Жасампаздық жеңісі

238

Елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтті. Осынау тарихи сәтте Қазақстан халқы сайлауға бір кісідей қатысып, еліміздің сәулелі болашағы, гүлденіп дамуы жолында өз таңдауын жасады.

Неизвестный объект

Кезектен тыс өткізілген президенттік сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайта сайлануы – Қазақстанның ортақ аспаны астында өмір сүріп жатқан барша халықтың тарихи жеңісі. Әлемде геосаяси және экономикалық жағдай құбылып тұрған бүгінгідей жаһандық сын-қатерлер кезеңінде елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандаты беріліп отыр. Яғни осынау күрделі кезеңде еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, бағдарланған жаңғырту және әлемнің озық 30 елінің қатарына ену мақсатындағы жасампаздық істер жалғастырылуы тиіс.
Ол Елбасының бастамасымен қолға алынған «Қазақстан – 2050» стратегиясы, ҮИИД бағдарламасы, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» жолдауы сынды ұзақмерзiмдi бағдарламалар мен бес институционалдық реформаларды іске асыру жобалары. Қазақстанның жаңа дәуірдегі даму бағытын айқындаған бұл мақсат-міндеттер елімізде ынтымақ-бiрлiктiң, ұлтаралық татулық пен келісімнің, тұрақтылықтың тұғыры берік болғанда ғана жүзеге асады.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдар­лама­сын жүзеге асырудың алғашқы бесжылдығында Қазақстанда бұрын болмаған кәсіпорындар өмірге келді. Олардың барлығы да озық технологияға негізделген. Қазір көптеген елдер үшін дағдарысты еңсеру қиынға соғып отырғандығы белгілі. Жаһандық экономикалық дағдарыс салдарынан туындаған қиындықтарды еңсеру бағытында жүзеге асырылып жатқан дағдарысқа қарсы іс-шаралардың негізінде біздің еліміз даму үстінде. Атап айтар болсақ, дүниежүзін жайлаған дағдарысқа қарамастан, өткен жылы экономикалық өсім 4 пайызды құрады.
Мемлекет басшысының сарабдал саясатының нәтижесінде Қазақстанда бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалуда. Осы тұрғыда Елбасының жеке бастамасымен 1993 жылы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында еліміз үшін озық білім мен ғылымды меңгерген білікті кадрлар даярлау жөніндегі «Болашақ» бағдарламасы өмірге жолдама алды. Бүгінде аталған бағдарлама арқылы халық шаруашылығының түрлі саласы үшін 8 мыңға жуық білікті кадрлар даярланды. Қазіргі таңда осынау талантты жастардың өкілдері еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосатын заманауи және тиімді басқарушылардың, ғалымдардың, өнертапқыштардың жаңа буынын қалыптастыруда.
Иә, сапалы білімді, жоғары білікті мамандарсыз елі­міздің әлеуметтік-экономикалық іргелі дамуын қамта­масыз ете алмайтынымыз даусыз. Осыған орай білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы мен 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарлы түрде орындалып келеді. Соңғы 4 жылдың ішінде білім беруді қаржыландыру көлемі 2 есеге, ғылымды қаржыландыру 2,5 есеге ұлғайды.  Жыл сайын мемлекеттен жастарымыз жоғары оқу орындарында тегін білім алуы үшін 35 мың грант бөлінеді. Ал кадрларды шетелде даярлау жа­ңар­тылған түрде «Болашақ» стипендиясының аясында жүзеге асырылуда. Жалпы, осы бағдарлама бойынша 1994-2014 жылдар аралығында 11 126 стипендия тағайындалған. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша әлемнің 25 елінде 1823 стипендиат оқып, білім алуда.
Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығына мамандар даярлау бойынша 10 базалық колледж бен 10 жоғары оқу орындары базасында экономика салаларының ғылыммен байланысын қамтамасыз ету жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде жоғары мектеп өз тарихындағы жаңа кезеңге қадам басты, яғни зерттеу университеттері болып қайта құрылу үстінде. Назарбаев университеті тәжірибесін негізге ала отырып, білім, ғылым және инновация тәрізді 3 басты бағытты біріктіру қолға алынып отыр.
Тәуелсіз Қазақстанда қай салада болмасын қол жеткізген осындай жетістіктердің барлығы еліміздегі саяси тұрақтылықтың, ынтымақ пен бірліктің, экономикалық дамудың арқасында жүзеге асып жатқанын біз жақсы түсінеміз. Сондықтан біз еліміздегі жасампаз істер жалғасын табуы үшін, жарқын болашағымыз үшін таңдау жасадық. Айқын мақсат алға жетелейді. Болашаққа сенім мол. Жеңіс құтты болсын, халайық!

Әбдіжапар САПАРБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
ҰҒА-ның құрметті академигі,
экономика ғылымдарының докторы,
профессор