Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 23 Сәуір, 2020

«Астана Балет» спектакльдерінің жазбасын онлайн көрсетеді

«Астана Балет» театры «Астана Балет» театры Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен спектакльдердің онлайн-трансляциясын жалғастырады. Бұл жолы астаналық театр ұжымы төл туындылары – «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы мен «Жусан» бір актілі балетінің жазбасын алғаш рет ұсынбақшы. Спектакльдердің онлайн-көрсетілімі алдағы қос мереке – Отан қорғаушы күні мен Жеңістің 75 жылдығына орайластырылып отыр, деп хабарлайды «Астана Балет» театрының баспасөз қызметі. «Онлайн-көрсетілімге нақ осы спектакльдердің таңдалуы кездейсоқ емес. «Ұлы Дала мұрасы» – қазақстандық балетмейстерлердің үздік туындыларының жинағы, ұлттық хореографияның жаңа келбеті. Мұнда біздің салт-дәстүріміз, халқымыздың биік рухы мен бірегей мәдениетіміз көрініс тапқан. Алдағы осындай маңызды қос мерекеге орай, көрермендеріміз нақ осы бағдарламаны тамашалайтыны бізді де қуантып отыр», – дейді театр қызметкерлері. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, қазақстандық хореограф Мукарам Авахридің «Жусан» бір актілі балетінің онлайн-трансляциясы ұсынылады. Мұнда халқымыздың мызғымас рухы, өткенінің көлеңкелі және жарқын тұстары мен өмірлік қуаты жусан бейнесі арқылы суреттелген. Дархан даламыздың осы символын өлеңіне арқау еткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, кинорежиссер Бақыт Қайырбеков, аталған балеттің либреттосын да жазған болатын. Осылайша 7 мамыр күні сағат 20:00 «Астана Балет» театрының ресми Youtube-арнасында «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы көрсетіледі. 9 мамыр күні сағат 20:00 – хореограф Мукарам Авахридің «Жусан» бір актілі балеті. Спектакльдер YouTube арнасынан «Премьералар» форматында көрсетіледі. Платформадан спектакльдің басталуы туралы хабарлама алу үшін «Астана Балет» театрының ресми арнасына жазылу керек.

1547 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз