімде-кімнің жүрегінде тозаңдай тәкаппарлық болса, ол кісі жұмаққа кірмейді» деді. Демек, бес парыз жаңғақтың сыртқы қабығы секілді дүние екен. Кей жаңғақтың сырты қатты болғанмен іші бос болады емес пе?! Мұсылмандықтың алғашқы шарты – иман келтіру. Иманды адам шынайы адал болады, иманды, адал адам еңбекқор, жомарт болады, ал ондай адамдар бауырмал, мейрімді және өте қарапайым болып келеді. Бойында осындай қасиеті бар кісі көркем мінезді болады. Ісінен де, сөзінен де ел үлгі алады. Қазақ көркем мінезді жан көрсе, «өзі иманды жан» екен дейді. Ал иманды адамның құлшылықсыз жүрмейтіні ақиқат. «Негізі, шынайы мұсылманның бейнесі пайғамбарымыз(с.ғ.с.) бізге қалай үйретті, солай болуы керек. Себебі, ислам діні – бейбітшіліктің, татулықтың діні. Байқасаңыздар, мешіттердің күмбезінде айдың бейнесі тұрады. Ай қараңғыда түскен жарықтың белгісі. Ислам діні де пайғамбарымызға(с.ғ.с.) келген кезде сол кездегі қоғам қараңғылықта болатын. Ислам – адамдарды сол қараңғылықтан шығару үшін келген дін. Сол себептен, мешіттердің төбесінде айдың белгісі тұрады. Қала, аудан, ауылдарға іссапармен немесе жеке шаруаммен барғанда бірінші жергілікті Мешітке барып, сол жақтағы қайтыс болған тума-туыс, ағайын, таныстарыма Құран бағыштаймын. Мешіт имамымен және  мешітте отырған ақсақалдармен жөн сұрасамын. 2019 жылы Ақтөбе облысының  8 ауданының әр қайсысында 14 күндей іссапарда болғанмын. Осы қалай деген таныстарыма жұма намазына барайық дегенімде менің ондайым жоқ дегендер болды. Мешіттерінде екі рет жұма намазына қатысу бақытына ие болдым. Кейбір елді мекендерде Жұмы намазына көп адам бармайды екен, Мешітке адамдар толмаған күндер де болды. Жұма намазына келгендердің көбі кілең жастар екен, ал ақсақалдарды, ағаларды, басшыларды және менің әріптестерімді көре алмадым. Өкінішке орай тойларда шал-кемпірлердің жастармен жарысып арақ ішіп жүргендерін көрдім. Сұрақ? Ақсақалдар күндіз қайда жиналады? Жауап: Жергілікті жастардан сұрасаңыз болады.        

Интернатта оқып жүр.

  Интернатта оқып жүр Талай қазақ баласы — Жаңа өспірім, көкөрім, Бейне қолдың саласы. Балам закон білді деп, Қуанар ата-анасы, Ойында жоқ олардың Шариғатқа шаласы деп Абай атамыз неге айтып кеткен деп ойлануымыз қажет. Егер өңірлеріңізде тасаттық жасайтын болсаңыздар, осыны ескеру керек! Халық болып тілеген дұғаларыңыз, тілектеріңіз, баталарыңыз қабыл болсын! Нұрлан Ізденұлы ЕСЕНҒАЗЫ

Ақтөбе қаласы.

4049 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз